Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Адамгершілігі бар адам –арлы адам

Адамгершілігі бар адам –арлы адам

25 октябрь 2024, Пятница
76
0
Нәмет ағай Бәзілов Шу ауданындағы сегізжылдық мектеп – интернатты 20 жылдан аса абыроймен басқарды.  Оны жерлестері білімді, мәдениетті, сабырлы және  өте зиялы басшы ретінде танып білді және құрметтеді. Ол кісі  директордық еткен мектепте бала тәрбиешісі болып жұмыс істедім. Ағайдың қызметтестеріне, оқушыларға ашуланғанын, қатты сөйлегенін көрген емеспін.
 Нәмет ағай өте сыпайы, жүріс-тұрысы, сөйлеу мақамы, тіпті киінгені де бізге үлгі-өнеге болды. Қанша ашуланса да, көңіл күйге ерік бермей, байыпты сөйлеп, түсіндіріп, соңында ақыл кеңесін айтатын. Үнемі қолында 96 парақтық қалың дәптерімен әр пән мұғалімнің сабағына қатысатын, ұстаздарға ақыл-кеңесін жеке айтатын. Сонша жыл ағайдың қол астында қызмет атқарсам да қарамағындағыларға педогогикалық кеңесте кемшілігін, не басқа да жағдайларын айтып, ұрысқанын, зәбір көрсеткенін байқамаппын. Әр ұстазбен жеке дара жұмыс істейтін. Дүйсенбі сайын ұстаздармен тәрбие сабағын жүргізетін. Соның арқасында бізде білім берумен қатар оқушылар тәрбиесіне зор мән бердік. Ағайдың тұратын үйі интернаттың іргесінде болса да, ағай мұнда,  қай мезгілде келсе де, ақ көйлек, қара костюм шалбармен мұнтаздай тап-таза болып келетін. Нақ осындай тәртіпті барлық ұстаздардан да талап етті. Біздің бар болмысымызға, мінез-құлқымызға мән беріп  өз баласындай өнегелі, тәлім-тәрбие берді. Өз пәні бойынша сабақ өткізгенде  тақырыпты айналадағы өмірмен байланыстырып, қызықты етіп  өткізетін, сол білімді оқушыларға өмірде қолдана білуге үйретті. Ағайдан білім алып, сол кезде Кеңес Одағының әр аймағында, шет елдерде, әскер қатарында немесе жұмыс бабымен  басқа аймақтарда болған  оқушыларымыз географиядан алған терең білімдеріне  риза болып, ағайға рахмет айтып хат жазатын. 
Интернат алғаш ашылған жылдары біліктілігі жоғары білімді  ұстаздар  қызмет істеді.Солардың көбісі кейінірек жауапты, басшылық  қызметтер атқарды. Осы кезде Нәмет Бәзіловтың  интернатын көпшілік: «Қызметке көтерілу цехы» - деп атайтын. Интернатта қызмет атқарған: Жапар Қостүтініов, Ермахан Сариев, Сейтқазы Сыдықов, Тұрғынбек Баданов, Құрманәлі Ақжігітов, Шауқан Иманбердиева,  Рахат Әдікерімовалар кейінірек білім саласында, басқа да мекемелерде жауапты лауазымдарда болды. Ол кісі қарамағындағылардың, оқушылардың біліміне, тәлім-тәрбиесіне, киім киісіне, ең ақыры киімнің ілгіші мен түймесіне, аяқ киімнің бауына дейін мән беретін. Үш айда бір рет балалардың  туған күндері  асханада мерекелік  дастархан жайылып, асхана іші безендіріліп аталып өтілетін  және әр оқушыға сыйлық әзірленетін. Сөйтіп 9 айда 3 рет туған күн тойланатын. Оқу жылы басталысымен  ағай өзі күн тізбеден даталы күндерді жазып алып, сынып жетекшілері мен  тәрбиешілерге бөліп беретін. Әр жұма сайын белгілі бір тақырыпта кеш өтетін. Кешкі сағат онға дейін 2 мұғалім кезекші болушы еді. Олар оқушыларды жатқызып кетуі керек.  Іс-шара өткен  күні  кезекшіні сағат 10 - да қайтарып, өзі қалып оқушыларға сағат 24-00 – ге дейін билеуге рұқсат беретін.Оқушыларды өзі жатқызып қайтатын.
1959 жылдан 1979 жылға дейін интернаттың ең гүлденген шағы болды. Интернат аумағында алма бағы, бақша, гүл алаңы, стадион болатын. Интернат ауласын үнемі таза ұстадық.Ол жылдары ауданда 1 мамыр, 7 қарашада мерекелер» дүрілдеп өтетін. Ұйымшылдық пен темірдей тәртіптің арқасында жылма-жыл біздің интернат ұжымы аудандық шеруде бірінші болып өтуші едік. Шеруде Құлтай Шоратбаев басқарған оқушылардан құралған духовой оркестрдің сүйемелдеуімен патриоттық әндер шырқалатын. Орталықта болған мерекелік шеруден қайтқанда, директор ағайымыз әр сыныптың дайындығына баға беріп, мерекемен құттықтап, асханаға мерекелік асқа жіберетін. Тек ата-анасы келген оқушыларды үйлеріне босататын. 
Интернат тәрбиеленушілерінің бос кезі болмайтын, сабақтан тыс  уақытта  әр түрлі үйірмелер жұмыс істейтін. Даңқты күйші-домбырашы Әбдімомын Желдібаев, Жапар Ақжігітов қызмет істеген жылдары интернат оқушыларының көркем өнері биік денгейге жетті, оқушыларымыз аудандық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып жүрді. Директорымыз әр жылда оқыған 650-700 баланың аты-жөнін түгел білетін, ата-аналарымен де әңгімелесіп тұратын. Ата-аналар үшін ағай бір аңыз адамға айналғандай еді. Балаңыз қай мектепте  оқып жүр десе,  әр ата-ана №1 интернат демей, «Нәмет Бәзіловтың интернатында» деп айтушы еді. 
Нәмет - ағай ұлағатты ұстаз болумен қатар, өнегелі әке, жанашыр бауыр болды. Нұршатай жеңгеміз екеуі 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, өсірді. Барлығы жоғары білімді, өте тәрбиелі жандар. Ұжымда біреу той жасаса,басқа да жағдайда  ақша жинау керек болса, ешкімді қалдырмай тізімді өзі жасап, ,ақша жинайтын адамға  қатты тапсыратын «Ұят болмасын, біз елміз, жұртпыз,  әжептәуір мектеп – интернат деген атымыз бар» - деп мұқият тапсыратын. 
Осы жақын арада интернаттың ең алғашқы оқушыларының бірі болған  Абай ауылының жігітінің автокөлігімен Шуға бардым, әлгі жігіт бір тынбай, Шуға жеткенше Нәмет ағай туралы, интернаттағы өмірін мақтанышпен айтумен болды. Арада 55 жыл уақыт өтсе де, әлгі жігіттің  санасында Нәмет ағайдың  жарқын бейнесі сақталған. 
Қызметін адал атқарған жаны жайсаң, көңілі кең, нағыз тәрбиелі ,білімді де білікті, ақылды ұстаз Нәмет Бәзілов ағайымыздың жарқын бейнесі қызметтес әрбір адамның, білім алған әрбір оқушылардың санасында мәңгі сақталады.

Орынбала БАҚТЫБЕКОВА, 
ардагер ұстаз
Шу ауданы
Обсудить

Похожие материалы:

ҰСТАЗЫМ ҰЛЫҚ БӘРІНЕН
29 август 2024, Четверг
ҰСТАЗЫМ ҰЛЫҚ БӘРІНЕН
АУЫЛҒА АРДАҚТЫ АМАКҮЛ  ӘПКЕЙ
29 июнь 2023, Четверг
АУЫЛҒА АРДАҚТЫ АМАКҮЛ ӘПКЕЙ
ОТБАСЫ БІРЛІГІ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ
30 январь 2024, Вторник
ОТБАСЫ БІРЛІГІ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ
Баспасөз
29 июль 2020, Среда
Баспасөз
АБЫЗ
10 март 2023, Пятница
АБЫЗ
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры