Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Тарих толқынында

Тарих толқынында

19 март 2021, Пятница
131
0
Дос жайлы біраздан бері көңілде сақталған орамды ойларымды естелік етіп  қағаз бетіне түсіру онша оңайға түспеді, аз-кем абыржып та отырғаным рас. Өйтетінім, сипаттап айтсаң сырына ауыз толғандай ақкөңіл, өмірде жақсы жолдас, қоғамда іскер азамат, жақсылардың бірі бола білген қайран біздің Қаржаубай Бекболатов дос туралы айтылар әңгіме аз болмасы анық. Содан беріде де талай айдың жүзі болып қалыпты. Дәл осы жолы еске алуымның себебі наурыздың бірінде дүние есігін ашқан ер еді ол. Өзі қалжыңдап айтып отырушы еді. «Мен ел біткен қаһарлы қыс қыспағынан шығып, дүние құлпыра бастайтын көгілдір көктемнің бірінші тумасымын!»-деп. Айтса айтқандай, мінезі де көктемдей шуақты жан еді ғой. Не десек те оның өзін, туған күнін еске алу – біз секілді дос парызы. Шіркін, тірі болғанда ғой, Қаржау дос осы наурызда  70-ке толар еді.
Біздің Қаржекеңді төңірегіндегілер сан қырынан танылған, өзі көпшіл, адамға жұғымды, бауырмал жан деп бағалайтын. Дос та, бауыр да, туысқан деймісіз – онда бәрі де жеткілікті болатын. Оның санап тауысуға болмайтын сансыз таныстары облыстың аудандарында және өңірдің әлеуметтік-экономикалық, саяси қызмет жүйелерінде,  ардагерлер мен түрлі басқа да қоғамдық ұйымдар белсенділері арасында, тіпті, өңірден тыс жерлерде көптеп табыларына еш күмәніміз жоқ. Ол өз заманында, үлкенді-кішілі  бірталай басшылық қызметтер атқарды. Облыстық және Тараз қалалық мәслихаттарының депутаты болып сайланды. Халықпен біте қайнасты. Адамдарға қолынан келген жақсылығын жасай жүрді. Адамдар оны сол себептен де жақсы көретін.  Бекболатов елге барынша қайырымы мол адам болатын. Өз басына қатысты кей жайларды жеңіл бір қалжыңдармен тонын айналдырып басқа сөзге бұрмалап жіберетін. Тұмаурата бастаса асқындырмай, бір-екі күн ауруханаға жатып емделіп: «Жедел профилактикалық шаралар қолдандым»-деп күлетін. Бізді күлдіретін. Қызық мінездері бір басына жетіп-артылатын жан еді ғой ол!  
Оның жалғанды жалпағынан басып жүрген сол шақтары барлық достарының, туыстары мен бауырларының есінде болар. Қаржаубай, енді ойлап отырсақ, бойына кәриялар айта беретін  мол-мол жақсы қасиеттерді табиғи түрде сіңірген, сіңіре алған, дәлдеп айтсақ, ертедегі атам қазаққа ұқсап туған, айнымай қалған, солардың үлгісімен мол  пішілген адал пейілді бір азамат болған екен. Оның әр ісінде, қандай да бір болмасын әрекетінің мазмұнында қашанда қазақылық шырай бірден көзге ұрып тұратұғын.  Елгезек жан. Сергек жолдас. Тілегіңді көзіңнен оқып біле беретін. Жасы үлкен кісіге ағалап сәлем береді, науқас адамның  халін сұрау үшін алыссынбай жолға шыға салады, елдің ас-тойынан қалмайды. Өз дастарханы да жас демей, қарт демей аттылы-жаяулы әріптеске жаюлы тұратын. Үйінде мәнді сұхбат құрғызып отырғанды жақсы көретін. Замандастарын жай-жайымен топ-топ етіп жиып, бір тақырыпқа сай қонақ етіп сыйлап жатар еді.
Оның қарым-қатынастағы тұрақтылығы өзінен кішілерге, оның ішінде соңынан ерген жас толқынға, өнеге болатын. Адамға бедел қайдан, немен келеді? Өздігінен сый-құрмет келе салмайды ғой. Қаржаубай жасаған жақсылығын іспен көрсететін. Жақынына қамқор болатын. Көмек беретін.  Жақыным, ағайын-туысым немесе қайын жұртым деп таңбалап бөлместен, көмек беруге еш есептеспей кірісіп кетер еді. Кейде бар салмақ өз мойнына түсіп жатса да, бүлк етпейтін. Жарқырап күле түсетін. Кейіндергі аумалы-төкпелі бір жылдары ол жарты жылдай жұмыстан сырттап қалған күндер  өткен. Сонда дейсің ғой ... қабағы кірбің тартқанын байқадық, Ол сияқты қол қусырып қарап отыра алмайтын "береген қол" азаматқа бұл қолбайлау қатты батқан. Тұнжырап, өзіне өзі ұқсамай жүрді. Бірақ, бұл ұзаққа созылмады. 
Кезіндегі жасаған жақсы істері текке кетпепті, пайдасы он еселеп қайтқан жақсы күндерде досым өзінің бұрынғы арнасына қайта түсіп, күлім қақты. Адамның кісілік сапасы осындай кездейсоқ жайларда сынға түседі десек, Қаржаубай Бекболатов ондайда сыр алдырмайтын. Жақсылыққа сенетін. 
1995- 2000 жылдар ауыр болды ғой. Қаржаубай Шу аудандық тұтынушылар одағының төрағасы қызметінен Тараз қаласына ет-сүт саудасы басқармасы басшылығына келген кез. Ет пен сүттің көл-көсір боп ағылып-төгіліп жатқаны да шамалы. Ел айлыққа жете алмай жататын. Сондай халдің өзінде Бекболатов Тараз қаласының ардагер қарттарын, бұрынғы қарт қызметкерлерді жиып, көңілдерін көтеріп жүрді. Оларды арнайы шақырып дәм таттырып жіберетін. Аудандарда болып жатқан іс-шараларға ертіп барады, әйтеуір, көңілінен таса қылмайды. Көпбалалы отбасы, жалғызілікті жандар дегенде оларға көп болып көмек көрсетуде, қоғам тарапынан жәрдемдесу жөнінде бастамалар көтерілгенде Қаржаубай Бекболатов қолынан келген жәрдемін аямайтын, істің басында жүретін.
«Қырық жылдан бергі жан досым-ау!» деп маған кешеге дейін телефон шалып тұратын. Әзіл аралас жарқын  дауысты  естуге мен әбден үйреніп кеткен жанмын.  Дауыс – Қаржаубайдікі, әрине. Ол өзі достыққа бастаушы,  жалғаушы, іздеуші  адамның дәл өзі еді. Қандай жақсы қасиет! Оның «қырық жылдан бергі жан досым-ау» деуінің мынадай сыры бар болатын. 
1978 жыл еді. «Қайран жиырма бестің!» дәл кезі. Мен совхозда істеп жүрген бас зоотехник-селекционер лауазымынан  Талас  аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушылық қызметке шақырылдым.
Сол барған күндердің бірінде жұмыс аяғына таман кабинетіме бойы ортадан жоғары, аққұба келген, жасы өзім шамалас сәнді киінген сымбатты бір жас жігіт келіп кірді.Кабинетте бірге отыратын басқа да нұсқаушы жігіттермен ол бұрыннан таныс секілденді. Оларды өзімсінгендей қалпы бар, кіре бере: «Райкомға менімен аттас бір жігіт нұсқаушы болыпты дегенді естіп келдім. Танысайын, бұйырса дос болайын. Қаржаубай Кемелов - сен боласың ба? Ал, мен – Қаржаубай Бекболатов боламын!»-деді салған жерден. Аудандық тұтынушылар одағы жүйесіндегі дайындау конторында жетекші маман екен. «Мамандығым  – Семейдің  дайындау, технология техникумын бітірген «тауартанушымын» деді.  Содан екі аттас азаматтың достығы осылай елеусіздеу басталды.   Қаржаубаймен осылай танысқан едік.Содан достығымыз 42 жылға жалғасыпты.  Бұл арада Қаржаубай Бекболатовтың жолы Талас аудандық тұтынушылар одағы жүйесінде өсіп, одан әріде жақсы жалғасты. Ол Красногор ауданында дайындау конторының директоры, Шу аудандық тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы, облыстық ет-сүт саудасы, коммуналдық, бәсекелестікке қарсы, әлеуметтік қамсыздандыру басқармаларының бастығы, «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалының төрағасы, басқа да көптеген жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. 
Жамбыл, Шу аудандарының, Тараз қаласының Құрметті азаматы. 
Қаржекең зейнетке шыққанмен қоғамдық жұмыстан жырақтап қалған жоқ. Өмірінің соңғы күніне дейін Тараз қалалық қоғамдық кеңесін басқарды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі болды. Халықтың арасында, өмірдің қайнаған ортасында жүрді.  
Өмірінде ылғи да дос іздеп жүрген, көп дос тапқан ондай жанды кім ұмытар!

Қаржаубай КЕМЕЛОВ, 
облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі.
Тараз қаласы 

Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Тарихтан тәбәрік
29 июль 2020, Среда
Тарихтан тәбәрік
Таным
08 апрель 2020, Среда
Таным
Жыл мезгілдері
08 апрель 2020, Среда
Жыл мезгілдері
Бесіктен безгеніміз бе?
19 март 2020, Четверг
Бесіктен безгеніміз бе?
Алаш арыстары
19 март 2021, Пятница
Алаш арыстары
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры