ӘКІМ АҚЫННЫҢ СЕГІЗ ҚЫРЫ, БІР СЫРЫ
Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Бейсенбекұлы Солтыбаев ашып, жүргізіп отырды. Кездесуге мемлекет және қоғам қайраткері Әмзебек Рысбекұлы Жолшыбеков, облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев, зиялы қауым өкілдері, ақын жазушылар мен журналистер қатысты. Кездесу барысында ұлттық құндылықтар, рухани мұра, ұлттық тәрбие, мәдениет пен қоғамдағы өзекті тақырыптар сөз болды. Кездесуге қатысушылар ой-сауалдарын қойып, еркін пікір алмасты. Әкім Ысқақ туралы облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, ақын- сазгер Дүйсеналы Бықыбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Батырбек Күлекеев, белгілі журналист, жазушы, облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы, облыстық мәслихат депутаты Оралхан Дәуіт, белгілі ақын, әнші – сазгер, облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі, Әкім Ысқақтың студенттік досы Үміт Битенова, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Нарима Есенова, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабеков, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Бергентай Байбол Нұрмаханұлы сөз сөйлеп, қонаққа өз сый-сияпаттарын табыстады. Кездесудің өн бойында ақын-сазгер Әкімнің халыққа кеңінен танымал әндері шырқалды. Жалпы алғанда бәріміз тамаша рухани кештің куәсі болдық. Әсіресе оның «Көңіл қымбат», «Адам іздеп жүрмін», «Алтыным», 2009 жылдың ең үздік әні деп танылған «Соңғы вальс», «Бір адам бар», «Қуантқым келеді» басқада көптеген өлеңдері мен әндері халықтың жүрегімен тыңдайтын сүйікті әуеніне айналғалы қашан! Әкім де өз кезегінде Әмзебек Жолшыбековтан бастап бірқатар азаматтарға сый-сияпат жасап, осындай тағылымды кеш-кездесуді ұйымдастырған Еркінбек Бейсенбекұлына ризашылық білдіріп, иығына шапан жапты. Сонымен, әулиеаталық қазыналы қариялардың қалың ортасына келіп, тағылымды кездесу өткізіп, сырлы сұхбат құрған Әкім Ысқақ дегеніміз кім? Енді аты алысқа кеткен сол азамат туралы білгенімізді қысқаша айта кетуді жөн көрдім. Әкім Әбдіқайымұлы Ысқақ 1960 жылы 3 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Бөржар ауылында туған екен. Шымкент педагогикалық институтын еңбек және физика пәнінің мұғалімі, Қазаақ мемлекеттік университетін "Заңгер" мамандығы бойынша тәмәмдаған. 2008 жылы Германияның Шпайер қаласында Әкімшілік ғылымдар жөніндегі Неміс университетінде мемлекеттік қызметкерлердің курсында оқып, арнайы білім алған. Еңбек жолын 1980 жылы өзі оқыған Абай атындағы орта мектепте мұғалімдіктен бастапты, 1990 жылғы сәуірден Бөген аудандық партия комитеті идеология бөлімінің нұсқаушысы. 1990 жылдың шілде айынан республикалық «Лениншіл жас» газетінің Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облыстары бойынша меншікті тілшісі, 1991 жылдың желтоқсан айынан халық депутаттары Шымкент облыстық кеңесінің баспасөз хатшысы қызметін атқарыпты. 1992 жылдың наурыз айынан Ордабасы ауданы білім бөлімінің меңгерушісі болып ауысып, 1995 жылы желтоқсанда баламалы негізде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 1999 жылдан Президент Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор, Президенттің Парламенттегі Өкілдігінің бас инспекторы, Мәжіліс Төрағасы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, Сенат Аппараты Жалпы бөлім меңгерушісінің орынбасары лауазымдарында болған. Мәжіліс депутаты кезінде ерекше белсенділігімен, шынайы ұлтжандылығымен, қазақ тіліне жанашырлығымен ел құрметіне бөлінген. Ол елдің нағыз халық қалаулысына айналды. Қазақстан парламентаризмінде тұңғыш қазақ тілінде, әрі Үкіметке баламалы негізде «Халықтың көші қоны туралы» Заңын жазған депутат ретінде аты тарихта қалды. Жылға жуық қызу, текетірес талқылауда, Парламент қабырғасындағы 42-отырыста Әкім Ысқақ өз Заң жобасын қайраткерлікпен қорғап, дәлелдей білді. Он бір ай бойғы қазақ тіліндегі Заң үшін ашық арпалыста аянбай күресіп, кездескен кедергілердің бәрінен сүрінбей өтіп, жеңіске жетті! Депутаттар келісімін беріп, Парламентте мақұлданды, 1997 жылдың 13 желтоқсанында Президент бұл Заң жобасына қол қойды. Осы Заңның негізінде елімізде Көші қон және демография жөніндегі агенттік, облыстарда көші-қон басқармалары құрылды. Осы Заңның арқасында алыс және жақын шетелдерден 1,5 миллионға жуық қандастарымыз атамекенге оралды. Әкім Ысқақ Қытайдан, Монғолиядан, Өзбекстаннан оралған жүздеген қандастардың азаматтық, пәтер, білім алуына, жұмысқа орналасуына тікелей қамқор болды. 1999 жылы Премьер Министрге депутаттық сауал жолдап, арнайы ұшақ бөлгізіп, Ауғанстаннан қашқан Пәкістандағы шиеленісті жерде бастарына қауіп төнген, аш жалаңаш қалған 700 қазақтың аман-есен Қазақстанға оралуына жәрдемдесті. Заң шығару мәселесіне байланысты Әкім Ысқақ Англия, Америка, Түркия мемлекеттерінде болды. АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Элизабет Джоунстың арнайы шақырумен еліміздің делегациясын басқарып барып, Америкадағы қазақтың жетім балаларының іздеушісі болып, олардың сан қырлы тағдырын өз көзімен көріп қайтқан тұңғыш депутат. Әрі бұл жөнінде, әсіресе Арман, Джо есімді қазақ балалары туралы жүрек толқытатын эсселер жазды. Тілшілік қызметте арнайы журналистік зерттеу жүргізіп, құжаттары өзге ұлтқа телініп кеткен Ұлы Отан соғысы кезінде қаҺармандықпен қаза болған батыр қазақ, Орталық Азиядан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Рақымов туралы «Лениншіл жас» газетінің бірнеше санында сериялы очерктерін жариялады. Нәтижесінде батырдың туған жері Көкібелдегі мектепке, ондағы «Коммунизм» кеңшарына генерал есімі берілді. Отыз жылдан бері генерал өмірін зерттеп келеді. «Тұңғыш генерал» атты зерттеу кітабы жарық көрді. Астана қаласында С.Рақымов есімінің ардақталып, көшеге берілуіне себепкер болды. Ол «Жақтым мен өмірімді жалын қылып», «Жайқалтпай жалғыз шыбық қалай кетем?», «Өмірді сүйген ақын» атты жалынды мақалаларымен өмірден ерте кетіп, ескерусіз қалған ақын, 20 жасында Арыс аудандық газетін басқарған Қосжан Мүсірепов туралы «Менің Қосжаным» атты зерттеу кітабын жазды, бар-жоғы 32 жас өмір сүрген ақын Дүйсенхан Нақымовтың, сондай-ақ айтыскер ақын Көпбай Омаровтың, созақтық ағарту саласының қайраткері Ләндә Бөкеновтің және басқа да тұлғалардың есімін ардақтауға атсалысты. «Қара бауыр қасқалдақ әнін жазған кім?» атты сұқбатымен шардаралық талантты композитор Лесбек Амановтың есімін республика көлеміне танытты және өзге текпен жазылған авторлығын қайтарды. «Сен мәңгі тірісің, Қайрат!» деген көлемді мақаласында алғашқылардың бірі болып желтоқсан батыры Қайрат Рысқұлбековті «Халық қаһарманы» атағына ұсыну туралы үндеуді «Лениншіл жас» газетіне жариялады. Кенес Одағы кезінде автор «Темір табыт» мақаласында Қазығұрт ауданында орыс тілін білмейтін аға шопан Перне Тілемісовтің отбасындағы жағдайды ел мұңы деп қабылдады. Үш ұлының екеуі – Сатылхан мен Қадірхан Кеңес армиясы қатарына алынып, әскердегі келеңсіздіктің салдарынан, құпия жағдайда өлім құшып, бірінен соң бірі елге темір табытқа салынып оралғанын, ал Әділді әскерден қашты деп соттатып жібергенін ашына жазады. Нәтижесінде Көкшетауда түрмеде жатқан Әділдің бостандыққа шығуына мұрындық болды. Әкім Әбдіқайымұлы – өз туған жері Ордабасы ауданы негізсіз таратылып кетіп бара жатқан жерінен депутаттық өкілеттігін пайдаланып ауданды, Ордабасы атауын сақтап қалған азамат. Сол себепті де 1998 жылы 12 тамыздағы аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Ордабасы ауданының Құрметті азаматы атанды. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2022 ж.) атағымен, «Құрмет» орденімен (2016 ж.), «Ерен еңбегі үшін» (2007 ж.) медалімен, екі ел арасындағы достық қарым-қатынасқа сіңірген еңбегі үшін Монғолияның жоғары дәрежелі «Шыңғысхан» медалімен марапатталған. Бөржардағы Абай мектебіндегі, Сұлтан Ысқақов мектебіндегі, Түркістан қаласындағы Ататүрік мектебіндегі, Астана қаласындағы № 42 мектебіндегі бір сынып, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогика университетінің № 312 дәрісханасы Әкім Ысқақ есімімен аталады. Ал Шұбарсудағы «Достық» мектебінде «Әкімтану» сыныбы ашылған және шығармашылығына қатысты арнайы сабақ өтіп тұрады. 2022 жылы белгілі қаламгер Көпен Әмірбек қайраткер туралы «Алтын сандық» кітабын жазса, мұның алдында жамбылдық Алдаберді Мақашевтің «Әкім Ысқаққа хат», Лира Қоныстың «Ізгілікті іздеу теориясы» атты зерттеу жинақтары жарық көрді. Кездесуді қорытындылаған облыс тық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ақын Әкім Ысқаққа облыс ардагерлер атынан алғыс айтып, оған зор денсаулық, қажымас қайрат, шығармашылық табыс және ұзақ ғұмыр тіледі, иығына ханшапан жапты. Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ, Облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі, Жамбыл облысының Құрметті азаматы
Обсудить
Блок в статье:
ӘКЕ – ОТБАСЫ ТІРЕГІ, ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ!
10 июль 2026, Пятница
АҚ ӘЖЕЛЕРДІҢ ӨРІСТІ ӨНЕГЕСІ
10 июль 2026, Пятница
АР-ҰЯТЫ БАР АДАМ АДАСПАЙДЫ
10 июль 2026, Пятница
Похожие материалы:
Комментарии (0)









