Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Жетібайдың жеті қыры, бір сыры

Жетібайдың жеті қыры, бір сыры

15 июль 2026, Среда
77
0
Жетібай Нұрмағанбетұлы 1957 жылы Кеңес ауылдық округі, Айдарлы ауылында дүниеге келген. Жетібай 1974 жылы Құмөзек ауылындағы Ыбырай Алтынсарин орта мектебін бітіріп шықты. Тағы бір жыл аудан орталығындағы кәсіптік - техникалық училищеде оқып, көлік жүргізушісі куәлігін алады. 1976 жылы Отан алдындағы  әскери борышын өтеуге кеткенге дейін Қарабөгет ауылында көлік жүргізушісі болып еңбек етті. Екі жылдық  әскери борышын толық өтеп, 1978 жылы ауылына оралғаны – бір қуаныш.  Арада бірнеше   ай уақыт өткенде Жетібайды аудандық  ішкі істер бөлімі шақырған. Олар өзі жас, өзі пысық жігітті полиция қызметіне тәрбиелемекші еді. Ұсынысты қабыл алған Жетібай Нұрмағанбетұлы полиция қызметкері болып жұмысқа қабылданды. Бұл 1979 жылдың наурыз айы болатын. Бір күннің ішінде пагон тағып, полиция қызметкері болып шыға келген жас жігітке талайлар қызыға қарап жүрді. Бұл болса бірден  іске кірісті. Тәртіп сақшысына бекер қарап жүруге болмайтынын алғашқы күннен ұғынды. Полицияда қызмет ете жүріп, 1982 жылы Коммунистік партия қатарына қабылданды. Ол уақытта коммунист болу – үлкен  жауапкершілік. Сол жауапкершілікті Жетібай бірден сезінді. 1982-1985 жылдары аудандық ішкі істер бөлімі комсомол ұйымының хатшысы болды. Бұл дегеніңіз – комсомол жасындағы барлық полиция қызметкерлерінің саяси басшысы деген сөз. 25 жасар жігіт осындай ауқымды міндетті абыройлы атқара білді. 
Алматы есеп-кредит техникумын «Қаржы айналымы және кредит» мамандығы бойынша 1983 жылы бітіріп шығып,  1984-1985 жылдары Ресейдің Пенза қаласындағы ішкі істер министрлігінің академиясында оқыды. 1989-1992 жылдары Алматы қаласындағы полиция мектебін бітіріп, заңгер мамандығына ие болды. 1988-1992 жылдары бұрынғы «Жасұлан» кеңшарына учаскелік өкіл қызметіне жіберілді. Бұл қызметті абыроймен атқарды. Ол 1992 жылы аудандық ішкі істер бөлімінде тергеуші, көп ұзамай  мемлекеттік тергеу комитетінің аға тергеушісі қызметінде жоғары жауапкершілікпен және адал ісімен көрінді. 1997-2002 жылдары аудандық полиция бөлімінің тергеу қызметінің бастығы болып қызмет атқарды. 2003 жылы аудандық  полиция бөлімінің аға кезекшісі қызметінен зейнетке шықты. Ал енді марапаттарына  келсек, еңбегі еленді. КСРО ішкі істер министрлігі «Үздік милиция» төсбелгісімен, мерейтойлық медальдармен марапатталған. Асыл жары  Бақтыгүл Ізбасарова екеуі  үш ұлынан 9 немере сүйіп отыр. Осылайша, полиция  саласына өмірін арнап, ел тыныштығын күзеткен Жетібай Құлтаев – бұл күнде  көңілі сырға, жүрегі нұрға толы ақсақал.  
Жетібай  ақсақал зейнет жасында да бекер қарап жүрген жоқ. Ауданның 60 жылдығына орай полиция саласы қызметкерлерінің 60 жылдығына естелік ретінде тәртіп сақшыларының өміріне арналған «Абырой аманаты» кітабын құрастырып, баспаға ұсынды. Біз бір ғана жолмен айта салғанымызбен  кітапты құрастырып шығару жауапкершілігі мол үлкен жұмыс. Сол міндетті абыройлы атқарған Жетекең тағы бір белесті бағындырып, қарымымен де, қаламымен де қоғамға пайдасы бар азамат екенін дәлелдей білді. Мұндай белсенділікті құптауға ғана тиіспіз. Тек қана ошақ басының міндеттерімен шектеліп қалмай, аудан деңгейінде үлкен шаруаны жүзеге асырған осындай азаматтың ортамызда жүргені қандай жақсы. Мұндай  белсенділікті бағалап,  құрмет көрсету де артық емес. 
«Абырой аманаты» кітабы Алматы қаласындағы «Нұрлы әлем» баспасынан жарық  көріп, ішкі істер саласындағы барша қызметкерлер мен ардагерлердің көзайымына айналды. 
Аталған  кітапқа аудандық  қоғамдық кеңестің төрағасы Сағынғали Аманов та, полиция ардагері Қияқбай Төртбаев та пікірлерін білдіріпті. Сағынғали Аманов: «Полиция ардагерлері қауіп-қатерге қарамастан заң үстемдігін сақтауда табандылық танытты» десе, Қияқбай Төртбаев:  
Зымырап өтер бұл уақыт, таң атса лезде күн батып,
Уақытқа біздер ілесу білсеңіздер бір бақыт.
Он екі мүшең сау болса, Тәңірдің  сыйы бұл да бір,
Шүкір деп өмір сүрейік, басқаның бәрі қолда тұр, – деп толғаныпты. 
Бұл кітаптың басты артықшылығы  неде деген сұрақ туады? Жинақтың басты артықшылығы – кітапты сол саланы бүге-шүгесіне дейін білетін, сол мектептен  шыңдалып шыққан азаматтың құрастыруында. Редакциялық  жұмысын басқарған Сәкен Исмайл деген азаматқа да мың алғыс. Білетін  адамның жинақтауы  көзге көрініп тұр деп айтуымыз бекер емес. Оны  кітаптағы бөлімдердің басты тақырыбынан да тануға болады. Мәселен, «Жедел қызмет саласы», «Тергеу мен анықтау», «Қоғамдық қауіпсіздік саласы», «Мемлекеттік автоинспекция», «Криминалистер», «Айдауыл», «Кезекші бөлім», «Күзет қызметі» деп аталған бөлімдерден тәртіп  сақшысы қызметі сан саланы қамтитынын ұқтық. Сол салалардың  ішіне кіріп, мазмұнын түсініп кітапқа енгізу – білетін адамның қолынан келеді. Жетібай Нұрмағанбетұлы міне осы жағынан да ұтып тұр. 
Құқық саласының  қызметкерлері, оның ішінде полицейлер  спортқа өте бейім  келеді. Олар спорттық жарыстарда үнемі жүлде мен жеңіске қол жеткізіп жүреді. Құрастырушы азамат  осы жағында  назардан түсірмей,  кеңінен қамтыпты. 
Әке жолын қуған  сала қызметкерлерін   «Полициядағы буын алмастыру дәстүрлері» атты бөлімнен оқып білдік. Полиция ардагері Ізмұхан Спанбековтың жолын баласы Асқар Спанбеков жалғастырса, аудандық  ішкі істер бөлімінде уақытша қамақта ұстау орнының бастығы болған Шеризат Бегалиевтың жолын  баласы, полиция өкілі  Досымжан Бегалиев дамытып отыр. Ұзақ жыл ауданымыздың бас жол инспекторы болған, полиция майоры Марат Мұқашевтың жолын баласы Саяуыш Мұқашев жалғастырып келеді. «Ерлігі үшін» медалінің иегері Құрмет Оспановтың ізін баласы Әділет Құрметұлы Жақсылық басып отыр. Ерлігімен ел есінде қалған Ғабит Орынбетұлы Төлегеновтың жолын інісі Алмас Орынбетов  үлгі етіп ұстайды. Ал қызмет бабында қаза болған полиция аға сержанты Мұрат Базарқұловтың ізін  үлкен ұлы жалғастырып, әке жолының үзілмей  келе жатқаны да қуаныш. 
Кітапты  құрастырушы Жетібай Құлтаевтың өз айтары бар
– Кәсіби маман болмағаннан кейін  осындай ауқымды кітапты құрастырып шығу да оңай емес. Мойыныма  үлкен жауапкершілікті арқалағанымды кітапты жазып жатқан тұста аңғардым. Бірақ, шегінерге жол жоқ еді. Жалпы, құқық қорғау саласы қызметкерлерінде жауапкершіліктен жалтару деген ұғым жоқ. Қолға алдың ба,  аяғына жетуге  тиіссің. Сонымен  тәуекелмен осы кітап әзірленді. Осы кітапқа алғысөз жазып  қолдаған аудан  әкімі Ермек Амангелдіұлына, аудандық  ішкі істер бөлімінің бастығы Алмас Көпбаевқа, аудандық  ішкі істер бөлімі бастығының орынбасарлары Меделхан, Рүстем, Үсен Айнақұлға көп рақмет. Алмас Садуов, Жағалбай Шубаев, Марат Мұқашев, Роза Мұхаева, Мұрат Төлеуов, Керімбек, Таңатар, Тоханға айтар алғысым шексіз. 
Полиция қызметінің ауыр да жауапты сала екенін осы салада еңбек еткен азаматтар ғана терең түсінеді. Халықтың тыныштығы мен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында олардың отбасы да үлкен сынақтан өтеді. Қиындыққа төзіп,  әр істі түсіністікпен қабылдайтын ең жақын жан   әр полиция қызметкерінің адал жары екені анық. Осы орайда полиция ардагерлері Керімбек Өсербаев пен жары Күләш, Мұрат Ыдырысов пен жары Дария, Марат Мұқашев пен жары Нұршат, Алтынбала Көшербаев пен жары Дариға, Ниетхан Кенжебеков пен жары Әлия секілді отбасының  ғана емес, қоғамның тірегі бола білген азаматтар мен азаматшаларға шынайы  алғысымды білдіремін. Қаржылай демеушілік жасап, кәсіпкерлерді тауып, оларға кітаптың маңыздылығын түсіндіріп, үлкен азаматтық қолдау көрсеткен Мұқашев Марат Төкішұлына айрықша алғыс, зор құрметімді білдіргім келеді.  Бұл жаны жайсаң, осы салаға еңбегі сіңген іскер жандардың қолдауымен жарық  көрген кітап. Осы кітапты жинақтап   ауданның құқық қорғау саласына 60 жыл толған мерекеге өз үлесімді қосқанымды мақтаныш етемін. Кітап – көпшіліктікі. Осы естелік  шежіре кітаптың оқырманы көп болсын,  дейді   Жетібай Нұрмағанбетұлы.
Ауданымыздың  рухани әлемі тағы бір айтары ауқымды, мазмұны зор  кітаппен толықты.   Жаңа кітап құтты болсын, оқырман!

Есет ДОСАЛЫ, 
журналист.

Мойынқұм ауданы

Обсудить
Блок в статье:
ҚАРИЯЛАР ҚАЛЫС ҚАЛМАЙДЫ 19 август 2026, Среда
Тағылым 18 август 2026, Вторник
Даналық мекені – кітап әлемі 18 август 2026, Вторник

Похожие материалы:

ҰСТАЗ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ
13 декабрь 2024, Пятница
ҰСТАЗ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Отан үшін от кешкен
18 май 2026, Понедельник
Отан үшін от кешкен
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры