Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ЕҢБЕКПЕН ЕСЕЙГЕН ЕРЕЖЕП

ЕҢБЕКПЕН ЕСЕЙГЕН ЕРЕЖЕП

08 июнь 2023, Четверг
103
0

Әдетте, ата-әжесінің қолында өскен бала әдепті, тәртіпті, тілалғыш, алғыр, зерек, өжет, қайырымды, мейірімді, бауырмал болып келеді. Еркелеу болатыны да рас. Бірақ, қанша ерке болса да, өрескел қылықтардан аулақ. Тыйым салынған тірліктерге бармайды. Өйткені, ата-әже баланы халықтық педагогика негізінде тәрбиелейді. Ата-әже институтынан сабақ алған баланың бойында қазақи жақсы қасиеттердің бәрі болады, олар – нағыз ұлттық құндылықтарды ұлықтайтындар.
Ережеп – еңбектің қазанында қайнап өскен бала. Үйдің шаруасы тағы бар. Ата-әжесінің баласы нашар оқыса, елден ұят. Сондықтан, жақсы оқуға тырысатын. Әсіресе, жаратылыстану пәндеріне бейім. Ойынға да үлгеретін. Ауылдың өзі сияқты қарасирақтары қатарында доп қуып, асық ойнап, ләңгі теуіп, шаңға аунап өсті. Ережептің бойындағы бала кезден қалыптасқан бір қасиет – уақытты бағалау, тиімді пайдалану. 
Мектеп бітіруші Ережеп Асанов сол кезде өңірде бірегей оқу орны – Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының экономика факультетіне құжат тапсырған. Сәттілік серік болып, кешкі бөлімге оқуға түсіп кетті. Енді қол қусырып қарап отырмай, жұмыс істеу керек. Уақыт талабы – оқу мен еңбекті ұштастыру.
Мамандығына қарай экономистік қызметті кім бере қойсын. Іздеп жүріп тапқаны – газ шаруашылығының слесарлығы. Ұжымда бірде-бір қазақ жоқ. Бәрі де басқа ұлттың өкілдері. Көпшілігі – орыстар. 
Ережептің ең қуанғаны – жұмысшы жатақханасынан орын берілгені. Бұл өздігінен өмір сүруге тиімді. Жатақханада тамақ дайындау, кір жуып, киім үтіктеу секілді тұрмыстық тірліктерді атқаруға дағдыланды.
Талапты ерге нұр жауар, талаптануының, ізденуінің арқасында міндетті жұмысын тез-ақ игеріп алған. Тапсырыс түскен үйлердің газ қондырғыларын реттеу, жөндеудегі тірлігі – тап-тұйнақтай. Ұқыпты, тиянақты жұмысына тұрғындар да риза. 
Таңертең құрал-саймандары мен майда-шүйде қосалқы бөлшектері салынған қобдишасын көтеріп жұмысқа кетіп бара жатқаны. Кешке институтта сабақ. Бәріне үлгеретін. Кейбір жастар сияқты елтең-селтеңі жоқ.
Ережеп «өмір-бақи газ саласында қызмет атқарамын, Жамбылда тұрақтап қаламын» деп ойлаған жоқ. Адамның ойлағаны емес, Алланың қалағаны болады... 
...Тапсырыс түскен пәтердегі газ пешінің ақауын жөндеп, құрал-сайманын жинастырып шыққалы жатқанында үйге еңселі бойлы кісі кірді. Бурыл шашын артқа қайырған, киімі қонымды, мойнына галстук таққан. Қызметтегі кісі екені көрініп тұр. 
Ол кісі Жамбыл қалалық атқару комитетінің төрағасы Әжібай Әпсеметов екен.
– Қазақ қой бағып, шөп шабу үшін жаралғандай, техника жағына жоқ қой жастарымыз. Талпынбайды да.  Газ саласында  жұмыс істеп жүрген қазақ баласын бірінші рет көруім. Оқуын оқып па едің? – деді қала басшысы.
– Жоқ, институтта кешкі бөлімде оқимын. Мұнда уақытша жұмысқа орналасқанмын. Техникалық қауіпсіздік, газ шаруашылығынан жалпы мағлұмат алуға арналған қысқаша курстан өттім. Қалғанын тәжірибеде үйреніп жатырмын. Қиындығы жоқ сияқты, көп нәрсені біліп қалғандаймын.
– Қазақ «көз – қорқақ, қол – батыр» деп бекер айтпаған, тәжірибеде үйренген оқығаннан он есе артық. Өйткені, тәжірибеде көзбен көріп, қолмен ұстайсың. Сендердің мекеме комхозға (коммуналдық шаруашылық мекемесін осылай қысқа қайыратын заман ғой ол кез) қарайды ғой. Бастықтарыңа айтып қояйын.
– Ой, аға, қажеті жоқ, – деп ыңғайсызданып жатыр Ережеп. «Өзіңе сен, өзіңше талпыныс жаса. Көмек Алладан ғана! Өзің білмей тұрсаң, кісінің көмегімен көпке ұзай алмайсың» деген атасының өсиеті есінде.
Ережеп тартыншақтағанымен Әжібай аға комхоздың бастығына бәрібір айтыпты. Ұлық азаматтың «техника тілін меңгерген бір қазақтың әрі қарай жетілуіне көмегім тисін» дегені де. «Жақсыдан шарапат» деген де осы. Колхоз бастығы шақырып алып, газ шаруашылығының техникалық қадағалаушысы қызметіне тағайындағанда Ережеп керемет қанаттанып қалды, үлкен қамқорлықты сезінді. 
Сенім үдесінен шығу керек. Мекеменің техникалық қадағалау жұмысын жолға қойды. Оған осы қызметі бойынша үш айлық курста алған білімі, тәлім-тәжірибесі игі ықпалын тигізген. Білімді жетілдіріп, біліктілікті арттырған жақсы ғой... Еңбек жолы осылай басталып, жылжып жылдар өте берді... 
Осы саладағы 55 жыл қызметте ол қатардағы слесарьдан бастап облыстық газ шаруашылығы мекемесінің күрделі құрылыс бөлімінің аға инженері болды. Жуалы ауданы газ шаруашылығын электрохимқорғау басқармасын, сұйытылған газ мекемесін, экономикалық жоспарлау бөлімдерін басқарды. облгаздың бас бухгалтері, директордың орынбасары, бас инженер, қалалық газ шаруашылығы мекемесінің бастығы, газ құрылысы басқармасы директорының орынбасары, «ТаразГаз» басқармасының бастығы, Төтенше жағдайлар министрлігінің газ бойынша мемлекеттік инспекторы сынды лауазымды қызметтерді атқарды. 
Тағдыр қосып өмірлік серігі болған Тасбибі жеңгеміз де оңтүстік өңірдің қызы. Ол Жетісай мәдени-ағарту училищесінен кітапханашы мамандығын алғаннан кейін осы салаға бар ғұмырын арнаған. Жамбылда Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық және гидромели-оративтік құрылыс институтының кітапханаларында ширек ғасырдай қызмет атқарды Тасбибі. Кітапханаға білімдар адамдар келеді. Соларға сұранысқа сай қызмет көрсету үшін өзі де жан-жақты білімді болуы керек.
Тасбибі еңбекті ана болумен ұштастырып, Ережептің отбасы «балалы үй – базарға» айналды. Олардың шаттық ұялаған шаңырақтарында 2 ұл, 2 қыз дүниеге келген. Бүгінде олардың бәрі де үйлі-баранды.
Тұңғыш қыз Гүлбибі әкесі оқыған институттан бухгалтер-экономист мамандығын алып шыққан. Жиһаз жасаушы шебер Тоқтасын күйеубала екеуінің үш перзенті бар. Алматыда тұрып жатыр. 
ҚазҰУ-ды бітірген Жандосы Астанада, құрылыс саласында, Гүлнұр келін – кәсіпкер. Олардың 3 қызы да атасының сүйіктілері.
Мамандығы қаржыгер Жанар да Астана тұрғыны. Жеке кәсіпкер Саян күйеубала екеуінің 2 ұлы бар. Олар да жазғы каникулдарында атасына жетуге асығып отырады.
Ерекең зейнеткерлікке шыққаннан кейін өндірісте техникалық және өрт қауіпсіздігі шараларына оқытатын «Сараптама» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашып алған. Төтенше жағдайлардың алдын алуда жасалуға тиісті әрекеттерді әркім-ақ білуі керек. Өнеркәсіптің өте қауіпті учаскелерінде жұмыс істейтіндерге техникалық қауіпсіздік шараларын оқытуды жүзеге асыру үшін арнайы курстар бар. Науқан кезінде білімді, білікті маман оқытушыларды жұмысқа тарту арқылы сабақ өткізеді. Қазір мұндай оқыту курстары өндірістік қажеттілікке айналып отыр. Әсіресе, табиғи апаттар, су тасқыны, қар көшкіні орын алған аймақтарда.
Кез-келген адамның өмірі – том-том кітапқа арқау болатындай әңгіме. Сол сияқты, еңбекпен есейген Ережеп жайында да көп айтуға болар еді. Дегенмен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бүгінде ел ағасына айналған азамат Ережеп Асанов туралы түйіндеп айтарымыз: ол әлі де аттан түспеген азамат, қоғам дамуына өз үлесін қосып жатыр.

Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Тараз қаласы.


Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ 28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ 20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ 18 ноябрь 2024, Понедельник

Похожие материалы:

Тәрбие басы - талбесік
19 март 2020, Четверг
Тәрбие басы - талбесік
Қазақ бол!
19 март 2020, Четверг
Қазақ бол!
Қазақы қалып
29 апрель 2022, Пятница
Қазақы қалып
Күретамыр
19 март 2020, Четверг
Күретамыр
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры