«ПАРЫЗ» ПАРЫЗЫН АДАЛ АТҚАРУДА...
Соғыс адамдарға тек қана қасірет әкеледі. Мейлі ол үлкен болсын, мейлі ол кіші болсын, соғыстың аты – соғыс. Сондықтан, барлық ақниетті адамзат баласының тілегі: Соғыс болмасын!
1941 - 1945 жылдарда болған Ұлы Отан соғысының сол кезде «Кеңес одағы» атанған елдің азаматтарына әкелген қайғы - қасіреті ауыр. Біз сол сұрапыл соғыс майданында қаза тапқан боздақтарға, елге аман - есен оралып, кейін қайтыс болған майдангер - жауынгерлерге, қазір бірен - сараны ғана қалған соғыс ардагерлеріне тағзым етуіміз керек.
Мен осы ғазабат соғыста қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің жерленген жерлерін, мәңгілік тыныс тапқан мекендерін анықтау үшін 1981 жылы «Парыз» қызылізшілдер тобын құрған едім. Қазір үлкен ұйымға айналған бұл қоғамдық бірлестіктің жұмысын одан әрі жалғастырудамыз.
Біз жұмысымызды жау Кеңес Одағының шекарасына алғаш айуандықпен басып кірген Брест қамалында 33 - інші инженерлік полкте қызмет атқарған жамбылдық Отан қорғаушы жауынгерлерді іздеуден бастағанбыз. Себебі, олар – осында соғысты бірінші болып қарсы алғандар. Біз 2011 жылға қарай осында 126 қазақстандық жауынгердің қаза тапқанын анықтағанбыз. 2016 жылы олардың жетеуі Брест мұражайы ғылыми кеңесінің шешімімен «Қамал қорғаушылары» деп танылды.
«Парыз» тобы 2013 жылы қоғамдық бірлестік болып қайта құрылып, 2019 жылға дейін Ресей Федерациясы мен Белоруссия аумағында қаза тапқан жамбылдық жауынгерлерді іздестіру жұмыстарын жүргізген. Облыстың 11 қалалық, аудандық қорғаныс бөлімінде жұмыс істеген «парыздық» қызылізшілдер олардан алынған майданда ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің артынан келген «қара қағаздардың» көшірмелерін Ресейдің – 15, Белоруссияның 6 облысының әскери комиссариаттарына жіберді. Оларға қоса «Боздақтар» естелік кітабынан алынған мәліметтер де бар. Мақсат – жамбылдық жауынгерлердің жерленген жерлерін анықтап, есімдерін мәңгі есте қалдыру, яғни аты - жөндерін сондағы мемориалдық тақталар мен ескерткіштерге енгізу.
Мысалы, Ленинград, Волхов майдандарында қаза тапқандардың анықталған тізімін 2013 жылы Санкт – Петербург, Новогород облыстық әскери комиссариаттарына жолдадық. Мақсат – жоғарыдағыдай. Осы күнге дейін аталған облыстарда біздің ұсынысымызбен майданда қаза тапқан 1160 жамбылдық жауынгерлердің есімдерін мәңгілік есте қалдыруға қол жеткізілгенін мақтанышпен және өзімнің қызылізшілдеріме ризашылықпен айта аламын.
«Парыздың» қызылізшілдері 2015 жылы Волоколамск, Зубцовск, Ржев, Великие Луки, Невель, Смоленск, Орал, Курс қалаларында болып, жамбылдықтардың жауынгерлік жолымен жүріп өткен. Біз болған жерлерімізде сонда қаза тапқандар туралы мәліметтерді қалдырып отырдық.
Жеңістің 70 жылдығына орай, 2016 жылы Брестте «Бресттің соңғы бейбіт күні» іс - шарасына қамал қорғаушылары ұрпақтарынан 10 адам қатысып қайтқан. Олар мемориалдық тақта алдындағы «Мәңгілік от» алауы қасына гүл шоқтарын қойып, Кобринск бекінісінде соғыстың қалай басталғаны бейнеленген реконструкцияны тамашалады. Маусымның 23 жұлдызында бізді мемориалдық кешен мұражайының директоры Бысюк қабылдап, әкелері мен аталары «Қамал қорғаушылары» атағына ие болған үш азаматты құттықтады. Бұдан асқан қуаныш болар ма!
Біздің делегация 1918 жылы Волгоградта Сталинградты қорғауға қатысқан алтыншы қазақстандық дивизия құрметіне қойылған ескерткіштің ашылу салтанатына да қатысу құрметіне ие болған. Мен Мамаев қорғанына туған жердің топырағы салынған капсуланы қойып, Сталинградты қорғауда қаза тапқан 1075 жамбылдық жауынгердің тізімі мен олар туралы мәліметтерді тапсырдым.
Қызылізшілдердің Ресей мен Белоруссияға сапары кезінде «100 - інші атқыштар бригадасының жауынгерлік жолымен», «Брест қамалы», «Сталинград майданы» атты деректі фильмдер түсірілген. Бұл болашақ ұрпақ үшін керек. Өткенді бағалау үшін. Себебі, жастарымыз өткеннен хабарсыз. Бұл фильмдерді жастарға жиі көрсетіп отыру керек.
Мен біздің қызылізшілдер тобы жұмысын Брест қамалын қорғаған жамбылдықтарды іздеуден бастағандықтан осы бағытта жүзеге асырғандарымыз туралы сөз сабақтап кеттім. Енді сәл шегініс.
Мен 2014 жылы Алматыда өткен Жеңіс тақырыбына арналған халықаралық ғылыми - тәжірибелік конференцияда «Жамбылдықтардың Ленинград құрсауына көмегі» деген тақырыпта баяндама жасағанмын. Нәтижесінде Курск форумына қатысатын делегация құрамына енгізіліп, онда Кеңес Одағының Батыры Амантай Дәулетбеков туралы сөз сөйлеу құрметіне ие болдым. Мәселе менің сөз сөйлегенімде емес, мәселе кешегі Ұлы Отан соғысында көзсіз ерлік жасаған қазақ жауынгерлерін басқалардың танып - білуінде, мойындауында. Басқалар олар туралы алқалы жиындарда айтылмаса, қайдан білсін! Ал, Амантай батыр дәл осы Курск жерінде болған. Қанды шайқаста өшпес ерлік жасаған.
Ал, 2015 жылы Мәскеуде өткен «Бірлікпен қол жеткізген Ұлы Жеңіс» форумына қатысып, онда «Француз қарсылығындағы қазақтар» атты баяндама жасадым. Онда сөйлеген сөздеріме «Парыздың» қызылізшілдері анықтаған дәйектер мен деректер арқау болғаны айтпаса да түсінікті.
Біз іздестіру жұмыстарын жалғастыра отырып, облыс мұрағаттарынан соғыста қаза тапқан 224 жамбылдық жауынгерлердің «қара қағаздарын» алып, Ресей Федерациясына жіберуге дайындап жатырмыз. Мақсат – олардың есімдерін мәңгілікке есте қалдырып, олар соғысқан жерлердегі ескерткіштер мен мемориалдық тақталарға аты - жөндерін жазғызуға қол жеткізу.
Алда Жеңістің 80 жылдығын атап өтетін уақыт алыс емес. Сол кезде республикамызда және ТМД елдерінде өтетін іс - шараларда өсіп келе жатқан жас ұрпаққа отаншылдық тәрбие беруге өз ісімізбен үлес қосуымыз керек. Өткеннен сабақ алып өскен ұрпақ қана бейбітшіліктің қадірін білмек. Оны жастар санасына сіңіру біздің парызымыз. Оған ардагерлердің атсалысуы міндетті. Ол үшін төл басылымымыз «Ғұмыр – Дария» газеті бетінде отаншылдық тақырыбындағы мақалалар жиі жарияланып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.
Бекқұлы ӘЛІ,
«Парыз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі,
Жамбыл облысының Құрметті ардагері.
Тұрар Рысқұлов ауданы.
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ
28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)