Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Жүрекке жол табатын – жылы сөз бен ақ ниет

Жүрекке жол табатын – жылы сөз бен ақ ниет

18 август 2026, Вторник
30
0
Қазақ халқы қай кезде де елдің рухани тірегіне айналған имамды, ел ағасын, батагөй қарияны ерекше құрметтеген. Өйткені мұндай азаматтар тек діни рәсімдерді атқарып қана қоймай, ел ішіндегі бірлікке ұйытқы болып, дауға тоқтау айтып, жақсылыққа жөн сілтеп, адасқанға ақыл, қамыққанға демеу бола білген. «Қариясы бар ел – қазыналы ел» дейтін халық даналығының мәні де осында.
Осындай елдің ықыласына бөленіп жүрген арда азаматтардың бірі – Медетбек Сейітқазы қажы Әбдірұлы. Ол – Жуалы ауданындағы «Жуалы» мешітінің бас имамы, Жуалы ауданының Құрметті азаматы, Жамбыл облысының Құрметті ардагері әрі аудандық билер кеңесінің мүшесі. Саналы ғұмырын халықтың рухани тәрбиесіне арнап келе жатқан қадірлі ақсақалдың тағы бір қыры – ел арасында емшілік қасиетімен де танылғаны. Оның алдына алыс-жақыннан келіп, шипа іздейтіндер де, жүрегіндегі мұңын тарқататындар да аз емес.
«Адамның тәні ауырса – дәрігерге барады, жаны ауырса – Аллаға жақындайды» деген тағылымды сөз бар. Қазіргі қоғамда дәл осы жан жарасын емдейтін сөзге, иманға, ізгілікке мұқтаж жандар көбейгендей. Біз Сейітқазы қажымен руханият, отбасы, жастар тәрбиесі, бата, емшілік және өзі бастан өткерген ғибратты оқиғалар туралы кеңінен әңгімелестік.

ТІЛШІ: – Сейітқазы қажы Медетбекұлы, Сізді халық Жуалы ауданындағы Жуалы мешітінің бас имамы ғана емес, батагөй ақсақал әрі емшілік қасиетке ие жан ретінде де таниды. 
Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕК: – Алла Тағала әр адамның тағдырына өзіндік жол, өзіндік сынақ және өзіндік сый жазады. Кейде адамның өмір бойғы бағыты бір ауыз батадан немесе бір игі адамның тәрбиесінен басталады. Менің өмір жолымдағы сондай ерекше сәттердің бірі – бала күнімде алған бата.
Біз Жуалы ауданындағы Билікөл ауылдық округіне қарасты Берікқара тау шатқалында жиырма жылға жуық тұрдық. Әкем Әбдір ұзақ жылдар бойы гидротехник болып еңбек етті. Табиғаты көркем бұл мекенге елімізге белгілі талай тұлғалар келіп демалатын. Солардың ішінде қазақтың даңқты перзенті, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының орны ерекше.
Баукең сол жерде үш айдай киіз үй тігіп ала жаздай демалған болатын.  Мен ол кезде он-он бір жастағы баламын. Анам Несібелі қолымнан жетектеп апарып, батырдың батасын алдық. Бауыржан атамыз қос алақанын жайып, маңдайымнан сипап, ақ батасын берді. Сол сәт бала көңіліме мәңгілік із қалдырды. 
Емшілік қасиет Жаратқанның қалауымен болды. Мектепті тәмамдағаннан кейін Тараз қаласында қасиетті жан, халыққа дем салып, шипа дарытқан Шайх Жүзіннің тәлімін алдым. Ол кісі өте тақуа, жүрегі нұрға толы адам болатын. Құран аяттарын оқып, адамдардың дертіне шипа тілейтін. Сол кісінің батасын алып, жанында жүрген сайын жүрегіме иман орнығып, бойыма бір қасиеттің дари бастағанын сезіндім.
Қазақ «Жақсының шарапаты тиеді» дейді. Шынында да, жақсы адамдардың жанында жүрген адамның рухы өседі, жүрегі тазарады. Мен өмірімде талай абыз қариялардың, діндар адамдардың батасын алдым. Сол баталардың шарапаты шығар, бүгінгі күні халықтың ықыласын көріп келемін.
ТІЛШІ: – Имамдық қызмет пен халыққа рухани, емшілік тұрғыда көмек көрсетуді қатар алып жүру қаншалықты жауапкершілікті жүктейді?
Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕК: – Имам болу – қызмет емес, аманат. Ал аманатқа қиянат жасау – мұсылманға жараспайтын іс. Сондықтан бұл жол үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Мешітке келген әр адамның жағдайы әртүрлі. Бірі қуанышымен келеді, бірі қайғысымен келеді. Бірінің денесі сырқат болса, енді бірінің жаны жаралы. Кейде жас нәрестені назарланды деп әкеледі, кейде жаңа босанған аналар келеді, кейде өмірден түңіліп, үмітін жоғалтқан жандар келеді. Ондай кезде адамның өз сөзі емес, ең алдымен Құранның шипалы аяттары демеу болады. Біз де Алланың кәләмін оқып, шипаны тек Жаратқаннан тілейміз.
Шипа беретін – адам емес, Алла. Біз тек себепкерміз. Мұны әрдайым айтып отырамын. Сондықтан ешқашан өзімді өзгеден жоғары қойған емеспін.
Қазір Жуалыдан ғана емес, Тараздан, Шымкенттен, Астанадан, тіпті өзге облыстардан да арнайы келетін адамдар бар. Кейде уақыт тапшы болады. Дегенмен, табалдырықтан үмітпен аттаған жанды кері қайтаруға дәтім бармайды. Өйткені кейде бір ауыз жылы сөздің өзі адамға дәріден де артық ем болады.
ТІЛШІ: – Ислам дінінде емшілікке қандай талаптар қойылады? Нағыз емшілік пен жалған емшіліктің аражігін қалай ажыратуға болады?
Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕК: – Емшілік – кез келген адамның қолына ұстай салатын кәсіп емес, ол – үлкен аманат. Сондықтан бұл жолға түскен жанның ең алдымен діни білімі терең, мінезі көркем, ниеті таза болуы қажет. Шариғатқа қайшы келетін әрекеттен аулақ болып, әр ісін Алланың разылығы үшін атқарғаны жөн. Өйткені шипа беретін – пенде емес, Жаратқан Ие. Емші – соған себепкер ғана.
Көмек сұрап келген адаммен әуелі сабырмен сөйлесемін. Оның ұйқысы қалай, тәбеті қандай, жан дүниесін не мазалайды – соның бәрін сұраймын. Кейде адам көрген түсін айтып береді. Халқымыз ежелден түсті де адамның жан дүниесімен байланыстырып келген. 
Құран аяттарын оқып, дұға жасағанда адамның жан дүниесі тынышталып, жүрегіне иман ұялай бастайды. Кейбірі көзіне жас алады, кейбірінің бойындағы ауырлық сейілгендей болады. Мұның бәрі – Алланың қалауымен болатын іс.
Жалған емшілік пен шынайы емшіліктің ара-жігін халықтың өзі де ажырата біледі. Егер біреу адамдарды қорқытып, ақшамен саудаласып, түрлі ырым-жырымға, шариғатқа жат амалдарға шақырса, одан сақ болған жөн. Ал нағыз емші адамды ең әуелі Аллаға тәуекел етуге, намазға, дұғаға, адал өмір сүруге үндейді. Өйткені иман күшейген жерде жүрек те тынышталады.
ТІЛШІ: – Сізге көмек сұрап келетін адамдардың басым бөлігі қандай мәселемен келеді? Олардың жанайқайынан қоғамдағы қандай түйткілдерді байқайсыз?
Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕК:  – Соңғы жылдары адамдардың тәнінен бұрын жаны көбірек сырқаттанғанын байқаймын. Көпшілігі сырт көзге күліп жүргенімен, ішкі дүниесінде алай-дүлей күй кешіп жүреді. Қазақтың «Сырты бүтін, іші түтін» деген сөзі дәл бүгінгі қоғамға арналғандай.
Маған келетіндердің арасында бала тәрбиесіне алаңдаған ата-аналар өте көп. Әсіресе жалғыз ұлын үлкен қалаға оқуға немесе жұмысқа жіберіп, кейін одан мүлде хабарсыз қалған қариялардың мұңы жүректі ауыртады. Кейбір жастар ата-ананың ақ сүтін, ақ батасын ұмытып, өз өмірінің қызығына беріліп кетеді. Мұндайда ең алдымен ата-ананың көңілі жараланады.
Тағы бір өзекті мәселе – қарыз. Қазіргі таңда жеңіл өмірге, жылдам байлыққа ұмтылудың салдарынан несиеге белшеден батып, тығырыққа тірелген адамдар көбейіп барады. Қарыз адамның қалтасын ғана емес, жан дүниесін де жүдетеді. Дана халқымыз: «Қарызың барда малым бар деме, ажалың барда жаным бар деме» деп бекер айтпаған.
Осындай жандардың бәріне қолдан келгенше демеу айтып, үміт сыйлауға тырысамын. Кейде адамның мәселесін бір күнде шешіп беру мүмкін емес. Бірақ оған дұрыс бағыт көрсетіп, сабырға шақырудың өзі үлкен көмек болады. Себебі үміт үзілген жерде өмірдің де мәні жоғалады.
ТІЛШІ: – Өз тәжірибеңізде жүрегіңізде ерекше сақталған, Алланың құдіретін айқын сезіндірген оқиға болды ма?
Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕК:  – Адамның өмірінде ұмытылмайтын, жүрегіне мәңгі жазылып қалатын сәттер болады. Мен үшін сондай ерекше оқиғаның бірі – биылғы қасиетті Умра сапарында болды.
2026 жылдың қаңтар айында Алланың қалауымен отбасыммен бірге қасиетті Мекке мен Мәдинаға барып, Умра қажылығын өтеу бақыты бұйырды. Жанымызда жиырма төрт адам болды. Қасиетті мекенде құлшылық жасап, Қағбаны тәуап етіп, дұға жасап жүрген күндердің бірінде күтпеген жағдай орын алды.
Құлшылықтан кейін аз-кем тынығып отырғанбыз. Сол сәтте өзімді жайсыз сезініп, басым айналып, есімнен танып қалдым. Жүрегім бірнеше минутқа тоқтап қалғандай ауыр жағдайды бастан өткердім. Алла Тағала қайтадан жан беріп, өмір сыйлағандай әсерде болдым.
Сол сәтте адамның бұл дүниедегі дәрежесі де, байлығы да, атағы да ештеңе емес екенін анық түсіндім. Бір ғана демнің өзі – Алланың ұлы нығметі екен. Біз күн сайын тыныстап жүргенімізге мән бере бермейміз. Бірақ сол тыныстың тоқтап қалуы өмірдің қаншалықты қымбат екенін сезіндіреді.
Осы оқиғадан кейін әр күнімді Алланың сыйы деп қабылдаймын. Адамға берілетін ең үлкен байлық – денсаулық, иман және айналасындағы жақындарының амандығы екеніне тағы бір мәрте көзім жетті.
ТІЛШІ: – Бүгінгі қоғамда адамдардың рухани әлсіреуіне не себеп деп ойлайсыз? Одан шығудың жолы қандай?
Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕК:  – Қазіргі қоғамда адамдардың рухани әлсіреуіне ең алдымен сенімнің азаюы әсер етіп отыр деп ойлаймын. Сенім жоғалған жерде сыйластық та, береке де болмайды. Адамдар бір-біріне күдікпен қарайтын болды. Алдау, өсек, менмендік, бірін-бірі менсінбеу сияқты жағымсыз қасиеттер көбейіп барады. Мұның бәрі адамның жан дүниесін жүдетеді.
Бауыржан Момышұлының: «Өз пікірі жоқ адам – өзгенің жетегінде кетеді» деген мағыналы сөзі бар. Бүгінде көп адам өз жүрегінің үніне емес, өзгелердің сөзіне, әлеуметтік желідегі жалған жылтыраған өмірге еліктеп өмір сүргісі келеді. Соның салдарынан қанағат азайып, көңілде тыныштық кемиді.
Қазақ халқы «Адамның күні – адаммен» дейді. Адам айналасына мейіріммен қарап, жақсылық ойлап, жақсылық жасап үйренсе, қоғам да өзгереді. Әркім өз жүрегін түзей алса, отбасы түзеледі, отбасы түзелсе – ел түзеледі. Сондықтан рухани әлсіреуден шығудың ең төте жолы – Аллаға деген сенімді күшейту, ата-ананы құрметтеу, адал еңбек етіп, қанағат пен шүкіршілікті өмірлік ұстанымға айналдыру деп есептеймін.
ТІЛШІ: – Қазіргі жастардың дінге деген қызығушылығына көңіліңіз тола ма? Оларды дұрыс діни танымға бағыттау үшін ең алдымен не қажет?
Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕК:  – Жастардың дінге деген қызығушылығы бұрынғыдан әлдеқайда артып келеді. Мұны үлкен қуанышпен айта аламын. Әсіресе жұма намазына келетін жастардың қатары көбейіп, қасиетті Рамазан айында ораза ұстайтын жас буынның саны жыл сайын артып келеді. Бұл – халқымыздың рухани тамырының үзілмегенінің белгісі.
Алайда дінге қызығушылықтың өзі жеткіліксіз. Ең маңыздысы – дұрыс діни білім алу. Дінді терең түсінген адам ешқашан шектен шықпайды, өз ұлтын да, салт-дәстүрін де құрметтейді. Қазақтың небір Алаш арыстары медреседе білім алып, ислам құндылықтарын ұлттық тәрбиемен ұштастыра білді. Сондықтан олар елін сүйген, жерін қорғаған, халқына адал қызмет еткен тұлғаларға айналды.
Бүгінгі жастарға да ең алдымен дұрыс бағыт-бағдар беруіміз керек. Отбасы, мектеп және мешіт бірлесе отырып, жастардың бойына имандылықпен қатар ұлттық құндылықтарды сіңірсе, елін сүйетін, халқының қамын ойлайтын азаматтар өсіп шығатынына сенемін.
ТІЛШІ: – Қазақ халқы үшін батаның орны ерекше. Сіздіңше, батаның қабыл болуы неге байланысты?
Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕК:  – Қазақ халқы батаны ешқашан жай ғана тілек деп қабылдамаған. «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген даналық сөздің астарында үлкен өмірлік мән жатыр. Бата – ақ жүректен шыққан тілек, Аллаға жасалған дұға. Сондықтан оның қабыл болуы, ең алдымен, адамның ниетінің тазалығына, жүрегінің ақтығына байланысты.
Бауыржан Момышұлы: «Батаның қасиетін ұққан халық ешқашан азып-тозбайды» деген екен. Расында да, қай істі бастасаң да үлкеннің батасын алып шыққан жөн. Ата-ананың ақ батасы – перзентке қорған, ақсақалдың ақ тілегі – өмірге бағыт-бағдар береді.
Батаның қабыл болуы үшін адамның өзі де батаға лайық болуы керек. Шындықты ту етіп, адал еңбек етіп, ешкімге қиянат жасамай, жүрегінде мейірім сақтай білген жанның тілегі де қабыл болады. Қазақ «Жақсының батасы – жебеу» дейді. Сол себепті қайда барсам да, жастарға үлкеннің батасын алып жүруді, ата-ананың разылығын алуды айтып отырамын. Өйткені Алланың разылығы – ата-ананың разылығында.
ТІЛШІІ: – Өзіңіз өміріңізде алған ең әсерлі немесе тағдырыңызға ықпал еткен батаны еске түсіре аласыз ба?
Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕК: – Өмір жолында ұмытылмайтын сәттер болады. Сондай есте қалған оқиғалардың бірі – 1998 жылдың желтоқсан айында Тараз қаласында Қойгелді батырға еңселі ескерткіштің ашылу рәсімі еді. Сол күні мыңдаған халықтың алдында Құран оқып, елге бата беру бақыты маған бұйырды. Жиналған жұрттың қарасы бес мыңға жуық болды. Сол қарақұрым топқа Қырғыз Республикасының сол кездегі Президенті Асқар Ақаев та келіп қосылды.
Сол күні жүректен шыққан ақ тілекті бар ықыласыммен жеткіздім. Кейін арада талай жыл өтсе де, сол батаны ел аузынан естіп, «сол күнгі батаны ұмытқан жоқпыз» деп ризашылықтарын білдірген азаматтарды кездестіріп жүрмін. Мұндай сөзді естігенде адамның көңілі марқаяды.
Негізінде, батаның құдіреті оны айтқан адамда емес, Алланың қалауында. Пенде тек ақ ниетін білдіреді. Егер сол ниет шынайы болса, Алла оның берекесін береді. Сондықтан мен үшін халықтың алғысы – ең үлкен марапат.
ТІЛШІ: – Сұхбатымызды оқырмандарға арнайтын өмірлік өсиетіңізбен аяқтасаңыз.
Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕК:  
– Қазақтың көрнекті ойшылы Бөлтірік шешен:
«Дүниеде азбайтын байлық – ақыл,
Тозбайтын байлық – ақыл,
Адастырмайтын жолбасшы – ақыл», – деген екен.
Шынында да, адамға ең әуелі ақыл, білім және көркем мінез керек. Білім іздеген адамның көкжиегі кеңейеді, танымы тереңдейді. Сондықтан жастарға да, үлкендерге де айтарым – кітаппен дос болыңыздар, жақсы адамдардың сөзін тыңдаңыздар, өмір бойы ізденуден жалықпаңыздар. Хакім Абай: «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деп бекер айтпаған.
Бүгінгі қоғамға ең керегі – мейірім мен татулық. Бір-бірімізге жақсы сөз айтып, игі тілек білдіруден жалықпайық. Адамның жүрегіне жол табатын – жылы сөз бен ақ ниет. Дүние жиналады, қайта шашылады, ал адамнан қалатыны – оның тәрбиесі, жасаған жақсылығы мен артындағы жақсы аты.
Барша оқырманға тілерім – әр шаңырақтан береке кетпесін, әр отбасында бірлік пен мейірім салтанат құрсын. Алла Тағала елімізге тыныштық, жұртымызға амандық, жастарымызға иман мен ізгілік нәсіп етсін. Ынтымағы жарасқан елдің ырысы ортаймайды. Берекелі елдің болашағы да баянды болады.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Мақпал СҮЙІНБАЙ, 
журналист

Жуалы ауданы

Обсудить
Блок в статье:
ҚАРИЯЛАР ҚАЛЫС ҚАЛМАЙДЫ 19 август 2026, Среда
Тағылым 18 август 2026, Вторник
Даналық мекені – кітап әлемі 18 август 2026, Вторник

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры