БОХАННЫҢ БІРҚАЗАНЫ
Билікөл көлі – облысымыздың Талас, Жуалы, Жамбыл аудандарымен шектесіп жатқан табиғаты әсем, аң-құсқа бай аймақ саналады. Қаз бен үйрек, қасқалдақ пен сүңгуір, аққұтан мен көкқұтан, аққу мен бірқазан, оқпақ пен су құзғыны сияқты құстарды осы көлден табасыз. Ал, балықтың қандай түрі жоқ дейсіз мұнда- ақамур мен дөңмаңдай, сазан мен алабұға, аққайран мен табан, жыланбас пен мөңке және тағы басқа балық түрлері молынан кездеседі. Осы көлді сенімді басқаруға алған «Олимпик» ЖШС екі-үш жыл бұрын бекіре балығының шабақтарын да жіберген. Қысқасы «бақасы қойдай шулаған, балығы тайдай тулаған» су айдыны.
Осы көлдің жағасындағы Тұрлыбай ауылының тұрғындары негізінен мал өсуруді және балық аулауды кәсіп еткен. Кезінде осы өңірді ескі наным-сенімдегі «сақалды кержақтар» мекен еткенімен, соңғы жылдары олар жаппай көтеріле көшіп, қоныс аударып кеткен. Қазір бірен-сараны ғана қалған.
Ал, ежелден осы жерді мекен еткен қазақтар болса, төрт түлік малын өсіріп, балығын аулайды. Қол қусырып қарап отырған бірі жоқ.
Тұрлыбайда аңшылығымен, балықшылығымен жастайынан ауызға іліккен Бохан Таңатаров деген азамат тұрады. Ел арасында оның аңшылыққа қатысты аңызға бергісіз әңгімелері көп. Қайығы аударылып, суға батып бара жатқан балықшыны өз басын қатерге тігіп құтқарған ерлікке пара-пар әрекеті де жұрт ауызында. Бүгінде жетпіс жасқа тақап қалған Бохан қария осы көлде аға қорықшы, табиғат жанашыры.
Ағамыздың есімі облыс жұртшылығына да жақсы таныс. Саятшылық жасауға немесе балық аулауға келген көпшілік алғаш Бөкеңе ат басын бұрады. Арнайы жолдамасын алған соң ғана аңшылық жасауға не балық аулауға рұқсат береді. Оның өзінде шекті мөлшерде. Одан артыққа жол берілмейді. Бұл аға қорықшының қатаң бақылауында.
Бір жарым жылдай бұрын өзіне тиесілі аймақты аралап келе жатқан Бохан көл жағасындағы қара өлеңі қалың жақтауда бірдеңенің сатырлатын жатқанын байқайды. Алғашында абдырап қалған ол «бұл не болды екен?» деген оймен жайлап жақындайды. Сөйтсе, бірқазан екен. Күні кеше ғана бір топ бірқазанның көлді айнала ұшып, содан биікке тік көтеріліп ұзап кеткенін анық көрген.
«Күннің суытатынын білген шығар, жылы жаққа бет алды ғой» деп көзден таса болғанша соңдарынан қарап тұрған.
«Мынау сол ұлы көшке ілесе алмай қалған бейбақ болды ғой» деп оған жақын келді. Алғаш адамды көрген алып құс айбат шегіп, ауызын арандай ашып, ысылдап жақындатпайды. Екеуара арбасу біразға созылған соң адамға бойы үйренді ме, әлде шынымен әлсіреді ме қарсылық көрсеткенін қойды.
Оны қолтығына қысып үйге алып келгенде, алдынан бірінші шыққан әйелі Айсара сол сәтте аузын барынша ашқан әлгі құсты көріп:
— Мынауың тағы не сұмдық?- деп таң –тамаша қалған.
Үйге келген соң оны мұқият қарап, ешқандай жарақаты жоқ екеніне көзі жеткен Бохан: «Е, кенжелеп шыққан балапан екенсін ғой», – деп оған арнайы үйшік дайындап, күтімге алады.
Алғашында "қалай болар екен" деген оймен майда балықтар береді, оларды бұйым көрмей қылғытып салады. Не қылар екен деп білектей жыланбас балықты беріп еді, оны да екі толғап бір-ақ жұтады.
Сөйтіп, жылдан астам бағымда болып, әбден бабына келген бірқазан егесін сонадайдан көргенде алдынан балпаңдай басып келіп еркелейтінді шығарды. Тура үйдегі итің сияқты. Мал жайғап жүргенде, қыр соңынан қалмай еріп жүретін болды. Боханнын басынан, қанатынан сипап еркелеткенін күтеді. Қожайыны көп уақыт назар аудармай қойса, үлкен тұмсығымен әр жерін тістелеп есін шығарады.
Мамыражай кезінде есік пен төрдей қанатын қағып-қағып дауыл тұрғызатын кезі де бар. Содан көтерілген шаң –тозаң төңіректі басып қалады.
Бірде Боханның тізесіне басын қойып мүлгіп тұрған бірқазанды көріп:
— Бөке, мынаның ұшып кету ойында жоқ па?- деп сұрадым.
— Ондай ойы жоқ сияқты, әйтпесе күш-қуаты бар. Ұшам десе, ұшып-ақ кетер еді,-деді де,-тегін тамақ пен тегін жәйді кім жек көрсін, қимай жүрген де, -деп сөзінің аяғын қалжыңға бұрып, басынан сипап қойды.
— Көзін ашқан бірқазан «ия, дұрыс айтасың» дегендей тұмсығымен қожайынының білегін бір-екі мәрте шымшып өтті.
Қазір Бохан мен оның бірқазанын қызықтаушылар көп. Сірә, осы үйді түпкілікті мекен етіп қалады-ау...
Дүйсен Молдақұлов,
Қазақстан Журналисттер одағының мүшесі.
Талас ауданы.
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ
28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)