Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » АРМАНЫ ОРЫНДАЛҒАН АҚСӘУЛЕ

АРМАНЫ ОРЫНДАЛҒАН АҚСӘУЛЕ

06 апрель 2023, Четверг
118
0
Ақсәуле мектепте білімге құштар, сабаққа алғыр, үздіктер қатарында болды. Оның озат оқушы болуына асқар тау әкесі, ұлағатты ұстаз Иманбек Оралбековтың ықпалы зор болды. Әкесі мектепте шәкірттеріне өткізетін дәрістеріне үйде жан-жақты дайындалумен бірге қызының да сабағын мұқият қадағалауға уақыт табатын. Ақсәуле мектеп қабырғасында жүргенде әкесінің ұстаз болғанын мақтаныш етті. Жоғары сыныптарда жүргенінде болащақта ұстаз болуды, әкесінің жолын қууды армандайтын. Орта мектепті тамамдап, аттестат алып үйге келген күндегі қуанышында шек болмады. Әкесі мен анасы алма-кезек құшаққа алып, құтты болсын айтты. 
— Айналайын, қызым, – деді әкесі көңілі толқып, —Есейдің, қияға қанат қақтың. Үлкен өмірдің ұлы көшінің соқпақты да сүрлеулі жолына қадам бастың. Ақ жол тілеймін. Келешегіңді де ойлап жүрген боларсың. Мамандықтың жаманы жоқ. Сүйген істің сүйініші көп болады. Көңілің қандай мамандықты қалайды?
Ақсәуле іркілген жоқ.
— Әке, сіз секілді ұстаз болғым келеді, – деді қуанышты үнмен. 
Ардақты әкенің ақ батасын алған Ақсәуле кіндігі байланған ауылдан алғаш рет ұзақ жолға сапар шекті. Қарағанды мемлекеттік университетінің математика фак-ультетіне құжат тапсырды. Жолы болып, айы оңынан туып оқуға түсті. Студенттік өмірдің, жастық шақтың қайта оралмас қызықты сәттерін бастан кешті. Диплом жұмысын үздік бағаға қорғаған Ақсәуле Иманбековаға факультет ұстаздарынан университетте оқытушы болып қалу жөнінде ұсыныс түсті. Ұзақ ойланған Ақсәуле келісімін бере алмады. Алтын бесік ауылдағы балаларға ұстаздық еткенді жүрегі қалады. Осы ұйғарыммен жоғары білімді маман болып елге оралды.
Ұйым сегізжылдық мектебінің директоры Құсайын Қазыбаев жас маманды құшақ жая қарсы алды.
— Жақсы келдің, шырағым. Жоғары білімді жас ұстаздар біздің мектепке де ауадай қажет еді. Мамандығың бойынша жұмысқа аламыз. Әке жолын қуғаныңа ризашылығымды білдіремін. Жас ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегіңе жеміс, сәттілік тілеймін, – деді. 
Құсайын ағайы ұстаздық жолының тұсауын осылайша кесті. Ең алғаш сынып бөлмесінің табалдырығын аттап, шәкірттерімен жүздескендегі көңілінің толқыған сәті әлі есінде. Өзінің де оқушы партасына отырғаны, ұстаздар қауымына көрсеткен ізеті мен құрметі, білім ұясындағы қызығы мол сағынышқа айналған думанды күндер ойына оралды. Енді балғын жүздері бал-бұл жанған, әр отбасының еркесі мен үкілі үміттері болған балаларға өзі ұстаздық етпек. Ұстаз бақыты деген осы шығар.
— Саламатсыз ба, апай! – деп шәкірттері парта орындықтарынан өре түрегелгенде ерекше тәтті сезімге бой алдырып, жаны жадырап қоя берді. 
Әрбір мамандықтың қызы-ғы мен қиындығы таразы басына тең түсіп жататыны баршаға аян. Университет қабырғасында алған тео-риялық білімін практикамен ұштастырды. Мектептегі кәсіби мұғалімдердің тәжірибелерінен үлгі алды. Мысқылдап тәжірибе жинақ-тады. Ақсәуленің мектептегі әр күні қуанышқа толы болды. Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ұстаз үшін бақыт екенін жан жүрегімен сезінді. Ата-аналардан алған алғыстары мамандығына деген сүйіспеншілігін арттырып, мақтаныш сезіміне бөлейді екен. 
Ауыздығымен алысқан тұл-пардай зымыраған уақытта тоқтау болмады. Айлар аяңдап, жылдар жылжып өтіп жатты. Жез қоңыраудың сыңғыры мен шәкірттерінің күміс күлкісінен ләззат алған Ақсәуле өз мамандығының майталманы  болды, ұлағатты ұстаздар сапына қосылды.
Еңбекпен келген абырой мен құрмет А.Иманбекованың қызмет бабында сатылай көтерілуіне жол ашты. 1983-1988 жылдар аралығында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 1997 жылға дейін мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болды. Осы жылы мектеп директоры қызметіне тағайындалды. Көңіл-дің кейде телегей теңіздей толқитын сәттері болады ғой. Директор қызметіне бұйрық алған күні Ақсәуленің де көңілі екіұдай сезімде болды, қатты толқыды. «Басшылық жасау қолымнан келе қояр ма екен?» деген алаңды ой да санасында қылаң берді. Ел ертеңі – жас ұрпақтың болашағы жолындағы бұл жоғары лауазым өзіне жүктелген өте жауапты сенім, үлкен ұжымды басқару оңай  шағылатын жаңғақ-тай жеңіл шаруа емес екенін Ақсәуле жақсы сезінді. Алдына үлкен мақсат қоя білді, уақытпен санаспай іске кірісті. Сенім үдесінен шығу үшін мысқылдап жинаған тәжірибесін, білімі мен күш жігерін аямады. Айрандай ұйыған ұжымның, ұстаздар қауымының білімі мен біліктілігіне арқа сүйеді. Тәлім мен тәрбиені ұштастыруда педагогикалық кеңес отырыстары шешуші роль атқарды. Алқалы ата-аналар жиындарын жиі өткізу қолға алынды. Ата-аналардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, тізе қосып жұмыс істеу оқушылардың оқу үлгерімі мен тәртібінің жақсы жолға қойылуына игі ықпалын тигізді. Мектепте атқарылған әрбір игілікті істер өскелең өмір талабына сай жүргізілді. Ұжым ұстаздарының ұйымшылдығымен атқарылған қыруар берекелі істердің арқасында білім ұясы аудан мектептерінің алдыңғы сапына қосылды. 
Ақсәуле Иманбекова қазақ-тың даңқты ұлдарының бірі, Халық Қаһарманы Ыбырайым Сүлейменов атындағы орта мектепте үздіксіз 14 жыл директор болып, абыроймен басқарды. 2011 жылы құрметті зейнет демалысына шықты. Осы еңбек еткен жемісті жылдар ішінде көптеген шәкірттері алтын ұяда білім нәрімен сусындап түлеп ұшты. Өзбекова Нұргүл,  Шәкірова Динара, Оралбекова Ұлжан, Сағындықова Қарлығаш, Оралбекова Әлия, Бижұманова Сәуле, Жұманов Алмас секілді шәкірттері мектепті «Үздік аттестатпен» бітірді. Әр салада алған мамандықтары бойынша жемісті еңбек етіп жүрген шәкірттері қаншама!
Саналы ғұмырын, өнегелі өмірін жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған А.Иманбекованың алған марапаттары да еселі еңбектерінің айқын дәлелі іспетті. Атап айтқанда  «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасы Конс-титуциясына – 10 жыл» мерекелік медалімен, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Сарысу ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2021 жылғы Сарысу ауданының Құрметті азаматы атағына ие болды.
Албырт жас шағындағы арманы орындалған, бүгінде еңбегінің рахатын, бейнетінің зейнетін көріп, ұстаздардың ұстазы болған А.Иманбекова жайлы айтар бір үзік сырымыз осындай.

Темірлан ӘБІЛДАЕВ,
ардагер журналист.
Сарысу ауданы.


Обсудить

Похожие материалы:

Тағылым
27 май 2020, Среда
Тағылым
КӨПТІ КӨРІП, ҰЗАҚ ЖАСАҒАНДАР
06 апрель 2023, Четверг
КӨПТІ КӨРІП, ҰЗАҚ ЖАСАҒАНДАР
Баспасөз
29 июль 2020, Среда
Баспасөз
Ұстаздық еткен жалықпас
09 март 2022, Среда
Ұстаздық еткен жалықпас
ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕГЕН ДАНА АНА
09 февраль 2023, Четверг
ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕГЕН ДАНА АНА
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры