Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » ТЕКТІЛІКТІҢ ТАБЫ БОЛҒАН БОЛМЫСЫНДА

ТЕКТІЛІКТІҢ ТАБЫ БОЛҒАН БОЛМЫСЫНДА

10 ноябрь 2022, Четверг
128
0
Жарық дүниеге келген сәті нәубет жылдармен тұспа-тұс келген Мұсахан атамыздың және оның замандастарының балалық шағы болмады десек қателеспейміз. Хантау мен Қаратаудың арасын тұяқ дүбіріне бөлеген әкесі Зәуірбектің алдына салған жылқысын “асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын” деген желеумен құрығы ұзын өкімет тартып алады. “Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар” демекші, болған жайдан кейін біраз есеңгіреп, ойы сан-саққа жүгірген Зәуірбек ақсақал елдегі ағайынның Қытай асып, көршілес өзбектерге өтіп жатқанын естіп, айырқалпақты ағайындарға барып пана табуды дұрыс деп санайды. Бір түнде сондай уағдаға келіп, ертесіне Биназар батырдың сүйегі жатқан Сұңқардың беткейіне барып, бір малын сойып, құран оқытып, бір түнде атамекеннен көшіп кетеді. 
Қырғыз жеріне бара салып Қант кентіне жұмысқа орналасады. “Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар” демекші, бөтен ортаға тез сіңісіп кетеді. Мұсахан бірінші сыныпты біресе қазақша, біресе орысша оқи жүріп 1936 жылы қырғызша алтыншы сыныпты аяқтайды. Дәл осы жылы Мұсахан ерекше түс көріп, отбасындағыларға баяндап береді. Түсінде ақ шапан киген ұзын бойлы ақсақалды қария:
— Мұсахан, сенің бурылың – қазір үлкен ақбоз ат, келіп мінбейсің бе? Танымай қалдың ба, жылқы малы өскен сайын өзгергіш. Олар түлейді. Болмаса сенің өз бурылың, бойым жетпейді дейсің бе, кел сүйеп жіберейін, - деп қолтығынан демеп жатқанда оянып кеткенін айтады. Бұл кездері туған жерге деген сағынышы басылмай, елге қайтуды ойлап жүрген Зәуірбек ақсақал түсті өзінше жорып, Биназар бабаның әруағы болар елге шақырып жүрген деген ойға келеді. Бір түнде ата қонысына көшіп келеді. Ашаршылықтан аман қалған ағайын Зәуірбектің отбасын жатсынбай, жатырқамай, жылы қабылдап, бауырына басады. 1936 жылы Мұсахан Зәуірбекұлы Новотроицкідегі қазақша мектеп-интернаттың табалдырығын аттап, алтыншы сыныпқа қадам басады. Тілі қырғызшаға төселіп қалған ол туған тілін де тез меңгеріп кетеді. 1941 жылы мектепті ойдағыдай тәмамдағаны сол еді, Отан қорғауға өзі сұранып, аттанып кетеді. Алайда сұрапыл соғыста майданның алғы шебінде жүріп, бірнеше рет жарақат алады. Соңғы жарақаты ауыр болып 1944 жылы елге оралады. Соғыстан омырауына “І дәрежелі Отан соғысы” және “Қызыл жұлдыз” ордендерін тағып, абыроймен оралады. 
Елге келгеннен кейін жаралымын деп жатпай, жігіттік қайратына мініп, туған жері Көктерек ауданындағы Айдарлы ауылында есепші болып еңбекке араласып кетеді. Өзі жас, басқару ісіне келгенде едәуір тәжірибе жинақтаған, үміт пен сенімді серік еткен жігіт небәрі 23 жасында Көктерек аудандық жер бөлімінің бастығы қызметіне білек сыбана кіріседі. Діттеген мақсатына жетпей тынбайтын, шашауы шыққан мәселелер шешімін таппайынша байыз тауып отыра алмайтын Мұсахан Зәуірбекұлы қандай істі қолға алса да, абыроймен атқара білді. Бойындағы біліктілігі мен жауапкершілігінің жоғары дәрежеде болғандығынан басшы тарап та жауапты қызметтерді сеніп тапсырды. Ол біршама уақыт Көктерек, Шу аудандық партия комитеттерінде бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарып, Шу аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымына көтеріледі. Сөйтіп 1959 жылы Алматы жоғары партия мектебіне жолдама алады. “Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды” деген өсиет Мұсахан атамыздай жандардың ерік-жігеріне қарап айтылса керек. Бұдан кейінгі қызмет жолы Көктерек аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болумен басталып, Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне дейін сатылай жоғарылады. Дәл осы тұста  Оңтүстік Қазақстан өлкесі құрылып, Мұсахан Зәуірбекұлы 1962 жылы Қордай аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне сайланады. 
Төраға болып төрт жыл табанды қызмет атқарып, ел алғысына бөленіп, сыйлылардың қатарынан табылған Мұсахан Зәуірбекұлы 1966 жылы облыстық партия комитетіне әкімшілік, сауда-қаржы, жоспарлау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Беделі артып, ақылы толысқан ел ағасы бұл жерде он сегіз жыл тұрақты қызмет атқарады. Қазыналы қарттыққа қадам басса да қоғамнан қалыс қалмай, ел игілігі үшін аттан түскен емес. Мұсахан Зәуірбекұлы зейнетке шыққан күннен бастап өмірінің соңына дейін Тараз қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы болып, кейінгілерге ақылын айтып, жол көрсетіп кетті. Абзал азамат атақ-абыройдан кенде болған жоқ. Екі мәрте “Құрмет белгісі” орденімен және 16 әртүрлі мемлекеттік медальдармен марапатталды. Сондай-ақ, 3 рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасын, “КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі” атағын алды. “Өлі разы болмай тірі байымайды” деген аталы сөз бар. Реті келіп тұрғанда Мұсахан Зәуірбекұлының атын Шу қаласынан бір көшесіне берсек деген көп тілегін де биліктің құлағына сала кетуді жөн көріп отырмыз. 
Халқымызда “Адам ұрпағымен мың жасайды” деген аталы сөз бар. Осы тұста Мұсахан атамыздың артында атына кір келтірмей, өсиет-өнегесін бойына дарытқан ұл-қыздары еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салаларда абыройлы еңбек етіп, ел дамуына лайықты үлестерін қосып жатқандығын айту ләзім.
Шын мәнінде қанша биікке көтерілсе де, адамдық қалпын биік ұстап, заманының өр тұлғаларына қарап бой түзеген Мұсахан Зәуірбекұлының есімі аудан, облыс қана емес, республика тарихында алтын әріптермен жазылары сөзсіз. 

Айғаным АСҚАРБЕК.
Шу ауданы.
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ 28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ 20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ 18 ноябрь 2024, Понедельник

Похожие материалы:

Жағымды жаңалық
29 апрель 2022, Пятница
Жағымды жаңалық
Біздің белсенділер
29 апрель 2022, Пятница
Біздің белсенділер
АДАМДЫҚТАН АЙНЫМАҒАН
13 октябрь 2022, Четверг
АДАМДЫҚТАН АЙНЫМАҒАН
Ұлы даланың өнер саңлақтары
20 март 2020, Пятница
Ұлы даланың өнер саңлақтары
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры