Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » БАҚЫТЫН ЖОЛДАН ТАПҚАН

БАҚЫТЫН ЖОЛДАН ТАПҚАН

18 март 2024, Понедельник
109
0
«Жол қуған қазынаға жолығар», – дейді қазақ. Жол салғанның үлкен сауапқа кенелетін туралы Құранда да айтылған. Кейіпкеріміз Сәмедбек Жұмаділдәұлы – бар саналы ғұмырын жол саласына арнап сауапқа ие болған, бақытын жол бойындағы еңбектен азамат. Қазір де аттан түскен жоқ. Зейнетке шыққанына қарамастан, «Сапаинженеринг» серіктестігінде жол құрылысы жұмыстарының техникалық сапасын қадағалау жөніндегі инженер.
Көзі ашық, көкірегі ояу Жұмаділдә қария арнаулы мамандығы болмаса да, колхозда бригадир, басқарма төрағасының орынбасары, ферма меңгерушісі сынды қызметтер атқарған азамат еді. Мақсаты балаларын оқытып, мамандық алуларына жағдай жасау болған екен. Арманына жетіпті жарықтық. Балалары түгел жоғары білім алған. 1935 жылы туған тұңғыштары Манап аудандық ветеринарлық станцияның бастығы қызметін атқарыпты. Тағдыр ғой, ғұмыры қысқа болып, 50 жасында дүниеден озыпты.
Жанаты – құрылыс саласында жауапты қызметтердің тізгінін ұстаған. Қазір аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Арпа ішінде бір бидай Бибіғайша – аутпаркомда жауапты қызмет атқарып, кеңшарда партком хатшысы болған. Мамандығы экономист Мұрат университетінің профессоры, Болат – инженер - механик, ол да жоғары лауазымды қызметтер атқарып, аудандық орман шаруашылығы мекемесінің бастығы лауазымынан зейнеткерлікке шыққан.
Сәмедбек мектеп бітірген жылы отбасының одан үлкен үш баласы да жоғары оқу орындарында оқып жатқан. Аита – анасына салмақ салғысы келмеген кенже ұл бір – екі жыл шаруашылықта жұмыс істейтін ниетін білдіріп еді, оған әкесі келіскен жоқ. «Қарайып қаласың, қалаған оқуыңа құжатыңды тапсыр» деген қамқор әке баласына. Айша ана отағасының ұсыныс - шешімін қуана құптаған.
Ата – анасының ақ батасы қабыл болып, сол жылы Жамбыл гидромелиоративтік – құрылыс институтына түскен Сәмедбек 1977 жылы осы оқу орнынан инженер – гидротехник мамандығын алып шықты. Жұмыстың реті солай болып, аудандық жол бөліміне шебер қызметіне орналасқан. Содан оның бар саналы ғұмыры осы салаға арналды. Көп ұзамай прораб, бас инженер лауазымдарына көтерілген білімді, іскер азаматтың біліктілігі ескеріліп, аудандық жол бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалды. Қызмет өскен сайын жауапкершілік арта түсетіні айтпаса да түсінікті. Жауапкершілікті жоғары сезінген бастық Сәмедбек Жұмаділдәұлы қарамағындағыларға да қамқорлығын аяған жоқ.
Ауданда 17 жыл қызмет атқарып, мол тәжірибе жинақтан білікті маман Сәмедбек 1994 – 2001 жылдары «Жамбыл жолдары» акционерлік қоғамында вице – президент, одан кейін 6 жыл «ДАҚ – Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы қызметтерінде жол салу, жол жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше көңіл бөлетін.
Әр жылдарда Астанадағы «АДСТ – К» ЖШС бас директоры, Тараздағы «Жамбылжол» ЖШС бас директорының орынбасары, «Жол – Сапа» ЖШС резидент – инженерінің ассистенті қызметтерінде Сәмедбек алған бағытынан айныған емес. Жолаушының сапары сәтті болуында жол сапасының рөлі жоғары. Сәмедбек үшін сапа басты назарда болатыны да сондықтан.
Халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолынан бастап Қазақстанның көптеген өңіріндегі автожолдарда Сәмедбектің қолтаңбасы бар.
Оның еңбегі елеусіз емес. Жемісті жұмысының белгісіндей омырауында саланың жоғары марапаты «Құрметті жолшы» төсбелгісі жарқырайды. Сәмедбек Жұмаділдаевтың көп жылғы жемісті еңбегі «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл», «Еңбек ардагер» медальдарымен, «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін», «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» төсбелгілерімен аталып өтті.
Сәмедбек – шаттық ұялаған шаңырақтың отағасы. Зайыбы Сәуле Балақметова Сарысу аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бастығы, Тараздағы Абай атындағы №26 орта мектеп директорының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Сәуле екеуі 2 қыз, 1 ұлға өмір сыйлап, олардан немерелер сүйіп отыр. Ұл – қыздары жүрек қалауымен таңдаған мамандықтары бойынша қызметте.
Бақытын жолдан тапқан замандас дос, Сәмедбек Жұмаділдәұлы туралы айтпағымыз осы еді.

Байқадам ЖУАСБЕК,
облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты қызметкері.
Обсудить

Похожие материалы:

МЕРКІДЕ ТӨРАҒА АУЫСТЫ
28 июль 2022, Четверг
МЕРКІДЕ ТӨРАҒА АУЫСТЫ
КІТАППЕН ДОС БОЛҒАН
18 март 2024, Понедельник
КІТАППЕН ДОС БОЛҒАН
ӘБЕКЕҢ АСҚАН АСУЛАР
08 июнь 2023, Четверг
ӘБЕКЕҢ АСҚАН АСУЛАР
Тағлым
31 май 2022, Вторник
Тағлым
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры