Елге ел қосылса – құт
«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» респу-бликалық қоғамдық бірлестігінің басты мақсаты, негізгі жұмыс бағыты шетелдерден оралған қандастардың қоғамға сіңіп кетуіне жан-жақты жағдай жасау.
«Туған жерге туыңды тік», «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», «Ел іші – алтын бесік», «Туған жердің тасы да ыстық», «Ағайын тату болса – ат көп»... Қазақта адамдарды отанды сүюге, бауырмалдыққа, бірлік пен тірлікке шақыратын осындай мақал-мәтелдер көп. Бәрі де отаншылдыққа, туысқаншылдыққа үндейді.
Қазақтар қилы замандардағы қиындықтар салдарынан туған жер, туған елден жырақтап, шетелдерге босып кеткен жағдайлары да болған тарихта. Арғы тарихқа тереңдемей-ақ, бергі кеңестік кезеңде қызылдардың қысымынан тәркілеу, ұжымдастыру, ашаршылық кезеңдерінде күнкөріс қамымен шекара асып кеткендер туралы әңгіме өрбітсек те жетіп жатыр.
Тәркілеуге тұскендер негізінен Қытай, Ауған елдеріне қашса, ашаршылық нәубетіне ұшырағандар Қырғыз, Өзбек, Тәжік елдеріне шұбырған.
Міне, солар Қазақстан егемендігін алып, тәуелсіздігін жариялағаннан кейін тарихи отандарына оралуға ниет білдіре бастаған. Ол ниетке мемлекет тарапынан қолдау болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Тіпті, бұл зор ризашылықпен айтуға болатын іс.
Дүниежүзінде шетелдерде жүрген қандастарын тарихи отанына қайтаруға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетіп отырған үш-ақ ел бар, олар – Алмания, Израиль, Қазақстан.
КСРО тұсында Қытайдан қазақтардың үлкен тобы көшіп келгенін көнекөз қариялардан естігенбіз. Бірақ, ол көш көпке ұзамай тоқтап қалғаны тарихтан белгілі.
Ал, бұл жолғы көштің жөні бөлек. Бұл жолғы көш Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан бір ай шамасында бұрын, яғни 1991 жылдың 18 қарашасында шыққан Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Шетелдерден және басқа республикалардан Қазақ КСР-інің ауылдық жерлерінде жүмыс істеуге ниет білдірген қазақтарды көшірудің тәртібі мен шарттары туралы» Қаулысына сәйкес жүргізілді. Содан бері Қазақстанға алыс-жақын шетелдерден миллионнан астам қазақтар көшіп келген. Оларға мемлекет тарапынан қолдау да жақсы. Бұл істі үйлестіруге «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйтқы болуда. Бірлестіктің облыстарда, аудандарда филиалдары бар. Олар Қазақстанда мемлекет құраушы ұлт санын көбейтіп, тарихи отанына көшіп келген қазақтарға жағдай жасау бағытында жұмыс жүргізуде.
Мен өзім аудандық филиалдың директоры болып тағайындалған 2019 жылдың 21 қарашасынан қолға алынған тірліктер мен мәліметтерді тілге тиек етейін.
Бүгінгі таңда ауданда 419 отбасында 2350 қандасымыз тұрып жатыр. Алғашында "оралмандар" атауына ие болған олар қазір Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен "қандастар" мәртебесіне ие.
Қандастарымыз ауданның бірнеше елді мекендеріне қоныстанған. Алғашқыдағыдай емес, оларға қазір Қазақстан азаматтығын алу тәртібі жеңілдетілген. Мәліметтерге жүгінсек, 2017 жылы – 27, 2018 жылы – 62, 2019 жылы – 27, 2020 жылдың 4 айында 23 адам Қазақстан республикасының азаматтығын алған-ды.
Біз қандастарға жағдай жасауда аудан әкімдігінің Ішкі саясат бөлімі мен жұмысқа қамту орталығымен, көші-қон полициясымен, ауылдық округтер әкімдерімен тығыз байланыста жұмыс істейміз.
Шетелдерден келген қандастарымыз арасында мемлекеттік қызметте жүргендер қатарында Аса ауылдық округінің бас маманы Бауыржан Ысқақов, дәрігерлер Сәлима Дүйсенғалиева мен Анар Нұрлановаларды атай аламын. Қандастарымыздың көпшілігі жеке кәсіпкерлікпен айналысуға бейім. Бұл ретте мемлекеттен қайтарымсыз несие алып, шаруасын дөңгелентіп әкеткен Қыдырбай Оразбаев, ерлі-зайыпты Болатбек Мұрадаев пен Ләззат Байзақова, Арайлым Ниязова, Айдын Ниязов, Дәрібай Асанбаевтарды өзгелерге ұлгі етуге болады.
Осы жерде өз бетінше жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүрген зергер Назерке Болатбек, тоқымашы Меруерт Насырова, алаша, кілем тоқушы Айша Оспанова, қыз жасауын дайындаушы Айдын Ниязова, ұлттық киімдер тігу шебері Айзада Оспанова сынды ісмерлерді ерекше атау керек. Олардың қолынан шыққан бұйымдар жоғары сұранысқа ие. Айшабибілік қандасымыз Әншим Туркеева отбасымен бау-басқұрымен киіз үй жасайды және жалға береді. Мысалы, олардың киіз үйі «Құнанбай» кинофильмін түсіруге тігілген.
Қандастарды «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы оқытуға қол жеткіздік. Жалпы, талап білдірген қандастарды жүргізуші, дәнекерлеуші, тігінші, аспаз, шаштараз, уқалаушы, маникюр, педикюр мамандықтарына оқыту мүмкіндігі бар.
Асада Әли Тәжімбетов деген қандасымыз өз күшімен лимон өсіретін жылыжай соғып жатыр.
Бізде пәтер, жер телімін алу кезегінде тұрған қандастар да бар. Қазақстан Республикасының азаматтығын алған олар – басқа тұрғындармен теңқұқылы. Сондықтан, оларға пәтер, жер телімдері заңды кезектеріне қарай беріледі.
Шетелден оралған қандастарымызға қолдау көрсетіп жүрген билік өкілдеріне ризашылығымыз шексіз. Жеке-жеке талдап жататыны жоқ, олардың жұмысы жан-жақты ғой. Дегенмен, олардың ішінде Аса және Көлқайнар округінің әкімдері Бауыржан Қалшымбетов пен Асылбек Қонаровты бөліп айтар едім. Асада қандастармен жұмыс жақсы деңгейде. Тастөбеде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Асарлатып үй салу» бағдарламасы бойынша қандас Пернетай Сартаев баспаналы болды. Мен оның үйіне құтты болсын айта барып, қауымдастық атынан бір кілем сыйлап, өзін облыстық «Ғұмыр-Дария» газетіне жаздырдым.
Аудан аумағында тұрып жатқан екі қандасымыз Мырзаберген Әбішев пен Әлімхан Досанов Оңтүстіктен Солтүстікке, атап айтқанда, Қостанай облысына, қоныс аударуға тілек білдіріп отыр. Бұл іске қауымдастықтың республикалық басшылығы бастамашы болған. Оларға жеңілдетілген несие, пәтер, жұмыс орны уәде етілді. Екеуі де көпбалалы отбасы.
Шетелдерде тұратын қазақтардың балаларын еліміздің жоғары оқу орындарында оқытуға да әрекеттер жасалып жатыр. Бұрын оларға гранттар бөлінетін. Өткен жылы ұлттық бірыңғай тестілеудің талаптарына байланысты оларды қабылдау мүмкін болмады. Биыл оның шешімін қарастыру ойластырылуда. Құдай қаласа, ол іс те шешімін тауып қалар.
Мен аудан көлемінде қандастарға қатысты атқарылған істердің бір парасын айттым. Айтатын мәселелер әлі алда.
Менің қандастармен жұмыс жүргізуіме көмегін көрсетіп, белсенділік танытып жүргендер көп. Осы орайда, 8 мүшесі бар ақсақалдар алқасының жұмысы айтарлықтай. Алқа төрағасы Қалдыбек Ниязов, мүшелері Қаратай Орынбаев, Ахмет Өтепов, Өмірәлі Шалабаев, Оразхан Қайыпов, Қыдырбай Оразбаев, Көбейсін Кенжеқұлов қашанда игі істердің басы-қасында. Олар жергілікті жерлердегі ардагерлер ұйымдарымен бірлесе жұмыс жүргізуге пейілді. Амандық болса, ол істің де орайын келтіретін боламыз.
Сембек ПІРІМҚҰЛОВ,
"Дүниежүзі қазақтары
қауымдастығы" Жамбыл
аудандық филиалының директоры.
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ
28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)