МЕНІҢ ӘКЕМ – МАЙДАНГЕР БОЛҒАН
Ұлы Жеңіске толарсақтан қан кешіп жүріп өздерінің үлестерін қосқан майдангер аталарымыз күні кешеге дейін аз болмады. Олардың барлығын да – шын мәнінде батырлар десе болады. Солардың бірі – менің марқұм әкем Тұрар Қуанышбеков.
Асқар тау әкем жайлы қанша айтсам да, қалай айтсам да көптік етпейді. Қанша мақтансам да артық емес. Ол кісі 1922 жылы Ойық ауылында өмірге келген. 1932 жылы әкесі қайтыс болған соң, Ойық балалар үйінде тәрбие алып, 1936 жылы Тамды орталау мектебінің Ақшұқыр интернатына қабылданыпты. 1940 жылы 7 сыныптық мектепті бітіріп, Талас аудандық партия комитетінің кадр бөлімінің есеп алу секторына техникалық хатшы болып жұмысқа алынған. Арада 4 ай өткенде сектор меңгерушісі болып қызметі жоғарылайды. Осы қызметті 1941 жылдың желтоқсан айына дейін атқарып, Кеңес Армиясы қатары-на шақырылады. Кеңес Армиясы қатарында жүріп, Ұлы Отан соғысына қатысады. Отан үшін от кешіп жүріп, Ресей, Украина, Молдовия және Еуропаның Болгария, Румыния, Польша, Югославия, Австрия елдерін жаудан азат ету ұрыстарына қатысты. Соғысты Австрияның Грац қаласында аяқтап, 1946 жылдың желтоқсанына дейін, яғни елге қайтқанша сол шаһарда әскери міндетін өтеген. Қан майданда төніп келген жаудан жасқанбай, фашистердің шебіне барып, «тіл» алып қайтқан. «Тіл» деген – неміс сарбазын тірідей қолға түсіріп алып қайту. Бұл – өлімге бас тігу. Әкемнің өз өмірінен Отанын биік қойған қасиеті қандай құрметке болса да лайық. Мұндай батыр әкеммен неге мақтанбаймын?
Соғыс кезінде көрсеткен жауын-герлік ерлігі үшін 1943 жылы бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, Бас Қолбасшының Алғыс хатымен, бірнеше жауынгерлік медальдармен марапатталған.
Әкеміз соғыстан кейінгі бейбіт еңбекте де ерлікке пара-пар еңбек етті. Қызметте жүрді. 1947 жылы Талас аудандық №2186 жинақ кассасының басшысы қызметін атқарды. 1955 жылы Алматыдағы қаржы-несие техникумын, 1963 жылы Жамбыл қаласындағы зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумын сырттай бітіріп, қаржыгер және зоотехник мамандықтарын алып шықты. 1956 жылы Талас аудандық партия комитеті оны Жиенбет МТС –інде партиялық жауапты ұйымдастырушы қызметіне жіберді. Ол 1957 жылы «Кеңес» кеңшары партия комитетінің хатшысы болып сайланды. 1959-1962 жылдары Ильич атындағы кеңшар партия комитетінің хатшысы болды. Мұнан соң бірқатар кеңшарларда кәсіподақ комитетінің төрағасы, 1982-1985 жылдары ПМК - 2011 мекемесінде қосалқы шаруашылық басшысы қызметін атқарды. Осылайша ұзақ жыл партия, кеңес, кәсіподақ, есеп саласында жемісті қызмет етті.
Асқар тау әкем әр жылдары Өтеулі Досыбиев, Төребай Ақбозов, Әбдіқадір Жүргенов, Рахыжан Ерсейітов, Тамабек Қартабаев, Ералы Дадабаев, Әнуарбек Тәжімбетов, Сейілбек Әбдиев секілді тұлғалармен бірге еңбек еткені де – мақтаныш.
Әкем Сәндібала Әбдірайымқызы анамызбен 40 жылдан астам уақыт отандасып, 9 ұл – қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан тараған немере, шөберелер бұл күнде еліміздің әр қиырында түрлі қызметтерде жүр.
Қазақта «Көргені жақсы көш бастар» деген жақсы сөз бар. Әкеміз текті жерден шыққан. Ата- бабалары ел арасында беделді болған кісілер екен. Өзі де қызмет істеді, ұрпақтарын да білімді, ұлағатты болуға, елге адал қызмет атқаруға тәрбиеледі.
Әкемнің бала күнімдегі бір сөзі әлі есімнен кетпейді. Ауламызда үлкен ағаш өсіп тұратын. Әкем інім Талғат екеумізді алдына отырғызып алып: «Ертең сендер өсіп, анау тұрған мектепке барасыңдар. Мен мына талдың үстіне үлкен сәкі жасап, соның үстінен сендерге қарап отырамын. Жолда қалай жүресіңдер, сабақта қалай отырасыңдар, қалай оқисыңдар, бәрін көріп отырамын. Сендер жақсы оқып, тәртіпті болуларың керек. Сонда мен мұғалімдеріңнен жақсы сөз естимін» деп өсиет айтатын.
Арада ұзақ жылдар өтті. Қазір әкеміз де, анамыз да ортамызда жоқ. Біз әке үмітін ақтадық деп ойлаймын. Ағаларымның әрқайсысы аудан әкімі аппаратында, үлкен кеңшараларда жауапты қызметтер атқарды, жол полициясының белді қызметкері болды. Қас-қарау ағам әке жолын қуып, кеңшарларда партком, кәсіподақ комитетінің төрағасы болды. Талғат болса Жамбыл жоғары политехникалық колледжінде өндіріс шебері.
Әкемнен жақсы із қалды. Көшеде кездескен үлкендер «Тұрардың қызысың ба, ол жақсы, шуақты адам еді» деп елжірейді. Әкем жайлы жақсы сөз естігеннен артық бақыт бар ма? Қуанып қаламын. Мен майдангердің қызы екенімді мақтан етемін.
Ләззат ҚУАНЫШБЕКОВА,
Жамбыл жоғары медициналық колледжі
директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ
28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)