Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » ҒҰМЫРЫН ЕҢБЕККЕ АРНАҒАН

ҒҰМЫРЫН ЕҢБЕККЕ АРНАҒАН

12 январь 2023, Четверг
164
0
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті: 
— Біз қоғамда еңбекқорлық идеясын орнықтыруымыз керек. Турасын айтайық, бұл қазір ең өзекті мәселе болып тұр. Азаматтарымыз адал еңбекпен табыс табуды ең басты орынға қоюы қажет. Бақуатты ел болу биліктің жұмысына ғана емес, ол, ең алдымен, әрбір азаматтың еңбегіне байланысты.



Елімізде көп баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты аналар көп. Ал, үш рет қатарынан егіз туған ана туралы естіп пе едіңіз? Онда да еңбектен қол үзбей жүріп. Естімесеңіз, айтайын. 
Барлық ана-перзенті үшін әлемдегі теңдессіз, ең жақсы адам. Редакцияға телефон шалып хабарласқан Асан үшін де Райкүл апай сондай теңдессіз жан. Ана махаббаты бізді жолға шақырды.
Байзақ ауданы Көктал ауылында тұратын Райкүл апай жылы шыраймен қарсы алды. «Түсі жылыдан түңілме» дейді ғой қазақ, жүзінен мейірім төгіліп тұр. Жүзі жарқын, пейілі дархан, құшағы кең қонақжай қайран қазақы мінез аналар-ай десеңші!
— Осы балам-ақ менің мерейімді өсіріп, атағымды аспандатқысы келеді де жүреді. Балаларым аман болса, мен-бақыттымын. Аналар үшін басқа бақыттың керегі не?!,-деді Рыскүл апа қарапайымдылықпен.
Баласы Асан айтса айтқандай, Райкүл апай қандай мақтауға да лайық адам екен. Он тоғыз жасында осы табалдырықтан келін болып аттап, бүгінде әулеттің анасына айналып отыр. 
— Мына көрші Қарасаз ауылында туып -өскенмін. Ұлы Отан соғысына қатысып, оттың ортасынан оралған әкем Мәуленбай өз заманында ауқатты, бай болды. Адал еңбегінің арқасы ғой, тұрмысы түзу, ешнәрседен мұқтаждық көрмепті. 
Әкем – екі әйел алған кісі. Бәйбішесі Күлтай ападан туған 10 баланың көпшілігі жастай шетінеп кетіп, Бұрлан ағам мен Әсемкүл әпкем ғана қалған екен.
Біз екінші әйелі Айнакүлден 9 баламыз. Асқар. Бейсен, Бақтыбек бауырларым қайтыс болып кеткен. Құдайға шүкір, олардан ұрпақ бар. Менен кейінгі Райхан, Рәбиға, Қалдыкүл, Ләйла бір-бір шаңырақтың аналары. «Қыз бала-болашақ ана. Оның міндеті бір шаңырақтың шамын жағып, ұрпағын өндіру» деген ұстанымдағы әкем мені жетінші сыныптан кейін оқытпады.
Әкеміз қанша қатал болса да, анда-санда болып тұратын ауыл жастарының басқосуына жеңгелерімізге еріп, замандастарымызға қосылып қатысып тұрамыз ғой. Сондайда жағдай сұрасып қалып жүрген Тұрсынқұлдың көзі түсіпті маған. Шыны керек, менде кетәрі болған жоқпын. Жеңгелер арқылы сөз салып, бір күні өз келісіміммен алып қашты ғой.
Мәуленбай байдың қаһарынан қорқып, «қайтып алып кете ме» деп қауіптенген енем, апам марқұм, мені екі күн бойы көршілердің, ағайын-туыстардың үйлеріне тығып ұстады. Содан үшінші күні батылданып «Апа, мені қашанғы үйден-үйге тығып жүресіз, үйіңізге апарып бетімді ашпайсыз ба!» дедім. Сөйтіп, беташар рәсімі өткеннен кейін артымнан «қуып келген» әкем менің ықтиярыммен келгеніме көзі жеткеннен кейін: «Бақытты болыңдар!» – деп батасын беріп, қайтып кетті. Міне, содан бері осы үйдемін, қарағым. Құдайдың берген перзенттерін көрдік, жұмыс та істедік. Бүгінгі хәліме мың да бір шүкір,-деп шыққан тегі, келген жері туралы әңгімелеп берді Райкүл апай.
Келін түсіп, қарашаңырақтың түтіні өшпегенін күтіп жүргендей Айнакүл апа (енесі) бір жылдан кейін Алланың аманатын тапсырып, бақилыққа аттанған. Тұрсынқұлы мен Райкүлі ошағының отын сөндірмей артында қалғанына шүкіршілікпен кетті жарықтық.
Айтпақшы, келіннің алғашқы балаға аяғы ауырлағанын естіп, абысындарына, көрші-қолаңға құрсақ шашу таратқаны бар екен ғой. Сонда келініне қарата былай дегені бар.
— Шырағым Райкүл, мен немеремді көре алмаспын. Тұрсынқұлым алды – артында не аға-інісі, не әпке-қарындасы жоқ жалғыз еді.  Жалғыздың жары-Құдай, одан кейінгі сүйеніші де, демеушісі де, қамқоршысы да сен. Құдай етегіңе берсе, көпсінбей туа бер, шырағым. Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығар, әрқайсысының өз несібесі бар.
Алла ақпейіл ананың тілеуін беріп, арты жаман болған жоқ.
Тұрсынқұл ауылдағы құс фабрикасында жүргізуші болып істейді. Райкүл де сонда жұмысқа орналасқан.  Былайғы жұртқа құс бағу оңай көрінеді. «Уақтылы жем-суын беріп, астын тазалап тұрсаң болғаны. Күнделікті туған жұмыртқасын жинап ал да, тиісті жерге өткізе бер» деп ойлайды бәрі де. Жоқ, олай емес. Тауықтар нәзік келеді. Оларға жылы қора, жеткілікті жем-су керек. Қорасын жиі тазалап тұрған дұрыс. Сонда ойдағыдай өнім алуға болады.
Райкүл құс күтіміне байланысты қат-қабат жұмыстарды уақтылы, ұқыпты әрі тиянақты атқаруға дағдыланған. Жұмысқа деген жауапкершілігі арқасында фабрикада құс еті, жұмыртқа жөніндегі жоспардың асыра орындалуына зор үлес қосты. Еңбегі еленіп, құрметтен кенде болған жоқ. Алған марапаттары мен сый-сияпаттары да бар. Ол фабрикада жүргенде «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Халық депутаттары  аудандық Кеңесінің  депутаттығына сайланып, қоғамдық жұмысқа да белсене араласты. Қазір сол бейнетінің зейнетін көріп отыр. Ардагер құс өсіруші Райкүл Рапишеваның өңіріндегі марапаттарына беріде «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне - 20 жыл» мерекелік медалімен «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін», «Байзақ ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері қосылды.
Еңбекті ана болуымен ұштастырған Райкүл Рапишева өмірге 8 бала әкелген. Сөз басында айтқанымыздай, олардың 6-уы егіздер. Және үш рет қатарынан. Райкүл балалы болған кезде көмектесетін ешкімі жоқ еді. Енесі қайтыс болып кеткен. Басқа ауылда тұратын анасының өз балалары мен немерелерінен қолы босамайды.
Алғашқы перзентінен кейін бір жыл бала күтімімен үйде отырған. Енесінің өсиетімен сәбиіне жақсылап қарап, үйде болуды ойлады. Құдайға шүкір, Тұрсынқұлдың табысы жетіп жатыр. Отбасында жанбасы да көп емес. Ол ойы жүзеге аспады. Өндіріске керек екен. Фабрика жұмысқа шақырды. Баласын жұмыс орнындағы бөбекжайға қабылдады. Онда тәрбиешілер мен күтушілер балаға жақсы қарайды. Еш  алаңдамауыңа болады.
— Балалардың бәрі де балбақшада тәрбиеленді. Тіпті, өз үйлеріндей үйреніп алған. Бірақ, олардың жаялықтары мен жөргектері таза, құрғақ, жылы болуы керек. Жұмыстан келе ас дайындай жүріп, жөргек-жаялықтарды жуып, жайып қоюға да үлгеремін. Қайран жастық, бәрін еш қиналмастан атқардым. Алғашқы екеуі Гүлжан мен Нұрлан жалқы ғой, олардың күтімінде еш қиналыс болған жоқ. Егіздердің алғашқысы Асан мен Үсен дүниеге келгенде «қиналатын шығармын» деп ойлағанмын. Бала күтімінен әжептәуір тәжірибелі болып қалған кезім, үлгердім бәріне де. Егіздерді айқастыра бесікке бөлеп тастаймын. Оның үстіне Гүлжаным бесік тербетуге жарап  қалған. Ол да қолғанат,-деп еске алады сол қызықты кездерді Райкүл Рапишева, — Алғашқы егіздер дүниеге келгенде фабрика екі балаға арналған бесік-арба сыйлаған. Қайда барсам да, сол арбаға салып алам. Сол арбаға кейінгі екі егіз-Нұржан мен Ержан, Элмира мен Гүлмира да мінді. Күтіп ұстағандықтан арба бұзылған да, ескірген де жоқ.
Көп бала көгергенімізге жақсы, бүгінде сол балалар әрқайсысы бір-бір үй болып, Тұрсынқұл әке мен Райкүл анаға немере, шөберелер сыйлады. Алланың ісі ғой, Тұрсынқұл аға солардың біразын көріп, қылықтарын қызықтап, сәбилік еркелік мінездеріне сүйсініп, 72 жасында бақилық болды.
Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ, Райкүл ана өмір сыйлаған 8 перзенттің үшеуі бұл дүниеде жоқ. Асанның сыңары Үсен 2016 жылы 46 жасында қайтыс болды. Бір шүкіршілігі, артында 2 ұл, 2 қыз қалды. Үшінші егіздің бірі Элмира кішкентайында шетінеп кеткен, екіншісі Гүлмира да бақилық. Құдайдың құдіреті, ол да ағасының жасында-46 жаста өмірден озды. Артында Ақерке, Қаламқас атты қыздары қалды. Үлкені тұрмыста, кішісі Райкүл апасымен бірге тұрып жатыр.
— Апамның айтқанындай, бала-ларымның әрқайсысының өз несібесі болды. Ол, әрине, бірінші Алланың, екінші мен жұмыс істеген фабрика басшылығы қамқорлығының арқасы. Фабрикада С.Тойтанбаев, В.Рубальский, В.Коцендорм, Қ.Жабағиев сынды директорлармен жұмыс істеппін. Күйеуім де, мен де сонда жұмыс істегендіктен, бұл басшылардың қай-қайсысы да бізге көпбалалы отбасы ретінде қамқорлығын аяған емес. Қамқорлық емей немене, тұңғышымыз Гүлжан фабрика жолдамасымен Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында оқып, мал дәрігері мамандығын алып шықты. Мамандығы бойынша жұмыс істеді. Қазір Алматыда тұрып жатыр. Бекен күйеубала екеуінің екі ұл, екі қызы бар. Қарашаңырақта отырған Нұрланымыз өз ізденісімен Ресейдің  Ярославль қаласында оқып, зоотехник мамандығын алып келген. Қазір Әулиеата әуежайында күзет бастығы. Өзімен бірге жұмыс істейтін Гүлжан келінім екеуінен 4 немерем бар. В.Рубальскийдің директор кезінде ғой деймін, фабрика жолдамасымен Асан мен Үсен Алматы зоотехникалық – малдәрігерлік инстит-утында оқып, екеуі де мал дәрігері мамандығын алып келген. Асаным-осы Көктал ауылында лицензиялы малдәрігері. Гүлбану келінім-мұғалім. Олардан 3 немере сүйдім. Үлкені Мадиярдан Ахмедияр атты шөбере көріп отырмын.
Екінші егіз Нұржан мен Ержан да 50-ден асты. Нұржанымнан 5, Ержаннан 3 немере көрдім. Олардың кейбіреулерінен шөберелер де бар. 
Нұржаным мен Ержанымның үйлері-ндегі Рәйкүл, Гүлназ келіндерім ерлерінің жағдайын, балаларының күтімін жасап отыр, – деп ақжарқын ана әулеттің қазіргі жай-жағдайын да баяндап тастады.
Райкүл апа елдің амандығына, заманның тыныштығына шүкіршілік етіп отырған жайы бар. Дегенмен, Шерағаң-Шерхан Мұртаза айтқандай, бір кем дүние! Алтын құрсақты ананың биліктегілерге бір өтініш-тілегі «Алтын алқалы» ана екенін, оның ішінде үш егізді қатарынан дүниеге әкелгенін ескеріп, Тараз қаласынан пәтер берсе дейді да. 
— Гүлмирамнан қалған аманат – қамқорлығымдағы Қаламқасымды ешкімге жәутеңдетпей өсіріп, жетілдірсем деген арманым бар. Жас та келіп қалды ғой. Сонда да болса қамкөңіл Қаламқасымның жайы алаңдатады, – деді қоштасарда Райкүл апа.
Райкүл ананы осындай өтініш жасауға тұлдыр жетім жиен немересі Қаламқастың тағдыры мәжбүрлеп отырғанын түсіндім. Шіркін, жоғарыда отырғандар да осылай түсініп, қамқор қолын созса ғой.

Болат ЖАППАРҰЛЫ, 
Қазақстан  Журналситер одағының  мүшесі.
Байзақ ауданы.
Обсудить
Блок в статье:
АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ ДОДА 16 декабрь 2024, Понедельник
Баталы елге - бақ қонар 16 декабрь 2024, Понедельник

Похожие материалы:

Елге ел қосылса құт
30 май 2022, Понедельник
Елге ел қосылса құт
Тәрбие басы - талбесік
19 март 2020, Четверг
Тәрбие басы - талбесік
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры