Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ОТАНДЫ СҮЮ – ИМАННАН

ОТАНДЫ СҮЮ – ИМАННАН

26 январь 2023, Четверг
135
0
Әрбір мұсылман баласы өзіне міндеттелген діни парыздарды барынша ықыласпен орындауға тырысатыны мәлім. Қасиетті Құранда: «Алланың қастерлі ұғымдарына құрмет қөрсету – жүректің тақуалығынан» («Хаж» сүресі, 32-аят) делінген. Ал, имандылыққа бет бұрған ізгі ниетті мұсылман үшін киелі ұғымдардың бірі – елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік. Олай болса, Отанды құрметтеу – мұсылман баласы үшін қастерлі парыз.
Отан деген не? Отан деп отбасы мен ошақ қасын, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, байлығы мол кең-байтақ туған жерді, қазыналы қарттар мен ақ жаулықты әжелеріміз, тай-құлындай тебісіп бірге өскен құрбы-құрдастарымыз тұратын ауылды, қадірлі ата-ана, жарымыз бен баламыз жүрген елді айтамыз. Міне, осы туған ел мен жерге ие болу, амандығын тілеу – әрбір мұсылманның діни де әрі азаматтық та борышы.
Халық даналығы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дейді. Бұл не деген сөз? Мәнін ойлап көрдік пе? Бұл Отанды қорғау жолында бәріне бара білуді, ештеңеден тайсалмауды білдіреді. Адамға алуан түрлі қасиет туған ортадан дариды. Сондай-ақ, туған жер ата-бабаларымыздың сүйегі жатқан жер болғандықтан ұрпаққа перзенттік парыз жүктейді.
Исламда бес нәрсені – Отаныңды, дініңді, ар-намысыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау міндеттеледі. Осы құндылықтарды қорғау жолында қаза болғандар шейіт саналады. Ал, шейіттердің ақыретте есепсіз жәннатқа барары мәлім. Құранда бұл жөнінде: «Шейіттерді өлдіге санамаңдар. Олар тірі Алла біледі, сендер білмейсіңдер» («Бақара», 154-аят) делінген. Сондықтан, Отанды қорғау жолында, ұлтымыздың жарқын болашағы үшін басын бәйгеге тіккендерді шейттер қатарына қосып, Жаратушы Иемізден жәннаттан жай бұйыртуын тілейміз.
Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген аталы сөз бар. Отанды сүю, туған елге деген құрмет сезімі отбасынан бастау алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Барлығың жауаптысыңдар. Елбасы еліне, отағасы отбасына, малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағылардан сұраққа тартылады» деген. Олай болса, балаға жастайынан жақсы тәрбие берумен бірге  туған елді құрметтеуді, жанын қорғағандай дінін, Отанын қорғауды үйретуге де отағасы жауапты. Бұл жөнінде Жүсіп Баласағұн бабамыз «Бала нені білсе жастан, ұядан – өле-өлгенше соны таныр қиядан» деген. Туған елге деген құрметті, патриоттық рухты өз ата-анасынан көре алмаған бала болашақта өзіне бала кезден таныс емес сезімді жатсынады.
Отанға деген сүйіспеншілік – халық игілігіндегі мүлікті көздің қарашығындай көруді, талан-таражға сал-мауды, кісі ақысына қиянат жасамауды, ел мүддесіне жұмыла жұмыс істеуді қажет етеді. Хазірет Омар (р.а) бірде сырттан бір кісі келгенде, дереу алдында тұрған май шамды ауыстырған екен. Әлгі кісі оның мәнін сұрағанда: «Мен бағана мемлекет ісін қарап отыр едім, енді жеке ісімді қарайтын болғаннан кейін өз май шамымды жақтым» деп жауап берген екен.  Бұл хазіреті Омардың (р.а.) ел басқарып тұрған халифа кезінде мемлекет меншігіндегі затқа қаншалықты  жауапкершілікпен қарағандығын көр-сетеді. Сахабалардың қай-қайсысы да адалдығын осылай дәлелдей білген. Өйткені, олар ақыретте осы дүниеден істеген істерінің бәрі үшін сұрақ барына нық сенген. Ол сұрақтың оңай болмасын да терең сезінген. Сондықтан да Алланың алдында ешкімнің ақысын жеместен жүзі жарқырап баруын қалаған. 
"Жаңа Қазақстан құрамыз!" – деп жатырмыз. Бізге кешегі күні аты әлемге әйгілі болған Дінмұхамед Қонаевтай адал, әділетті, кісінің ала жібін аттамайтын арлы тұлғалар керек. Олар жоқ емес, бар әрі көп. Соларды су бетіне шығару биліктің міндеті. Неге екенін қайдам, қолы да, ары да таза еместер өміршең келеді. Адалдық пен арамдықтың, әділдік пен әділетсіздіктің аражігін ажырата алатын уақыт келді.
Бұл бүгін біз үшін ой салуы тиіс. Сол себепті халқымыз мемлекет мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін, арды ақшадан биік санайтын ерлер көбейгенін қалайды. Сонда ғана еліміз гүлденеді, көркейеді, өсіп-өнеді.
Туған жердің көркейгенін қалаған әрбір азамат өз ісін жақсы меңгеруге талпынуы тиіс.Кәсібилігін арттырып, өз мамандығының шыңына шығуы қажет. Құранда: «Еңбек етіңдер! Себебі, істеріңді Алла Тағала, елшісі және жалпы мұсылмандар көреді» («Тәубе» сүресі, 105 -аят) делінген. Демек, мұсылман адам өз жауапкершілігіне алған міндетіне немқұрайды қарамауы керек. Немқұрайды қарау басқа адамдардың да жұмысына кері әсерін тигізетінін ескерген жөн.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Ең  жақсы адам –басқаға пайдасы тиген адам» дейді. Осы себепті туған елін сүйетін әрбір азамат мұнысын нақты ісімен дәлелдеуі керек.
Отанды, елді құрметтегенде атақ алу, абыройға кенелу үшін емес, «ұрпағым, елім болашақта жетім болмасын, отансыздықтың азабын тартпасын» деген қағиданы берік  ұстанғаны жөн. Жер бетінде отансыз ұлттар  қаншама?! Олар әр мемлекеттің босағасында тарыдай шашылып, бас құрай алмай өмір кешуде. Оларды жер-жерде дәл біздің еліміздегідей бауырына басып, жақсылық жасап отыр деп тағы айта алмаймыз. Жергілікті ұлтпен алауыздықта қырын қарап отырғаны қаншама?! "Біздің де ұрпағымыз біреудің қас-қабағына қарап жәутеңдемесін, біреудің қолына қарап дәметпесін" десек, атадан қалған асыл мұраны сақтап,ақылды ұрпақ тәрбиелеу- қасиетті парызымыз. Туған ел, туған жер үшін жасалатын жақсылықтардың барлығы ізгі ниеттен, иманнан туатыны даусыз. Сол себепті «Отанды сүю – иманнан » деп хадисте бекер айтылмаса керек.

Ғалымжан ШЕРНИЯЗОВ,
Қордай «Құран» қарилар дайындау орталығының 
директоры.


Обсудить

Похожие материалы:

Туған жерге туыңды тік
10 ноябрь 2021, Среда
Туған жерге туыңды тік
Абай-дара, Абай-дана
28 август 2020, Пятница
Абай-дара, Абай-дана
Айтамыз!
14 октябрь 2020, Среда
Айтамыз!
Кешіре білу-кеңдік
01 июль 2022, Пятница
Кешіре білу-кеңдік
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры