Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Днепр бойындағы "Шамалған төбе" Осы жұрт Тастанбек Шамалғановты біле ме екен?

Днепр бойындағы "Шамалған төбе" Осы жұрт Тастанбек Шамалғановты біле ме екен?

28 февраль 2025, Пятница
36
0
Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы ең алапат қырғын болды. 1939-1945 жылдар арасында болған  бұл соғысқа әлемнің 72  мемлекеті қатысып, 110 миллион адам тартылды. Содан 65 миллион адам қаза тапты, тек Кеңес Одағынан 27 миллион кісі сұрапыл соғыстың құрбаны болды. Ал, 38 миллион бейбіт тұрғын әр жағдайда ажал құшқан. 1418 күнге созылған Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллион 400 мың адам әскерге шақырылып, оның 601 011 жаумен шайқасып, жан алысып, жан берісіп ерлікпен қаза тапты. Бұл соғыстың нәтижесінде Германия мен Жапония бастаған фашистік, милитаристік режимдер жеңілді. Совет Одағы мен АҚШ бастаған одақтастар жеңіске жетіп, әлемнің бұдан былайғы бейбіт дамуына жол ашты.
1941 жылы 22 маусымда басталып, төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысында қазақтар майданның ең күрделі шептерінде шайқасып, көптеген жігіттер мен қыздар ересен ерліктің үлгісін көрсетті. 105 қазақ Совет Одағының Батыры деген жоғары атаққа ие болды. Олар қазақ халқының ержүрек, шыдамды әрі батыр халық екендігін әлемге әйгіледі. 
Сондай-ақ, осы соғысқа қатысты мына бір жағдайды да айта кеткенді дұрыс деп есептейміз: қазақтан шыққан атқыштар, мергендер, ұшқыштар, т.б. арасында Совет Одағының Батыры атағын алуға лайықты болып тұрса да, түрлі себептермен ерліктері еленбей  қаншама батыр қазақтың қаға беріс қалғандығы туралы деректердің өзі біршама. Орыс шовинизімнінің зардабын қазақтар аз көрген жоқ. Солардың бірі – әулиеаталық мерген Ыбырайым Сүлейменов 300-ге жуық фашистің көзін жойса да, ерлігі лайықты бағаланбады.  Тіпті Рейхстагқа соғыстың соңғы күндерінде жеңіс туын тіккен көзсіз батыр Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі ескерілмеді. Оның ерлігі де тек егеменді ел болғанынан кейін Қазақстанның Халық қаһарманы атағымен аталып өтті. Сұрапыл соғыста жаудан тайсалмаған, әскери тактиканы дұрыс пайдаланып, Мәскеу түбіндегі қантөгіс қақтығыста  жеңіске жеткен айтулы  қолбасшы Бауыржан Момышұлының ерлігі неге тұрады! Оның көзсіз ерлігі тек 1990 жылы 12 желтоқсанда тарихи бағасын алып Совет Одағының Батыры атанды. 
Совет Одағының Батыры атағын алған алғашқы қазақ жауынгері – атақты 8-гвардиялық панфиловшылар дивизиясының рота командирі Мәлік Ғабдуллин болатын. Мәлік Ғабдуллиннен кейін бұл атақ әр жылдары 105 қазақ жауынгеріне берілген екен. Ал, даңқты батыр ұшқышымыз Талғат Бигелдинов – бұл жоғары атақты екі мәрте иеленген тұңғыш қазақ екенін біреу білсе, біреу білмейді.  
Бірде күнделікті үйге келетін газеттерді мұқият шолып отырып  еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газетінде (12 ақпан 2025 ж.) жарық көрген журналист Қанат Бірлікұлының «Днепр бойындағы «Шамалған төбе» атты мақаласы көзіме шалынды. Атының өзі  еріксіз елең еткізді. Танысқанымда оның басты кейіпкері жерлесіміз –  Ұлы Отан соғысы кезінде Днепр өзенінің бойында ерлікпен көз жұмған меркілік  жауынгер лейтенант Тастанбек Шамалғанов болып шықты. 
Автор 1944 жылдың 4 қаңтары күні «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің №3 санында жарияланған Әлішер Тоқмағамбетов есімді автордың «Шамалған төбе» деген мақаласынан мынадай бірнеше үзінділер келтіреді.
«Ол Днепрдің оң бетіндегі аса маңызды төбеге бір топ жауынгерлермен іңір мезгілінде келіп орналасты. Днепрден жүзіп өтіп, ойда жоқ жерде, тұтқиылдан жасаған сұрапыл шабуыл немістердің үрейін ұшырып, зәресін алды. Лейтенант Шамалғанов Тастанбек бастаған бір топ кеңес жауынгерлерінің жасаған бұл шабуылы қисапсыз қалың қолдың соққысынан кем болмады. Жеме-жемге келгенде айқас көпке ұзамады. Немістердің бірсыпырасы бекінген төбеден қашып шықты да, бірсыпырасы ажал құшып, өлі денелері төбеде қалды. Төбе Шамалғанов командирлік ететін бөлімшенің  қолына көшті.
Днепрдің бойын шолып, көп жерге барлау жүргізу үшін қолайлы биік төбені немістер қайта алуға жанталасты. Олар таң ата жасаған сәтсіз шабуылынан кейін, екінші рет түс мезгілінде тағы қайтадан шабуылға шықты. Шабуыл бастардың алдында төбеге минометтен боратып оқ жаудырды, қайта-қайта бомба тасталды. Алақандай төбенің шаңы аспанға көтеріліп, жанған отқа айналды. Немістердің қайтара шабуылы барған сайын күшейіп, үдей түсті.
Бірақ Шамалғановтар орнынан қозғалмады, төрт күн ұдайымен жауды мықтап тойтарып, төбеге жолатпады. Төртінші күні тың күш келіп қосылып, жеңістің кілті боларлық маңызы бар төбе біржола Шамалғановтардың қолында қалды. Төртінші күні, ең соңғы күні жау оғынан Шамалғанов қаза тапты.
...Арада аз уақыт өтті. Хат тасушы Шамалғановқа тиісті екі хатты әкеліп, маған тапсырды. Хатты ашып оқуға батылым бармады. Тек адресінен ғана ол хаттардың Жамбыл қаласында оқитын інісі Сұлтанбек пен мұғалім болып істейтін С. деген сүйген қызынан келген хаттар екенін білдім. Екі хатты да Тастанбектің төс қалтасына салып, өзін сол биік төбеге  жерледік. Басына жазу жаздық. Сол күннен бастап бұл төбені жауынгерлер «Шамалған төбе» деп атап кетті.
Шамалғановтың кім болғанын архив құжаттарындағы мәлімет-терден іздеп таптық. Тастанбек Шамалғанов 1923 жылы Жамбыл облысының Меркі ауданында дүниеге келіп, 1943 жылдың 31 шілдесінде Ресейдің сол кездегі Орлов облысының Хвастович ауданына қарасты Милеев селосы маңындағы биіктігі 172,3 метр төбенің басында дәм-тұзы таусылыпты» деп жазады мақала авторы Әлішер Тоқмағамбетов.
Бас газетімізде жарияланған Днепр жағасында ерлікпен қаза болған  лейтенант Тастанбек Шамалғановтың қай жерден болғаны анық көрсетілген. Тіпті оқылмай, оның денесімен бірген қара жер қойнауына кеткен елден келген екі хаттың иесі - інісі мен сүйікті қызының есімдері де жазылған екен.
Иә, 1943 жылдың орта шенінен бастап кеңес әскері күш алып, Днепр өзенін алуға бар күшін жұмсады. Екі жақтан да шайқасқа 4 миллионға жуық адам қатысып, оның майдан шебі 750 шақырымға созылды. Төрт айлық операцияның нәтижесінде Украинаның сол жағалауы толығымен дерлік босатылды. Сөйтіп, Днепр үшін болған кескіленген ұрыс әлем тарихындағы ең ірі шайқастардың біріне айналды.  Жау әскері бекініс құрған Днепрден өту операциясы кезінде қаншама боздақ шейіт кетті. Солардың бірі – Тастанбек Шамалғанов. Днепр өзенінің бойында сол жылдары  батырдың құрметіне төбенің аты берілген екен.  Ол төбе қазір қалай аталады? Жергілікті халық Тастанбектің кім болғанын, қандай ерлік жасағанын біледі ме екен!?
«Egemen Qazaqstan» газетінде жазылған  мақаладан туындайтын тағы бір сұрақ,  майдан даласында ерлікпен шейіт болған жерлесіміз Тастанбек Шамалғановтың жақын туыстары мен ағайындары, онымен бірге өскендердің ұрпағы, оның есімі мен ерлігін білетін азаматтар біздің өңірде бар болар. Басты сұрақ олар оның жасаған қайсар ерлігі туралы, қай жерде жерленгені жайлы хабардар ма? 
Оқ борап, отқа оранған сұрапыл соғыс даласында, жан беріп, жан алысқан кескілескен ұрыста кеуделерін оққа төсеп, Отан үшін, Жеңіс үшін жанын пида еткен қаһарман жерлесіміздің есімін көпшілік, әсіресе өсіп келе жатқан жастар,  білгені жөн. 
Елімізді фашизмнің от шарпуынан сақтап, ел тыныштығына үлес қосқан үлкен жүректі қайсар азаматтарын, олардың ерлік істерін үлгі тұтайық, рухтарына тағзым етейік! 
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
 дәрігер-хирург, медицина профессоры, 
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Тараз қаласы.
Обсудить
Блок в статье:

Похожие материалы:

ЖЕТПІС ПАЙЫЗҒА ЖЕТІППІЗ
06 апрель 2023, Четверг
ЖЕТПІС ПАЙЫЗҒА ЖЕТІППІЗ
Алғыс
06 май 2020, Среда
Алғыс
Тағзым
01 август 2024, Четверг
Тағзым
Ұлы Жеңіске 77 жыл
05 май 2022, Четверг
Ұлы Жеңіске 77 жыл
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры