Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛІНІ – ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛЕШЕГІ

ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛІНІ – ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛЕШЕГІ

29 сентябрь 2022, Четверг
187
0



Халқымыз қашаннан отбасын киелі санаған. «Басыңа бас қосылсын!», «Қосағыңмен қоса ағар!» деген ақ тілек бар. Қандай қысқа, бірақ, мағынасы терең, нұсқа тілек.
Отбасының берекесі ешқашан дүние-мүлікпен кірген емес, береке өзара түсіністікпен, сыйластықпен, сүйіспеншілікпен ғана кіреді.
Бүгінгі қоғамда ең өзекті мәселе – отбасы құндылықтарының аяқасты болуы, салдарынан ажырасудың көбеюі. Яғни, отбасын бұзып, басқа біреуден бақыт іздеп, баласының нәзік жүрегіне қатыгездіктің уын өз қолымен шашып жүргенін сезбей жүрген әке мен шешелердің көбеюі. Бұл – қоғам үшін де, ұлтымыз үшін де үлкен қасірет.
Жақында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасына деген жауапкершілікті арттыру мақсатында ауқымды шара өтті.
 «Бәрі де отбасынан басталады...» деген тақырыпта өткен танымдық кешке ардагерлер, үлгілі әкелер, ардақты аналар, аудандық аналар, әкелер, билер кеңестерінің мүшелері, жас отбасылар қатысты.
Сонымен бірге осы басқосуға облыс әкімінің отбасы және әйел құқығы жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Әмина Қайназарова, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының атқарушы директоры Елена Сергеевна, психолог, магистр Гүлжан Ибраимова, аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Нүрила Мәлібекова арнайы шақырылған.
Шара келін түсіру, беташар дәстүрімен ашылды. Сахна төрінен жүгіре шыққан бүлдіршін қыз қуанышты жаңалыққа көрерменнен сүйінші сұрап, артынша келін түсіп, сахнада беташар рәсімі өтті.
Танымдық кешті аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашты.
—«Отан отбасынан басталады» деген халқымыздың даналық сөзінің қай қоғамда болсын мағынасы өзгерген емес, өзгермейді де. Яғни, мемлекетіміздің алтын тіреу діңгегі – әрбір түтіні түзу шыққан отбасы. Сондықтан ,әр отбасындағы татулық, дәстүр, мәдениет, тұрмыстық жағдай үлкен маңызға ие. Бүгінгі танымдық, тағылымды шарамыз кәделеріңізге жарасын! –деді Анар Садыққызы.
Келесі сөз кезегін алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев ажырасуға қатысты статистикалық деректерге тоқталды.
—Үстіміздегі жылдың бес айының қорытындысы бойынша облысымызда 1600 некеге тұру тіркелсе, 566 отбасы ажырасқан. Ал, ауданымызда 50-ден аса жас отбасының дәм-тұзы жараспапты.  Бүгінде жас отбасылар ғана емес, төрт-бес бала-шағасы бар отбасылар да өз бақыттарын бастан тебуде. Осы орайда көкейімізді «Жастардың кешегі алып-ұшқан сезімдері қайда? Отбасына деген жауапкершілік қайда? Біз ұлымызды, қызымызды қалай тәрбиеледік? Қай жерде қателестік? Неге балалардың болашағын ойламаймыз?» деген көп сұрақ мазалайды. Сондықтан, тұғыры биік ел боламыз десек, бұл мәселемен қоғам болып күресуіміз керек, – деді Сейітхан Шерелханұлы.
Танымдық кеш қонақтары Меруерт Лештаева бүгінгі қоғамдағы келеңсіздіктер әйел аналардың, жалпы ата-аналардың отбасын асыраудың қамымен жүріп, бала тәрбиесін босаңсытып алуының салдары деген ойын білдірсе, Әмина Қайназарова әйел-аналарға шыдамдылық, ақылдылық керектігін айтып, әр отбасына бақыт тіледі.
Танымдық кештің жүргізушісі,  мәдениет қызметкері Нәзипа Қаттебекова жиынға қатысып отырған келіндер қауымына түрлі сұрақтар қойды. Келіндер «Үлгілі келін болудың сыры неде?», «Енеңіз сізді қалай тәрбиелеуде?», «Келін болудың мектебі бар ма?», «Келін болғанда өзіңді неден тыйдың?» сынды сұрақтар төңірегінде өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Ой бөлісуде «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деген даналық сөздің төңірегінде көп пікір айтылды.
Қазақтың келіні – қазақтың келешегі. Сол арқылы өседі, өнеді, көсегесі көгереді. Халқымыз үшін келін түсіруден үлкен той, қуаныш жоқ.
Келін – ертеңгі ана, тіршіліктің тірегі, адамзат сапарының жалғастырушысы. 
Сондықтан, халқымыз «Келіннің қадамы құтты болсын!» деген тамаша тілек айтқан.
Жоғарыда айтылған сұрақтарға енелер «Келінді тәрбиелеме, бірінші өзіңді тәрбиеле» десе, келіндер "үлгілі келін болудың сыры – ата-енеңнің айтқан ақылын дұрыс қабылдай білуде, үлкенді сыйлауда, еңбекқорлықта" деген пікірлерін білдірді.
Келесі кезекте «Тамшы сөздер мен қамшы сөздер» төңірегінде ой бөлісілді. Салт-дәстүр бөлімінде кітапханашылар «Сәлем салу, шәй құю" рәсімін көрсетсе, Талапты ауылдық клубының қызметкерлері «Құрсақ шашу», Шыңбұлақ ауылдық клубының өнерпаздары "Жас анаға кимешек кигізу" дәстүрін көрсетті.
Танымдық кеш барысында «Киелі кимешек» аудандық тігіншілер байқауы да өтті. Байқауда сегіз тігінші түрлі жастағы аналарға кимешек тігіп, кимешектің қадір-қасиеті туралы айтты.
Іс-шара барысында сонымен қатар кеш қонағы психолог, магистр Гүлжан Ибраимова жас отбасылармен тренинг өткізсе, Әмина Қайназарова мен Меруерт Лештаева әйел-аналармен қоғамдық қабылдау жасады.
«Киелі кимешек» аудандық тігіншілер байқауының бас жүлдесін Ләззат Жанысбекова (Шыңбұлақ ауылы), І-орынды Қамар Мұханова (Талапты ауылы), ІІ-орынды Хадиша Жұмағамбетова (Нұрлыкент ауылы), ІІІ-орынды Әдемі Дербісалиева (Т.Дүйсебайұлы ауылы) иеленді. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Басқа қатысушыларға да Алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.
Кешті аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы қорытындылады.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ, 
журналист,
Жуалы ауданы.


Обсудить

Похожие материалы:

ОТБАСЫ – ҰЛТТЫҢ ҰЯСЫ
11 август 2022, Четверг
ОТБАСЫ – ҰЛТТЫҢ ҰЯСЫ
Нұр тараған Наурыз тойы
19 март 2021, Пятница
Нұр тараған Наурыз тойы
Ардагерлер – балаларға
28 июль 2022, Четверг
Ардагерлер – балаларға
БАЛҒЫНДАРДЫҢ БЕСАСПАП ӨНЕРІ
01 август 2022, Понедельник
БАЛҒЫНДАРДЫҢ БЕСАСПАП ӨНЕРІ
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры