Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » ЕР ТҰЛҒАСЫ ЕҢБЕГІМЕН ТАНЫЛАР

ЕР ТҰЛҒАСЫ ЕҢБЕГІМЕН ТАНЫЛАР

11 апрель 2025, Пятница
40
0
Өзінің сара жолымен, сіңірген еңбегімен өскелең ұрпаққа үлгі болар азаматтар көп. Осы ретте, саналы ғұмырының 40 жылын білім беру, ағарту саласына арнаған Сейсенбек Әлімбеков туралы әңгімелердің өзі бір ғанибет. Сейсенбек Әлімбеков 1945 жылы Жамбыл ауданының бұрынғы Куйбышев ауылында дүниеге келген. Әкесі Әлімбек колхозда бригадир болса, анасы Ибакүл әртүрлі жұмыстар істеген. Үйдің үлкені өзі, артынан ерген екі інісі және бір қарындасы бар. 1959 жылы бұл отбасы ата-бабаларының бұрынғы қонысы болған Көлбастау ауылына көшіп келеді. Ол Талапты орталау мектебін бітірген соң 1963 жылы Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогикалық институттың тарих факультетіне оқуға түседі. Екінші курсқа аяқ басқан шақта, әскер қатарына алынып, үш жыл әскери борышын өтеп, елге келген соң оқуын әрмен қарай жалғастырады. Алғашқы еңбек жолын 1970 жылы аудан орталығындағы №1 Орджоникидзе атындағы орта мектепте сурет және сызу пәнінің мұғалімі болып бастаған. Екі жылдан кейін Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебіне ауысып, ұстаздықпен бірге аудандағы сурет шеберханасының меңгерушісі болып 15 жылдай жұмыс істейді. Негізгі мамандығы тарих пәнінің мұғалімі болғанымен, кейіпкеріміздің еңбек жолы сурет өнерімен өрбіді. Егер біреуді қадірлер болсақ, оны ең алдымен халыққа қызмет ететін өнерпаздығын, еңбекшілдігін, іскер, шеберлігін, оған қоса оның адамгершілігін ескеруіміз маңызды. Үйде де, түзде де қарапайым, кішіпейілдік танытып, арланбай кез келген жұмысты істей беретін еңбек адамының әдет-салты көпке өнегеүлгі. Бала кезден сурет өнеріне жақын әрі тума талант иесі болған оның негізгі мамандығы тарихшы болса да өнер саласын таңдады. Таңдаудан қателеспеді. Өнерінің арқасында көпке танылып, жұмысында да, ортасында да абыройы артты. Сонымен бірге мектептегі және аудан көлеміндегі қоғамдық жұмысқа белсене араласқаны елеусіз қалған жоқ. Оқу-тәрбие саласындағы жемісті еңбегі үшін 1995 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Әскерде жүргенінде де өнерімен көптің көзіне түсіп, «Даңқ» мұражайын безендіруге қатысатын еді. Ал ұстаздық еткен жылдары Б.Момышұлы мемориалдық музейінің бас суретші қызметін атқарып, әрлеу мен безендіру жұмыстарын қатар жүргізді. Бір сөзбен айтқанда, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. – Өмір ащыны бермесе, тәттіні білер ме едік, тәттіні бермесе, ащыны білер ме едік. Өмірде түрлі қиындық болады. Дайын тұрған нәрсе жоқ. Бәріне де еңбек арқылы қол жеткіземіз. Талаптанып атқарамын десең іс көп. Сурет деген, әрине, әдемі. Бірақ сол әдемілікке жету үшін үлкен қажырқайрат, талмас еңбек қажет. Нағыз өнер оңайлықпен өмірге келмейді. Ал. өнер тудырдың екен, оған өлмейтін өмір сыйлау да шығармашылығыңның басты мұратының бірі болу керек. Болашақта суретші болуды армандайтын ізбасарларыма, іні-қарындастарыма айтарым, шыдамды әрі еңбексүйгіш болсаң ғана өнердің шыңына шығасың,– дейді ұлағатты ұстаз. Сексеннің сеңгіріне шыққан Сейсенбек ата әлі тың. Студенттік шақта спортпен, оның ішінде бокспен шұғылданыпты. Сүйікті ісі жетерлік. Кез-келген істі игеріп алып кететін қабілеті де бар көрінеді. Өмірлік жары Татьяна Әбдіхалықова екеуін бір арнаға тоғыстырған да осы ұлы мамандық. Институтты аяқтап, шаңырақ көтерген соң Көлбастау ауылына қайта табан тіреп, бірге еңбек жолын бастайды. Жұбайы да ұстаздық жолында қажырлы еңбегімен көпке сыйлы, беделді жан болған. Екеуі отбасында үш ұл, екі қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп, олардан сегіз немере сүйіп отыр. – Нағыз әке, жар қандай болады десе, мен атаңды айтар едім. Өйткені, бұл кісінің адалдығы, адамгершілігі, туысқанға деген бауырмашылдығы, еңбекқорлығы бір төбе. Тек іспен көрсететін. Біреудің дәулетіне қарап қошемет жасайтын адам емес, әділдікті жақсы көреді. Әсіресе қарапайым еңбек адамдарын қатты құрметтейді. Жұмыста да әділдікті талап ететін. «Баланың қабілеті болмаса, өтірік бесті қоя алмаймын. Өнерді түсінбегеннен кейін, олай бағасын түсірмеңдер» дейтін. Жеті қырлы, бір сырлы деген адам осы кісідей-ақ болсын, – дейді отанасы. Ұстаздық еткен жылдар ішінде талай жастардың қанатын қатайтып, қиялын ұштап, үлкен өмірге жолдама берді. Өнерімен ұлы жолға түскен, өз ісін сүйе білген ұлағатты ұстаз бұл күнде қуанышқа бөленіп, өз еңбегінің жемісін көруде. Бір салада табан аудармастан аянбай қызмет еткен еңбек адамы Сейсенбек Әлімбекұлына мағыналы да мәнді өмірі сәнді жалғасын тауып, денінің саулығы жанының байлығымен жарасып, ғұмырының ұзақ болуына шынайы тілегімізді білдіреміз.

Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА, Жуалы ауданы
Обсудить
Блок в статье:
Тағзым 01 июнь 2025, Воскресенье

Похожие материалы:

ҰСТАЗ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ
13 декабрь 2024, Пятница
ҰСТАЗ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ
ЖАҢАТАСТЫҢ АЛҒАШҚЫ СОТЫ
14 ноябрь 2024, Четверг
ЖАҢАТАСТЫҢ АЛҒАШҚЫ СОТЫ
ЕҢБЕГІМЕН ӨМІРДІ АЖАРЛАНДЫРҒАН
28 февраль 2025, Пятница
ЕҢБЕГІМЕН ӨМІРДІ АЖАРЛАНДЫРҒАН
ДЕРЕКТАНУ ҒЫЛЫМЫНҢ "ТАМЫРШЫСЫ"
24 ноябрь 2022, Четверг
ДЕРЕКТАНУ ҒЫЛЫМЫНҢ "ТАМЫРШЫСЫ"
Ұстаздық еткен жалықпас
09 март 2022, Среда
Ұстаздық еткен жалықпас
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры