Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » АЙТАРЫ БАР БАСЫЛЫМ

АЙТАРЫ БАР БАСЫЛЫМ

24 ноябрь 2022, Четверг
182
0
Ертең, 25 қараша күні, облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті төралқа мәжілісі өтіп. облыс ардагерлер ұйымдарында ардагерлер басылымдарына жазылудың барысы туралы мәселе талқыға түскелі отыр. Тараз, Шу қалалық және аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағалары жиында облыстық "Ғұмыр-Дария" газетіне де жазылу қалай жүріп жатқандығы туралы есеп береді деп күтілуде. Келесі жылы өзінің асқаралы белесі – оныншы маусымына аяқ басқалы отырған газет редакциясы қалалық, аудандық ардагерлер кеңестерінен лайықты қолдау күтіп отырғанымыз да шындық. Осыған деЙін жақсы қалыптасқан бірлескен  жұмысымыздың бұдан былай да жемісті де, жеңісті бола беретініне сенімдіміз. Осы орайда газетіміздің жанашыры, тұрақты авторы, ТараздыҚ белсенді ардагер Алдаберді Мақашевтің "Ғұмыр-Дария" туралы толғанысын оқырмандар назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.
Қазіргі кезде газет-журналдардың қоғамдағы орнын интернет пен теледидар басты. Бірақ қолыңа алып, өз көзіңмен көріп оқыған газеттің жөні бір бөлек. Газет оқығандай интернет бетінен материалды тұшынып оқи алмайсың. Бір жағынан жүйке қысымы, көз жанарына зиянды екендігін ескерсек, интернеттің тиімділігі өз міндетін толық атқара алмайтындығын аңғаруға болады. Сондықтан да өзіңнің бой үйреткен газетіңнің иісінен-ақ ләззат алғанға не жетсін?!
Баспасөз – қоғамның үні, жаршысы. Газет-елдің айнасы. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет-халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп алғаш өздері ұстын болып, қазығын қадаған қазақ баспасөзінің болашағына осылай баға берген екен.
Кез-келген басылымның өзіндік бет-бейнесі мен беделі болады. Осы бағытта облыстық қоғамдық-саяси «Ғұмыр-Дария» газеті өзінің байыпты байламдары, салмақты ойлары бар беделді ақпарат құралы ретінде көпке танылған басылым бола алды. Бүгінде түрлі тақырыптарда қалам тартып, тақырыптық, проблемалық және талдамалық-сараптамалық мақалалар газет бетінде көрініс тауып, заман көшінен қалмай ойлы оқырмандарымен бірге жасап келеді. Сондай-ақ, ардагерлердің, зиялы қауым өкілдерінің дін мен дәстүр, тағылымды тарих және қоғамдағы өзге де өзекті мәселелер туралы ой-пікірлі оқырманның жүрегінен жол тауып келеді.
Бүгінде ардагерлердің сүйікті басылымына айналған «Ғұмыр-Дария» газетінің 2013 жылы алғашқы нөмірі шыққанынан бері тұрақты оқырманы және белсенді авторы ретінде өзіндік үнімді қосуды мақсат етіп қолыма қалам алдым. Себебі, бұл газет-оқырманның ақылшы досы әрі рухани серігіне айналған,  көптің жүрегінен орын алған, тақырыбын тапқан басылым. Байыпты басылым әр мақаласын салмақтап, саралап барып ұсынады оқырмандарына. Газеттің әрбір санынан мағыналы мақалалар, әдемі әңгімелер, өрнекті өлеңдерін оқи отырып, шығармашылық ұжымға өзімнің ризашылығымды білдіргім келеді. Сондықтан да болар, уақыт өткен сайын газетіміздің бет-бейнесі өзгеріп, мазмұны байи түсуде. «Осы бағытта басылымның шығармашылық ұжымы қандай да басым биік деңгейге лайық» деп зор сеніммен айта аламын. Бұл басылымды баспасөз саласында елге танымал, шығармашылықта ысылған, тәжірбиесі мол, маржан сөздің хас шебері, Қазақстанның Құрметті журналисі Жаңабай Миллионов алғаш өз қолымен ашып, абыроймен басқарып келеді.
Журналист – қасиетті қалам иесі. Осы орайда газеттің мазмұнын байытып, мәселелерді өткір көтеріп, батылдығымен және қаламының ұшқырлығымен, жарасымды әзілімен танылып жүрген байырғы журналист Болат Жаппарұлының да есімін ардақтап атауға тұрарлық.
Газет облыс ардагерлер ұйымдарының қызметін жазумен шектеліп қана қоймай, тарихи-танымдық, тәрбиелік-тағылымдық тақырыптарда мақалаларды тұрақты жариялап отырады. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтар, адами болмыс, жасампаз жандардың өнегелі өмірі, еңбек жолдары туралы мақалаларды газет бетінен жиі көреміз. Одан бөлек «Қоғам», «Руханият», «Тіршілік», «Сұхбат», «Ғибрат», «Парасат», «Дара айтқан дана сөздер», «Әзілің жарасса...» деп айтылатын беттер және арнайы айдарларымен жарияланатын мақалалар қызықты әрі тартымды. Мақалалардың тақырыбын тереңнен талдап, тауып қойылатынына тәнті боласың. Сол тақырыптың мәнділігіне қарап отырып-ақ, мақаланы оқуға қалай құныға кірісіп кеткеніңді де байқамай қаласың. Газет бетінде өңіріміздегі танымал азаматтармен, басшылармен сәтті сұхбаттар да жиі жарық көріп тұрады.
Облыстық ардагерлер кеңесінің қолдауымен шығатын басылымның жағдайы күн өткен сайын жақсарып, таралымы артып, қазіргі заманға сай келбетімен жарық көруде.
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде ардагерлер ұйымында атқарылып жатқан игілікті іс-шараларды осы басылымға жіберіп отырамын. Редакция ұжымына рахмет, жолдаған мақалаларым газет бетінде тұрақты жарияланып тұрады. Сондай-ақ, бізде атқарылған түрлі іс-шаралар туралы жылда ақпараттық бюллетень (кітапша) шығару жақсы жолға қойылған. Сондағы материалдардың басым бөлігі осы газет бетінде жарияланған мақалаларымыз арқылы жинақталған.
Алдағы уақытта да газеттің тақырып ауқымы кеңейіп, жаңа айдарлар ашыла берері сөзсіз. Сол үшін бүгінгі күні жүріп жатқан баспасөзге жазылуда ардақты ардагерлерімізді, абыз ақсақалдарымызды, зиялы қауым өкілдерін, басқа да кәсіп иелерін ұйымшылдық танытып, төл газетімізге рухани жанашырлық танытуға шақырамын. Қадірлі ардагерлер, «Ғұмыр-Дария» газеті әр шаңырақтың төл басылмына айналсын» деген тілегімді арнаймын өздеріңізге. Баспасөз – ел өмірінің айнасы, олай болса, облысымызда болып жатқан оң өзгерістерге жұртпен бірге қуанып, газетке жазылуға бір кісідей атсалысайық.
Басылымның шырайы одан да әрі ажарлана беруіне тұрақты оқырманы, белсенді авторларының бірі ретінде газет қызметкерлеріне тілерім: қаламдары қарымды, тағылымдары тұғырлы бола берсін!

Алдаберді МАҚАШЕВ,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі,
Тараз қаласы мен Сарысу ауданының Құрметті ардагері.

Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ 28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ 20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ 18 ноябрь 2024, Понедельник

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры