ЖҮРЕКТЕН ШЫҚҚАН СӨЗ – ЖҮРЕККЕ ЖЕТЕДІ
Шешендік өнер – тұнық бұлақтай мөлдір, теңіздей терең рухани мұрамыздың ажырамас бөлігі. Ол – ұлттық мәдениетіміздің айнасы, елдік пен бірліктің, парасат пен даналықтың көрінісі. Бұл орайда аға ұрпақ өкілдеріне жүктелер міндеттің де ауқымы зор. Осы мақсатта аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен аудандық орталықтандырылған кітапханада «Шешендік өнер – асыл қазына» тақырыбында тағылымды «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Ұлттық руханиятты насихаттап, билер мұрасын кеңінен танытуға, жастардың сөз мәдениетін қалыптастыруға бағытталған басқосуды аудандық билер кеңесінің төрағасы Батырбек Саршаев кіріспе сөз сөйлеп ашып, қазақтың шешендік мектебі ғасырлар бойы елдің бірлігі мен тұтастығына қызмет еткенін, билердің әрбір сөзі халықтың тағдырына әсер еткенін ерекше атап өтті. Тағылымы зор болған басқосуда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев құттықтау сөз сөйлеп, шешендік өнер халқымыздың рухани қазынасы ғана емес, өскелең ұрпақтың ұлттық болмысын қалыптастыратын өмірлік мектеп екенін айтты.– Шешендік сөз – ұлттың ақыл-ойының, тәрбиесі мен мәдениетінің айнасы. Осындай тағылымды кездесулер жастардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырады, – деді Бақыт Уәлиұлы. Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі Сансызбай Махамбетқұлов «Шешендік өнер – қазақ руханиятының асыл мұрасы» тақырыбында баяндап, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің даналық сөздері халықты адалдыққа, әділдікке, елін сүюге тәрбиелейтін сарқылмас қазына екенін жеткізді. – Билердің әрбір сөзі – тәрбие мектебі. Сол өнегені сіңірген бойына ұрпақтың болашағы жарқын болады. Шешендік сөз – өткеннің мұрасы ғана емес, бүгінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін өмірлік өнеге. Ұлттық рухтың өзегі де – осы сөз құдіретінде, – деді Сансызбай Бертайұлы өз сөзінде. Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Алтынхан Сапарбеков «Қазақ билерінің шешендік сөздері және олардың тәрбиелік мәні», Өрнек ауылдық билер кеңесінің төрағасы Қаржаубай Қосаров «Шешендік сөздердің жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі» тақырыбында ой қозғап, жастардың сөз мәдениетін қалыптастыруда отбасы, мектеп және қоғамның бірлескен тәрбиесінің маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар «дөңгелек үстел» отырысы барысында Тоғызтарау ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Кендебай Оңғарбаев «Шешендік өнердің қазіргі қоғамдағы маңызы» тақырыбында баяндама жасап, қандай заманда болмасын мәдениетті сөйлеу, дәлелді пікір айту, елдік мүддені қорғау шешендік өнердің басты өлшемі болып қала беретінін айтты.– Қазіргі қоғамда шешендік өнер бұрынғыдан да маңызды. Ойын анық жеткізе алатын, сөз мәдениетін меңгерген азамат – қоғамның тірегі, – деп өз ойын қорытындылады. Кездесу барысында жастар тарапынан сұрақтар қойылып, ұлттық құндылықтар, билер мұрасы, шешендік сөздердің бүгінгі өмірдегі орны жөнінде мазмұнды пікір алмасу өрбіді. Жастар аға буынның өнегелі әңгімелерін қызығушылықпен тыңдап, өз ойларын ортаға салды. Мақсат ЖҰМАБАЕВ, журналист. Жамбыл ауданы
Обсудить
Блок в статье:
ҚАРИЯЛАР ҚАЛЫС ҚАЛМАЙДЫ
19 август 2026, Среда
Тағылым
18 август 2026, Вторник
Даналық мекені – кітап әлемі
18 август 2026, Вторник
Похожие материалы:
Комментарии (0)






