АТБЕГІЛІК СҮЙЕГІНЕ ДАРЫҒАН ӘУЛЕТ: СӘЙГҮЛІК БАПТАҒАН СИЯҚҰЛ ҰРПАҚТАРЫ – ШЕТІНЕН КӨКПАРШЫЛАР
Тараздың іргесінде Айша бибі ауылдық округіне қарасты Қаратау деген шағын елді мекен бар. Есімі көпке аян Сияқұл Сейітов деген кісі сол ауылда ғұмыр кешкен. Бұл күнде бақилық болған Секең қатардағы есепші, кейіннен сол Қаратау бөлімшесінің басқарушысы болған. Сияқұлдың сүйікті ісінің бірі - бәйгеге ат баптау болған екен. Кейінгі ұрпаққа үлгі болған Сияқұл атбегінің жылқыны танудағы зеректігі, көкпарға құмарлығы бүгінгі күнге дейін Жамбыл ауданында аңыздай болып айтылады.
Отбасы құндылығына аса мән берген, перзенттерін ұлттық спортқа бейім, шымыр етіп тәрбиелеген Сияқұл қарияның қорасынан ат, басынан бақ кетпеген. Небір тұқымы жақсы жылқыларды сатып әкеліп, күтіп, баптап, көкпарға қостырып отырыпты. Атқұмарлығы туралы неше түрлі оқиғасын ауылдастары тамсана айтады. Кезінде Қырғыз елінен бір атты 36 қойға сатып алыпты. Жақсы аттан ештеңесін де аямаған.
Бүгінгі таңда баласы Нұрлыбектің қолында «Тұмар» деген керемет сәйгүлік бар. Осы тұлпар үшін он миллиондап ақша ұсынатындар бар көрінеді. Бірақ, бұл әулет жақсы жылқыны сатпай, сақтап келеді. «Тұмардан» тараған тай, құлынның бағасы да шарықтап тұр. Тұмардың тұқымының өзі уыс-уыс теңге болып тұрған жайы бар.
Бұл әулет туралы сөз қозғағанда бүкіл ауыл Би - апа деп атаған Зүлфия әжені, Рысбүбі ананы айтып өтпеу мүмкін емес. Осынау асыл аналардың тағылымын көрген ұрпақ бойларына адалдық, ізгілік сияқты асыл қасиеттерді сіңіріп мейірімді болып қалыптасты.
Сияқұл жұбайы Рысбүбі екеуі 10 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Атап айтқанда Райхан, Раушан, Күлзипа, Шарипа, Сәуле, Аружан атты қыздары тәрбиенің тұнығын алып өсті. Қыздары әр салада адал еңбектің үлгісін көрсетуде. Ұлағатты ұстаз болған қыздары – ауылдың мақтанышы. Секең қарияның төрт ұлы да шабандоз болып, көкпар тартты. Үлкен балалары Сейсенбек, Райымбекты апта сайын көкпарға апарып жүріп, нағыз шабандозға айналдырды. Ағаларының жолын Ақылбек пен Нұрлыбек жалғады. «Сияқұл қарияның атқұмарлығында, көкпарға деген қызығушылығында шек жоқ еді», - деп ауылдастары күні бүгінге дейін еске алып отырады. Балалары Сейсенбек немесе Райымбек көкпарда аттан жығылып, құлап жатса, «Ой, тез тез, қайтып атқа мін, көкпар кетті ғой», - деп айқайлайды екен. «Қай жерің ауырды? Бір жерің зақымданған жоқ па?» деп өбектеу ол кісіде болмаған. Аяқтың сынған, шыққанына да қарамайды. Көкеміздің көкпардан артық қызығы болмаған. «Көкеме бастысы – намысты қолдан бермеу», - дейді ұлдары.
Бірде Сияқұл қария құда шақырыпты. Баласы Райымбектің қайынжұрты алғаш есік көрейін деп келеді. Секең ақсақал бастаған топ жақсылап қарсы алып, дуылдап жатады. Сол кезде Сияқұл ата көкпарға баратын киімін, аяғына саптама етігін киіп, қолына қамшысын ұстап: «Ал, құда, мына, Сейсенбек, Ақылбек, Нұрлыбек балаларым сіздерге қызмет жасайды. Қадамдарыңыз құтты болсын. Маған рұқсат етіңіз. Бір жұмыс болып тұрғаны», – депті. Сөйтсе, сол күні көкпар бар екен. Құдасы да Секеңнің сырын біліп, ақпарат алып үлгерген көрінеді. «Рұқсат, құдеке», – деп күліп қала беріпті.
Бірде тағы бір үлкен көкпар болып, Сияқұл қарияның командасы жеңіліп қалады. Сонда Секең ақсақал ашуланып, Таразға атпен тартады. Аттың басын облыстық жол полициясына тірейді. Баласы Ақылбек сол мекемеде істейді екен. Әкесі көкпар барын ескерткенімен, Ақылбек жұмыстан шыға алмапты. Қария атын бір бағанға байлай салып, ашулы күйде мекемеге кіріп келеді. Ақылбек бастығы екеуі есіктің алдында тыныстап тұрса керек. Секең барған бойда баласын қамшымен тартып, тартып жібереді. «Әй, мен саған кел деп айттым ғой. Көкпарда жеңіліп қалдық», – деп ашуын әрең басыпты. Кейіннен бастығы Ақылбек Сейітовты шақырып алып: «Ой, мен қарияның көкпарға мұнша құмар екенін білмедім. Бұдан кейін көкпар кезінде сені жіберіп тұрамын»,– депті.
Секеңнің сондай талапшылдығы-нан, атқа құмарлығынан ұрпақтары тегіс көкпаршы болды. Немерелері де аттың құлағында ойнайды. Көкпар болғанда тек Айша бибінің төңірегі емес, Түркістан, Қызылорда, Қырғыздың Талас облысына дейін барып, мықтылықтарын дәлелдеп жүр. Секең ақсақалдың төрт баласы қатысқан көкпарда өзгелердің салым салуы мүмкін емес.
Тағы бір қызығы, Сейіттің баласы – Сияқұл болса, қызы – Мария. Міне сол Мариядан Нәби, Хадиша, Ошақбай деген ұл - қыздар тарайды, ұлдардың бәрі – көкпаршы. Нәби Момыновтың ұзақ жыл Айша бибі ауылдық округінде әкім болғанын көпшілік жақсы біледі. Міне, сол Нәбидің баласы Нұрдәулет Момынов – Сияқұл ақсақалдың жиеншары. Ол қазіргі таңда облыстық «Әулиеата» ұлттық спорт клубының директоры.
– Жаратушының қалауымен ұлттық спортына бейім болдық. Көкпаршылықтың соңына түстім. Ат спортына қызығуыма нағашым Сияқұл ақсақал ерекше ықпал етті. Әкем Нәби де мемлекеттік жауапты қызметте жүріп те, көкпаршылықты тастамаған. Әкеміздің де тәрбиесі тікелей әсер еткені анық. Облыстық «Әулиеата» көкпаршылар командасы қатарынан 13 дүркін Қазақстанның чемпионы болып жатыр. Көкпардан Әлем, Азия чемпионы болған Қазақстан құрамасының сапында біздің жамбылдық көкпаршылар аз емес. Көкпар спортындағы бұл жетістіктің бастауы Сияқұл ақсақалдың атбегілігінде, көкпардың дамуына мол еңбек сіңіруінде жатыр деп білемін - дейді көкпардан бірнеше дүркін Азия чемпионы Нұрдәулет Момынов.
Қазір мемлекет қаржыландыра-тын «Әулиеата» клубы болса, сондай команданың қалыптасуына Сияқұл ақсақал ұзақ жыл тер төкті. Үкіметтен қаржы күтпей, өзінің барлық күш - жігерін аймақта көкпар ойынының дамуына жұмсады. Жақсы аттарды қандай алыс жерден болса да сатып алды. Жақсы аттарды бағалаудан жалыққан жоқ. Нағыз намысты, рухты қария болды. Намыстан жаралған қарияның балалары да шетінен көкпаршы, шбандоз болды. Сондықтан болар, Сияқұл ақсақалдың көкпаршы балалары Сейсенбек, Райымбек, Ақылбек, Нұрлыбектердің Әулие-ата көкпарының дамуында өз қолтаңбалары бар.
Қазіргі таңда балалары ғана емес, шәкірттері, жиендері, немерелері Ұлан мен Наурыз ата жолын қуып, көкпаршылықты, әулеттің атбегілік дәстүрін жалғап келеді. Бабадан жас ұрпаққа жалғасқан ұлттық өнердің қанат жайғаны бізді қуантады. Бұл әулеттен тарағандар барша Алашқа көкпаршылықты ғана емес, батырлық пен қайсарлықты, қазақы рухты таратып жүр.
Есет ДОСАЛЫ,
журналист,
Жамбыл ауданы
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)