Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » «ҒҰМЫР –ДАРИЯНЫ» ҚАЛДЫРМАЙ ОҚИТЫН ҚАРИЯ

«ҒҰМЫР –ДАРИЯНЫ» ҚАЛДЫРМАЙ ОҚИТЫН ҚАРИЯ

18 март 2024, Понедельник
66
0
Кәріқорған ауылындағы көпшілік құрметтейтін кісінің бірі – Шарханбек Қожаназаров. Таңның атысы мен күннің батысына дейін тыным таппайтын Шәкең «Береке» деп аталатын шаруа қожалығының толығымен және Жетітөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы. 
Жол бастап жүрген Жуалы ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрбақыт Балтабаев осы шаңыраққа ат басын бұрғызды. Бізді Шарханбек Қожаназаров аңқылдап қарсы алды да: «Мен облыстық «Ғұмыр – Дария» газетінің әр мақаласына мән беріп оқимын. Себебі, ол – өзім секілді ардагерлердің үні, пікірі», - деді.  Ардагерлер газетінің алыс ауылда да оқылып жатқанын сезініп, қуандық.
Жалпы, Қожаназар ақсақалдың ұрпақтары осы Кәріқорған ауылын ғасырға жуық уақыттан бері мекендейді екен. Шарханбектің әкесі   Мейман Қожаназаров – Ұлы Отан соғысында от пен оқтың ортасында жүріп, ел қорғаған кісі. Майданнан аман оралып, 40 жылдан атсам ұстаздық қызмет атқарған. Әуелі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің үздік мұғалімі болса, кейіннен 12 жыл мектеп директоры болған көрінеді. Ол кісі басқарып тұрғанда мектеп аудан, облыс көлемінде үлкен табыстарға қол жеткізіпті. Қазіргі таңда Кәріқорған ауылында Мейман Қожаназаров атында көше бар. Сол көшеде өзге көршілерімен бірге ұрпақтары да тұрып жатыр. Жәй ғана тұрып жатқан жоқ, ардақты аталарының атына кір келтірмей, жақсы кәсіппен айналысып, адал еңбектерімен ауыл экономикасын көтеруге өз үлестерін қосып келеді.
Шарханбек Қожаназаровтың Жетітөбе ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде де жемісті жұмыс атқарып отырғанын жоғарыда айттық.
 «Әке көрген оқ жонар» – дегендей, баласы Шыңғысты да еңбекке шынықтырып өсіріпті. Қазіргі таңда Шыңғыс «Ауыл аманаты» жобасы бойынша қол жеткізген  4,5 миллион теңге несиесіне 9 жылқы сатып алыпты. Бұрыннан малдары болғандықтан, Шыңғыстың бағымындағы жылқы саны 25 - ке жетіпті. Мүйізді ірі қара, ұсақ малдары да баршылық. Шаруашылықта 3 техникасы және қора – жайы бар. 10 гектар жерге жоңышқа, 10 гектар жерге арпа өсіруде. Бір сөзбен айтқанда, бұл әулеттің  несиеге алған жылқыларды өсіріп, көбейтуіне барлық мүмкіндігі бар. Шарханбектің өзі де осы шаруаның бір жағында көмектесіп жүреді. Бұл әулет жылқыны бордақылауды да ойластырып келеді. Екі ай байланған құнанның бағасы 450 мың теңгеден кем емес. Ал, сүйегі ірі үлкен жылқылар 900 мың  теңгеге дейін бағаланады. Бұл дегеніңіз ауылда бейнет кешіп жүрген шаруалардың еңсесі тіктеліп, еңбегі ақтала бастады деген сөз. 
Шарханбектің жары Шамкүл Қожаназарова да – отыз жылға жуық орта мектепте география мен тарих пәндерінен сабақ берген ұстаз. Қазір зейнетте, ауылдың сыйлы апаларының бірі. Әлі де қоғамдық істерге белсене араласады. Ауылдағы «Асыл әжелер» ансамблінің белсенді мүшесі.
Шарханбек ағай, асыққанымызға қарамастан, үйінен дәм татқызбай жібермеді. Дәмнің үстінде Мұхтар Әуезов, Қадір Мырза - Әлі, Қасым Қайсенов, Әбіш Кекілбаев туралы неше түрлі әсерлі әңгімелер айтты. Өзінің мамандығы басқа болса да, әдеби көркем кітаптарды көп оқитыны, баспасөзді жібермей қарап отыратыны көрініп тұр. Біз жан - жүрегі ізгілікке толы адамның ой – өрісі де жоғары болатынына көз жеткізіп, бұл әулеттің жомарт пейіліне сүйсіндік.
Біз бұл шаңырақтан материалдық байлықтан бөлек рухани байлықты да көріп, бақытты әулеттің берекелі істеріне куә болдық.

Есет ДОСАЛЫ,
журналист.
Жуалы ауданы.
Обсудить

Похожие материалы:

Ардагерлер өмірінің жаршысы
01 июль 2022, Пятница
Ардагерлер өмірінің жаршысы
МЕРКІДЕ ТӨРАҒА АУЫСТЫ
28 июль 2022, Четверг
МЕРКІДЕ ТӨРАҒА АУЫСТЫ
Ардагерлермен ақылдасты
01 июль 2022, Пятница
Ардагерлермен ақылдасты
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры