Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Елге ел қосылса – құт

Елге ел қосылса – құт

18 август 2026, Вторник
25
0
Тағдырдың талайымен шет ел асып, ел тәуелсіздігін алғаннан кейін атамекенге оралған қандастарымыздың алғашқы легінің 1991 жылы туған топыраққа  табаны тиіп еді. Одан да бері де 35 жыл өтіп кетті. Осы кезден бастап мемлекет көші-қон саясатына ерекше мән беріп, нақты қадамдар жасай бастады.
Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы – Республикалық мәртебесі бар халықаралық үкіметтік емес ұйым. Ол 1992 жылы 29 қыркүйекте Алматы қаласында тұңғыш рет өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында құрылды. Құрылтайға әлемнің 33 елінен 800-ден астам делегат қатысты.
Қауымдастықтың негізгі міндеті– сыртта жүрген қандастарымыздың күнделікті тыныс-тіршілігінің барлық салаларына қатысты ірілі-ұсақты мәселелердің бәрімен тұрақты шұғылданып келеді. Қазақ диаспорасы шеңберінің ұлғаюы нәтижесінде алыс-жақын шетелдердегі ағайынмен сан-салалы байланыстарды жетілдіру жолдарын өз қызметінің негізгі өзегі деп біледі. Сондай-ақ республикадан тысқары, шетелдерде жүрген қазақ диаспорасымен жан-жақты байланыс орнату, мәдени және білім беру мәселелері жөнінен жәрдемдесу де Қауымдастық қызметінің бір саласы болып есептеледі. Тарихи отанына көшіп келген қандастарға әлеуметтік қамқорлық жасап, қайырымдылық шараларын ұйымдастырады. Шетелдердегі қазақтардың мәдени орталықтарымен тығыз байланыс орнатып, бірлескен бағдарламаларды жүзеге асырып келеді.
Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 165 мыңнан астам  этникалық қазақ оралды.
Қазақстанға келген қандастардың 44,5 пайызы Өзбекстаннан, 44,1 пайызы  – Қытайдан, 4 пайызы – Түркіменстаннан, 3 пайызы – Монғолиядан, 2,5 пайызы – Ресейден және 1,9 пайызы – басқа елдерден.
Қазіргі таңда Жамбыл облысы аумағына көшіп келген қандастар саны 110 мыңға жуықтайды. Олардың басым бөлігі Байзақ, Қордай, Тұрар Рысқұлов, Шу, Меркі, Жуалы аудандары мен Тараз қаласына орналасқан. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы, «Отандастар» қорының бас сарапшысы Арқабек Төлебаев ағамыздың басшылығында қандастарды орналастыру, азаматтық алу бойынша кездесіп жатқан өзекті мәселелерді шешу бойынша жүйелі шаралар қарастырылып жатыр.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Жамбыл аудандық бөлімінің төрағалығына сайланғаныма 3 жылға жуықтады. Мен келгенде аудандағы қандастардың түтін саны 490 үй болатын. Кейінгі уақытта ауданға қарасты ел көп шоғырланған Амангелді, Жалпақтөбе, Ақбұлым ауылдарының қалаға қосылып кетуіне байланысты, сол қандастарымыздың да басым тобы қаланың есебіне өтті. Мұндағы біздің міндетіміз шекара асып келген қандастарымыздың жергілікті мемлекеттік органдарға қажет құжаттарды тапсыруда көмектесу, оларды әуре-сарсаңға салмай, қажет құжаттардың түгел болуын, құжаттардың дайын болуын жергілікті органдардан анықтап, алып кетуіне көмектесіп отыру. Олардың жұмысқа орналасуына, кәсіппен айналысуына ықпал жасау мақсатында «Атамекен» қорымен келісілген түрде қайтарымсыз 1 миллион 700 мың теңге көлеміндегі несиені алып, кәсіп ашуына барынша көмектесіп келеміз. Қытай, Өзбекстан елінен келген қандастарымыздың құжаттары латын әрпімен жазылған, оларға аударма жасауда, нотариалды бекіту мәселелерінде тегін қызметтерді алуына ықпал жасаймыз. 
Көші-қон мәселесінде қандастарды еліміздің солтүстік өңірлеріне орналасуын ұйымдастырып жатырмыз. Қостанай, Петропавл, Павлодар, Ұлытау облысының кей аудандарындағы «Мансап» орталықтарымен  байланысымыз бар, ол жақтарда механизаторларға, құрылысшыларға, малшыларға сұраныс үлкен. Ол бойынша біз ол жаққа ұсыныс жасап, оңтүстіктен барушылардың солтүстіктегі шынайы жағдайға көз жеткізуі үшін, екіжақты комиссия құрылып, қандастар орналасатын жерлерді аралап, фото-видеоға түсіріп, барам деушілердің назарына ұсынылса, дұрыс болады деген шешімге келдік.
Шекара асып келді дегенмен сол қандастар өзіміздің бауырларымыз, олардың ата-бабалары қазақ жерінде өсіп-өнген. Олардың арасында зиялы топ, елге беделді, жоғары лауазымды, ұстаз болған кісілер бар. Атап айтар болсақ, Тағайбек Тәжімбетов деген ақсақалымыз ардагерлер кеңесінің мүшесі, іс-шараларды үйлестіруші, көп жыл мектеп директоры болған, мол тәжірибелі, қоғамдық жұмыстардың белсендісі. Кәсіпкерлікпен айналысатын Тайырбек Төлентаев деген азамат Айша бибі ауылында наубайхана, этно-ауыл тамақтану және демалыс орнын ашып, бірнеше азаматты жұмыспен қамтып отыр. Ауылшаруашылық саласында көп жылдар еңбек еткен, ветеринария саласының ардагері, ақын, жазушы Төлеген Байсүгіров ақсақал облыстық батагөй қариялар байқауының жеңімпазы, тағы басқа да азаматтар қоғамда өз орындарын тауып, ел дамуы жолында еңбек етіп жатыр.
Соңғы жылдары көші-қон мәселесінде заң шығарушы органдар тарапынан біржақты шешім шығару салдарынан көшіп келушілер саны күрт азайды. Оған басты себеп, елді солтүстік өңірлерге қоныстантыру саясатымен қандастарды тек сол аймақтарға орналастыру оң нәтиже берген жоқ. Өйткені, басым қандастар келіп жатқан Өзбекстан елінің климаты ыстық келеді, сол жерде туып-өскен елді бірден табиғаты қатал аймаққа бағыттау саясатында біраз шикілік бар екенін бүгінгі жағдай көрсетіп отыр. Әсіресе, келушілерден тест алу, онда шығарма жазу, тарихқа қатысты сұрақтар, Абай шығармашылығын білу керек деген сияқты толық зерттелмеген талаптардың қойылуы қандастардың азаматтық алуын қиындатып отыр.
Бұрын көшіп келушілер бізге барлық құжатын тапсыратын, біз осында сол құжаттарды түгендеп, облысқа өткізетінбіз, ол жақтан Астанаға бағытталатын. Бұл тұрғыда да қазіргі уақытта қиындықтар туындап отыр. Біздің басты мақсатымыз – шет елден көшіп келген қандастарды баруы тиіс органдарға бағыттап, құжаттарға аударма жасауға  қажет көмек көрсетуді ұйымдастыру. 
Бұдан 15-20 жыл бұрын келген қандастардың көпшілігі елге сіңіп, жергілікті елмен ағайын-жекжат, құдандалы болып кеткен. Олардың арасында кәсіпкерлер, жоғары маман иелері, ауылдық округтың мамандары, депуттат болып отырғандары да баршылық. «Елге ел қосылса – құт» деген. Ауданымызға қарасты Тастөбе ауылдық округінің әкімі Асылбек Қырықбаев деген азамат Түрікменстаннан көшіп келген бір отбасына үй тұрғызып беруді қолға алды. Ауылдағы ауқатты кісілерді, «Ауыл – Береке» базарындағы біршама кәсіпкерлерді осы қайырымдылық шарасына жұмылдырып, біз өзіміз де сол үйдің құрылысына бір күн қатысып, қолғабысымызды тигіздік. Қауымдастық атынан бір бөлмесіне кілем алып беріп, «Ғұмыр Дария» газетіне бір жылға тегін жаздырдық.
Айша бибі ауылдық округінің әкімі Дәрмен Рысбайұлымен кеңесе отырып, 6 баласы бар жалғызбасты анаға бір үй  тұрғызып беру жұмысы жалғасып жатыр. Оны менің сол ауылдағы орынбасарым Қайыр Төлегенов деген жігіт жергілікті қолы ашық азаматтармен бірге ұйымдастырып отыр. Арқабек Төлебаев ағамыздың сол үйдің алғашқы тасын қойып жатқан сәті жергілікті телеарнада жариялаған болатынбыз. 
Сондай-ақ Билікөл ауылын көркейту мақсатында BSN компаниясының  бас директоры  Бахтияр Сұлтанқұл осы ауылға келуге ниет білдірген қандастарды көшіріп алып келуге демеушілік жасауды жоспарлап отыр. 
Қазақстан бойынша бірінші болып Тараз және Түркістан сияқты көне қалаларға қандастарымыздың саяхатын ұйымдастырдық. Өткен жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Түркістан қаласында бас қосты. Онда Қытайдан, Моңғолиядан, Ауғанстаннан, Қырғызстаннан, Ираннан, Ресейден өкілдер болды. 
Біздің қауымдастық Қытайдың Іле облысы, Шыңжаң өлкесі, Құлжа қаласы, Қорғас, Күнес, Мұңғылкүре елді мекеніндегі, Қырғыз еліндегі қандастармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Қырғызстанның Талас облысы Ақсақалдар кеңесінің мүшесімін, туристік, мәдени, спорттық шараларда жиі араласып тұрамыз. Сондай-ақ, Моңғолия, Өзбекстан, Ауғанстан, Ресей, Ұлыбританияда тұрып жатқан қандастармен, жалпы дұниежүзінде жасап жатқан қандастармен ортақ чатымыз бар, сол арқылы жаңалықтарды бөлісіп отырмыз. 

Сембек Пірімқұлов,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы
Жамбыл ауданы бойынша
бөлімшесінің директоры

Обсудить
Блок в статье:
ҚАРИЯЛАР ҚАЛЫС ҚАЛМАЙДЫ 19 август 2026, Среда
Тағылым 18 август 2026, Вторник
Даналық мекені – кітап әлемі 18 август 2026, Вторник

Похожие материалы:

ЕЛГЕ ЕЛ ҚОСЫЛСА – ҚҰТ
10 февраль 2022, Четверг
ЕЛГЕ ЕЛ ҚОСЫЛСА – ҚҰТ
Елге ел қосылса – құт
10 февраль 2022, Четверг
Елге ел қосылса – құт
Елге ел қосылса – құт
10 февраль 2022, Четверг
Елге ел қосылса – құт
ФОТОБАЯН
29 апрель 2020, Среда
ФОТОБАЯН
Біздің мақтанышымыз
29 декабрь 2024, Воскресенье
Біздің мақтанышымыз
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры