Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » КӨПТІ КӨРІП, ҰЗАҚ ЖАСАҒАНДАР

КӨПТІ КӨРІП, ҰЗАҚ ЖАСАҒАНДАР

06 апрель 2023, Четверг
147
0
Қарасаз ауылдық округіне қарасты үлкен ауылдық бірі – Ақбастау. Ақбастауда 160 - қа жуық үй, 800-ден астам тұрғын бар. Елді мекенде Жуалы кәсіптік колледжі және орта мектеп, балалар бақшасы, медициналық пункт орналасқан. Елді мекеннің халқын бір мақсат, бір тілекке ұйыстырып отырған ақсақалдар туралы осында болғанымызда көп әңгіме естідім.
Ақбастаулық ақсақалдар арасында жасы үлкені – Зайпулла Керімбаев. Зайпулла ақсақал–қарапайым еңбек адамы. Ұзақ жыл шопан болған, төл алудан кеңшар бойынша озаттар көшін бастаған кісі. Алғашқы рет қоздаған тұсақ қойлардың әр жүз басынан 97 қозы алып, өсімге қойған. Кейіннен көлік жүргізушісі, шоферлер дайындайтын автомектепте мұғалім болды. Өмірлік жары Айдайкүл Рахмешова екеуі жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Бұл күнде Зайпулла ақсақал мен Айдайкүл апаның қолында кенже баласы Байнұр тұрады. Байнұр жеке шаруашылықпен айналысса,  келіні Жұлдыз мектепте мұғалім. 
85 жастағы Рахымберді Көшербаев ата да – Ақбастаудың ажары. Кеңшарда аға шопан болған қария өмірлік жары Бейсенкүл Тоқтыбаева екеуі  бұл күнде 9 ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Бір таңданарлығы өзі қарапайым еңбек адамы Рахымберді атаның перзенттері шетінен жақсы қызметтерде, ғылым мен білімнің жолында. Шамасы ақсақал қой ғана бағып қоймай, балаларына өнеге болардай ой баққан да секілді. Атап айтқанда, бір қызы Ұлбике  Көшерова – Қазақ ұлттық университетінің доценті, ғылым докторы, Майгүлі де университетте аға оқытушы. Жұлдызы – Алматы қаласында Сара Назарбаеваның қолдауымен ашылған «Бөбек» орталығы директорының орынбасары, Қарагөзі Таразда – мұғалім. Бибігүлі – Б.Момышұлы ауылындағы №15 орта мектепте директордың орынбасары. Келіні Айжан Қарабаева да Ақбастаудағы Б.Майлин атындағы орта мектептің  мұғалімі. Ал Зәуреш, Бота, Нұргүл деген қыздары – бір-бір мекемеде бас есепші. Кілең ұстаз және есепші қыздар тәрбиелеген Рахымберді қарияның да өмірдегі есебі түгел болса керек.
84 жастағы Мақұлбек Қаржауловты да ақбастаулықтар тегіс сыйлайды. Шопан, күзетші, диқаншы болған атамыздың жас ұрпаққа айтары көп. Ол кісі кезінде қазақтың біртуар ұлдары Дінмұхамед Қонаевпен кездесіп тілдескен, Бауыржан Момышұлының қолын алып, өсиетін тыңдаған кісі. Жұбайы Зылиха Қаржаулова екеуі 6 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп отыр. 
Кезінде тексеруші, есепші қызметтерін атқарған Мырзабек Қаржаулов та 80 жасқа жақындап қалды. Жұбайы Құндыз Бүйенбаева Қазақ педогогикалық институтын бітірген филолог – ұстаз. Қырық жыл аталған ауылдағы Б.Майлин орта мектебінде қазақ тілі және әдебиеті пәндерінен сабақ берген. Үлгілі өнегелі шәкірттері өте көп. Олар үнемі келіп, сәлем беріп құрметтеп тұрады.  Екеуі өнегелі ұл-қыздар тәрбиелеп отыр.
87 жастағы Әсемкүл Абдалиева апамыз  болса, күллі Ақбастаудың анасындай. Жұбайы Аман Абдалиев ауылға сыйлы, тапқырлығымен аты шыққан кісі болған екен. 88 жасында 2020 жылы өмірден озыпты. Аман ақсақал мен Әсемкүл апай 12 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген кісілер. Оның ішінде ұстазы, кәсіпкері бар. Біз барғанда Әсемкүл апа көңілденіп біраз халық әндерін орындап берді. Әлі де сырлы дауысы сақталған екен. 
Бұл ауыл Б.Майлин атындағы орта мектепке 35 жыл директор болған Серғазы Алтаевты ерекше құрмет тұтады. Ол кісі орыс тілі пәнінен де сабақ беріп, оқушылардың жүрегінен жол таба білген. Өмірлік жары Дариға Садуақасова да Сырдария мемлекеттік институтын Секеңмен қатар бітіріп, бірге ұстаз болған.  Бұл кісілердің танымал шікірттері өте көп. Ол – болашақта өз алдына тақырып. 
Ақбастау ауылының тұрғындары ұзақ жыл бөлімше басшысы қызметін атқарған Алтыбай Қатабаев, аға шопан болған Аманқұл Тұрмаханбетов,базардың қожайыны Нартай Байетов ақсақалдармен, механизатор болған Наурыз Отыншиев, жол саласында еңбек еткен Алтыбай Қошаев секілді аталармен де мақтанады. Ол кісілердің үлгілі жолын құрмет тұтады. 
Қарасазда  қариялардың үлгілі жолы қанат жайып, Ақбастауда ақылман ақсақалдардың тағылымы кең таралып жатыр. Ол жас ұрпақты өркендететін тағылым!

арнайы «Ғұмыр –Дария» газеті  үшін
Есет ДОСАЛЫ,
журналист,
Жуалы ауданы


Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

ТҰҒЫРДАН ТҮСПЕГЕН
13 октябрь 2022, Четверг
ТҰҒЫРДАН ТҮСПЕГЕН
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры