Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » ҮЙРЕНЕЙІІК. ЖИРЕНЕЙІК

ҮЙРЕНЕЙІІК. ЖИРЕНЕЙІК

15 сентябрь 2022, Четверг
121
0
Жақында Сарыкемер ауылынан қандасымыз Оразәлі Сарыұлы Ермекеновтен редакциямызға хат келіп түсті. Оразәлі Сарыұлы биыл 1 мамыр күні зейнет жасына жетіпті. Өмірбаянын қарап отырсаң, тағдыры оңай болмаған. Әкесі Сары Ермекенов 1920 жылы Маңғыстау өңірінде дүниеге келген екен. Өткен ғасырдың 30-жылдарындағы аласапыранда Қарақалпақстанның Бесқара өңіріне қоныс аударыпты. Әмудария ауданындағы қазақ орта мектебін үздік бағамен аяқтап, 1976 жылы Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, ойдағыдай бітіріп шығады. 2019 жылға дейін үздіксіз ұстаздық етеді. 2021 жылы тарихи отанына қоныс аударып, Байзақ аудынының орталығы Сарыкемер ауылына қоныс тебеді. 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, жоғары білім алуына жағдай жасап, бүгінде олардан тараған немерелердің қызығын көріп жатқан жағдайы бар көрінеді. Бұған дейін өзбек, қарақалпақ тілдеріндегі басылымдарда тіл тағдыры, балалар тәрбиесі жайлы мақалалар жазып тұрыпты. Өзбек ақын-жазушыларының шығармаларын қаза тіліне аударумен де айналысады екен. 
Бүгін біз газетімізде Оразалы Ермекеновтің Өзбекстанның Халық жазушысы және қоғам қайраткері, Өзбекстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Өткір Хошимовтың шығармаларының аудармасынан бірқатар үзінділер беріп отырмыз. 

Ана сөзі 
Жылап тұрған сәбидің жаты болмайды. 
Әділдік
Көктемнің алғашқы майсалары хан сарайының алтын күмбездерінде емес, лайдан соғылған кедей тоқал тамының төбесінде көгереді. 
Тұңғыш көктемнің бақбағы байлардың гүлзарында емес, мұңды қабірлерде гүлдейді... 
Әділеттілікті табиғаттан үйрену керек... 
Бала күтуші 
Надандық – қасиетсіздік атау-лының анасы емес-ау, бала күтушісі болуы мүмкін... 
Адам
Адам соншалық ұлы, оның қасиеттерін өлшеу – дүниедегі ең биік таудың ең биік шыңына еңбектеп шығу секілді. 
Адам соншалық төмен, оның күнәларын өлшеу – дүниедегі ең биік таудың ең биік шыңынан еңбектеп түсу машақаты секілді. 
Көңіл
Адам барша нәрсеге тоюы мүмкін. Байлыққа... Атақ-даңққа... тіпті... өмірге де... Қартайып, кәрілік жеңіп қалжырағанда"Аманатыңды ала ғой, Жаратқан Ием"дейтіндер шын көңілден айтады... 
Алланың өзі кешірсін... 
Адам барша нәрсеге тоюы мүмкін. Тек бір нәрсеге тоймайды – Мейірімге тоймайды. Бұл мәселеде хан мен қараша бірдей. 
Бір ауыз жылы сөз айту, бір шымшым мейірім көрсету соншалықты қиын ба? Біз болсақ, соны да бір-бірімізге қимаймыз... 
Мақтау
Бөгде әйелді бетіне  мақта, 
Өз әйеліңді сыртынан мақта. 
Қайта оралмайтын маусым
Көктемде диқанның жұмысы көбейеді. Жерге соқа салады. Көшет отырғызады. Дән (тұқым) тастайды. Суарады, азық береді... Уақтында жерді жыртпаса, суармаса, егін де, көшет те солып қалады. Тұқымды (дәнді) бабы  болмаған жерге ексе, күзде аш қалады. 
Адам өмірі де солай. Жас кезінде жол берген қателіктері, басқан орынсыз қадамы, біліп-білмей істеген күнәсі жасы үлкейгеннен кейін "ащы" өнімін бере бастайды.
...Диқан ғой, бұл көктемде жіберген қатесін келер көктемде дұрыстауы мүмкін. Адамға жас-тық бір рет беріледі. "Көктем оралмайды" деген осы болса керек. 
Ғажайып кітап
Оқып көрді. 
Ұнамады. 
Қайта жазды. 
Ежелгі қалпына келді. 
Өшіріп тастады. 
Негізгі қалпына келді. 
Отқа тастады. 
Жанбады...
Бұл кітап тарих еді. 
"ПӘЛЕГІ НӘПӘК" немесе ӨРЕСІЗДІҢ ӨМІРІ
Мектепке бармаған кезім. Ортамызда лақап аты "Желім"  аталып кеткен  бала болатын. Тигенге тиіп, тимегенге кесек лақтырып жүретін. Тіпті, жасы үлкен балалар да одан аулақ жүруге тырысатын. "Желім" лақап атын алуына себеп – әкесі соғысқа кеткеннен кейін екі жыл өтіп туған. Анасының айтуына қарағанда" құрсағына желімденіп қалған" екен. 
Бір күні "Желім" жаман іс жасады. Қайдан екені белгісіз, азып-тозып кеткен қара мысықты тауып келді. "Қазір сендерге тамаша көрсетемін" деп, мысықтың құйрығын жіңішке жіппен байлап, ағаш бұтағына іліп қойды. Арық жағасындағы тастардан етегін толтырып әкелді. Кейін бірнеше қадам алыстан мысыққа тас лақтыра бастады. Балалардың бірі "олай істеме", десе, "онда өзіңді тасборан қыламын" деп кіжінді. "Желім"  тастарды асықпай, ұзақ тұрып нысанаға лақтырады. Мысық әр тас тиген сәтте аянышты мияулап, тыпыршып, өзін о жақтан бұ жаққа тастайды, қашып құтыла алмайды. Біз – балалар қорқыныштан қылт етпей қатып қалдық, ештеңе істей алмадық. Мысықтың аузы мен мұрнынан қан кетіп жатыр. Бір кезде мысықтың көзінен жасыл жалын шашырап кеткендей болды да, соңғы рет мияулап, тыншыды... 
Сол күнгі оқиғаны ішіме сидыра алмай шешеме айттым. Шешем әкеме айтқан болар, кешкі тамақтанудан кейін, бәрімізді шақырып алып, ескерту жасады. 
—Сол баламен ойнасаңдар аямаймын! — Кейін, сәл ойланып, қосып қойды. — Ол балада айып жоқ болар. Алайда, пәлегі нәпәк! 
Әкеміздің сөзіне түсінбеген болсам да, "Желімнен" алыстау жүретін болдым... Ол жетінші сыныпты аяқтап, мектепті тастап кетті. Университетте оқып жүрген кезімде "Желім" адам өлтіріп, он жылға кесіліп кеткенін естідім... 
...Арада көп уақыт өтті. Білмедім, отыз жыл, – отыз бес жыл ма?! Күз күндерінің бірінде қақпа тақылдап қалды. Шықсам, телпек киген бейтаныс адам тұр. 
— Танымадың, ә! - деді ескі қадірменді достарымдай желкеме қолын қойып.— Мен – пәленшемін.
Шынымды айтсам, мұндай есімді адамды еске түсіре алмадым. Атын қайта сұрап ем, күлді. 
— "Желіммін"! 
Сонда ғана ескі "қадірмендім" есіме түсті. 
— Саған бір мәселемен келдім, - деді тікелей әңгімесіне көшіп, – "Жай нәрсемен" ұлым қамаққа түсіп қалды. Тергеушімен әңгімелессем, өте "заряжать" қылып жіберуде. Соған бір көмек беріп жіберсең... 
— Мен тергеушіні танымаймын, – деп шынымды айттым. 
—Сен оларды танымассың, олар сені таниды ғой! Ашығы – ұлының "жай нәрсемен" істі болғанына сенбедім. Мұндай істерге араласпайтынымды айттым. "Желім" ренжіді. 
— Мейлі, сен болмасаң, басқа біреу табылып қалар, - деді де, кетіп қалды... 
Ұлының тағдыры не болғанын білмеймін де, арада бес-алты жыл өтіп, көңілсіз хабар естідім. "Желім" әйелі, бала-шағасымен ажырасып, көрші ауылдың шеттеу жеріне үй салып алған екен. Қыс күндерінің бірінде үйі өртеніпті. Өрт сөндірушілер жалынды өртті сөндіріп ішке кірсе," Желімнің"күйіп қалған денесі жатқан екен. Аяқ-қолы сыммен байланып тасталған... 
Байғұсты аяп кеттім. Әкемнің сөзі есіме түсті. "Пәлегі нәпәк"... 


Өзбекстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Өткір Хошимовтың "Дафтар хошиясидаги битиклар" ("Дәптер жиегіндегі жазулар") кітабынан қазақшалаған 
Оразалы ЕРМЕКЕНОВ, 
ардагер ұстаз, тіл маманы.
Сарыкемер ауылы.
(Басы. Жалғасы газетіміздің келесі санында)

Обсудить

Похожие материалы:

Жағымды жаңалық
29 апрель 2022, Пятница
Жағымды жаңалық
Біздің белсенділер
29 апрель 2022, Пятница
Біздің белсенділер
Алғыс
16 август 2021, Понедельник
Алғыс
Тағылым
27 май 2020, Среда
Тағылым
Жазылым – 2020
27 май 2020, Среда
Жазылым – 2020
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры