ТАҒЫ ДА «ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ» ЖАЙЛЫ
Біреудің үйіне келіп тұрған немесе дауысы жер жарып, желдей есіп бара жатқан «жедел жәрдем» көлігін көрсем көңілім күңгірт тарта бастайды. Өйткені, біздің үйге де «жедел жәрдем» көлігі жиірек келетін. Ақыры соңында араға жылдар салып, әулетімізден бес адам өмірден мезгілсіз өтті. Алладан бұйрық солай болған шығар.
Ауруханаға асығып бара жатқан «жедел жәрдемді» көрген сәтте «ішінде кім болса да, қандай аурумен бара жатса да, алдымен Алланың шипасы тиіп, сосын дәрігерлердің көмегінен соң сырқатынан сауығып, өз аяғымен отбасына аман - есен оралса екен» деп тілеймін. Ондай науқастардың дертінен айығып, үйлеріне аман оралуының өзі үлкен қуаныш.
Мен бүгін көше бойлап келе жатыр едім, бір «жедел жәрдем» көлігі бағдаршамның қызылына қарамай ұшып барады екен. Ал, кеше кешкісін екі көлік соғысып, бір емес, екі «жедел жәрдемнің» келгеніне де куә болдым. Апатқа ұшыраған қос көліктің де жүргізушілері жастар екен. Сол жердегі жиналғандардың сөздерін құлағым шалып калып еді: «Көлікті сонша қатты жүргізуге бола ма екен. Шынын айтқанда көбісі жол ережелерін де білмейді. Тіпті, қай жерде қанша жылдамдықпен жүру керектігі көрсетілген белгілерге де қарамайды. Жүргізуші куәлігін (права) сатып алатындар да аз емес. Бір нәрседен құр қалғандай жастардың да, жасамыстардың да жарысып айдайтындары жаман. Оның үстіне қазір адамнан машина көп. Енді не болды? Өздері ғана емес, көліктің ішіндегі өзге адамдар да зардап шекті. «Жол қателікті кешірмейді» деген. Енді олардың жағдайлары қалай және нәтижесі қандай болатыны ауруханада белгілі болады» деп күрсіне сөйлеп тұрған егде кісілердің сөздерін естідім.
Қазір жарысып көлік ай-даушылар жарысып қабір қазушыларды көбейтіп жатқан-дарын білер ме екен?
Осы тұста айта кетер тағы бір жәйт, жекеменшік автомектептердің сапасын қайдам, саны басым боп барады. Содан да болар, көбісінің бармақ басты, көз қысты немесе «Бәкеңдер мен Сәкеңдердің» арқасында жүргізуші куәлігін оқымай алатындары. Міне, сондай іс- әрекеттің нәтижесін өздеріңіз көріп жүрсіздер. Ал, ондай жекеменшік автомектептерге бақылау бар ма, жоқ па? Оны бізден гөрі жоғарыда отырғандар жақсы біледі.
Енді «жедел жәрдем» қызметіне қайта оралатын болсам, кейде олардың жиірек келіп - кеткені де қуантады. «Неге?» десеңіз, жүкті әйелдердің толғағы жеткенде перзентханаға мезгілінде жеткені де жөн. Мұндай жағымды жағдай демографиямызға оң ықпалын тигізетіні анық. Ал, төтеннен келетін ауыр науқастарды ауруханаларға дер мезгілінде жеткізудің де маңызы зор.
...Міне, даусы жер жарып, тағы бір «жедел жәрдем» желдей есіп барады. Бірақ, оның ішінде қандай науқас бар екені, нәтижесі де қалай болатыны бір Аллаға ғана аян.
Лайым, білікті дәрігердің қолына түсіп, аман - есен жазылып кеткенін тіледім.
Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,
ақын – журналист.
Тараз қаласы.
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)