Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ЖУАЛЫДА БАТЫРДЫҢ ІЗІ ҚАЛҒАН

ЖУАЛЫДА БАТЫРДЫҢ ІЗІ ҚАЛҒАН

11 май 2023, Четверг
135
0
Бүкіл адамзат тарихындағы ең сұрапыл, әрі ең қаңтөгісті екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына да биыл 78 жыл болыпты. Деректі мәліметтер бойынша Кеңес Одағының 27 милиондай адамын жалмаған сол сұрапыл соғыста біздің Қазақстаннан да жүздеген мың жауынгерлер ерлік көрсетті. Осы соғыста бүкіл Одақ бойынша 12 мыңнан астам  жауынгерлер мен командирлер, қолбасшылар, партизандар және қарапайым халық өкілдері 1934 жылы белгіленген ең жоғарғы марапат – Кеңес Одағының Батыры атағын иеленіпті. Солардың қатарында 104 қазақ ұлтының азаматтары болған. (Бұрынғы деректерде,тарих оқулықтарында бұл мәлімет бірде 96,бірде 98 болып көрсетіліп жүрді). Бұл мәліметтерді нақтылау мақсатында  тарихшыларға 12 мыңнан астам батырларды зерделеп, анықтауға тура келді. Бұл санатқа өзбек ағайындар иемденіп кеткен Сабыр Рахимов, Расул Есетов және Уният Наурызбаевтар қосылды. Соғыс кезінде бұл атақты 100 қазақ иемденсе, 1946 жылы Құдайберген Сұрағановқа, ал 1965 жылы Сабыр Рахимовқа, 1990 жылы Бауыржан Момышұлына қайтыс болғаннан кейін берілді.
Соғыстың алдында Қазақстанда 6,2 миллион халық тұрса, оның 2 миллион 327-ы қазақ, 2 милион 46 700-ы орыс болды, өзге ұлт өкілдері 1 миллион 414 мың адамды құрады. Барлық қазақстандықтардың 1 миллион 400 мыңы Ұлы Отан соғысына қатысты. Ұлы Отан соғысында 280 орыс, 86 украин, 97 қазақ, 45 басқа ұлт өкілдері Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды.
1418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыста біздің сан мыңдаған бауырларымыз Отан үшін отқа түсіп, қаншама баздақтарымыз бұл соғыстың құрбаны болды. Олардың көпшілігі ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, халқымыздың ерлік рухын асқақтатты. Ресми дерек бойынша осы соғыста тек қана қазақтарға 96638 ордендер мен медальдар тапсырылған екен. Ал даңқты батыр ұшқышымыз Талғат Бигелдинов Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте иеленді.
Таза ұрыс алаңында барлығы 104 қазақ осы жоғарғы атақты иеленсе, соғыстан кейінгі кезде бұл  дәрежеге даңқты ұшқыш-сынаушы қазақтың тұнғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров,ауған соғысының қаһарманы оралдық Қайырболат Майданов ие болды. Бұлардан тыс Ресей Батыры атағына Ұлы Отан соғысында көрсеткен қаһармандығы үшін ерлікпен қаза тапқан ұшқыш Бақтыораз Бейсекбаев, шешен соғысында мерт болған Жантас Жолдынов,ғарышкер Талғат Мұсабаев ие болды. Берлиндегі Рейхстегқа Жеңіс туын тікен қазақ азаматы Рақымжан Қошқарбаев кезінде «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапаталып, 2001 жылы ол дүниеден өткен соң Қазақстанның «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

Ал енді қазақтың даңқты батыр перзенті Рахымжан Қошқарбаев туралы өзім зерттеп, зерделеген дерек-дәйектерімді баяндамақпын. 
Рақымжын Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысының Астанаға жақын жердегі Тайтөбе ауылының маңындағы қыстақта дүниеге келген.Оның 4 жасында анасы дүниеден өтіп,әкесі саяси жаламен ГУЛАГ лагеріне айдалады. Оған ананың мейірімі мен әкенің қамқорлығын сезіну бұйырмай Тайтөбедегі балалар үйінде тәрбиеленеді.Жеті жылдық мектепті бітірген соң оны Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне оқуға жібереді.
Осында жатаханада тұрып, асханадан тамақтанып, арнаулы киімін киіп өмір сынағынан өткен Рақымжан 1942 жылы 18 жасында Көкшетаудағы әскери бөлімге алынып, 1943 жылдың жазында Фрунзедегі (Бішкектегі) әскери училищені бітіреді. Училищені ол 1944 жылдың қазан айында аяқтап, кіші лейтенант шенін алады.
1944 жылдың қазан айынан бастап Беларусь майданындағы 150-ші Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысады. 1945 жылы 16 сәуірде Рақымжан қатысқан шабуылдаушы взвод Одер өзенінің батыс жағалауындағы Гроенойндорф елді мекенінде жаудың бетін қайтарады. Осы өзеннен ары қарай Кеңес әскерлерін өткізбеуге жанталасқан немістер тоқтаусыз оқ жаудырады. Оқ астымен жербауырлап еңбектеген Қошқарбаев взводы немістер тұрағының үстіне түсіп, бетпе-бет ұрыс жүргізеді. 40 шақты фашистің көзін жойып, үлкен колибрлі 3 пулеметті қолға түсіреді. 1945 жылдың 29 сәуірінде Шпре өзені маңында қанды қырғын болып, бұл жолы да Рақымжан взводы жаудан басым түседі. 
Осылайша Одерден басталған шайқас Рейхстагқа дейін жалғасып, Қошқарбаев взводы 200 немістің көзін жойып, 184-ін қолға түсіреді, 14 зеңбірек, 27 үлкен колибрлі пулеметті, оқ-дәрлерді олжалайды.
1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстахқа шабуыл кезінде ғимараттың қасбетіне қызыл туды бірінші болып 150-атқыштар дивизиясының 674-атқыштар полкінің жауынгерлері Рақымжан Қошқарбаев пен Григории Булатов орнатады. Бұл жөнінде Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми ақпаратында «Рейхстагты алу кезінде көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін Рақымжан Қошқарбаев пен Григории Булатов Қызыл Ту орденімен марапатталған» деп жазылған.
Барлау взводының командирі лейтенант Қошқарбаевқа Рейхстагқа Қызыл туды тігу туралы тарихи жауынгерлік бұйрық беріледі.Оған жалауды батальон командирі Давидов және саяси жетекші Васильченко табыс етеді. Ол Булатов Григорий екеуі 360 метр арақашықтыққа жауған оқтын астыңда 7 сағатта еңбектеп жетіп, бұйрықты орындап, Рейхстагтың жақтауына туды тігеді. Тігілген Қызыл тудың астарына Рахымжан: «150-ШІ ДИВИЗИЯ, 647-ші полк Рахымжан Қошқарбаев және Григорий Булатов» деп  жазады. Бұл ұлы ерлік сәуірдің 30-ы күні 18 сағат 30 минутта болған еді. Тарихи ерлік жайындағы хабар бүкіл әскери бөлімдерге хабарланып,  баспасөзде кеңінен жазылды. Алайда бұл тарихи сәт туралы күні бүгінге дейін бір-біріне кереғар, түрлі ақпараттар айтылып та, көрсетіліп те жүр. Ресми ақпараттар мен тарихи оқулықтарда «Рейхстагқа Жеңіс туын бірінші болып лейтенант Алексей Берест, қатардағы жауынгер Михаил Егоров және кіші сержант Мелитон Контария тікті» делініп жүр. Рейхстагқа ту тіккені үшін Рақымжан Қошқарбаевқа Жауынгерлік Қызыл Ту ордені берілді. Ал Булатов Кеңес одағының Батыры атағына ұсынылып, кейінірек ол атақ «Қызыл Ту» орденімен ауыстырылды.
Булатов Реихстагқа ту тіккендердің ішінде өзінің аты аталмағанына, Москвадағы Жеңіс парадына қатыстырылмағанына қатты қапа болады, ішімдікке салынады, түрмеге  түседі, Маршал Жуковтың ықпалымен босатылады. Сонда Жуков Булатовқа: «Гриша! Твой сапоги топтали крышу Рейхстага. Неужели они не могут растоптать бутылку?» деп хат жазады. Жуковтың «Воспоминания и размышления» атты кітабындағы 608-бетте Булатовтың суреті бейнеленген. Оның астына «Григорий Булатов на фоне поверженного рейхстага» деп  жазылған. Соғыстың соңғы күні Рейхстагқа ту тігу сәтінен түсірілген кинохроникада да Булатовтың туды  нығарлап тігіп тұрған сәті айқын көрініс тапқан.
1973 жылы 12 қаңтарда Григории Рақымжанға Жазған хатында: «Жизнь моя не блещет, хвалиться НЕЧЕМ, МОЯ ОБИДА ПОЖИЗНЕННО» деп әділетсіздікке өзінің жазылмас өкпесін білдірген.Артынша 1973 жылдың сәуірінде ол өзіне-өзі қол жұмсайды.2018 жылы 8 мамырда Киев қаласындағы Жеңіс паркінің алдында Григорий Булатовқа еңселі ескерткіш орнатылды.
Ал Жеңіс туын Жау ордасына тіккен батырымыз Рақымжан Қошқарбаев туралы үзілген әңгімемізді одан әрі сабақтайық. Ол соғыстан соң Эльба  бойындағы кеңестік оккупациялық әскери бөлімінде қызмет атқарды.1947-67жылдар аралығында Ақмола облыстық атқару комитінде нұсқаушы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жаңындағы қоныс аударушылар жөніндегі бас басқармада инспектор, 1967 жылдан «Алматы» қонақ үйінің директоры болып қызмет атқарды. Жастарға патриоттық тәрбие беруге көп еңбек сіңірді.1988 жылы 10 тамызда ержүрек батырымыз Алматыда дүниеден озды.
Рақымжан Қошқарбаевқа "Халық қаһарманы" атағын беру салтанатына ол кісінің жары Рахила, қызы Әлия және майдандағы досы Ж.Жанасов шақырылды. Награданы тапсыру кезінде еліміздің бірінші Президенті Н.Ә.Назарбаев Қошқарбаевтың ерлігіне жоғары баға беріп, оның тәрбиелік және патриоттық мәнін ерекше атап өтті. 
Батыр ағамыздың біздің Жуалы жер-іне ұмытылмас сапары, сірә сол оқиғаға қатысқандардың есінде мәңгі сақта-латын шығар. Рахымжан Қошқарбевпен болған ұмытылмас кездесуді сол кездегі аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Қуатбек Иманбекұлы ұйымдастырған еді. Кездесуге аудан орталығындағы зиялы қауым өкілдері көп жиналды. Арасында кітапхана, мәдениет саласының қызметкерлері, аудандық «Жаңа өмір» газетінің журналистері, мектеп оқушылары көптеп қатысты. Батыр қазақтың қасында даңқты ақын Мұзафар Әлімбаев, жерлес талантты ақынымыз Жақсылық Сәтібеков болғаны әлі есте. Ескерткіш суретке түстік, ордалы жаудың бас қаласындағы Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан ағамыздың әңгімелерін үлкен әсермен тыңдадық. Сол жолғы батырдың Жуалы жеріндегі сапары кезінде оның қасында аудандық газеттің редакторы Әбдіғаппар Айтоқов, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Майдан Есжанов, журналистер Жамбыл Шоқыбасов, Мырзахан Ахметовтер болған еді. 
Ол кезде жаспыз ғой, жау ордасына жеңіс туын қалай тіккендігі туралы батырды сұрақтың астына аламыз. Жалықпай әңгімелейді. Орта бойлы, мығым денелі, дөңгелек жүзді, жазық маңдайлы, ер кеуделі батыр ағамыз шашын артқа сілкіп тастап қойып, майда қоңыр дауысымен Рейхстагқа жербауырлап қалай жеткенін, Булатов екеуі қарша бораған оқтың астында жүріп, қалай ту тіккендерін әңгімелегенде кәдімгідей кино көргендей әсерде боламыз. Төрт жыл бейбіт жатқан мемлекетімізді боршалап, қанға бөктірген, басынан аяғына дейін қаруланған неміс фашистерінің бас  ордасы – Рейхстагқа табаны тиіп, жеңіс жалауын желбіреткен жерлесімізге деген сол кездегі мақтаныш сезіміміз күні бүгінге дейін басылған жоқ деп айтсам, иланарсыздар деген сенімдемін. Осылайша, Рейхстагқа табанын тіреген батыр Рахымжанның ізі біздің Жуалы жерінде де қалып еді. 

Дәулетжан БАЙДАЛИЕВ 
Жуалы ауданының Құрметті азаматы,  өлкетанушы,
 ардагер ұстаз.


Обсудить

Похожие материалы:

Алғыс
06 май 2020, Среда
Алғыс
ФОТОБАЯН
29 апрель 2020, Среда
ФОТОБАЯН
Ұстаздық еткен жалықпас
09 март 2022, Среда
Ұстаздық еткен жалықпас
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры