Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » ҰСТАЗЫМ ҰЛЫҚ БӘРІНЕН

ҰСТАЗЫМ ҰЛЫҚ БӘРІНЕН

29 август 2024, Четверг
91
0
Адам баласының ата - анадан кейінгі жаныңа жақын ең аяулы адамдары – ұстаздары. Менің өмірде де дұрыс жолға жетелеген ұстаздарым көп болды. Сәті келгенде бала күндерімнің ақылшысы болған, өмірімнің тұнық бастаудай өнегелі жол көрсеткен мектептегі мұғалімдерімнің үздіктеріне үзік - үзік оқиғалармен тоқталуды жөн көріп отырмын.
Жеті жастағы мектеп табалдырығын аттаған сәтімде біздің Бөлтірік Әлменұлы орта мектебінің директоры Артельбек Қуанышбеков ағай болыпты. Бірақ, 7 жасыңда саған директор емес, бастауыштан беретін мұғалімің маңызды. Біз де алғашқы ұстазымыз Гүлсара Жантайбекова апайдың арқасында «Әліпті таяқ» деп білдік, әріп таныдық, жазу жаздық, ежелеп болса да оқи алатын болдық. Мектеп директоры деген ұғым санамызға 2-3 сыныптарда ғана шым-шымдап кіре бастады ғой. Ал, мен алтыншы-жетінші сыныптарда оқып жүрген кезіміздегі қысқа оқиғаларды қозғайын. Ол кезде директор сол Артелбек ағай. Жыл сайын қазан айының басында мектеп оқушылары кеңшардың егіс алқабына жүгері жинауға көмекке шығамыз. Кеңшардың жүгерісі тасып төгіліп, 40-50 техника жинап үлгере алмай жатушы еді сол жылдары. Алдында 4 жыл қатарынан «Мақтау қағазын» алғанмын. Алтыншы сыныпта жүгері теруге шықтық. Екі - үш күн жақсы теріп, тәртіпті болып жүрдік. Төртінші күні сыныптасып Ақнұр, Қасым, Мұратбек, Медет бар егіс алқабынан «қашып» кетпекші болып, жолда мектеп директорына ұсталып қалдық. Артелбек ағай бәрімізді қаз-қатар тұрғызып қойды. Бірден менің қасыма келді. Оқу озатымын ғой, енді. – Досалиев, өзің айтшы, «Мақтау қағазда» қандай сөздер жазылады?, -деді. – «Өте жақсы оқығаны және үлгілі тәртібі үшін» деп жазылады дедім міңгірлеп. – Сенің бүгінгі тәртібің қандай болды? – ?????? .... Мен тіл қата алмадым. Ұяттан өртендім. ... Арада талай жылдар өтті. Қазір 20 жылға жуық мектеп басқарған Артелбек ағай да арғы әлемде. Жауапкершіліктен сәл босаңсыған кезде ағайдың осы сұрағы еске түседі. Тез ес жинап, жауапкершілігімді сезіне қоямын. Рахмет сізге, ағай!.. ***** Біз тоғызыншы сыныпқа көшкенде мектебімізге Уәли Кенжебеков ағай директор болып тағайындалды. Ол кісі бұрыннан атағы дүркіреп шыққан басшы. Талай жыл Талас ауданындағы ең үлкен мектептерді басқарған. Тәжірибесі жетеді. Мектепте қатаң тәртіп орнады. Мұғалімдер де ширай түсті. «Оқушылар кітапты дауыстап оқысын, естерінде қалады» деп, оған дейін мән берді. 1993 жылы Ақкөлде аудандық оқушылар айтысы өтетін болды. Қатысушы – мен. Өлең шығарамын, икемім бар. Айтыстың өтуіне екі аптадай уақыт бар еді. Уәли ағай өзі екі күн сайын қадағалап отырды. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұрқаш Сағатов, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Марат Мұхтаров күніге қасымда. Дайындық жақсы болды. Сол аудандық оқушылар айтысының бас жүлдесін иелендім. Аңыз айтыскер, қазылар алқасының төрағасы Шорабек Айдаровтың батасын алып, шәкірті болып қайттым. Бұл хабарды естіген директор Уәли Кенжебеков өте риза болып, қуаныпты. Біздің сыныптың жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жамал Байболованы шақырып алып, «Сенің – жеңісің, сенің – жетістігің» деп құттықтапты. Кім біледі, басқа біреу болса: «Мен қадағаладым, менің еңбегім» дейтін бе еді. Мектеп бітіріп кеткен кезімізде де тілеулес болған Уәли Кенжебеков ағайдың рухына құрметпен қарап, есіме алып жүремін. **** Тәжірибелі Уәли ағайдан соң, біздің ауылдағы мектептің директорлық қызметі Нұрқаш Сағатовқа бұйырды. Біз ол кезде мектепті бітіріп кеткен едік. Бірақ, біз төртінші сынып оқып жүрген кезден бастап, Нұрқаш ағай бізге математика пәнінен сабақ берді. Нағыз мұғалім! Кабинетке кіргені, киім киісі, сөзі, сабақ түсіндіруі - керемет. Мен: «Нұрқаш ағайдай боламын» деуші едім. Ол кезде комсомол, пионер ұйымдары бар. Ол кісі бізге күніге математикадан сабақ береді. Сыныптасымыз Болатбек Тілепбергенов өте ұқыпты, жұмысты ұйымдастыра білетін қабілеті бар. Бір жолы мектептің жалпы жиналысында мұғалім Нұрқаш Сағатов ағай мектеп алқасына ұсыныс айтып, Болатбекті мектептің оқушылар комсомол комитетінің мүшесі етіп сайлатты. Сыныбымыздағы небір бастықтардың ұл-қыздарын емес, қарапайым шопанның баласын қолдап сөйлегені әділдігі болатын. Нұрқаш ағай мектеп директоры болған жылдары қарамағында туған ағам Бекен Жаңабайұлы мұғалім болып жұмыс істеді. Онан соң мен де бір жарым жыл әдебиет үйірмесінің жетекшісі болып еңбек еткенім бар. Кейінірек өз өтінішіммен жұмысты өткізіп, Тараз қаласына ауысып бара жатқанымда директор Нұрқаш ағай: «Үлкен қалаға бара жатырсың. Алдыңнан үлкен жол ашылады. Жолың болсын. Егер түрлі жағдаймен ауылға келетін ойың болса, бұрынғы үйірмеңді ашып беремін, оған 4-5 сағатты қосып беремін. Сен істеген уақытта біраз бала ақындық, шешендік бағытқа бейімделіп қалып еді» деп жылы сөз айтқаны бар. Мұны да Нұрқаш ағайдың кісілігі деп түсінген едім. Қазір Нұрқаш ағай да арамызда жоқ. Өмірдің заңдылығы ғой. Оларды ойлап жүремін, үнемі жақсы қасиеттерін ұмытпаймын. Нұры пейіште шалқысын!

Есет ДОСАЛЫ, журналист Талас ауданы
Обсудить

Похожие материалы:

АУЫЛҒА АРДАҚТЫ АМАКҮЛ  ӘПКЕЙ
29 июнь 2023, Четверг
АУЫЛҒА АРДАҚТЫ АМАКҮЛ ӘПКЕЙ
ТАҒЫЛЫМ
01 февраль 2022, Вторник
ТАҒЫЛЫМ
АРМАНЫ ОРЫНДАЛҒАН АҚСӘУЛЕ
06 апрель 2023, Четверг
АРМАНЫ ОРЫНДАЛҒАН АҚСӘУЛЕ
Дәстүрдің озығы бар...
14 октябрь 2020, Среда
Дәстүрдің озығы бар...
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры