Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » ТҰҒЫРДАН ТҮСПЕГЕН

ТҰҒЫРДАН ТҮСПЕГЕН

13 октябрь 2022, Четверг
148
0
Ер мерейі – ел мерейі. Біз бұл мақалада Жұмашевтер әулетінің үлкен ұлы Сейітхан Шерелханұлының өнегелі өмір жолы туралы әңгімелемекпіз. Өңірге еңбегі сіңген «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат, денсаулық сақтау ісінің үздігі, ширек ғасыр аудандық орталық аурухананың бас дәрігері қызметін абыроймен атқарған Жуалы ауданының Құрметті азаматы Сейітхан Жұмашев мерейлі 70 жасқа толды.
Сейітхан Жұмашев 1952 жылдың қыркүйек айында топырағы қасиетті Жуалы ауданына қарасты бұрынғы Таңшығыс ауылында туған. «Адам болатын бала алысқа қарайды» демекші, орта мектепті үздік бітіріп, қоғамдық іс-шаралардың бел ортасынан табылатын белсенді бозбаланың алдында үлкен мақсат тұрды. Ол – дәрігер болу еді. 
Сейітхан Жұмашев 1970 жылы Алматы мемлекеттiк медициналык институтына түсiп, 1976 жылы емдеу ісі факультетін аяқтағаннан кейін 1977 жылы Жамбыл облыстық ауруханасында хирургия саласы бойынша интернатураны бітірген. Енбек жолын дәл сол жылы Жуалы аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімінде дәрігер-хирург болып бастаған. 1988 жылы өзiнiң енбектегi жетiстiктерiнiң және iскерлiгiнiң нәтижесiнде хирургия бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.
Иә, адам жанының арашашысы болу оңай жұмыс емес. Өйткені, дәрігер адамның тағдырына тікелей жауап береді. Ал, науқас адамның тағдырына бей-жай қарау, әсіресе дәрігер үшін кешірілмес күнә емес пе?! Біздің кейіпкеріміз де алғашқы еңбек жолын бастаған күннен мамандығына адал болып, табандылық таныта білді. 1977-1992 жылдары аурухананың хирургия бөлiмiнде Сейітханның шипалы қолымен шұғыл және жоспарлы түрде ондаған, жүздеген сәтті оталар (операциялар) жасалды. Оның ішінде атап айтқанда, асқазан-ішек және өт жолдарына, кеуде қуыстарына, тоқ iшекке, қан тамырларына, бас және ми қабықтарының жарақаттарына, эндокринологиялық аурулармен қатар терi және тері асты ауруларына жасаған оталары үшін  білікті маман жергілікті халықтың алғысына бөленді.
Мықты дәрігер болып қалыптасқан және мол тәжірибе жинақтаған біздің кейіпкеріміз өңірдегі хирургиялық қызметтiң дамуына елеулі үлес қосты. Еңбегі ескеріліп әлденеше дүркін Орта Азиялық және Бүкiлодақтық, республикалық хирургтар съездерінің делегаты болып қатысты. Облыстағы аға буын дәрігер-хирургтар Нағым Мұқышев, Евгения Константинова, Көлбай Үсенов, Рақым Нұров, Сағындық Ордабеков сияқты саңлақтардан тәлім алды. Одан бөлек, Алматы, Мәскеу, Киев, Харьков, Новокузнецск, Новосибирск қалаларында тағылымдамадан өтіп, біліктілігін жетілдірді. 
Кәсіби шеберлікпен қатар, ұйымдастырушылық қырынан да таныла білген дәрігер-хирург Сейітхан Жұмашев 1992 жылы аудандық орталық ауруханаға бас дәрігер болып тағайындалады. Кеңес Одағы ыдырап, берекесі кеткен кез аға буынның әлі есінде. Иә, осындай қиын-қыстау кезеңде өңірдің денсаулық сақтау саласына жауапты болып тағайындалған Сейітхан Жұмашев ұжымдағы ахуалды зерделей отырып жұмысты бір жүйеге түсірді. Кадр мәселесін шешумен қатар, аурухананы жаңа қондырғылармен қамтамасыз ету ісін де естен шығарған жоқ. Науқастарды тамақтандыру үшін шаруашылықтармен тікелей байланыс орнатқаны, аурухананың төрт гектар алма бауын тиімді пайдаланғаны, сонымен қатар, ел өміріндегі өте қиын кезеңде орталық ауруханаға газ құбырын кіргізіп, ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуі сияқты қадау-қадау істері күні бүгінге дейін жерлестерінің есінде. Сол тұста Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі болған Василий Девяткомен тікелей байланыс орнату арқылы ауруханаға УЗИ аппаратын және қызметтік «УАЗ» көлігін алып келді. Иә, ол заманда басқа аудандарды айтпағанда, құны 14 миллионға бағаланатын мұндай аппарат Жамбыл облысының орталығындағы үлкен ауруханаларда жоқ еді. Іскерлік деген осы емес пе? 
Басшылыққа тағайындалған ал-ғашқы жылдардан бастап-ақ бас дәрiгер Сейітхан Жұмашевтың тiкелей ұйымдастыруымен емдеу, аурудың алдын-алу мекемелерiне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманға сай медициналық құрал-жабдықтармен қамтылды. Заманауи үлгiде бес ауылдық дәрігерлік амбулатория және 11 фельдшерлік пункт жаңадан салынып, аудандық орталық аурухана аумағынан сазбен емдеу бөлмесі, ауруханаішілік дәріхана, реанимация, гинекология, жүктілік патологиясы бөлімдері, төрт орындық ақылы палата және залалсыздандыру бөлімі ашылды. Сонымен қатар, соңғы бес жылда медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету 32,5 пайыздан 79 пайызға өсіп, кейіннен 90 пайызға жеткізілді. Сондай-ақ, аудандық орталық аурухананы кадрмен қамтамасыз ету мақсатында да атқарылған қыруар жұмыстар да өз нәтижесін берді.  
Сейітхан Жұмашевтың басқару-ындағы Жуалы аудандық орталық ауруханасы 2014 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрiнiң №492 бұйрығына сай республика көлемiнде «Ең үздiк 50 аурухананың» қатарына еңгiзiлдi.
Сейітхан Жұмашев денсаулық сақтау саласында еңбек ете жүріп өң-ірдің қоғамдық жұмыстарына да  белсене араласты. Ол аудандық мәслихаттың үш шақырылымының депутаты болып сайланып, өңір халқының тұрмысын көтеруге еңбек етті. Сол тұста Билікөл ауылдық округіне қарасты үш бірдей ауылға ауызсу құбыры тартылып, «Күйік-Қаратау» бағытындағы (Күйік асуынан Қарабастау ауылына дейін) үлкен күре жол жөндеуден өткізілді. 
Ұзақ жылғы еткен еңбек пен төгілген тер мемлекет тарапынан елеусіз қалған жоқ. С.Жұмашев 1997 жылы Жамбыл облысы әкiмiнiң «Тараз рухы» медалін кеудесіне жарқыратып таққан аудандағы бірден бір азамат. Одан кейінгі жылдары Президент Жарлығымен «Шапағат», Қазақстан Тәуелсiздiгiнің 10, 20, Астана қаласының – 10 жылдығы мерекелік медальдарымен және «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 2012 жылы республикалық дәрiгерлер қауымдастығының шешімімен «Алтын дәрігер» медаліне ие болды. Өңірдің денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі мен қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі үшін 2012 жылы «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болды. Жамбыл облысының «Құрметті ардагері» деген атақ та ардагер дәрігерге берілген лайықты баға деп білеміз.
Жігітте де жігіт бар, азаматы бір басқа. Сейітхан Шерелханұлы да дәл осындай азамат. Зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмай, белсенділік танытып келеді. 2016 жылы аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы болып сайланып, аталған құрылымның қызметін бір жүйеге түсірді. Биылғы жылдың басында Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланып, абыроймен қызмет атқаруда.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халық даналығы. Елге сыйлы, ағайын-туысқа абыройлы болғың келсе, адал бол, адал еңбек ет. Осы қағиданы берік ұстанатындардың да бірі – Сейітхан Жұмашев. Бүгінде  ол мерейлі 70 жасқа толып, ел-жұртқа сыйлы, өңір халқының құрметіне бөленіп отыр. Білікті дәрігер-хирургтың алдын көрген бірқатар шәкірттері бүгінде ел өңірлерінде денсаулық сақтау саласының дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүр. Ұстаз үшін бұдан артық бақыт бар ма?!
Асыл жары Гүлзия апай екеуі  құрған үлкен отбасында төрт бала, 11 немере және бір шөбере тәрбиеленуде. Үлкен ұлы Ғалымжан Жұмашев Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде жауапты қызмет атқарса, келіні Гүлнара Нәрікбаева балалар невропатологы. Қызы Ғалия Жұмашева да әке жолын қуып, бүгінде №1 Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында терапевт, дәрігер. Кенже қызы Кәмила Жұмашева байланыс саласында менеджер. 
«Адамға атақ-мансап артық емес, Адамға – арман екен ең керегі» демекші, мерейлі 70 жасқа толған абыройлы азамат, денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Алтын дәрігер» медалінің иегері, ауданның Құрметті азаматы Сейітхан Жұмашевқа деген өңір халқының құрметі айрықша. Тұғырдан түспеген тұлғалы азаматтың біз байқаған бір қыры дәл осындай.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. 
Жуалы ауданы.


Обсудить

Похожие материалы:

ЖАҚСЫ ҚАРТАЯ БІЛГЕН ҚАРИЯ
01 август 2022, Понедельник
ЖАҚСЫ ҚАРТАЯ БІЛГЕН ҚАРИЯ
Ардагерлермен ақылдасты
01 июль 2022, Пятница
Ардагерлермен ақылдасты
МЕРКІЛІКТЕР НЕДЕН МҮДІРДІ?
14 июль 2022, Четверг
МЕРКІЛІКТЕР НЕДЕН МҮДІРДІ?
Жағымды жаңалық
14 октябрь 2020, Среда
Жағымды жаңалық
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры