Адалдықтан аттамаған азамат

Биыл Елімізде Жеңістің 80 жылдығы кең көлемде аталып өтілді. Мерекелік шаралар барысында ғасыр аманаты болған майдангерлерге құрмет көрсетіліп, ел ертеңі үшін жанын қиған боздақтар рухына тағзым жасалды. Олардың өшпес ерліктері мен жасампаз еңбектері жастарға жыр болып айтылып, ерлердің есімі асқан құрметпен еске алынды. Солардың қатарында саналы ғұмырында еліне деген адалдық туын жоғары көтеріп өткен мойынқұмдық Аяған Оспанов та бар. Бұл күнде бақилық болған ақсақалдың майдан шебінде де, бейбіт еңбек шебінде де атқарған істерін ел-жұрты ешқашан есінен шығарған емес. 1925 жылы 10 қарашада Мойынқұм ауданы, Бурылбайтал ауылында дүниеге келген Аяған Оспанов жастайынан әкесінен айырылып, тағдырдың ащы дәмін ерте сезініп өседі. Сонысына мойымай бала жасынан анасына жанашыр болып, үйдің бар шаруасын өз міндетіне алады. Отанымызға қауіп төніп, майдан өрті өршіп тұрған 1942 жылы мектеп бітірген ол Бурылбайтал балық зауытында есепші болып еңбек жолын бастайды.
Сол жылы 17 жасқа тола салысымен ауылынан жаяу шығып, Көктерек әскери комиссариатына барып, өз еркімен Қызыл әскер қатарына алынады. Алғашында арнайы оқу-жаттығу курсынан өтіп, 1943 жылдан бастап III-гвардия танк әскерінің 71-механикалық бригадасы құрамында артиллерист-минометші болып ұрысқа кіреді. Отты жылдарда 9 ірі шайқасқа қатысып, Тула қаласынан бастап, Киевті, Львовті, Тернопольды, Польшаны, Чехославакия мен Австрияны азат етуге қатысып, Берлинді алу жолындағы қанды қырғындардың барлығынан аман шығып, қайтпас қайсарлығы мен ерлігі үшін 14 мәрте жауынгерлік орден-медальдармен марапатталады. Сұрапыл соғыс талай адамның тәніне жара салғанымен, Аяғанның бала кезден қалыптасқан өлең-жырға деген құштарлығын бұза алмады.
Талайдан қалыптасқан темірдей тәртіптің адамы болса да ол өнер атаулыны жоғары бағалаған. Ол М.Жұмабаевтың «Батыр Баянын», И.Байзақовтың «Құралай сұлуын» жатқа айтып, Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», Сәкеннің «Көкшетау» әндерін нақышына келтіріп орындай білген. Сонымен қатар, қазақ, қырғыз, орыс, украин әндерін шырқағанда қазақтар ғана емес өзге ұлт өкілдері де сүйсіне тыңдайтын болған.
Бұл туралы Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Жұмабек Орынбаев «Өмірдің кейбір сәттері» атты мақалалар мен естеліктер жинағында майдангердің соғыстан кейінгі қоғамдық қызметіне жоғары баға бере келе «Айекең – сан қырлы, өркениетті адам еді ғой. Жылдар бойы Одақтың талай жерінде Қиыр Шығыста, Сахалинде армияда қызмет еткен Айекең тілді шұбарламай сөйлейтін. Аса бір таң қалатын жай – оның дарынды, төкпе ақын И.Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмасын жатқа айтатыны. Айекеңнің осы поэманы ауданымызға келген Ғабит Мүсірепов, Қадыр Мырзалиев сынды қаламгерлермен бас қосқанда жатқа айтқанын тыңдадық», – дейді.
Осы кездесуден кейін қос қаламгер Аяған Оспановты қазақтың лиро эпос жырларын жатқа айтқан бірегей қасиетін жоғары бағалаған екен. Майдангер осы қасиетінің арқасында қан майданда қаруластарын өр рухты, патриоттық жырларымен жігерлендіріп талай ұрыстан аман алып шыққан. Осы қасиеттері мен саяси білімінің жоғары болуынан болса керек, Аяған жас та болса, командирлердің көзіне ерте түседі. Соғыстан кейін әскерде қалдырылып, 1946-48 жылдары 9-механикалық корпусқа қарасты 71-механикалық бригадасы комсомол комитетінің хатшысы болып Германияның Котбус қаласында әскери қызметін жалғастырады.
1949-51 жылдар аралығында Украинаның Львов қаласында жолдамамен әскери-саяси училищені бітіріп, оңтүстік Сахалиндегі 62092 әскери бөлімі командирінің саяси мәселелер жөніндегі орынбасары, партбюро хатшысы болып қызмет атқарады. Тек 1951 жылы ғана қысқа мерзімді демалыс алып, Отанына оралған ол анасы Балкенжемен көрісу үшін Қарағанды облысы, Ақадыр ауданындағы Қайрақты елді мекеніне ат басын бұрады. Анасының өтінішімен сол елді мекендегі орта мектепте ұстаздық етіп жүрген Шахида Райымбековамен танысып, көңіл жарастырады. Алайда сол кездегі қатаң тәртіп бойынша арнайы рұқсатнамасыз жас жұбайлардың Сахалинге бірге аттануы мүмкін емес еді. Сондықтан тек ұдайы тексерістер мен сұраулар нәтижесінде ғана олар араға жыл салып Қиыр Шығыста бас қосады.
Алайда ауыл мен анадан алыста жүрсе де бар аңсары мен мақсаты туған жерге келіп тер төгу болған Аяған Оспанов 1958 жылы әскери қызметтен босаған соң туған жеріне оралады. Сол кезде поселке типтес Шуға тұрақтап, Шу станциясы кадр бөлімінің инспекторы, 1959-60 жылдары «Шусахстрой» құрылыс монтаж басқарма бастығының кадр мәселесі бойынша орынбасары болады, Кейінірек Шу поселкелік кеңесінің төрағасы ретінде Шу қант зауытының құрылысымен айналысты.
1961 жылы Шу қала мәртебесін алып, Аяған Оспанов өзінің талай жылғы табанды еңбегінің нәтижесі болар, ол халық депутаттары қалалық атқару комитетінің біріншісі төрағасы болып сайланады. Осы кезеңнен бастап ол қаланың іргетасын қалаушылардың бірі ретінде, жаңа құрылыстар мен тың жұмыстардың басында жүрді. Жаңа шаһарда мәдени ағартушылық бағыттағы игілікті істер атқарылып, экономикалық тұрғыдан өсім қалыптасты. Білікті басшы ретінде Аяған Оспанов мәселесі бар аймақтарды жиі аралап, алыс-жақын елді мекендердегі жұрттың арыз шағымын өзі тыңдап, үлкен-кішіге қолдан келгенше көмек көрсетті. Ал, оның елжандығы, отаншылдығы бір төбе. Кезінде осынау атпал азаматқа Қырғызстаннан ел астанасы Фрунзені басқаруға ұсыныс та түседі. Алайда ендігі өмірін елінің өсіп-өркендеуіне үшін арнамаққа бекінген Аяған бұл ұсыныстан да бас тартады. Осы қасиеті артында қалған, бүгінде бір-бір шаңырақтың отағасы мен отанасына айналған ұл-қыздарына мирас болған.
– Әкеміз қатал, тәртіпке бас иген, адалдықтың ақ жолын аттамаған азамат болатын. Сол қасиеті үшін болса керек, қай жерде жүрсе де оны халық жоғары құрметтейтін. Әлі есімде 1964 жылдың желтоқсанында Мойынқұм ауданы құрылып, әкеміз сонда аудан басшысының құрылыс жөніндегі орынбасары болып ауыстырылды. 1965 жылы біздің отбасымыз – әкем, анам алты баласымен Шудан Мойынқұмға көшті. Дәл сол күні бізді шығарып салушылар қатары тіптен қалың болды. Әрқайсысы ақ жол тілеп, ақ тілектерін арнап, көлікке мініп ұзап кеткенше қимастық сезіммен қол бұлғап тұрды. Осыған қарап әкеміздің халық арасында қандай беделге ие болғанын сол кезде анық сезіндік. Ата анамыз Сахалиннен елге оралғанда қуанышында шек болмады. Өмірінің соңына дейін ел ішінде жүріп, елге қызмет етсек деп армандады. Бірде кешкі ас үстінде ағамыз екеуміз «Үйге қайтайықшы» деп сұранғанымыз есімізде. Сонда әкеміздің «Балаларым, әке-аналарың қайда болса, сол жер сендердің үйлерің» деген сөзі әлі күнге дейін есімізде. Бұдан кейін біз бұл сұраққа қайта оралып көрген емеспіз. Әкем отбасымызда ұдайы реттілік пен тәртіптің барлық тірлікте болуын қалайтын еді. Бұл жағынан анам әкемді әрқашан қолдайтын. Мейірімді, қарапайым кейпімен өзгеден дараланбай өмір сүруді үйретіп, бәрі адал еңбекпен келетінін үйрететін, – дейді майдангердің қызы Хадиша Оспанова.
Дәл сол жылдары жаңадан құрылған, облысымыздың әр өңірдің 47 пайызын алып жатқан Мойынқұмның жағдайы адам сенгісіз күйде еді. Мұнда халық ауыз су үшін кезекке тұрып, жарық уақытпен берілетін. Тіпті, басшылық қызметке барса да аудан халқының басынан өтіп жатқан қиындықты Аяған да көрді. Алайда бұл жағынан жастайынан тағдыр тезіне шыдап өскен жары, Қарқаралы петициясы басшыларының бірі болған Бодаубек Райымбековтың немересі Шахиданың еңбеккештігі мен тиянақтылығы талай тірліктің тігісін жатқызып, үй ішіндегіні түзге білдірмейтін. Қарқаралының әсем табиғатында тербеліп өскен Шахида да өзінің ықтияттылығымен үй шаруасын дөңгелетіп, бағбаншылықпен айналысуға құмар болған. Содан болар Мойынқұмның қу даласында өскендер Аяғанның ауласына кірсе, Көкшетауды көргендей әсер алып қайтатын болған.
Осынау қолдау мен сенімнің, темірдей тәртіптің арқасы болса керек, Аяған Оспанов та жаңа ауданның инфрақұрылымын жаңғыртып, сәулетіне сән қосты. Осылайша ол қайда жүрсе де ел арасында сый-құрметке ие болды. Сол себепті бірнеше рет Шу, Мойынқұм аудандарында қалалық-аудандық кеңестің депутаты болды. Ел үшін еңкейіп еңбек еткен азаматтың есімімен бүгінде Шу мен Мойынқұм аудандарында көшелер аталып, Мәскеу мен облыс, аудан орталығындағы әскери музейлерде өмірбаяндары мен деректері сақталған.
Бүгінде ел аманатын арқалап, әке жолын жалғаған майдангердің 6 ұл- қызы артылған жауапкершілік жүгін абыроймен көтеріп келеді. Тәртіппен қаланған талай жылғы табанды еңбектің арқасында Оспановтар әулеті ел үшін сенімін ақтап өркен жайды. Ал Аяған немерелерінің барлығы дерлік ата жолын қуып, әскери салада қызмет етіп келеді.
Нұрболат АМАНБЕК,
журналист
Обсудить
Блок в статье:
Жасампаздық жаршылары
01 июль 2026, Среда
СЕЙТҚАЗЫ ҚАЖЫ – ЖЕҢІМПА3!
30 июнь 2026, Вторник
Тәрбие жұмысына бәріміз жауаптымыз
30 июнь 2026, Вторник
Похожие материалы:
Комментарии (0)









