Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11

Киелі мекен

19 август 2020, Среда
184
0
Нақты деректер болған оқиға мен көз көрген дүниені әсірелеуге, олай-бұлай бұра тартуға ырық бермейді, қаз-қалпында елестетіп отырады. Сондықтан қазақ әр нәрсенің қиюын келтірмей тұрып, әуелі қисынын іздеген. Халықтың сол «қисын» қалыбына салсақ, Арқа мен Жетісу аралығындағы ұлан-ғайыр далаға Бетпақ деген ат беріде берілген.
Бетпақдала — шөл даланың сүйкімсіз, сұрықсыз қалпына қарай, бұл атау парсы тілінің «бад-бахт» сөзі (жаман, жексұрын, жиренішті) арқылы жасалған болуы мүмкін. Бұған қосымша Бетпақдала өте көне заманда су жайылған жер болуы ықтимал. Уақыт өткен сайын су тартылып, оның орнында батпақты дала пайда болып, міне, сол кезде оған «Батпақдала» атауы берілуі де ғажап емес. Сол кездегі көл-көсір судан қалғаны Балқаш көлі болуы ықтимал. Кезінде осы өңірдің сай-саласы суға толып, тау-төбесі нуға тұнып тұрған деседі. Шалғыны мен шүйгін шөбі аяққа оралып, жүргіншіге жол бермейтін болған. Қамысы теректей, шиқурайы жеңді білектей әрі аттылы адам көрінбейтіндей биік те қау болып өскендіктен, бабаларымыз төрт түлікке өрісті осы өңірден сайлаған. Ол кезде бұл өлкенің балығы тайдай тулап, бақасы қойдай шулаған. Қазіргідей қу тақыр, тұзы бетінде кілегейленген сор топырақ деген атымен болмаған. Айдай атыраптың қай қиырына қарасаң да, шөбі өртеңге өнгендей қау болып өсіп, киіздей тұтаса қаулаған болатын. Ол кезде бұл өлкенің қысы қысқа да жұмсақ, жазы ұзақ та салқын болса керек. Осындай артықшылығына орай Арқа мен Жетісу аралығындағы айдай атырапты бабаларымыз жер жаннатына балаған. Сол үшін байырғы бабаларымыз иісі қазақтың байтақты да баянды тірлігінің алтын қазығын Қарабөгет пен Ақбақайдың аралығына әкеп қадады. Ұлтымыздың ұядағы ұлы мен қиядағы қызын мәмілеге ұйытатын, береке-бірлікке бастап, ырысқа ұйытқы болатын қазақтың қасиетті қара шаңырағын ежелгі Тараз қаласы мен Балқаш көлінің жуан ортасынан көтерді. Дүниенің төрт бұрышында тарыдай шашырап жүрген қазақ баласын бауырына тартып тұратын атасындай айбарлы, анасындай аяулы Отан да дәл осы өлкеден, Шудың сағасынан, Мойынқұмның жотасынан орын тепті.
Шынында біртұтас үлкен ұлттың мал-жанының өсіп-өнер жері «жаман» болмауға тиіс. Демек, қазіргі Шошақтың шөлі мен Бетпақдала кезінде «Жер» ұйығы болған. Ақбақайдың шығысы мен батыс жағындағы сулы да нулы жерлер көктен түспеген. Олай болса, шөл даланың жуан ортасындағы «жайлау» сол кезіндегі жап-жасыл «жазираның» жұқанасы деуге болады. Онда Ақбақайдың іргесіндегі Кеңгір сайы Арқадағы Кеңгір өзенімен кезінде жалғасып жатпады ма екен? Ендеше, Тораңғыл өзегін баяғыдағы ит тұмсығы батпайтын қалың орманның орны болған-ау деп жорамал айтуға негіз жоқ емес. 
Тегінде Ақбақай аймағының жер жағдаяты жөніндегі әңгіменің мұндай қисынына да құлақ асқан абзал. Себебі, күллі ғалам тынымсыз қозғалыс жасап, іркіліссіз өзгеріске ұшырап отырады. Жаратылыстың осындай заңына орай Жетісу мен Арқаның аралығындағы ұлы даланың жерасты суы тереңге тартып, түрлі арналар арқылы алыс қиырға қарай қаша бастады. Соның салдарынан өзендер сарқылып, бұлақтар тартылып айдай атырап тақырға айналды. Қорегін 80 метр тереңдіктен тартатын сексеуіл, жусан, бетеге, баялыштан басқа өсімдіктің бәрі жер жұтқандай жоғалды да, кезіндегі көкорай көркем атырап біртіндеп құлазыған қу далаға айналды. Кенеуі кетіп, құты қашқан өлкеге мал мен байлық құтаймады. Шаруашылықтың шаңырағы шайқалып, ел тірлігінің кетеуі кетті. Жұтаған жұрт Оңтүстік пен Арқаға қарай ауа көшті. Хан ордасы Түркістанға, қараша қалың қауым Жетісу мен Арқаға қарай жылыстап кетті. Сөйтіп, елі кеткен ен дала сұп-сұр реңінен бір жазбай, жылдың төрт мезгілінде де бедірейіп жата беретін болды. Осындай түр-түсіне орай бұл даланы жұрт "Бетпақ" деп атап кетеді.

Тұрсынтай ҚАЛДАРБЕКОВ,
еңбек ардагері.
Мойынқұм ауданы

Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Киелі мекен
19 август 2020, Среда
Киелі мекен
Тарихтан тәбәрік
29 июль 2020, Среда
Тарихтан тәбәрік
Таным
08 апрель 2020, Среда
Таным
Жыл мезгілдері
08 апрель 2020, Среда
Жыл мезгілдері
Қазақ бол!
08 апрель 2020, Среда
Қазақ бол!
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры