Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Жыл мезгілдері

Жыл мезгілдері

08 апрель 2020, Среда
190
0
Міне, сәуірдің алғашқы күндерін артқа қалдырдық. Бұл – көктемнің нағыз күшіне енетін шағы. Осы орайда оқырман қауымға сәуірде болатын табиғат құбылыстарына байланысты атаулардың мағынасын тарқатуды жөн көрдік. 
СӘУІР (КӨКЕК) – Сәуір сөзі араб тілінде «өгіз» деген мағынаны білдіреді Бұл айдың ертеден келе жатқан қазақша аты – көкек. Айдың «көкек» деп аталу себебінің өзі көктемнің бір белгісі – көкек құсының алғаш шақыра бастайтын мезгілімен байланысты. 
Көкек – ұшқалақ, жеңілтек құс, өз атын өзі шақырады, сондықтан осы сөз жағымсыз мәнде айтылады деп, айдың атауын сәуірмен ауыстырған деген де болжам бар. Ал, Шоқан Уәлихановтың пайымдауы бойынша «Көкек – киелі құс. Май мол болады деп, көкек қонған бұтақты алып, сүт құйған сабаға салып қояды» екен. Халық аузында бұл айдың сәуір, көкек деген атауларына байланысты мынадай өлең жолдары кездеседі:
Суға толар сай-сала,
Сәуір болмай, жауын жоқ.
Нуға толар айнала,
Жауын болмай, тәуір жоқ.
Көкек келмей, көктем жоқ. 
Көкек – табиғаттың тамаша кезеңі. Көктем айының бұл нағыз толысқан уақыты. Барша табиғат жаңарып, айнала қызу тіршілікке бөленеді: мал төлдеп, өріс кеңейеді. Осыған байланысты қазақтар көктем мезгілінің үш айын «Наурыз – суымен, Көкек – нуымен, Мамыр – гүлімен» деп әр айдың ерекшеліктерін атаған. 
Бесқонақ – көктемнің жуан ортасында өтетін бес-жеті күндік жауын-шашынды салқын кез. Бұл – әр жылы соғып өтетін суық әрі лайсаң мезгіл. Жұрт осы «бесқонақтан» қатты сақтанып, күтініп отыратын болған. Кей жерлерде сәуір айындағы "бесқонақ" салқыны өтпей, малшы-шопандар күн райы қанша тамылжып тұрса да, жайлауға көшпеген. Өйткені "бесқонақ" кезінде ең болмағанда үш-бес күндік суық, қар аралас жаңбыр болмай қалмайды.
Қызыр қамшысы – сәуір айының орта кезінен асқан шақта болатын табиғи құбылыс. Бұл кезде алғаш найзағай ойнайды, жаңбыр жауады, жер бусанады, оңтүстікте жаздың жайлы күндері басталады. Осы сәттегі найзағайдың жарқылын халық: «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті» деп есептейді. 
Тобылғы жарған – сәуірдің соңғы күндерінде 2-3 күнге созылатын суық жел. Бұл «тобылғы бүршік жарған», яғни өсімдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады дегенге сиады. 
Отамалы – қазақтың байырғы күнтізбесі бойынша ауа райының жайсыз, жауынды-шашынды болатын көктемнің ең жайсыз кезеңі.
«Отамалы» сөзін ай атауы деп танытатын пікірлер де көп. Мәселен, «отамалы» атауын Шоқан Уәлиханов наурыз айына тақса В.Радлов мамыр айы деп көрсеткен. Зерттеушілердің біріндегі ай атының екіншісінде болмауының өзі ұлан-ғайыр даланы мекен еткен халықтың ай аттарын әртүрлі атай бергендігін, күн райының құбылуына қарай айлардың қосымша атауларының болғандығын көрсетеді. Қазақ есепшілері, әрине, бұл атаулардың бәрін де білген. Бірақ қалыптасқан қолданыстағы он екі айдың ішіне бұл сөз кірмейді. «Отамалы» ертедегі қазақ шаруашылығына өте жақын, соған байланысты осылай аталған. Бұл айда шөп өсіп, жер отаяды. Малдың аузы көкке толады.
Е.Жанпейісовтің еңбегінде «Отамалы» сөзіне арнайы талдау жасалған. «Абай жолында» берілген түсініктемені сол қалпында көрсете отырып, ғалым Әуезовтің түсіндіруі мен В.Радловтың пайымдауын салыстырады. Сол кездегі шаруашылық науқаны мен күн райының өзара үйлесуінен барып туындаған «Отамалы» атауын терең танытуда М.Әуезовтің түсіндіруі шындыққа жақын келетін секілді. Мысалы: «Отамалы көкек айының он бірінде кіріп, он жетісінде шығады. Желсіз, борансыз өтпейді. Қыстың соңғы зәрі сонда. «Отамалы» деп атағаны бір байдың Отамалы деген қойшысы болған екен. Сол бақыр күн қайырады екен. Көкектің суығы басталған уақытта, әлгі "қойды жайылысқа шығармайық, боран болады…" десе, бай Отамалыны сабап-сабап, қойды жайылысқа шығартады. Сол күні бір қатты боран басталып, үш күн, үш түн соғып, бар қой ығып кетіп, қырылыпты да, қойдан қалмаймын деп, Отамалы бақыр да үсіп өліпті. Көкектің  осы суығын сөйтіп  «отамалы» атаған екен. 

Сәуір қазақ есепшілерінің есебі бойынша, осы айдың 20-ларына кіреді. Сәуір туғанда алғаш рет күн күркірейді, бөлек-бөлек «жаз бұлты» көкте қалықтайды.  Қариялар сәуір айы кіргенде жаз бұлттарын бақылайды. Бұлт төніп, ыдырамаса, сәуірдің бұлты қалып қойғаны. Онда сәуір айы ұзаққа созылып, 40 күнге жалғасады. Жаңбыр нөсерлеп жауып, соңы қарға ұласады. «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген мақал осыдан қалған болса керек. Тілімізде сәуір кезінде табиғи құбылыстардың шаруашылыққа пайдалы болатыны туралы басқа да мақал-мәтелдер қалыптасқан: «Сәуір – суымен, мамыр – гүлімен», «Сәуір айы – малшыға тәуір ай», «Сәуір айы – жауын айы», «Сәуір болмай, сайран болмас, Сайран болмай, айран болмас», «Сәуір болса күн күркірер, Күн күркіресе көк дүркірер», «Сәуірдегі жауын – жауып тұрған сауын», «Сәуір жақсылығына бақса алты күн, жақсылығына бақпаса алпыс күн» деген мақал-мәтел, қанатты сөздері бар.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ,
«ҒҰМЫР-ДАРИЯ»
Обсудить

Похожие материалы:

Таным
08 апрель 2020, Среда
Таным
Ауылымыз көркейіп келеді
13 март 2020, Пятница
Ауылымыз көркейіп келеді
Күретамыр
19 март 2020, Четверг
Күретамыр
Қазақтың даңқты әйелдері
19 март 2020, Четверг
Қазақтың даңқты әйелдері
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры