Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11

Өнеге

13 июнь 2025, Пятница
8
0

Ұлы Жеңістің 80 жылдығын биыл кең көлемде атап өтіп жатырмыз. Бұл Жеңістің қалай келгенін, майдангерлердің ерлігі мен тылдағы еңбеккерлердің жанқиярлық еңбектері ерекше насихатталуда. Бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жазылуда, айтылуда. Айтуға оңай, әйтпесе азапты 1418 күнге, 1418 түнге созылған алапат соғысқа 72 мемлекет тартылып, 62 миллион адам ажал құшқаны жайлы деректер ойлы кісіні енжар қалдырмайды, санаңа салмақ түсіреді.  Майдан шебінен алыс жатқан Қазақстаннан 1 миллион 200 мыңнан астам адам қасірет толы ажал от шашқан соғысқа қатысып, толарсақтан саз кешіп, отқа оранып, суыққа тоңып, жантүршігерлік ажалмен бетпе-бет келіп, оның 601 мыңға жуығы әртүрлі жағдайда көз жұмыпты. 
«Соғыстың  аты өшсін!» деп отырушы еді боздақтарынан айрылған жесір аналар ауыр мұңға беріліп, жанарлары жасаурап, кеуделері қарс айрылып. Уақыт дене жарасын жазса да, жан жарасын жаза алмайтынын солардың қас-қабағынан ұғатынбыз. 
Менің Ордабек Бейсенов әкем 1902 жылы қасиетті Қаратау өңіріндегі Сарысу ауданының Көкжонындағы Үшбас ауылында дүние есігін ашып, өсіп-жетіліп, ұжымшарда  еңбек жолын бастады. Бірақ, тыныш өмірдің шырқын кенеттен басталған Ұлы Отан соғысы бұзды. Ер азаматтар Отан қорғауға – әскерге шақырылып, майдан даласына аттанып жатты. Ордабек көкем 1941 жылдың күзінде әскерге алынып, қиян-кескі сұрапыл соғыс қасіретін өз көзімен көріп, етігімен су кешіп, қар мен мұз жастанып, майдан даласында кескілескен ұрысқа қатысты. 1944 жылы оң санынан ауыр жарақат алып, әскери госпитальда ұзақ емделіп, ІІ топтағы мүгедек болып елге оралды. Майдандағы ерлігі үшін «ІІ дәрежелі Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен және  бірнеше жауынгерлік медальдармен марапатталған. Қантөгіс соғыс жүріп жатқанда жанын күтіп жатуды  ар санап, ол көп уақыт өтпей ұжымшардың қызу еңбегіне араласып, ауылдың шаруасына кірісіп кетті.  Жазда  егін егу, астық ору, шөп жинау сынды қарбалас жұмыстар болса, қыста мал қыстату жұмыстарына  белсенді араласты. 
Соғыс туралы әңгімені көп айта бермейтін еді жарықтық. Тек, анда-санда реті келгенде  ғана өмірінің бір үзінділері мен шағын эпизод-естеліктерін баяндайтын. Жауынды, ызғарлы күндері етінде жаудың оқ жарықшағы қалған аяғы сыздап, аздап ауырып, бірер күн ақсаңдап қалатын.  Соған қарамай, еңбек дегенде жанын салатын, қысы-жазы жұмыстан қолы  бір босамайтын.
... Өткен жүзжылдықтың 60-шы жылдарында қасиетті Қаратаудың жотасындағы Көсегенің Көк Жонында Үшбас ауылының іргесінен біраз жер арнайы алма бағы үшін бөлініп, оған жаскөшеттер отырғызылды. Оларды әкем жарықтық таңның атысы, күннің батысына қарамай уақтылы суғарып, арамшөптерден ажыратып, арық-атыздарын тазартып, түбін мезгіл-мезгіл қопсытып, қажетті тыңайтқыштармен қоректендіріп жас баланы мәпелегендей аялап өсірді. Тіпті айсыз түннің қараңғылығына қарамай алма бағын аралап, әр арыққа сылдыратып су жіберіп жүргенін көргенде туған жерін, табиғатты соншама сүйетініне бала жүрекпен қайран қалатынмын. Өсе-келе әлгі алма бақ бүкіл ауыл мақтанышына айналды. Сырттан келген қонақтар кімнің болмасын көз жауын алатын сары-қызыл алмалардың жұпар иісіне елтіп, қызыға қарап, тіл үйірер тәттілігіне, ерекше дәмділігіне тәнті болатын. Ауыл сыртындағы жайлауға қоныстанған малшылардың баллары тәтті алмаға жаз бойы қарық болып қалатын. Әкемнің сол игілікті зор, ерен еңбегіне ауыл тұрғындары ғана емес, кеңшар мен аудан басшылары да қызығып, қолдап отыратын.
– Табиғатты қалай аяласаң, ол саған солай жауап береді. Біздің адамшылық қасиетіміз айналадағы, Құдай біздің игілігіміз үшін жаратқан тіршілік иелерінің қадірін білумен өлшенеді. Кейде дүние қуған заманды көріп, «шіркін-ай» деп өкініп жататын кездеріміз де болады. Сондай бір жабырқау сәттеріңде табиғат аясына шығып, серуендеп қайтсаң, көңілің байып, жаның байыз тапқандай боласың. Адам тәрбиесі мен табиғатқа деген көзқарастың бәрінің өзегі бір болса деймін. Біз үйімізді қалай таза ұстасақ, ауламызды, ауылымызды да солай таза ұстауға талпынуымыз керек. Жүрген жеріміздің бәрінде де сондай бір мәдениеттілік, ізгілік, адамдық, парасаттылық қасиеттер болса тамаша болар еді.., – дейтін Ордабек көкем жайқалып өсіп келе жатқан алма бақтағы жас көшеттерді салалы саусақтарымен рахаттана мәпелеп тұрып.
Әлі есімде, үшінші сыныпта оқитын кезім. Күн жылып, қар кетіп, дала мен белестер  жасыл кілемге орана бастаған көктем болатын. Балалармен тауды тауға, тасты тасқа жалғап, серуендеп жүргенімде бірде тастың арасынан қылтиып өсіп тұрған алма көшетін  көріп, тамырымен қопарып үзіп алып, аулаға әкеліп еккенмін. Оны мәпелеп күтуге әкем жәрдемдесті. Қазір ол ескі үй жанында өсіп тұрған мәуелі жемісі бар зәулім ағаш. Менің ойымша, тал-дарақ, жасыл ағаш егуге құмарлық осы алма ағашынан басталған еді. Кейін оныншы сыныпты тәмамдап, мектеппен қоштасар жылы 10-12 түп тәтті алма беретін жас көшет отырғыздық. Олар да бүгінгі күнге дейін өз жемісін беріп, жайқалып жайнап тұр. Жаз айларында қызметіміздің тым қарбаластығына қарамай немерелірімді қасыма ертіп туған атамекеніме – Үшбасқа тартып кететін кезім аз болмайды. Сонда немерелеріммен қосылып сонау ертеректе әкем отырғызған алма бақты еркін аралап, дәмді алмалардан дәм татамыз, ауасымен рахаттана тыныстап, алыста қалған балалық шақты сағына еске аламын.
Бар саналы өмірін туған жеріне тал-дарақ егіп, бау-бақша салып, көріктендіру мен гүлдендіруге арнаған әкемнің дүниеден өткеніне, міне, 40 жылдан асыпты. Сонша уақыт өткеніне қарамастан Үшбас аулының тұрғындары бар жиған-терген қаражатына бау-бақша егіп, болашаққа мұра қалдыруды мақсат еткен әкемнің есімін ұмытпай «Ордабек қария отырғызған алма бағы» деп аса құрметпен еске алып отырады. Алма бағы әлі де бар, әттең, уақыт өзінікін алады біраз ағаштар қартайып, күйзеліп, «шаршап» тұр. Кейінгі толқын жастар, жергілікті мектеп оқушылары сол қартая бастаған бауды қамқорлыққа, қорғауға алып, біраз ағаштарды жаңартып, жаңа көшеттер отырғызу ісін қолға алса нұр үстіне нұр болар еді. Ауылға барған сайын ескі құлақ қариялардың: «Бақ отырғызу – болашаққа баға жетпес мұра қалдырумен пара-пар» деген дана сөзінің рас екеніне көзім жетеді.
«Қара жерді емсең, ерінбей еңбек етсең, ерте ме, кеш пе бақытқа кенелесің»,  деп отырушы еді жарықтық әкем өзі өсірген исі мұрын жара аңқыған, тілді үйірер тәтті қауын мен қарбызды  келген қонақтар алдына жайып тастап. 
Таяуда кіндік қаным тамған Үшбас ауылына атбасымды бұрдым. Әрине қазіргі ауыл өмірін өткен жүзжылдықтың 60-шы жылдарымен салыстыруға еш болмайды. Күре жолдарға асфальт төселген. Электр жүйесі тартылған. Әр үйде теледидар сайрап тұр. Жастардың қолында бір-бір телефон, смартфон, кіммен, қашан сөйлесемін десе де ерік өзінде.Үй ауласында құдық қазылып, құбыр тартылып, ауызсу мәселесі шешілген. Бұрынғы шатырсыз тоқал, жатаған үйлер, қазіргі заман талабына сай еңселі, шатырлы үйлермен алмастырылған. Егін шаруашылығына қажетті трактор, комбайн, соқа, сеялка  және де басқа техника әр отбасында сақадай сай, дап-дайын тұр. Әр үйде жүйіткіген жеңіл автокөлік, екі доңғалақты мотоцикл. Тіпті, кейбір отбасылар ауласына күн сәулесінен қуат алатын батареяларын қойып алған. Соларды көріп, мерейің өсіп, жүрегің жылып, «тәубе!» дейсің. Ерінбей еңбек еткен, алға талпынған, ізденген адамға  барлық мүмкіншілік бар...
Мен ата-бабаларымыздың табиғи сауаттылығы мен зеректігіне таңғаламын. Ордабек әкем, жарықтық, біздің Көкжонда өсетін ағаш, шөптердің,  өсімдіктердің барлығының атауын жіктеп, қандай қасиеті барын бес саусағындай білетін. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді ғой халқымыз. Сондықтан болар, менің әкемнің тәрбиесінен алғаным бүгінгі күнге дейін өз нәтижесін беріп келеді. Қазірге дейін қала орталығындағы үйіміздің маңайын қолдан келгенше көріктендіріп, көгалдандырудан бірде-бір жалыққан емеспін. Жұмыстан қолым қалт етсе, ағаштарды күтіп, гүл егіп, оларды суғарып, аулаға су шашып, көңілім жадырап, рахат сезімге бөленемін. Тіпті үй маңындағы көше бойына пайдасыз ағаштардың орнына жеміс ағаштарын (жаңғақ, өрік, шие, шабдалы) отырғызып, олардың жемісін жеп, пайдасын көрудеміз. Міне, әкеден балаға мирас болған ағаш отырғызу бүгінде менің де сүйікті ісіме айналған. Жаным жабырқаса да, көңілім құлазыса да, тіпті қуанышымды да өз ауламда еккен жасыл желекпен, гүлдермен бөлісемін. Үйімнің ауласында жайқалып өсіп тұрған сандаған гүлдерге, мәуе ағаштарына қарап көз сүйсіндіріп, көңіл жұбатарлық ләззат аламын. Менің табиғатқа мейірімділікпен қараймын және сүйіспеншілігім ерекше, махаббатым мәңгі. Өмірімнің жалғасы немерелерімнің де солай болып өсуін қалаймын...
Зейнетке шыққанан кейін де Ордабек әкем біраз жыл бау-бақша бригадирі болып, шаруашылық жұмысшыларын, механизаторларды  жаз айларында қауын-қарбызбен, қызанақ, қиярмен, пиязбен, картоппен қамтамасыз етуге өз үлесін қосты. Өлі-өлгенше иығынан кетпені түспей, арық тазалап, жүйек-жүйекке су салып, алма мен өрік, шие мен алқоры, алмұрт пен шабдалы, дарақ-көгеріштерді аялап кетті. Тындырымды еңбегімен ел-жұрттың құрметіне бөленіп жүріп, 1977 жылы бақилық болды. Мәңгілік мекенін кіндік қаны тамған туған жерден - «Қамыр әулие» мазаратынан тапты. Артында жақсы сөз қалды, өшпес із қалды, өмірін жалғастырып мына  біз қалдық...
Ой елегінен өткізсем, содан бері міне  50 жылға жуық уақыт зулап бір күндегідей болмай өте шығыпты.  Барлығы күні кешегідей көкірегіңде сайрап жатыр, барлығы көз алдыңда...
 Облыс орталығы Тараз қаласында көпті көріктілігімен өзіне тартып, қызықтыратын  «Жеңіс» паркінде  2019 жылы «батырлардың батыры» атанған Бауыржан Момышұлының көрнекті ескерткіші орнатылып, Ұлы Отан соғысына қатысқан жамбылдықтарға арнайы ескерткіш тақталар қойылып,  мәрмар тасқа барлық майдангерлердің  есімдері қашалып жазылды. Бұл – кейінгі ұрпақтың соғыс қасіретін көріп, отты жылдар отына шалынған  ата-аналарына деген зор құрметі болды. Сол тізімнің арасында менің әкем, соғыс арадгері  Ордабек Бейсеновтың да есімі бар.
...Әнеу бір күні немерелерімді ертіп, сол қасиетті орынға бардық. Өткен күндерді еске алып, олардың майдандағы ерлігі мен адал еңбегі, әкемнің соғыста жараланса да елге аман жеткендігі жайлы, сұрапыл соғыста жүріп жарқын күндерді аңсаумен өткен аға ұрпақ туралы  немелеріме әңгіме айтып тұрып:  
– Әке, мына жарқын дүниеге, бейбітшілік заманға, бақытты күндерге сіздердің арқаларыңызда жеттік. Жастық шақтарыңызды сұрапыл соғыс жалмады, одан кейінгі жылдарыңыз да жеңіл болған жоқ: қираған қалаларды, бұзылған жолдарды, күйзеліп жатқан ауылдарды қалпына келтіруге күш жұмсадыңыздар. Сөйтіп, өмірдің рахатын сіздер көре алмадыңыздар. Сіздердің майдандағы ерліктеріңіздің, еңбектегі қажырлықтарыңыздың арқасында мынау біз, өмірлеріңізді жалғастырып жүрген ұрпақтарыңыз, жарқын күндерге жеттік. Сіздерге әрдайым басымызды иеміз, рухтарыңа тағзым етеміз, жандарыңыз пейіште болғай! – деп  сөзімді аяқтап, гүл шоқтарын қойдық.
  Қанша жасқа келсем де, қанша уақыт өтсе де, бүгіндері немерелерімді ертіп, аялап жүрсем де әлі әкемді сағынамын, жүрегім езіле еске аламын. «Әке – асқар тау». Әке – өміріңдегі ақыл айтар тіренішің де, сүйенішің де сол. Оларға әрдайым рухтарына тағзым ету, қадірлеу, құрметтеу, ардақтау  біздің  басты парызымыздың бірі. 

Сағындық ОРДАБЕКОВ. 
медицина ғылымдарының докторы, профессор, 
Жамбыл облысының Құрметтті азаматы. 

Тараз қаласы.

Обсудить
Блок в статье:
руханият 13 июнь 2025, Пятница
Ұлағат 13 июнь 2025, Пятница
Өнеге 13 июнь 2025, Пятница

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры