Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » «Өмір – өткен күндер емес, есте қалған күндер»

«Өмір – өткен күндер емес, есте қалған күндер»

14 январь 2025, Вторник
22
0
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының бас кезінде Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының «Мелиоративті жұмыстарды механикаландыру» мамандығы бойынша лекция оқуға  балаң жігіт аяғын жылдам басып, еркін, өзіне өте сенімді түрде аудиторияға кірді. Жас шамасы орда бұзар отыздың аржақ-бержағында, қолына ұстаған борынан басқа ештеңесі жоқ. Үшінші курста оқып жатқан біздер біраз сынақтан өтіп, едәуір тәжірибе жинақтап қалған кезіміз болатын. Негізінен ол жылдары ашылғанына он жылдай болған институтта мамандық пәндері бойынша ғылыми атағы бар оқытушылардың әлі аз кезі еді. Ол кісінің есте сақтау қабілетінің өте керемет екеніне таңдана қарайтынбыз. Кешке қарай жатақханада бас қосып, өздерімізше әр оқытушыға «баға» беріп жататын әдетіміз ғой, сондай бір еркін талдауларда барлығына жуығы «Әбдіғалиев- керемет, бәрін біледі»  деген бағаға тоқталдық.  
Бір жолы оқытушымыз лекция барысында: «Кафедрада жас оқытушылар мен дарынды студенттерге арнап қоғамдық ғылыми бюро ашамыз, болашақ ғылыммен айналысамын дегендерің болса, келіп жазылыңдар»,- деді. Алғашқыда төрт жас оқытушы және жиырмашақты студенттер жазылдық, деканат бізге арнап жатақханадан бір бөлмені босатып, сызу-жобалау жұмыстарын жүргізетін құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті, бюроның атын «Алға» деп атадық. Үшінші курстан бастап, институтты бітіргенше осы жобамен айналыстық. Қыс айлары кезінде аптасына екі рет жатақханадағы бюромызда сабақтан тыс уақытта кездесіп, есептеу, жобалау, сызу, ғылыми мақалаларды сараптау, Мәскеуден шығатын журналдардың мақалаларымен танысу сияқты жұмыстармен айналысып жүрдік. Жаз айларында әртүрлі оқу, өндірістік тәжірибеден өтуге Мәскеу, Горький, Фрунзе т.б. қалаларындағы ірі-ірі машина жасау зауыттарында болып, біраз тағылымдамадан өтіп қайтатынбыз. Мелиоративтік жұмыстарды механикаландыру бойынша қолданылатын жаңа құрал-жабдықтарды сынау жұмыстарын жүргізетін ерекше зертханалық  қондырғыны есептеу-жобалау жұмыстары біткен соң, ректорат факультеттің материалдық – техникалық корпусынан аумағы жүз шаршы метрдей жер алаңын бізге босатып берді. Сабақтан бос және жазғы демалыс кездерінде қондырғымызды құрастырып, кейін сыртқы қабырғаларын кірпішпен қалап, дипломалды тәжірибе кезінде іске қостық. Сол кездері институтқа іс-сапармен Мәскеу гидромелиоративтік институтының ректоры, мамандығы –механик Б.А. Васильев келген болатын, біздің ректорымыз М.Үркімбаев сол кісіні қондырғыны көрсетуге ертіп келді. Мәскеулік ірі ғалым, жобамызбен танысып, жақсы баға беріп, табыс тілеп кетті. Магистранттардың ғылыми жұмыстары негізінде жобаланып, өз қолдарымен зертханалық жағдайда дайындалған құрал-жабдықтардың тәжірибелік нұсқаларын өндірістік жағдайда сынақтан өткізуді міндетті түрде талап ететін. Жалпы Мұхаң жаңадан жасалынған ерекше конструкторлық құрылымы бөлек құрал-жабдықтармен жабдықталған машиналарды әртүрлі эксперименттер арқылы бағалауды ұнататын, ал алынған нәтижелерді теориялық есептеулермен салыстырып талдағанды жақсы көретін, егер нәтижелері сәйкес келіп жатса,  ол балаша қуанып өлеңдетіп те жіберетін әдеті бар еді. 
2000-шы жылдардың бас кезінде қаламыздағы үш жоғары оқу орындары біріктіріліп, су шаруашылығы мамандарына деген көзқарастың төмендеп кеткені бәрімізге аян. Сол бір қиын кездерде кафедрадағы Мұхаңның ғылыми ізденуші шәкірттерімен бірге қала сыртында  өндірістік жағдайда бірнеше жаңа конструкторлық шешім негізінде жасалынған патент алынған жұмыс құралдарымен жабдықталған машиналарды сынақтан өткізетін едік. Кейін осы зерттеу нәтижелерін  Алматы қаласындағы Мәскеу, Воронеж, Ташкент, Бішкек, тағы басқа қалалардан келген мүйізі қарағайдай ғалым-профессорлардың қатысуымен өтіп жатқан халықаралық конференцияда таныстырдық. Үзіліс кезінде  менен факультеттің деканы болған соң қонақтар институттағы зертханалық қондырғылардың жағдайын сұрап, «Мына жұмыстарыңа қандай мекемелер демеушілік көрсетті, осы бір қиын жағдайда құртып алған жоқсыңдар ма, ондай дүниелерді лажы болса сақтаңдар, өте ерекше қажетті қондырғылар ғой, ана бір ғалым кісі Әбдіғалиевтың ізденісі ерен екен»-деп жылы пікірлерін білдіріп жатты.
Сол кезде университеттің ректоры Ә. Бектұрғанов  та арнайы келіп қатысып «Шынында да бізде мына кісілер қызығып отырған қондырғылар бар ма еді»- деп сұрады. Таразға келген соң өзі аралап көріп, кафедраға деген көзқарасын өзгерте бастады.
 Мұхаң «Турасын айтып, туғанына жақпаған» адам. Адамдарды ең бірінші қасиеті адамгершілігіне, қарапайымдылығына қарап бағалайтын, ешқашан сатқын, екіжүзді, жағымпаз, жалтақ болғанын көрген де, байқаған да жоқпын. Сол кездегі институттың ректоры М.Үркімбаев ол кісінің ғылыми ізденістерін жоғары бағалайтын. Ол ректорға ешқашан жеке басының шаруасымен барған емес, тек кафедраның мәселелерімен, «білім сапасын, ғылыми-зерттеу жұмыстарын қалай жақсартамыз, болашақ мамандарды қалай дайындаймыз» деген өзекті ойлармен сыр бөлісетін. 
Зерек, ізденімпаз, еңбекқор адам ғой, әйтпесе, бір жасқа толмай әкесі соғысқа кетіп, қайта оралмаған, жалғыз қарындасы екеуі шешелерінің тәрбиесінде балалық шақтың қызығын көре алмай өссе де, мектепте тиянақты білім алып, одан кейін үш жыл әскер қатарында азаматтық борышын өтеп болған соң Мәскеудегі К.А.Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясына оқуға түскен. Кейін жеке жоғары оқу орны болып бөлінген Мәскеу гидромелиорация институтын 1967 жылы бітіріп, арнайы жолдамамен Жамбыл қаласына су шаруашылығы ғылыми зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер болып еңбек жолын бастаған. 1968 жылы гидромелиорация-құрылыс институтының ашылуына орай оқытушылық қызметке ауысады. Ол Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының «Мелиоративті жұмыстарды механикаландыру» факультетінің негізін қалаушы және оның  қалыптасуына, арнайы кабинеттер мен зертханаларды қажетті қондырғылармен жабдықтауда  қосқан қомақты үлесін айтып тауысу мүмкін емес. 
Бойына туа бітті ерекше инженерлік – механиктік қабілет қонған адам. Әйтпесе, қанша ғылыми жұмыстарда жүрсе де, қандай да бір оқытушылық қызметте болса да, қанша кітап жиса да, қанша өмір көрсе де осы уақытқа дейін жолында жатқан темір тетіктерді басып өтіп кетпей, өзі көтеріп алып кетеді немесе жиып қояды. Мұхаңның үйіне барсаңыз,  үш бөлмелі пәтерінің қабырғаларының бәрінде өзі үлкен құштарлықпен құрастырып, еденінен бастап, төбесіне дейін жинаған неше алуан техникалық кітаптарды көресіз. Өзінің төл мамандығы бойынша Мұхаңның үйіндегі кітап қоры анау-мынау жоғары оқу орнының кітапхана қорынан артық болмаса, кем түспейді. Кафедрада жас оқытушыларды ертіп алып, аптасына қаладағы кітап дүкендерін аралап шығу ол үшін жазылмаған заң болатын. Ал, үлкен қалаларға барғанда міндетті түрде букенист дүкендерді көріп шығатын. Студенттерге дипломдық  немесе магистранттарға ғылыми жұмыстарға жетекшілік жасағанда оларды үйіне шақырып, институттың кітапхана қорында жоқ, сирек кездесетін қажетті кітаптар мен ғылыми журналдар, өнертапқыштық  куәліктермен таныстырып отыратын. Үйіндегі кітап –журнал қорына библиографиялық каталог жасап қоятын. 
Біздің ұстазымыздың өзі дәріс беретін пәнінен   білмейтіні кемде-кем, тірі энциклопедия, ал күнделікті өмірде өте қарапайым ары таза, парасатты адам. Осындай ұстаздан білім алғанымды өзіме бақыт санаймын.
М. Әбдіғалиевтың шәкірттерінің  бірі – ғылым докторы, үшеуі – ғылым кандидаттары. Ол төрт кітаптың және оқу құралдарының, жиырмашақты өнертапқыш куәліктер мен патенттердің иегері, 70- ке жуық ғылыми мақалалардың авторы, КСРО Халықшаруашылығы Жетістіктері Көрмесінің күміс жүлдегері.
Бұл күндері Мұхаң мерейлі де, мәртебелі жасқа толып, асықтай бала, қуыршақтай қыздар өсіріп, немерелерінің ортасында бақытқа бөленіп отырған жан.  «Өмір – өткен күндер емес, есте қалған күндер»- деп бекер айтылмаған. 
 Сағатбек Мырзашев,
Техника ғылымдарының докторы, 
профессор, 
 Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті  қызметкері
Обсудить
Блок в статье:
Жерлес жазушының жаңа туындысы 14 январь 2025, Вторник

Похожие материалы:

Естелік
05 май 2021, Среда
Естелік
Парасат
25 август 2021, Среда
Парасат
ӨНЕГЕМЕН  ӨРНЕКТЕЛГЕН ӨМІР
14 январь 2025, Вторник
ӨНЕГЕМЕН ӨРНЕКТЕЛГЕН ӨМІР
ЕҢБЕКПЕН ЕСЕЙГЕН ЕРЕЖЕП
08 июнь 2023, Четверг
ЕҢБЕКПЕН ЕСЕЙГЕН ЕРЕЖЕП
АРДАГЕРЛЕРДЕН АЛАТЫНЫМЫЗ КӨП
15 декабрь 2023, Пятница
АРДАГЕРЛЕРДЕН АЛАТЫНЫМЫЗ КӨП
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры