АХМЕТТІ АРДАҚТАП, ҚОНАЕВТЫ ҚҰРМЕТТЕГЕНІМІЗ ОСЫ МА?
Көптен бері менің көкейімде үш мәселе жүретін. Ойлана келе соларды газет оқырмандарымен бөлісуді жөн санадым. Былтыр ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толғаны белгілі. Бұл мерейтой ЮНЕСКО аясында маңызға ие болып, кеңінен аталып өтті. Бірақ, Тараздағы құрметке менің көңілім толмады. Неге дейсіздер ғой? Тараз қаласында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы көше бар. Өкінішке қарай шаһарда ондай көше барын тұрғындардың көпшілігі біле бермейді. Өйткені, көше Шалғай Қарасу аймағында. Көше деген әшейін аты. Өйткені, бір бетінде үйлер жоқ және түнгі жарығы жанбайды. Арғы беті – теміржол. Бергі беттегілер күл-қоқыстарын сол жаққа қарай лақтырып тастайды. Осы көшеге жарық орнатылуына жәрдем берсеңіздер. Көпшіліктің атынан сұранамын. Жауаптылардан нақты жауап күтеміз. Тағы мынандай ой маза бермейді. Сонда Байтұрсыновқа орталықтан көше бұйырмағаны ма? Ұлт ұстазы Ахметке құрметіміз осы ма? Мен былтыр Ахмет Байтұрсынұлының құрметіне Тараз-Қаратау-Тараз бағытында веломарафон өткізбекші болып, «Аманат» партиясы облыстық филиалына қайырылдым. Бірақ, еш жәрдем, қолдау болмады. Сонымен, бұл шаруа орындалмай қалды.
Екінші айтайын дегенім – Таразда А.Камратов деген көше бар. Жазылған тегіне қарап бұл кісіні өзге ұлттың өкілі ма деп ойлап жүргенмін. Сөйтсем, Әлихан Қоңыратов деген өзіміздің қайраткер азаматтарымыз екен. Кезінде қалалық партия комитетінде (қазір әкімшілік) қызмет атқарып, кейінірек шаһардың атқару комитетінің төрағасы болып өңіріміздің дамуына көп еңбек сіңірген кісі болып шықты. Менің өтінішім – бұл кісінің есімі мен тегін «Әлихан Қоңыратов көшесі» деп қазақшалап жазуға болмай ма? Осыған қандай кедергі бар?
Соңғы айтайын дегенім, облыс орталығындағы Дінмұхамед Қонаев көшесімен қатарлас "Жеңістің 30 жылдығы" деген көше қазір Әйтеке би көшесі болып өзгерген. Міне, осы көшені автобус немесе шағын автобус жүргізушілері «Тридцать лет» деп әлі күнге басқа тілде хабарлап, жүйкеге тиіп жатады. Әп-әдемі «Әйтеке би көшесі» деген қазақша аты тұрғанда, неге орысшалап жанды қинаймыз. Қонаев көшесін де әлі сол бұрынғы орысша атауымен атап жүргендер бар. Неге олай? Көлік жүргізушілерінің 80 пайызы аялдама мен көше атауларын орыс тілінде хабарлап айтады. Қазақ тілінде хабарласа, тіліне теріскен шыға ма екен? Әлде сөзінің сәні бұзыла ма? Әйтеуір, басқа тілде шүлдірлеп тұрғанға құмармыз. Қазақ елі болдық. Қазақтардың үлесі 70 пайыздан асып жығылады. Өзіміздің тілімізді, салтымызды ардақтайтын уақыт жетті. Төл тілімізді әр қазақстандық білсе артық емес. Бірақ, неге олай емес? Неменеге жалтақпыз осы? Талап қойсақ, ақиқатты айтсақ біреу шапанымызды шешіп ала ма? Әлі күнге сол баяғы құлдық сана сезімнен арыла алмай келеміз.
Жақсылық Мамырбекұлы,
еңбек ардагері
Тараз қаласы
Обсудить
Блок в статье:
Даңғазасыз той, ысырапсыз ас өткізу өте өзекті
29 январь 2025, Среда
Ардагерлер ұйымдарының қызметінде бос уақыт деген болмайды.
29 январь 2025, Среда
«Отбасындағы кикілжіңдер және одан шығу жолдары»
26 январь 2025, Воскресенье
Похожие материалы:
Комментарии (0)