Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » МЕНІҢ ӘКЕМ-ТЕМІРЖОЛ ТАРЛАНЫ

МЕНІҢ ӘКЕМ-ТЕМІРЖОЛ ТАРЛАНЫ

16 ноябрь 2024, Суббота
79
0
Жұмыр басты пенденің бір-бірінен абыройын асырып, маңдайын жарқырататын — еңбек. Еңбек адамы қай қоғамда да сыйлы. Осындай сыйлы жандардың бірі менің әкем-Аманқұл Алметұлы. Ол еңбектің наны тәтті боларын бүгінде ұлдарына да ұқтырған өнегелі әке. Отбасындағы алтын асықтай бес баланы дүниеге әкелген ата-ана туралы қанша айтсақ та аздық етеді. Бүгінде теміржолда қызмет істеген кездері туралы әңгімесін «Ол бір гүрілдеп тұрған шағымызды еді ғой...» деп бастайды. Әкем бозбала шағынан қызу еңбектің бел ортасында қызмет атқарады. Теміржол саласында аянбай тер төккен адамдардың еңбегі қай кезде де елеусіз қалмайды. Қызығынан қиындығы басым саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандарға халықтың да алғысы шексіз. «Кешегі біздің заманымызда теміржолдағы ең жауапты сала қозғалыс қауіпсіздігі болды. Қиындығы мен жауапкершілігі өз алдына, тікелей қозғалысты бақылауда ұстайтын бұл саланың қызығы да жетерлік" – дейтін әкем.Біздің аймақтағы учаске басшыларының ішіндегі ең тәжірибелі әрі білікті теміржолшы атанған әкей зейнет демалысына шыққан соң да қоғамдық өмірден қол үзген емес.Әрине, қырық тоғыз жылғы бейнеттің енді зейнетін көру ләзім. Мұндай майталман теміржолшылардың тәжірибесі кейінгі жастарға қажет-ақ. Сондықтан зейнетке шықса да болашақ теміржолшылардың салалық жұмысқа төселуіне тәжірибесімен бөлісу үшін мұндай азаматтардың жолын өнеге етіп, теміржол саласы бойынша білім беретін арнаулы орта оқу орындары да және осы салада еңбек ететін жас буынмен жиі кездесулер ұйымдастырып, білгенін үйретіп, тәжірбиесімен бөлісіп отырған дұрыс деп есептеймін.
Әкем бастапқыда айтып өткенімдей, көптің құрметіне бөленіп, теміржол саласына саналы ғұмырын арнаған еңбек адамы. Еңбек адамды жасартады демекші, 15 жасынан теміржолда еңбек еткен. Бұл жерде еңбекқорлығымен, тиянақтылығымен танылды. Өз ісінің нағыз маманы болып қалыптасты. Уақыт өте келе еселі еңбегінің нәтижесінде басшылық қызмет атқарды. Осы салада қырық тоғыз жыл бойы яғни жарты ғасырға жуық еңбек етіп, зейнетке шықты. – Біз жұмысты бастағанда талап қатты болатын. Киімге дейін өздері дайындап беріп, тек тәртіпті ғана сұрайтын. 8-10 сағат қызмет жасаймыз. Міндетті түрде жұмысқа жарты сағат ерте барамыз. Денсаулығымызды күн сайын тексеріп, сол күнгі жұмыстың жай-күйін айтып, тапсырма беретін. Ал, себепсіз жұмыстан қалып немесе кешігіп келсеңіз онда ортаға салып, талқылайтын. Мұндай көптің талқысына түсуді ұят санайтынбыз. Сондықтан да әрдайым жұмыстан кешікпеуге, қалмауға, кез келген жұмысты жауапкершілікпен атқаруға тырысатынбыз, – деп әкеміз бізге жауапкершілікті болуға, еткен еңбектің еленуі жолында қалтқысыз қызмет етуді ескертіп отыратын.
Білікті маманның көп жылғы еселі еңбегі елеусіз қалмақ емес. Қырық тоғыз жыл теміржол саласының дамуына қосқан ерен еңбегі үшін «Теміржол саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Сонымен қатар облыс, аудан әкімінің Құрмет, Алғыс хаттарымен абыройлы еңбегі аталып өткен. Елге сыйлы, халқына қадірлі әкеміз әрқашан да құрмет төрінен аласарған емес. Бүгінде береке дарыған әулеттен тараған бес бала бір-бір үй болып, өз салаларында табысты еңбек етуде. Ардагер теміржолшы әкем мен ардақты анам Райжанның бүгінде жиырмаға тарта немере, бес шөбересі бар. Адам бойындағы
қасиеттер ана мен әкенің сүті мен қанынан дарыса керек. Өйткені олардың тәлімі мен тәрбиесі есті жанның жадында мәңгі қалып, өзіңді қашанда өрге жетелейді. Балаларының спортшы болғанын қалағандағы әкемнің түпкі ойы, ұрпағының батыр болғанын қаласа керек. Әкемнің асыл арманын немерелері де жалғастырып спорт саласында биік белестерді бағындырып келеді. Әкем- ұрпақтың панасы, үйдің алтын діңгегі, әрі тәрбиешісі болды. Ол тек бір отбасының ғана емес, ауылдың, әулеттің қамқоршысы, ел ағасы бола білген кісі. Адам өмірді түсіну үшін бейнет көріп өсуі керек дегеніне түсінбей қараушы едім. Иә, өзінің қарапайым сөздерімен үлкен ойды айтып отырады екен. Райжан анашымның жүзінен нұр төгіліп, жүрегінен жылу бөлініп, жан-жағына шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл ананың құшағында мейір алып жүрген, алтын ананы мәңгі қастерлеп, еңбегін бағалап өтейік дегім келеді. Ақылы мен пайымы терең анамыз бізді үнемі әкемізді сыйлап, құрметтеуге тәрбиеледі. Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің деген рас екен. Бүгінде жолдасым Ләззат екеумізден тараған үш қыз, екі ұлдың болашақтарына ойлы көзбен қарап, әрқайсысының қабілеттеріне саналы түрде ой жүгіртіп отырамыз. Өйткені мен ес білгелі көріп келе жатқаным, бұл әулетте күнде думан, күнде қонақтар легі үзілмейді. Бауырлар бас қосқан шаңырақтың берекесі артып, ырысы еселенгендей болады. Бәлкім, дана халқымыз «Ағасы ақылдының ауылы азбайды, жеңгесі шебердің жеңі тозбайды» деп бекер айтпаған болар.«Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген қазақтың нақыл сөзі отбасындағы тәрбиенің адам баласы үшін қаншалықты маңызды екенін айқындап тұр. Шынында да, дана халқымыз айтқандай: «Ұлы жол үйіңнің табалдырығынан басталады»–демекші, балаға жастайынан адами қасиеттерге толы үлгі-өнеге көрсетіп, рухани құндылықтарды дәріптеп, кемелді тұлға өсірсек, жас ұрпақтың жарқын болашаққа қол жеткізетініне сеніміміз арта түседі.

Асхат АЛМЕТОВ, полиция подполковнигі,  Шу аудандық полиция бөлімінің басшысы
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ 28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ 20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ 18 ноябрь 2024, Понедельник

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры