руханият

«Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге...» деп ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы айтып кеткендей, түйсігі бар әрбір адамдар үшін ғылым мен білімнің қайнар көзі кітапта екенін ұғамыз.
Өткен аптада Мойынқұм ауданының Құрметті азаматтары мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Мұханбетқұл Сабыровтың "Мойынқұм ауданының Құрметті азаматтары" атты кітабының тұсауы кесілді.
Үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсету – халқымыздың рухани дүниесінің айнымас бір бөлшегі екені анық. Әр елдің құрметтейтін қадірлісі, арқа сүйер ардақтысы болады. Пайғамбар жастан өтіп, пәтуалы сөз, салмақты ой айтатын ел ағаларының есімдерін елі білуі керек. Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған сондай жандардың ғибратты өмір жолдарын бүгінгі ұрпақ біліп өуі тиіс.
Ауданның Құрметті азаматы атағы берілген мойынқұмдық 181 адамның өмір деректері мен суреттері жарияланған кітап жақында жарыққа шықты. Кітап ауданның Құрметті азаматтары мен олардың ұрпақтарының қолдауымен шығарылды.
Бұл жинақта – Мойынқұм ауданының әр кезеңінде еліне елеулі, халқына қалаулы болған, еңбегімен ел есінде қалған айтулы азаматтарының өмір жолы баяндалған.
Облыстық кітапханада болған шара барысында көпшіліктің құрметіне бөленген Мұханбетқұл Сабыров ақсақал көзкөрген ағалары, замандастары туралы әсерлі естеліктерімен бөлісіп, Мойынқұм ауданының өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан жасампаз жандар жөнінде тебірене сөз қозғады. Кітап авторы Мұханбетқұл Сабыров кешті ұйымдастырған облыстық кітапхана ұжымына әлі сиясы кеуіп үлгермеген кітабын сыйға тартып, ризашылығын білдірді.
Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімінде Мойынқұм ауданның Құрметті азаматтары Тұрсынбек Айдынбеков, Өксікбай Оразымбетов, Нұркүл Оспанбековалар сөз сөйлеп, Маханбетқұл Сабыровтың жанкешті ізденісіне, шығармашылық зор еңбегіне алғыстарын айтты.
«Ақылды қария – ағынды дария» деген теңеу кейде жасы жетпістен асқан жандардың деніне қолданылып жатады. Мұндай теңеуге лайықты жандарға, әрине елінің құрметі шексіз. Ардагерлер қозғалысының белсендісі, Мойынқұм ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, кітап авторы М.Сабыров ақсақалды сондай ел ықыласына бөленіп жүрген қазыналы қария десек, әсте қателесе қоймаспыз.
***
Мұханбетқұл Сабыровтың "Мойынқұм ауданының құрметті азаматтары" атты кітабының таныстырылымы Мойынқұм аудандық орталықтандырылған кітапханасында да болып өтті. Жиынға ауданның Құрметті азаматтары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты. Шара барысында аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаев ауданның белсенді, шежірелі ақсақалы М.Сабыровтың аудан тарихын жаңа қырынан байыта түскен кітабы үшін өзінің ризашылығын білдіріп, сый-сияпат жасады.
Дариха Үмбетиярова,
«Ғұмыр Дария»
Обсудить
Блок в статье:
руханият
13 июнь 2025, Пятница
Ұлағат
13 июнь 2025, Пятница
Өнеге
13 июнь 2025, Пятница
Похожие материалы:
Комментарии (0)