Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » АДАМДЫҚТАН АЙНЫМАҒАН

АДАМДЫҚТАН АЙНЫМАҒАН

13 октябрь 2022, Четверг
118
0
Асыл азамат, туған ауданы-мызды ширек ғасырдай басқары қайраткер тұлға Айтбай Назарбеков туралы естелікті ауданның қадірменді қариясы Нәзірхан Тайлақбаевтың әңгі-месінен бастағалы отырмын.
«ЖАДЫМДА ЖҮРГЕН ЖІГІТ ЕДІҢ» 
—Мен ұзақ жылдар ауыл шаруашылығы саласында қызмет еттім, – деп бастады әңгімесін Назекең. – Айтекең (ауданның бірінші хатшысы Айтбай Назарбеков) айтулы, ардақ тұтар азамат еді ғой. Аудан аумағы қанша шашыраңқы болғанымен,  бірінші хатшы шаруашылықтарды жиі аралайтын. Кеңес кезінде біздің ауыл «Хантау» совхозы аталған. Бірде айтып-ескертпестен мен болған малшы қыстауына Айтекең келе қалғаны. «Қырсық қылғанда қымыран іріп», қора алдында бір қойдың өлексесі жатқан. Алдында ғана шопан көмекшісіне тиісті жеріне апарып тастауды тапсырған болатынмын. Енді айт не, айтпа не, Айтекең көріп қойды да: «Әй, Назырхан, мұның жарамады, жадымда жүрген жігіт едің»,- деп кейіп, жаратпаған жүзбен қарады. Мен кірерге тесік таппадым. Ақталар да жайым жоқ, тек іштей өзіме опындым.  Тағы да: «Келіндерге де жұмыс істете білу керек» деді. Бұл менің ферма меңгерушісі ретіндегі бірінші рет хатшыдан естіген ескертуім еді.
Иә, Айтекең біз үшін үлкен ұстаз болды ғой. Сабырлы, кербез келбеті кімнің де болса мысын басып тұратын. Ешкімнің жер-жебіріне жетіп ұрысқан кезі жоқ. Түсінген кісіге көзқарас-қабағы мен бір ауыз сөзі жеткілікті. Мұндай келеңсіздіктен кейін қалай да кемшілігімізді түзеп, жақсы жағынан көрінуге тырысатынбыз. Жарықтық қай нәрсеге болмасын сын көзімен қарайтын. Кімнің де болмасын, тұрмыс-жайына, отбасы, әлеуетіне жіті көңіл бөлетін. 
 Айтекең кадр мәселесіне өте қатты мән беретін. Басшы - мамандар біраз уақыт хатшының сын-тезінен өтіп барып, лайықты жұмысына жайғасатын. Сұңғыла басшының «жадымда жүрген жігіт едің» деуінде үлкен мән жатыр. Мен іріктеудегі «номенклатурада» тұрғанымды білдім, – деп сөзін  түйде Нәзірхан Тайлақбаев.
Иә, ширек ғасырға жуық Мойынқұм ауданын басқарған атпал азаматты «Айтекең-нің мектебінен» өткендер, «адамның асылы еді ғой» деп Нәзірхан ақсақал айтпақшы, бүгінде сағынышпен еске алып отырамыз. 
АСЫЛЫН АРДАҚТАҒАНДАР 
Осыдан 30 жыл бұрын шамасында біраз ардагер ақсақалдар Тараз қаласында бас қостық. Арасында Арыстан Өтеулин, Айтекең сияқты елге белгілі кісілер бар біраз азаматтар бір-бірімен мәре-сәре боп қауышып, қауқылдасып жатыр. Зейнетке шығып, жетпісті алқымдаған, қалада тұратын Айтекең мойынқұмдықтармен ыстық ықыласпен, мерейлі мейіріммен амандасты. 
Бұдан бір күн бұрын біразымыз аймақ көлеміне танымал кісінің асында болғанбыз. Сонда Айтекең көбімізге қарап: «Мен өзімнен сәл төменгі буындарға ризамын.Олар кешегі асқа түгелге дерлік қатысты. Ал, өзім құралпыларға көңілім толмайды. Өткенде Қожахановты еске алу асы берілген. Асқа шақырылған біраз азаматтар келмеді. Кезінде Қожахановтың көзін көріп, көмегін алған, демеуімен дегеніне жеткендер арамызда әлі де жүр. Асыл азаматтарымызды тірісінде де, өлісінде де ардақтағанымыз жөн. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген. Айтекеңнің бұл сөзі кімдерге қаратып айтылғанын біз іштей сездік...
Дара тұлға Д. Қонаев өзінің «Өтті дәурен осылай» атты кітабында Айтекеңнің ел үшін жасаған ерен еңбегіне ерекше баға берген жолдар бар. Халық сүйіктісі Димекеңнің Айтекеңе өте зор ықыласпен, құрметпен  қарайтынына менің де (автор) куә болған жайым бар. Қайсы-бір жылы (ұмытпасам, 1985 ж.) озат шопандардың қатарында Алматыда өткен республикалық малшылар кеңесіне мен де қатысқанмын. Жиын соңында кең фойеде Димекең әр облыстан келген шопандармен сұхбаттасты.  Кезек бізге де жетті. Бәріміз жапатармағай Димекеңмен аман-дасып, лажы болса қолын алып қалуға тырыстық. Солай болды да. Ұлы тұлғанының жайдары жүзі мен аялы алақаны бәрімізге де жетті. Димекең сондай мейірімді жүзбен:
— Қай ауылдансыңдар, қарақ-тарым?, – деді. Біз мақтанышпен Жаз-атаның аулынан екенімізді айтқанда, Димекең: 
— "Ә-ә-ә, Жаз-аталарың жөн ғой, бірақ "Айтекеңнің ауданынан едік" дегендерің де дұрыс болар еді,– деді. Көзбен шолып, Айтекеңді іздегендей болды. Айтекең бұл жиынға келмеген еді. Иә, ол кез асылдарын ардақтаған, алтындарын салмақтаған тұс еді ғой...  
АСЫЛ АДАМ АЙНЫМАС
Қонаев қалың қазағы ғана емес, бүкіл түркі жұрты пір тұтқан тұлға болған. Әсіресе, қырғыз, өзбек, тәжік сияқты бауырлас елдермен жиі араласты. Қамқорлығын аяған жоқ. 
Бауырлас өзбек, қырғыз, тәжік елдерінің басшылары Рашидов, Үсібалиев, Ғафуровтарға кез-інде көмек қолын созған. Кейін, қызметтен босаған соң да ара-ласып, дүниеден өткендеріне құран бағыштап, соңында қалғандарына салауат айтқан. Араға жылдар салып, Шараф Рашидов қабіріне құран бағыштап, біраз адамдармен отбасына барады. Сонда Шараф Рашидовтың кемпірі Димекеңе ризашылығын білдіріп: «Димаш Ахметұлы, мені Сізден басқа ешкім іздеп келген жоқ, айналайын, мың жаса! Сіздің осы келуіңіз біздің шаңыраққа құт әкелгей!» деп тебіренгенде жұрттың бәрінің көңілі босап, жанарлары жасқа шыланыпты.
 Бұған дейін де Горбачевтің екпінімен  Өзбекстан президенті алып қойған Рашидовтың пәтерін Димекең қайтартқызып берген екен. Бұл жайларға Айтекең қанық болатын. 
Иә, «Халық айтса, – қалпы айтпайды». Бүкіл қазақ ардақ тұтқан перзенті  Дінмұхамед Қонаев болса, мойынқұм жұрты күні бүгінге дейін қадірлеген айтулы азамат – Айтбай Назарбеков. Асылын ардақтаған ел азбайды. Сондықтан да, олар мәңгі ел-жұртының жүрегінде.

Тұрсынтай ҚАЛДАРБЕКОВ, 
еңбек ардагері.
Мойынқұм ауданы.


Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Жызылбек Қуанышбаев туралы сыр
30 апрель 2021, Пятница
Жызылбек Қуанышбаев туралы сыр
Естелік
05 май 2021, Среда
Естелік
Тәмсіл
14 октябрь 2020, Среда
Тәмсіл
Ұлылық
06 апрель 2022, Среда
Ұлылық
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры