Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » БАСПАСӨЗ – БІЗДІҢ РУХАНИ СЕРІГІМІЗ!

БАСПАСӨЗ – БІЗДІҢ РУХАНИ СЕРІГІМІЗ!

15 сентябрь 2022, Четверг
122
1
Біз, көзі ашық, көкірегі ояу белсенді ардагерлер, облыстық және Тараз қалалық ардагерлер кеңестерінің төңірегіне топтасып, қоғамдық жұмыстар атқарудамыз, кезі келіп жатқанда тұрғындармен кездесеміз, көрген-білгенімізді, көңілге түйгенімізді айтамыз. Жастар тәрбиесіне көбірек маңыз береміз, кейінгі толқын ұл-қыздарымыға тағылымды, тәрбиелі сөздерімізді арнаймыз. Билік тарапынан сұраныстар да түсіп жатады, саяси-қоғамдық науқандарға байланысты біздерді насихат және үгіт жұмыстарына тартады. Өмірлік тәжірибеміз болғаннан кейін, түрлі салада басшылық қызметтер атқарған соң, тәртіпке мойынсұнған ұрпақ өкілдеріміз ғой, пайдалы іс болғандықтан ондай жұмыстардан тартынбаймыз. 
Менің ойымша, осындай тынбай атқарған қоғамдық жұмыстарымыздың өтеуі болар, жасымызды, осыған дейін қоғамға сіңірген еңбегімізді бағалағандары шығар, Тараз қалалық әкімідігінің ішкі саясат бөлімі арқылы жыл сайын Тараз қаласында тұрып жатқан Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, Жамбыл облысының және Тараз қаласының Құрметті азаматтары мен Құрметті ардагерлеріне, облыстық және Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің белсенділеріне, Ардақты аналарға республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», облыстық «Ақ жол», «Знамя труда», «Ғұмыр-Дария», Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газеттерін бюджет есебінен жаздырып беріп, біздің рухани сұранысымызды өтеп отыратын. Қариялар қауымының қала басшылығына бұл игілікті істері үшін ризашылығы шексіз болатын. 
Неге екенін қайдам, республикалық, облыстық қалалық газеттерге жазғызу үрдісі биыл тоқтап қалды. Жылда баспасөзге жазылу науқаны кезінде Тараз қалалық ардагерлер кеңесі арқылы жүргізілетін бұл шаруа. Ардагерлер қауымы бір-бірімізге хабарласып, газеттердің неге тоқтап қалғандығын сұрастырамыз ғой. Әркім әртүрлі әңгіме айтады. Қалалық ішкі саясат бөлімінің өз сылтаулары бар, олардың айтуы бойынша, осы уақытқа дейін бюджет қаржысы есебінен ардагерлердің белгілі бір топтарын баспасөзге жаздыру мемлекеттік сатып алу заңдылықтары аясында жүргізілуі керек екен. Баспасөзге бюджет арқылы ардагерлерді жаздыру мемелекеттік сатып алу жөніндегі заңдылықтарды сақтау мақсатында тоқтатылған көрінеді. Қалай дегенменде, заңдылықтың сақталғанына біз қарсы емеспіз. Мемлекеттік сатып алу ережелерін сақтай отырып та талай шаруа бітіп жатқан жоқ па?!
Біз, ардагерлер қауымы, кез-келген мәселенің шешімін табуға болады деп есептейміз. Әр атқарылатын жұмысқа жоқ жерден сылтау іздеп, қалыптасқан тіршілікті бір мезгілде тоқтатып тастау арқылы жыл сайын мемлекет тарапынан аздаған рухани шарапат алып отырған аға буын өкілдерінің өкпесіне қалу қала билігіне абырой бола қоймас. Қаладағы біраз қатарластарымның тілегін орындай отырып, облыстық «Ақ жол», «Ғұмыр-Дария» газеттері арқылы Тараз қаласы әкімдігінің осы мәселеге назарын аударуды өзіме парыз санаймын. Биліктегілер біздің тілегімізді, сұранысымызды жерге тастамас деген ойдамыз. Бұл қиын да шаруа емес қой. Әлі де болса қатардан қалмай, шапқылап, ақы-пұлсыз қоғамдық қызмет атқарып жүрген белсенді ардагерлердің рухани сұранысын қала басшылығы дұрыс қабылдап, әлі де болса оң шешім қабылдар деген ойдамыз.
Тағы бір жағдайды еске сала кеткім келіп отыр. Біз – газет оқып өскен ұрпақпыз. Күнделікті баспасөзден рухани нәр алып, әлемде, елімізде, облысымызда, қаламызда болып жатқан өзгеріс-жаңалықтарды газет беттерінен қарап отырамыз. Бір сөзбен айтқанда, біз – ардагерлер қауымы баспасөзбен рухани байимыз, газет-журналдармен ой-өрісімізді кеңейтеміз. Олай болса, қала билігі осы тілегімізді ескерер деген үміттеміз.

 Сәрсенбай МЫҢБАЕВ, 
кәсіподақ қозғалысының ардагері, 
облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы. 
Тараз қаласы.


Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (1)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Celina
Celina Гости 27 октября 2024 12:42
discountshoesmart ok010 Replica Sneakers for Men,Replica Sneakers for Men zy709
Сотрудники
Партнеры