БАЛАНЫ ЕМЕС ӨЗІМІЗДІ ТƏРБИЕЛЕЙІК
БІЗДІҢ БАЛА КЕЗІМІЗДЕ ӘРБІР ҮЙДЕ АТА-ӘЖЕЛЕР БОЛАТЫН. ОЛАР БАЛА ТӘРБИЕСІМЕН АЙНАЛЫСАТЫН. НЕМЕРЕСІН БЕСІККЕ САЛЫП, ӘДЕМІ ӘН АЙТАТЫН. БАЛАНЫ КІШКЕНТАЙЫНАН ЕҢБЕККЕ БАУЛИТЫН. БІЗ ҚАБЫРҒАСЫ ҚАТАЙМАҒАН БАЛА БОЛСАҚ ТА, ҮЛКЕНДЕРМЕН ЖАРЫСЫП ЕҢБЕК ЕТТІК.
Ауылдың маңындағы сай-саланың көк шалғынын оруға тұрғындарға бөліп беретін. Сол жерді тазалап орып, жинап алатынбыз. Мұның өзі айналаны таза ұстауға үлкен септігін тигізетін. Отбасымызда бізді әкеміз тазалыққа үйретті. Біздің бала кеземізде адамдар өте мейірімді болатын, үлкенді тыңдайтын, сыйлайтын еді. Әр нәрсенің қадірін біліп өстік. Қазіргі адамдарға қарап кейде жүрегім сыздайды. Табиғатты аялау деген түсінік мүлдем жоқ сияқты. Тұрмыс қалдықтарын, азықтүліктің қоқысын кез-келген жерге тастай салады. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, судың жолы ашық болуы керек. Су - тіршілік нәрі. Алайда қазір бұлақтың көзін ашып жүрген адамды көрмейміз. Бар шығар, бірақ санаулы. Бала кезде біз таза табиғи өнімді жеп өстік. Тамақтың түрі қазіргідей көп емес. Бірақ барлығы құнарлы, қолдан қоспасыз жасалған өнімдер. Шөп оруға барғанда аналарымыз бидай көже жасап, ыдысқа құйып беретін. Әрі сусын, әрі тамақ. Нәтижесінде денсаулығымыз жақсы болды. Ал, қазір кейбір әйелдер үйінде тамақ істемейді. Балаларына дайын тамақтарды сатып алып бере салады. Оның зияны көп. Сол үйдегі қыз балаға бұл қандай тәрбие болмақ? Аналарымыз қыз баланы кішкентайынан үй шаруасына үйрететін. Қазақта «Балаңды емес, өзіңді тәрбиеле» деген аталы сөз бар. Балада емес, мәселе өзімізде болып тұр. Кейбір үлкендер адамды алалап амандасады. Адамды қызметіне, жағдайына, байлығына қарай бағалайды. Егер дәл осы күйінде кете берсек, болашағымыз не болмақ?! Қажылар, зиялы қауым өкілдері, депутаттар, жалпы қоғам осы мәселелерге мықтап назар аударса деген тілегіміз бар. Бүгін ұялы телефонда шұқшиып отырған жастар ертең қалай өмір сүреді? Елімізді қалай дамытады? Елді қалай қорғайды?
ҚАЗАҚ БАЛАСЫ ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕДЕН ТОЛЫҚ ҚОЛ ҮЗСЕ, ҰЛТ БОЛУДАН ҚАЛАМЫЗ. СОНДЫҚТАН ҚАЗАҚИЛЫҒЫМЫЗДАН АЖЫРАМАЙ, БАР ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫ ҚҰРМЕТТЕЙ БІЛЕЙІК. СОНДА ҒАНА БҮГІНГІ АЯҚ БАСҚАН САЙЫН АЛДЫМЫЗДАН ШЫҒАТЫН КЕЛЕҢСІЗДІКТЕРДЕН АРЫЛАМЫЗ.
Ақ жаулық деген қандай қасиетті киім. Қазір ақ жаулықты, ұлттық киімдерімізді Наурыз мейрамында ғана киіп, бір-екі күн қазақ болып қаламыз. Басқа кезде ше? Көзбояушылықтан арылуымыз керек. Қазақ «Байлығымды алсаң да, пейілімді алма» деген ғой. Бір-бірімізге деген пейіліміз, ниетіміз, тірлігіміз түзу болсын! Ұрпақ тәрбиесі дұрыс болуы үшін бірінші өзімізді түзеуіміз керек.
Қайрат САРЫБАЕВ, еңбек ардагері. Б.Момышұлы ауылы, Жуалы ауданы
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ
28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)