Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11

АБЫЗ

10 март 2023, Пятница
90
0





Осы бір ақыл-парасаты толысқан, сөзі мірдің оғындай, қазақшылығы мол ақсақалды облыстың бүкіл қаламгерлері ұстаз тұтады. Олардың бәрі ізет көрсетіп, үлкен- кішісі болып тегіс құрметтейді. Сөзін тыңдап, батасын алып жатады. Осыншама құрмет пен ізетке қария қай ісімен лайықты болды екен деп ойланатыным бар. Облыстың бас газетін басқарғандығымен дейін десем, ондай қызметті атқарған жалғыз Баттал Жаңабайұлы емес. Сонан соң басқа байламға келемін. Бұл кісіні баршаға қадірлі, қастерлі, құрметті еткен – мінезге бай тұлғалық бейнесі, адамгершілік, қарапайымдылық, сабырлы, әділ және қанағатшыл қасиеттері болса керек деп ой түзеймін өзімше.

Баттал Жаңабайұлы деген есімді бала күнімізден естіп, зердемізге түйіп өстік. Себебі, ата-анамыз, бауырларымыз газет-журнал оқитындардың қатарынан еді. Ол кезде мектеп табалдырығын жаңадан аттасақ та, «Жаңабаев» деген есімді естігенде елеңдеп қалатынбыз. Әкемнің аты Жаңабай болғандықтан, бұл есімді жадымда жаттап өстім. Есейе келе өзім де газет- журнал оқып, аздап «түрте» бастадым. Сол кезде барып Баттал Жаңабайұлының кім екенін, қандай биікке көтерілген кісі екенін сезіндім. 
2005 жылдары жаңадан ашылған облыстық  «Арай» жастар газетіне тілшілік қызметке келгенімде Баттал ағай біздің редакцияға жиі соғатын. Осылайша, ақсақалды жақынырақ таныдым. Үйінде де болып жүрдім. Сонда байқағаным, ағайдың бойында үлкен  парасат пен пайым, ізгілік, кісілік, бекзаттық болмыс бар.  Сонша жыл облыстың бас газетін басқарған кісі, отбасына шуақты, мейірімді екен. Асыл жары Фарида апайды сонша құрметтеп, ұлдары мен келіндерін, немерелерін үнемі мақтап, жақсы қасиеттерін бағалап айтып отырады екен. Алғашқы сәтте асыл ағаның үйіне соншалықты жүрексіне барғаныммен, ақсақалдың жылы ықыласын көріп, қуанып, қанаттанып шыққаным есімде. 
Кейіннен абыз ақсақалдың үйіне талай бардық. Бірнеше мәрте сұхбат та алдым. Кейде ағаның өзі іздеп тұратын жағдайға жеттік. Жүріп өткен өмір жолы – тұнып тұрған өнеге, әңгімесі – қызығы мол шежіре дерсің. «Жастық жылдардың екпіні деген бөлек қой. Университеттің 4-курсында оқып жүргенде-ақ екі айлық тәжірибеден өткен Семей қаласындағы облыстық «Екпінді» газетіне қызметке шақырылдым. Газеттегі тәжірибесін аяқтап, қайтуға жиналып жатқан жас маман маған бас редактор Сағат Жұмағазиев мінездемесіне жақсы пікірлер жазып, оқуыңды тәмәмдаған соң міндетті түрде жұмысқа кел деп арқамнан қағып шығарып салды. Келісім бойынша оқуды үздік аяқтаған соң, 1950 жылы жолдамамен Семей облысына тартып отырдым» деп еске алады қаламгер қария алғашқы еңбек жолын қалай бастағанын. 
Алғаш «Екпінді» газетіне әдеби қызметкер болып жұмысқа қабылданған ол іскерлігімен көзге түсіп, сатылап өсе бастайды. Аға әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы, үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі сияқты қызметтерді абыроймен атқарып, жақсы мақалаларымен елге танылады.  
Ақсақалдың әңгімесі жалғаса береді. Бірде кезекті еңбек демалысына шығып, елге келгенде облыстық «Еңбек туы» газетінің бас редакторы Ғайса Сармурзин жолығып қалып, «Сыртта жүре бересің бе, елге қайтсаңшы, саған қызмет беремін» деп жұмысқа шақырады. Ол кісінің бетін қайтарғысы келмеген Бәкең «Редакторым жіберсе мен ауысуға дайынмын» деп келісімін беріпті. Бірақ кім өзінің жақсы маманын жібере қойсын. Ғайса Сармурзин «Екпінді» газетінің бас редакторы Жүсіп Алтайбаевқа қоңырау шалып, Баттал Жаңабаевты сұрайды. Сонда Жүсіп Алтайбаев: «Әй, сенің мұның, қасқыр құсап үйірден тай-құлынды тартып әкеткенмен бірдей ғой. Біздің журналисті азғырмай, қажет маманды өзің баулып дайындап ал», – деп бетін қайтарып жібереді. Бірақ көп ұзамай Баттал ата 1957 жылы «Еңбек туы» газетіне үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып жаңа қызметке келеді. Мұнда да алғырлығымен, ұтқырлығымен, жауапкершілігімен көзге түседі. Жақсы қызметкер қашанда сұранысқа ие. Оның көп ұзамай-ақ обкомның ұйғарымымен біраз уақыт журналистикадан қол үзуіне тура келеді. Сөйтіп 1962 жылы облыстық партия комитетіне нұсқаушы болып ауысады. Мұнда бөлім меңгерушісі, хатшының орынбасары сияқты жауапты қызметтерді абыроймен атқарады. 1965 жылы обкомның бірінші хатшысы Асанбай Асқаров Бәкеңді жауапкершілігі зор, облыстың айнасы «Еңбек туы» газетіне бас редактор етіп тағайындайды. 
Жалпы, газет тарихында бір орында 21 жыл бас редактор қызметін атқарып, зейнетке шыққан басшы кемде-кем. Оның өзі аты дардай облыстық басылым болса. Осы қызметте жүріп, қаншама журналистің бағын ашты, елге танытты, қызметін өсірді десеңізші! Ол кісінің мектебінен өткен шәкірттерінің өзі бұл күнде облысқа беделді ел ағалары. Солардың бірі әрі бірегейі облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директоры, бас редакторы, ҚР Құрметті журналисі Жаңабай Миллионов. Баттал атаның тәлімін алған Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев сынды журналистиканың қара нарлары кейінгі бірнеше толқын журналистерге ұстаз болды, олардың әрқайсысы – бір-бір мектеп. Сол үлгінің бастауында Баттал ақсақалдың тағылымы тұр. Баттал қарияға лайықты шәкірт болған Арғынбай, Әлдихан, Болат Бекжанов, Көсемәлі Сәттібайұлы ағалардың аттары бүгінде облыс журналистикасы тарихына алтын әріппен жазылған. 
Бәкең ақсақал бас редакторлық лауазымда жүргенде талантты журналистерінің әдеби шығармашылықтан қол үзіп қалмауына қамқорлығын, ағалық ақыл-кеңесін аяп қалған емес. Мейірхан Қуанышбаевтың, Әлдихан Қалдыбаевтың, Тынышбай Рахимовтың, Елен Әлімжановтың, Мұса Рахманбердиевтің, Мұрат Сыздықовтың, Асқаржан Сәрсектің, тағы басқа да қаламгерлердің ақындық, жазушылық таланттары дәл Баттал көкем басшылық еткен жылдарда жарқырай көрінді. Сонымен бірге, әр қызметкердің  жұмысына жауапкершілікпен қарауына, олардың жүріс-тұрысына дейін қадағалап отыратын. Жиырма бір жыл басшылықта отырып, ұжымымдағы 57 адамның бірде-біріне қатты сөйлеп, жекіп көрмепті. Дауыс та көтермеген. Ата-анасының, өзінің ар-ожданына тимеген. Журналистер ол кісінің жұмыстарын ұнатқан, ұнатпағанын қабағынан-ақ байқап қоятын көрінеді. Жалпы, ұжымның басшыны сыйлауы өзінің оларға деген қарым-қатынасына тікелей байланысты. Жасаған жақсылығы мен қайырымының қайтарымы болары анық. 
Баттал ата шәкірттерін өсіру үшін атқарып отырған қызметтен босатуды өзі сұрапты. Нағыз қаламгерлік, қайраткерлік қарымының мықтылығынан, ұстаздық ұлағатынан, ұтымды ұйымдастырушылық қасиетінен болар ол кісінің тұсында шығармашылық ұжымда ұрпақтар сабақтастығы берік сақталғандығын байқау қиын емес. Облыстың аға басылымына Баттал Жаңабайұлының екі  бірдей талантты шәкірті – Арғынбай Бебосынұлы мен Әлдихан Қалдыбайұлы бірінен кейін бірі жиырма жылдай шығармашылық ұжымға абыроймен басшылық жасады. Олар ұстаздарымен үзбей хабарласып тұрды. Негізгі жұмысынан бөлек Баттал Жаңабайұлы 1966 жылдан бастап Журналистер одағының облыстық филиалын басқарды.

Баттал ақсақалды сыйлайтындар көп. Мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков Таразға келген сайын Баттал Жаңабайұлын іздейді.  Ертеректе аудандарды араласа қасына ертіп алатын. Бұл күнде Таразға келсе, бірінші кезекте Баттал ағайына сәлем беріп шығады. Мемлекет және қоғам қайраткерлері Өмірбек Байгелдиев, Серік Үмбетов ақсақалға үнемі сәлем беріп, құрметтеуден жалыққан емес. Ал журналистика саласындағы шәкірттері үнемі сәлем беріп, әңгімелесіп, ақ батасын алып жатады.
Баттал Жаңабайұлы  бүл күнде 95 жастың белесіне сергек аяқ басып отыр.  Осы жасқа қадірімен, сыйымен, құрметімен жетіп, өңірдің ардақты қариясына айналған жағдайы бар. Біз абыз ақсақалға денсаулық, ұрпағына береке-бірлік тілейміз.
Баттал Жаңабайұлы айтқан әр өсиет пен ақыл – қазақ журналистикасының олжасы!
Есет ДОСАЛЫ, 
журналист, 
арнайы «Ғұмыр-Дария» газеті үшін 


Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Баспасөз
29 июль 2020, Среда
Баспасөз
МЕРКІЛІКТЕР НЕДЕН МҮДІРДІ?
14 июль 2022, Четверг
МЕРКІЛІКТЕР НЕДЕН МҮДІРДІ?
Жағымды жаңалық
14 октябрь 2020, Среда
Жағымды жаңалық
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры