Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ТҰҒЫРЫНАН ТАЙМАҒАН, ҚАТАРЫНАН ҚАЛМАҒАН

ТҰҒЫРЫНАН ТАЙМАҒАН, ҚАТАРЫНАН ҚАЛМАҒАН

26 май 2023, Пятница
113
0
Бүгінде жақсы сыйластықтағы азамат Әбекең – Амангелді Сәдібекұлы Әметқұловпен таныстығымыз мына беріде, ол кісі Меркі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қоғамдық қызметін атқарып жүргенінде басталған.
Ол кісімен телефон арқылы тілдесуіміз мал-жанның амандығын сұрап білгеннен кейін, ұйым есебінде тұратын ардагерлердің хал-ахуалына ауысады. Меркі секілді қала тектес ірі елді мекенде тұратын қариялардың бәрін болмаса да, біразын біледі Әбекең. Олардың көпшілігі – заманында әртүрлі лауазымды қызмет атқарғандар, егін егіп, мал баққандар, біразы қазір де қол қусырып қарап отыра алмай қоғам ісіне атсалысып жүрген белсенділер. Елдің сөзін сөйлейтіндер де, елдің қамын ойлайтындар да, биліктің алдына шешуі кезек күттірмейтін мәселелерді қабырғасынан қоятындар да солар. Әбекең ұйымға соларды тартып, солар арқылы қордаланған мәселелерді шешкісі келеді.
Ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасының одан кейінгі басты назарға алатыны – округ аумағында тұратын тұрмысы нашар, күнкөрісі төмен, әлеуметтік қолдау мен көмекке мұқтаж қариялар.
— Солардың бәрін қалай біліп, қалай түгендейсіз? – деп сұраймыз ғой сөз реті келгенде.
— Әрине, Меркі сияқты 25-30 мыңдай тұрғыны бар ауылда оның бәрін біле беру мүмкін емес екені белгілі. Мен өз жұмысымды жеңілдету үшін округте 7 бастауыш, көптеген цехтық ұйымдар құрғанмын. Сол ұйымдар жетекшілері арқылы қариялардың хал-жағдайларын біліп отырудың еш қиындығы жоқ. Ал, белсенді қариялар өздері-ақ келеді мәселесін көтеріп, – дейді ондайда Амангелді Сәдібекұлы.
Қоғамдық негізде болса да, ұйымның жұмысын осылай ұйыстыра білгенінің арқасында да ол ауыл тұрғындарының лайықты құрметіне бөленді. 
1972 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын астық өнімдерін сақтау және өңдеу инженер-механигі мамандығы бойынша бітірген Әметқұлов Амангелді сол заманның талабымен Көкшетау облысы, Рузаев ауданындағы Париж коммунасы атындағы астық комбинатына жұмысқа жіберілген. Сонда қатардағы механиктен комбинаттың бас инженерлігіне дейін қызмет атқарған Амангелді Әметқұлов екі жыл мерзім бітісімен елге оралған. Оған ағайындарының «ауылға қайтсайшы, мұнда да жұмыс табылады ғой» деген сөздері де себеп болды. Содан елге келгеннен кейін лайықты жұмыс табылмай біраз сандалғаны да әлі есте.
Әрине, дипломы бар жоғары білімді маман жерде қалсын ба, табылды ғой жұмыс. Одан кейін де біраз лауазымды қызметтер атқарып, абыроймен зейнеткерлікке де шықты. 
Амангелді Әметқұлов Меркі ауылдық ардагерлер кеңесін төрт жылдай басқарды. Осы кезеңде облыс ардагерлерінің төл басылымы «Ғұмыр-Дария» газетіне жазылу жөніндегі тапсырма орындалмай қалған кезі жоқ. Тіпті, асығымен орындайтын. Мысалы, 2020 жылғы көрсеткіш 50-дің төңірегінде болса, 2021 жылы 90-ға барып тірелген. Өткен 2022 жылы 60-тың айналасында болды. Бұл мәселеде төрағаға өкпе жоқ.
Өткен жылы жол түсіп барғанымда еңбек ардагері, қадірлі қария Қазихан Жұмалиев туралы жазуымды қатты өтінген. Жаздым. Қазихан ақсақалдың өмір жолы – өнеге. Атқарған қызметі, елге сіңірген еңбегі жазуға да, үлгі етуге де тұрарлық. Ал, «соншалық өтінетіндей Амангелді ағаға несі өтіп кетті екен?» – деп зерттеп-зерделеп байқасақ, ол кісі ардагерлер ұйымына демеушілік көрсетіп тұрады екен.
Міне, өзіне емес «өзгеге, қоғамға пайда болса екен» деп тұратын Амангелді аға – осындай адам. Ол туралы Әбекең 75 деген асудан асып, ардагерлер кеңесінің төрағалығын басқаға тапсырғаннан кейін жазып отырмыз.
Біз бұл жолы Амангелді Сәдібекұлы Әметқұловтың жоғары оқу орнын бітіргенін, бірқатар жауапты әрі лауазымды қызметтер атқарғанын санамалап жатуды жөн деп таппадық. Әбекең қызмет атқарған кезеңінде Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған «Батыр шапағаты» медалін, «Меркі ауданының Құрметті азаматы» төсбелгісін омырауына тағып, 3 рет Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, облыс, аудан әкімдерінің, мәслихаттардың Құрмет Грамоталарымен марапатталыпты. Басқа да сый-сияпаттарға ие болып, қошемет-құрметке бөленгені бар. Осының өзі оның елге, қоғамға елеулі еңбек сіңіргенін көрсетсе керек.
Әбекеңнен өзі туралы сұрай қалсаң, достары туралы әңгімелеп кетеді екен. Соларды тілге тиек еткенді жаны сүйетін сияқты. Ол қазірге дейін институтта бірге оқыған, өмірде жақсы сыйласқан Әбжаппар Омаров, Кәрім Мыңбаев, Захар Мамедов, Нұрлыбай Аманиязов, Қалдан Назаров, Меркібек Оспанов, Қанат Күзембаев, Сағымбек Алтаев сынды достарымен байланысын үзген емес. Әрине, бәрімен бірдей күнделікті араласып тұру мүмкін емес екені белгілі. Бірақ, телефон арқылы сөйлесіп тұру, мерекелерде құттықтаулар алмасу – міндеті.
Әбекеңнің одан кейінгі әңгімесі отбасы, үйелмені туралы. Амангелді аға мен Қания жеңгейдің шаттық ұялаған шаңырағында 2 ұл, 1 қыз дүниеге келіп, өмірден өз орындарын тапқан. Бақытты ата-ана олардан көптеген немерелер сүйіп отыр.
Қорғаныс министрлігінде жауапты қызмет атқарған Қанаты – отставкадағы полковник. Қазір заң қызметкері, танымал адвокат. Ол үйдегі Жанат келін – мұғалім. Қанаттан көрген немересі Зәуреш М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген, банк саласында қызметте. Сол Мәскеудегі Бауман атындағы техникалық институттың бакалавриатын тәмамдаған Әлібек –  осы оқу орнының магистранты.
Ғалымы – полиция майоры. Гүлмира келін – экономист. Олардан 6 немере бар. Үлкендері Мәдина – колледж білімгері.
Арпа ішінде бір бидай Эльмира қыз – кәсіпкер. Оның қызы Кәмила – М.Нәрікбаев атындағы Заң университетінде жауапты қызметте. Нұртас немерелері – бокстан спорт шеберлігінен үміткер. Әбекең: «Осы немеремнен олимпиада чемпионы шығады!» – деп үмітін үкілеп отыр. «Иншалла, арманы орындалсын!» – деп тілейміз.
Жуырда мерейлі 75 жасқа толғанымен құттықтап телефон шалғанмын. Сыртта мал жайғап жүр екен.
– Қол қусырып қарап отыру маған жат екенін білесің ғой. Он бес қойым бар. Он саулық қоздап, он қозы алдым. Әлі де туып жатыр. Одан бөлек он-он бес тауық ұстаймын. Үй маңында бау-бақша бар, соны күтіп-баптаймын, – деді ақкөңіл аға барлық жай-жағдайын жайып салып.
Тұғырынан таймай, қатарынан қалмай, алдымызда үлгі алар үлкеніміз болып жүре беріңіз, Амангелді аға! Біздің інілік ізгі тілегіміз осы.

Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.


Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

МЕРКІДЕ ТӨРАҒА АУЫСТЫ
28 июль 2022, Четверг
МЕРКІДЕ ТӨРАҒА АУЫСТЫ
Билік және бастауыш ұйым
29 апрель 2022, Пятница
Билік және бастауыш ұйым
Болар елдің баласы...
28 июль 2022, Четверг
Болар елдің баласы...
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры