Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Газ шаруашылығы: тар жол-тайғақ кешу

Газ шаруашылығы: тар жол-тайғақ кешу

25 октябрь 2024, Пятница
51
0
«Егемен болмай, ел болмас» деп ата-бабаларымыз бекерден бекер армандамаған ғой. Еліміз егемендік алғанын естіген кезде қатты қуандым. Ғасырлар бойы армандаған тəуелсіздігіміз қолымызға тиді емес пе! Қалайша қуанбаймыз?! Бар қазақ бөркін аспанға атып қуанды ғой… Сол тұста «Жуалы аудандық газ шаруашылығы» мекемесінде қызмет етуші едім......Жуалы ауданындағы қай саланың болмасын бастау алатын межелі кезеңі бар. Бүгінде бүкіл тұрғындардың тілігінде айтылып отырған бір газ шаруашылығы саласын алып қарайықшы.  Ол 1961 жылы алғаш рет аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесінде газбен айналысатын құрылым құрылды.
1969 жылы аудандық шаруашылық мекемесінен  бөлініп шықты. Жамбыл облыстық газдың бұйрығымен, «Бурный газшаруашылық бөлімшесі» болып ашылды. Бір айда алатын газы екі тоннаға дейін жетті.
1978 жылы мен "Бурный газ шаруашылығы" бөлімшесінің бастығы болып тағайындалдым.
...1982 жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Д.Н.Жигалкинге жазбаша түрде ұсыныс жасадым. Яғни алты ұжымшардағы төрт газ шаруашылығын аудан орталығына топтастыру керек екенін жан жақты дәлелдедім.
Негізгі мақсат: Газ плитасы бар үйлерлі есепке алу, техникалық қауіпсіздіктің және өрттің алдын алу. Тасымалданатын газдың лимитін көбейту. 
Сонымен, газ шаруашылығын ірілендіру деген мәселені төтесінен қойдым. Ауданның бірінші хатшысы менің бастамымды қолдады. Бірақ, мүйізі қарағайдай "Керменевка" кеңшарының директоры Тұрта Нұржігітов, К.Маркс кеңшарының директоры И.И.Заварикин және В.И.Ленин кеңшарының  директоры З.Елшібаев өре-тұра қарсы болды. «Откуда он берет газ? Кто он такой? Вопрос несозрел»,-деп өз дәлелдерін қарсы қойды. Қысқасы барлығы ірілендіруге қарсы болды.
1983 жылы Д.Н.Жигалкин дүниеден озды. Ал, менің бастамам 1984 жылы ауданның жаңа бірінші хатшысы Сағынхан Әміреқұловтың тұсында іске асты. Алты ұжымшар, төрт кеңшар бір бір техникасын жалақыларымен және үш адамымен қосып берді. Барлығы он бес автомашина, қырық адам болдық. Сол жылы «Бурный газ бөлімшесі» «Жуалы аудандық газшаруашылық мекемесі» болып қайта құрылды.  Ай сайын жүз тонна сұйытылған газ тасыдық. Ауданда газға деген сұраныс қанағаттандыра бастады. 
1985 жылы қайта құрудың алтын күрегі есіп, басшыларды бұрынғыдай жоғарыдан тағайындамайтын болды. Әр ұжым өзі сайлап алуға көшті. 1986 жылы сайлауға екі адам түстік. Біреуі шебер Серік Әлімбеков және мен. Сайлауда көпшілік дауыспен мен қайта сайландым. 
Табиғи газдың келуі туралы тоқтала кетейін: 1986 жылы сәуір айының бірінші жұлдызы күні Мәскеуден телефонограмма алдық. Онда: «Жамбыл облысы, Жуалы ауданы С.Бурное селосында табиғи газ құрылысын салуға рұқсат берілді»,-делінген. Телефонограманы алып аудандық атқару комитетінің төрағасы Сабыржан Жүнісовке келдім. Кешікпей ауданда шаруашылық, мекеме басшыларының басын қосқан үлкен жиналыс болды. Жиналыста сөз сөйлеп, табиғи газды алу үшін әрбір мекеме, әрбір ұжымшар мен кеңшардың қажетті құжаттарды беру керектігін айттым. Жиын барысында қарсы шыққандар қарасы көп болды. Соның салдарынан бір жылды тағы да босқа  өткізіп алдық.
1987 жылы Жамбыл облгаздың жаңа директоры Рахым Тұрғынбеков екеуміз ауданның бірінші хатшысы Сағынхан Әміреқұловқа кірдік.  Ол кісіден қолдау тауып, табиғи газдың жұмысы үш бағытта басталып кетті.
Сол жылдары табиғи газбен айналысқаным соншалықты үй-жайды ұмыттым. Әркез жол сапарда жүрдім. Сол сәттерде маған қаржылай және рухани қолдау берген демеушім Ордабаева Раяш Майкөтқызына алғысым шексіз.
Жуалы ауданының бірінші хатшысы Сағынхан Әміреқұловтың қаталдығының, талапшылдығының арқасында 1989 жылы желтоқсан айының жиырма төрті күні АГРС-те тұңғыш газ факелі жанды...
Жуалы ауданында табиғи газ құбырын тарту  құрылысының қарқынды жүріп тұрған уақыты еді. Бұл, 1994-1995 жылдар болатын. Бір жылда мың үйге газ берілетін әрі қырық елу мекеме газ алатын. Аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылын темір жол қақ жарып бөліп тұр. 
Алатау жағында тұратын халық екі мыңдай үй түгелімен табиғи газды алып бітті. Ал, темір жолдың астын тесіп өту өте қиынға түсті. 
Бұл мәселені шешу үшін Мәскеуге бірнеше рет барып рұқсат ала алмадық. Табиғи газды тартудың сметалық жобасы дайын, бірақ рұқсатты ешбір құзырлы мекемелер бере алмайды. Темір жолдың астын тесіп өту үшін құжаттар жинадық.
 Сонда да істі бастауға ешкімнің  батылы жетпеді. Осылайша ақылымыз айран болып жүргенде мені Жуалы ауданының прокуроры Берік Құлтасов шақырды. 
Ол аудандық прокуратураны темір жолдың астына көшіреміз. Енді прокуратураға табиға газ керек. Жуалы аудандық газ шаруашылығы прокуратура ғимаратына табиғи газды әкелу үшін үш мәселені шешу керек,-деді.
Құжаттары дайын екен, тек темір жолдың астын тереңдігін он метрден тесіп, Жібек жолын кесіп өту арқылы прокуратураға дейін бір  шақырым жерге газ құбырын жүргізу қажет екен.   
Аудан прокуроры Берік Құлтасов үш айдың ішінде бар мәселені оңтайлы шешті. Шойын жолдың астын кесіп өтуге қыруар қайрат-жігер көрсетті. Соның табандылығының арқасында бүгіндері бес елді мекен атап айтқанда: Бауыржан Момышұлы, Қарасаз, Жұрынбай, Ақбастау және Түктібай ауылдары барлығы үш мың отбасы газ жағып отыр.
Нарықтық қатынас өмірімізге көп өзгеріс алып келді. Өтпелі кезеңге тап болдық. Әр адам, әр ұжым қиындықтарды іскерлікпен, табандылықпен еңсере білді. 
1990 жылы К.Маркс көшесінде  бірінші кооперативтің бастығы П.Балацки жүз елу үйге газ әкелді. 1991 жылы ауданның жаңа басшысы Естемес Аманбековтың қолдауымен, Шынғазы Улеков атындағы фабриканың қазандығына табиғи газ берілді. Қонаев көшесінде жүз үй газды болды. Коператив бастығы едім. Елдің, халықтың бағына 1992 жылы Жуалы ауданының әкімі болып, Еркінбек Солтыбаев келді.  Еркінбектің елгезек мінезі мен бірге іскерлігі басым болды. Сол жылдары бес жылда бес мың үй, жүз елу мекеме газды болды.
Осы жылы  «Жуалы аудандық газ шаруашылық мекемесі» «Ауданаралық газ шаруашылығы мекемесі» болып қайта құрылды. Алпысқа жуық адам еңбек еткен ұжымда ынтымақ-бірлік болды. Соның нәтижесінде ауданының газ шаруашылығы талай асуларды бағындырды.
Еркінбек Солтыбаевтың айтатын сөзі бар еді. Жуалы ауданы «цивилизованный» деп. Неге десек ауданда жарық, газ бар. Енді тек ерінбей еңбек ету керек дейтін. 
Ақиқатында нағыз жаңашылдық Еркінбек Солтыбаевпен бірге келді десек те болады. Ерекең күн тәртібіне ауданда бірнеше мәселе қойып, табиғи газды тездетіп жүргізуді қолға алды. 
Ол кісінің салиқалы басшылығының арқасында табиғи газдың құрылысын жүргізуге онға таяу мүйізі қарағайдай мекемелер атсалысты. 
Осы  Е.Солтыбаев аудан әкімі болған жылдары жоғарыда айтқандай бес мың үй, жүз мекеме табиғи газ алды. Жүз бір газ кооперативі құрылды. Нағыз өркениет, жаңашылдық дегеніңіз осы емес пе?!
Қиындығы мен қызығы мол болған соң жылдарда небір есте қалар оқиғалар болды. Соның бір қызықты сәтімен бөліссем. 1993 жыл. Аудан орталығындағы аурухана қазандығына газ бердік. Бас дәрігер Сейітхан Жұмашев ұлан асыр етіп атап өтті. Оған облыс, ауданнан бірқатар басшылар келді. Сол кезде ойда жоқта аудан басшысы Солтыбаев маған: «Аманжол Дүрәліұлы, ендігі жоспарыңыз қалай дегені». Мен де ойланбастан  « Таяу арада төңіректердегі елді мекендерді газдандыруды аяқтауымыз керек. Уақыт жоғалтпай Қошқаратаға газ апарып, тұрғындарды бір қуантып тастасам»,-деген ойымды айттым. Аудан басшысы бұл жоспарымды қолдады және жан жақты көмек көрсетті. 
1998 жылы аудандық газ шаруашылығын реформалау басталды. Газ шаруашылығы мекемесі жетіге бөлінді. 1996-2000 жылдар өте қиын болды. Бір қап ұн бір қой болған кез. Көрші Шымкент қаласы жарықсыз,газсыз,сусыз төрт жыл тозақта отырғандай күй кешті. Осы жылдары Жаңатас қаласы құлдырау кезеңін өткеріп, Кентау халқы Түркістан-Шымкент трассасына шығып аштық жариялады. Тараз қаласының көпқабатты үйлерінің тұрғындары далада қазан көтеріп, шәй қайнатты. Айлық, зейнетақы, балалардың жәрдемақысы берілмеді. Тараз қаласы, Меркі, Қордай, Тұрар Рысқұлов, Байзақ, Жамбыл аудандарының әрқайсысы табиғи газға қарыздары жүз миллион теңгеден асып кетті. 
Соның салдарынан осы аты аталған қалалар мен аудандар газсыз, жарықсыз қалды. 
Сол жылдары аудан әкімі Үсенбаев Ермек Өмірбайұлының іскерлігінің  арқасында Жуалыда бір күн газ не жарық өшкен жоқ. Біздің ол кездегі қарызымыз он бес миллион теңгеден асқан жоқ. Жуалыда электр жарығының сөнбеуіне ықпал еткен «Жамбыл облгаздың» бас директоры Қайрат Шотпақов болды. 
Дана Абай айтқандай: «Ұлықтың арқаға қаққаны, омырауға алқа таққаны». Сол кездегі облыс әкімі Амалбек Тышановтың сенімі менің іске деген құлшынысымды арттыра түсті.
Осы жылы Жуалы аудандык мәслихатының хатшысы Ахметов Мырзаханның ұсынысымен мәслихат депутаттары маған "Жуалы ауданының Құрметті азаматы" деген атақ берді. Бұл 1998 жылдың желтоқсан айы еді...
...Ақиқатында қазақ «Бейнет түбі – зейнет» дейді. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен тіршілік жасау ата-бабамызға жат қылық болған. Сонымен бірге қазіргі әлемде адал еңбекті терең біліммен ұштастырған ел ғана табысқа жете алатыны мәлім. Бұл – заман талабы. 

Аманжол Дүрәліұлы,
 Жуалы ауданының 
Құрметті азаматы
Обсудить

Похожие материалы:

АДАЛДЫҚ ЖОЛЫ – АДАСТЫРМАЙДЫ
29 сентябрь 2024, Воскресенье
АДАЛДЫҚ ЖОЛЫ – АДАСТЫРМАЙДЫ
Бүгінгі күн ертеңгі тарих!
07 август 2024, Среда
Бүгінгі күн ертеңгі тарих!
БАҚЫТЫН ЖОЛДАН ТАПҚАН
18 март 2024, Понедельник
БАҚЫТЫН ЖОЛДАН ТАПҚАН
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры