Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » ДАЛА АКАДЕМИГІНІҢ ДАРА ЖОЛЫ

ДАЛА АКАДЕМИГІНІҢ ДАРА ЖОЛЫ

10 октябрь 2024, Четверг
77
0

Өткен-кеткенді ой елегінен өткізіп, еске түсіріп отырудың өзі бір ғанибет. Өйткені өткеніңді білмей болашақты болжау қиын. Біз де бала болдық, жігіт болып желкілдедік, ел ағасы болып ауылаймақтың барын түгендеп, жоғын жоқтаған жағдайымыз бар. Зымыран уақыт өз заңымен жүреді. Міне, бүгінде бізде қариялыққа аяқ бастық, егде тарттық. Басқаларды қайдам, өзім көп ойланамын. Артымда қандай із қалдырдым, ұрпағыма нені өнеге еттім? Осы жағдайлар мені қатты толғандырады. Пендеміз ғой, кейінгі ұрпақ еске алып отыратындай не іс бітірдік, немізбен мақтана аламыз? Осындай мазасыз сауалдар көкіректе көбірек жиналып қалғанда алдымызда өмір сүрген, жаны жайсаң, жасампаздықтың туын жоғары көтеріп ұстаған ардақты ағаларымыз ойға оралады. Әрине, олардың әр қайсысына қолдан келіп жатса бірбір кітап арнауға болар еді. Олар соған лайықты. Әр ауылдың, әр аймақтың дара да, дана да тұлғалары болады. Қанша ұрпақ ауысқанымен елі-жұрты оларды ұмытпай айтып жүреді, есімдерін қастер тұтады, әруақтарын әспеттеп отырады. Ойық ауылының негізін қалаған өз заманының заңғар тұлғалары Әнуарбек Тәжімбетов пен Жамаубай Айтқұлов көкелеріміздің есімі осындайда еске оралады. Ол екеуі де бір күнмен өмір сүрген жоқ, болашақтың іргетасын қалап, тер төкті. Салдыр-салақ еңбек еткен жоқ. Олардың атқарған әрбір ісі күні бүгінгідегідей есімізде. Бүгінде көпшілік болып басымыз қосыла қалса өзімізден кейінгілерге үлгі етіп Әнуарбек пен Жамаубай ағаларымыздың елге еткен орасан зор еңбегін, ақыл-парасатқа толы әңгімелерін, адами қасиеттерін айтып отырамыз. Өйткені біз олардың көзін көрдік, жас болсақ та ағаларымыздың асыл қасиеттерін бойымызға сіңіріп өсуге тырыстық. Әнуарбек Тәжімбетов ағамыз шын мәнінде ауыл шаруашылығы өндірісінің ірі ұйымдастырушысы болды. Қарап отырсақ ол кісі дала академигі екен ғой. Ол кезде бүгінгідегідей, толып жатқан академиялар, университеттер жоқ. Шетелде оқу деген қарапайым кеңес адамының түсіне де кірмейді. Олар – өмір деген университеттің толық курсынан өткендер. Өздігінен білім алды, еңбек ете жүріп шаруашылық басқару ісінің қыр-сырын меңгерді. Халықпен санасты, өзі басқарып отырған елдің ең асыл қасиеттерін бойына сіңіре білді. Сәл шегініс жасап, шежірелі тарихымыздың бір мезетіне көз жүгіртсек деп едім. 1957 жылдың 2 ақпанында майда ұжымшарлар біріктіріліп, «Ойық» қаракөл қой кеңшары құрылды. Сол кездің талаптарымен есептейтін болсақ- бұл көпбейімді, әмбебап шаруашылық еді. Кеңшар ұйымдастырылғанда құрамында «Жиенбет» машина трактор станциясы (МТС), 500 сиыр, 300 жылқы, 75 түйе, 27мың қой, 15 трактор, 4 комбайн, 6 автомашинасы болды. Сексенінші жылдары Әнуарбек Тәжімбетов іргесін қалап, шаңырығын көтерген осы шаруашылықта 60 мыңнан аса қой, 500 жылқы, 180 түйе, 1 мыңнан аса сиыр, 70 трактор, 63 автомашина болды. Осы мезгілде кеңшарда 150 мың центнер ет, 40 мың центнер жүн, 400 мың дана қаракөл елтірісі, 160 мың центнер астық өндірілді. Кеңшар құрылған кезде шаруашылықтың негізгі қоры 1 миллион сомды құраса, сексенінші жылдарға қарай оның көлемі 8 миллион сомға жетті. Кеңшарда 56 миллион сомның ауыл шаруашылық өнімдері өндірілді. 36 миллион сомның құрылыс жұмыстары атқарылды. 16 миллион сомға техника сатып алынды. Ол кезде ауылымызда 800- ге тарта үй болды, 6 мыңдай адам тұрды. Мынаны қараңыз, сол жылдары кеңшарда 700-ге жуық тұрақты жұмыс орны болды, маусымдық жұмыс кездерінде еңбек ететіндердің саны 1 мыңға дейін жететін. Әрине, менің бұл санамалап отырған көрсеткіштерім бүгінгі буын өкілдеріне онша түсінікті болмауы мүмкін. Бұл сандардың артында жүздеген мың адамдардың еңбегі жатқандығын біреу түсінер бүгінде, біреу түсінбес. Десекте айта кетуім керек, ол заманда инфляция деген атымен жоқ болатын, ақшаның құнсыздануы дегенді ел білмейтін. Мәселен кеңшар құрылған алғашқы жылдарда жұмысшылардың жалақысы 60 сом көлемінде болса, сексенінші жылдары бұл көрсеткіш 173 сомды құрады. Ойық ауылына елу орындық емхана, әйелдер босанатын аурухана, басқа да денсаулық мекемелері, 1200 балалық орта мектеп, 120 балалық балабақша, стадион, монша, басқа да әлеуметтік нысандар салынып, ел игілігіне берілді. Әнуарбек көкеміз кеңшарға басшылық жасаған жылдарда атқарылған жұмыстарды айта берсек әңгімеміз біразға созылар еді. Жиырма үш жыл ел басқарғанда ол кісі осы ауылдан жиырма үш Социалистік Еңбек Ерін шығарыпты. Бірақ Еңбек Ері атағын асыл адамның өзі алмапты. Соншама абырой-атағы бар, беделі де жетерлік кісінің бұл арада тек өзін емес. елге болсын деген асыл қасиетін байқауға болады. Әнуарбек Тәжімбетовтей дала академигінің туған еліне жасаған еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Осындағы өзі салдырған мәдениет үйі ол кісінің есімімен аталады. Біз «Қай ауылдансың?» дегендерге көкірегімізді керіп тұрып «Әнуарбек Тәжімбетов ауылынанбыз» деп жауап береміз. Еңбектің елеңгені осындайақ болсын. Біз дала академигі Әнуарбек Тәжімбетовпен мақтанамыз.

Пана РАХМАНБЕРДІҰЛЫ, Талас ауданының Құрметті азаматы, Ойық ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ 28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ 20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ 18 ноябрь 2024, Понедельник

Похожие материалы:

СӨЗ ҚУҒАННАН ПАЙДА  ЖОҚ
27 апрель 2023, Четверг
СӨЗ ҚУҒАННАН ПАЙДА ЖОҚ
ТҮЛЕКТЕР АУЫЛДЫ ТҮЛЕТУДЕ
08 июнь 2023, Четверг
ТҮЛЕКТЕР АУЫЛДЫ ТҮЛЕТУДЕ
ЕҢБЕК ЕЛЕНСЕ ЕКЕН ...
26 февраль 2024, Понедельник
ЕҢБЕК ЕЛЕНСЕ ЕКЕН ...
САЯБАҚТАРДЫ САҚТАЙЫҚ
08 июнь 2023, Четверг
САЯБАҚТАРДЫ САҚТАЙЫҚ
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры