Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11

Еңбек адамы

13 июнь 2025, Пятница
8
0

Жұмахан Төленов туралы өңірдің білім саласында еңбек еткен алдыңғы буын өкілдері жақсы біледі. Ол 1942 жылы майданға алынып, Беларус майданының №93 атқыштар құрамысында зеңбірек командирі болып ұрысқа түсті. Қатардағы зеңбірекші болу да өте жауапты іс. Ал, зеңбірек командирі болу деген одан екі есе күрделі міндет. Осы жауапкершілікті Жұмахан жоғары жауапкершілікпен, Отанға деген адалдықпен атқара білді. Айналаңнан жыландай ысылдап оқ борап тұрған күндер қайдан жеңіл болсын. Бірақ, Отанның үмітін ақтауда әр жауынгер қандай қиындық болса да көнуі тиіс. Мұны Төленов көңіліне жақсы түйді. Майданның тауқыметін бір кісідей-ақ көрді.  Үш жарым жылға жуық майдан даласында болу, тәулік сайын өліммен бетпе-бет келу ешкімге де оңай болмаса керек. Жұмахан да сондай аласапыран жылдарды басынан өткерді. Алайда, Жаратқанның қалауымен оққа ұшпай, 1945 жылдың аяғына таман туған елге жеңіспен оралды. 
Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтын бітірген ол 1946 жылдан бастап білім саласындағы еңбек жолын жалғастырды. Сол кездегі аудан орталығындағы Ақкөл орта мектебінде тарих пәнінен сабақ берді.  Сабағын өте қызықты, оқушылардың ұғымына сіңімді етіп ұйымдастыра білді. Үздік жұмысын бағалаған аудандық білім бөлімі арада екі жыл өткенде Алғабас жеті жылдық мектебіне директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары қызметіне жіберді. Ол бұл жұмысты да табысты атқарды.  
1954 жылдан Жамбыл ауданы, «Қызыл Октябрь» ауылындағы жеті жылдық мектебінде  табан аудармай  10 жыл директор болды. Осы жылдары жүздеген шәкірттерін үлкен өмірге жетелеп, қанат қақтырды. Олардың арасында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының тұңғыш төрағасы Өмірбек Байгелді де бар. 1964 жылдан бастап  Талас аудандық білім бөлімінде екі жыл  инспектор болып тер төкті. Онан соң Ақкөл орта мектебіне табаны күректей тоғыз жыл директор болды. Мұнан соң он жыл бойы сырттай оқыту мектебінде директор болып, мінсіз қызмет атқарды.
Ойлап қарасаңыз өмірінің 30 жылға жуығын мектеп директоры қызметіне арнаған екен.  Мұндай көрсеткіш сирек кездесетіні жасырын емес. Білім саласындағы ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен бірнеше рет марапатталды. «Білім беру ісінің үздігі» төс белгісінің  иегері атанды. Былайша, айтқанда білім саласына сіңірген өлшеусіз еңбегі лайықты бағаланды. Мыңдаған шәкірттерінің арасынан Берден Байқошқаров, Елден Аққошқаров, Мырзатай Жолдасбеков, Ауданбек Көбесов, Бақытяр Әбілдаұлы, Әзімхан Сатыбалдин, Ғазизбек Тәшімбаев сияқты айтулы азаматтар қара үзіп, үздік шықты. Осындай танымал шәкірттерімен Жұмахан ұстаз  мақтанатын. 
Құдай қосқан асыл жары Кеншімгүлмен 50 жылдан астам бақытты ғұмыр кешті. Кеншімкүл апай – саналы ғұмырын кітапхана ісіне арнаған кісі. Тоғыз ұл-қызды өмірге әкеліп,  «Алтын алқа» иегері атанып, ұл-қыздарының қызықшылығына бөленді. Перзенттерінің бәрі де жоғары білім алды. Бәрі де үйлі –жайлы болып, өмірден өз орындарын тапты.  
–   Ата - анамыз барлық баласының тәрбиесіне көп көңіл бөлді. Әкем мектеп директоры ретінде қарбалас жұмыстармен жүрсе де, балаларын қадағалауға уақыт табатын. Ал, анамыз үнемі қасымызда болып, тәрбиемізге көңіл аударды. Соның нәтижесінде ұл-қыздары тәрбиелі болып өсіп, өмірден өз орындарын тапты. Қоғамның әр саласында абыройлы еңбек етті. Енді немере-шөберелері де еңбекке араласуға жарады. Ақсақалдың ұрпақтары ормандай жайқалып өсіп жатыр. Біздің бір айтарымыз,  әкеміз ұзақ жыл басқарған Ақкөл орта мектебінде, Ерназар ауылындағы мектепте ол кісінің өнегелі ұстаздық жолына арналған түрлі іс-шаралар өтіп тұрса. Елу жылға жуық ұстаз болған, Отан үшін майданда ел қорғаған жауынгердің өмір жолы жас ұрпаққа үлгі болуы керек емес пе? Осы жағын білім саласында жүрген жауапты азаматтар назарға алса деген ұсынысым бар. Ондай ұсыныс, жоба болса біз ұл-қыздары қолдау көрсетуге дайынбыз. Әкеміздің білім саласына сіңірген ұшан-теңіз еңбегінің елеусіз қалмағанын қалаймыз. Біз майданда  кеудесін оққа тосып ерлік жасаған, бейбіт күнде 50 жыл ұстаз, 30 жыл мектеп директоры болған  Жұмахан Төленов әкемізбен мақтанамыз,    –    дейді  Нұржамал Жұмаханқызы.
Өзі  майдангер. Майдангер болғанда да  шабуылдың алдыңғы шебінде зеңбіректен жауға оқ жаудырған жауынгер Жұмахан Төленов – нағыз батыр. Оның батырлық келбетіне қоса, ұстаздық жолы да үлгі. Жұмахан ағайдың шәкірттері мыңнан да көп. Олардың жүрегінде ол кісінің ұстаздық асыл бейнесі жүр. Мұндай асыл ұстаз, соғыс сарбазын таластық жұртшылық есінде сақтап  құрмет тұтады. 

Есет ДОСАЛЫ,
журналист

Талас ауданы
Обсудить
Блок в статье:
руханият 13 июнь 2025, Пятница
Ұлағат 13 июнь 2025, Пятница
Өнеге 13 июнь 2025, Пятница

Похожие материалы:

ЕР ТҰЛҒАСЫ ЕҢБЕГІМЕН ТАНЫЛАР
11 апрель 2025, Пятница
ЕР ТҰЛҒАСЫ ЕҢБЕГІМЕН ТАНЫЛАР
ТҮЛЕКТЕР АУЫЛДЫ ТҮЛЕТУДЕ
08 июнь 2023, Четверг
ТҮЛЕКТЕР АУЫЛДЫ ТҮЛЕТУДЕ
Еңбек адамы-ел мақтанышы
09 февраль 2025, Воскресенье
Еңбек адамы-ел мақтанышы
ҰСТАЗ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ
13 декабрь 2024, Пятница
ҰСТАЗ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ
ТАНЫМ
19 март 2021, Пятница
ТАНЫМ
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры