Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » БИЛЕРДІҢ ҚЫЗМЕТІ БЕЛСЕНДІ

БИЛЕРДІҢ ҚЫЗМЕТІ БЕЛСЕНДІ

25 август 2022, Четверг
168
0





Облыстық ардагерлер кеңесінде облыстық билер кеңесінің ұйымдастыруымен алқалы жиын өтті. Жиынға Тараз қалалық және аудандық билер кеңестерінің төрағалары, билер қозғалысының жұмысына белсене қатысып жүрген ардагерлер қатысты. 
Осы басқосуда "Билер кеңестері – дауларды шешудің тиімді тетігі"  тақырыбында облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Қарабайұлы Есіркепов баяндама жасады. 
— Соңғы жылдары қоғамда орын алған дау-дамайларды, келіспеушіліктерді сотқа дейін жеткізбей шешудің тиімді жолдары қарастырылуда,  – деп атап көрсетті Оңласын Қарабайұлы. — Осы мақсатта облыстық ардагерлер кеңесінің қолдауымен және әр деңгейдегі соттардың тиімді ықпал етуімен облыстың қалалары мен аудандарында, ауылдық округтерінде билер кеңестері құрылып, жұмыс істеуде.  Бүгінгі таңда облыстық және 10 аудандық, Тараз қалалық билер кеңестері құрылып, тұрақты қоғамдық ықпалды күшке айналды. Оның үстіне 156 ауылдық округте құрамында үш адамнан тұратын билер кеңестері бар. Билер кеңестерінің құрамына халық арасында беделі зор, өмірлік тәжірибелері мол, айтар сөзі бар, елге сыйлы азаматтар тартылған. 
Облыстық билер кеңесінің бастамасымен жергілікті билердің жұмысын одан әрі жетілдіру, қалыптастыру, даулы мәселелерді шешуде жаңсақтыққа жол бермеу мақсатында көптеген ұйымдастыру шараларын жүргізудеміз. Бізде билер кеңестері туралы біріңғай ереже жасалған, ол баспасөз бетінде жарияланды. Облыстық сотта аймақтың барлық билерін жинап, семинар өткіздік. Оларға "Кәсіби емес медиатор" деген сертификаттарды тапсырдық. Барлық деңгейдегі билер кеңестерінің мүшелерінің біліктілігін арттыру мақсатында бірқатар аудандарда семинарлар өткіздік. Атап айтқанда, облыстық билер кеңесінің ұйымдастырумен 7 рет алқа мәжілісі, 3 рет "дөңгелек үстел" отырысы, 22 мәрте семинар-кеңес ұйымдастырылды. 
Билердің сөйлеу өнері мен іс жүргізу мәдениетіне көбірек назар аударылды. Билердің бойында  шешендік өнер, ұғындыру, түсіндіру, иландыру қасиеттері молынан болғаны дұрыс. Ондай болмаған жағдайда, ерегіскен екі адамға би болып қалай шешім айта алады, кесім жасай алады.  Жамбыл, Меркі аудандарында билермен өткен семинар-кеңестерде шешендік өнерге арнайы тоқталдық. Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы "Руханият және тарихтану" орталығында "Шешендік өнер – асыл қазына" деген тақырыпта "дөңгелек үстел" отырысын өткіздік. 
Облыстың жер-жеріндегі билер кеңестерінің қоғамдық қызметтерінің барлығы тақтайдай тегіс десек, әрине, артық айтқандай болар еді. Кейбір аудандық, ауылдық билер кеңестерінің ынтасыз, ықылассыз, жігерсіз, нәтижесіз жұмыстары жайлы қынжыла айтуға болады. Біз күнделікті қызметімізде оларға дұрыс бағыт-бағдар берудеміз. 
Сөзінің қорытындысында, Оңласын Есіркепов облыстың барлық билер кеңестерінің жұмысына ізденіс пен табыс тіледі. 
Семинар-кеңесте қазіргі кезеңдегі қоғамдағы билер кеңестерінің сан-қырлы қызметінің  өзекті мәселелері талқыға түсті.   
Талас ауданындағы Аққұм ауылдық округі билер кеңесінің төрағасы Пәрімбек Бейсен қазіргі ауыл тұрмысындағы, қоғамдық қатынастарындағы келеңсіздіктер туралы айта келіп, оларды жоюдағы ауыл билерінің орны бөлек болу керек екендігін тілге тиек етті. Ауылдағы көршілер арасындағы өзара сыйластық, жастар тәрбиесін дініміз бен дәстүр-салтымыздың негізінде қалыптастыру – билер айналысатын жұмыстардың бастылары, міне, осылар. Ұлттық патриоттық сезім құр сөзбен емес, нақты істен көрініс табуы тиіс. Ақсақалдарымыз, қадірменді қарияларымыз ұлттық құндылықтарымыздың кем жерін түгендеп, артық жерін жүгендеп отырса, кәнекей. Бүгінгі күннің орынсыз ысырабы мен дарақылығына қарсы тұратын да біздің билеріміз болуы керек. 
Осылай сөзін түйген Пәрімбек Бейсен әріптестерінің қызық та қиын қоғамдық қызметтеріне табыс тіледі. 
Келесі кезекте сөз алған  Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы ауылдық округі билер кеңесінің төрағасы Шора Мәжінұлы Ысқақов өзінің тәжірибесімен бөлісті. 
—  Біздің ауылдық билер кеңесі құрамының аздығына қарамастан қол қусырып қарап отырған жоқ. Өткен жартыжылдықта билер кеңесі 30 іс қарады. Оның 7-еуі татуластыру, 2-еуі қылмыстық іске жатады. Билер кеңесіне қарызын өтемей жүрген 21 адам шақырылып, бұл мәселе оң шешімін тапты.  Біздің билеріміз ең алдымен отбасыларындағы, ағайын, көрші-қолаң, жасжұбайлар арасындағы ұсақ-түйек дау-дамайлардың барлығын ұлағатты сөздер айтып, өмірлік тәжірибелерінен өнеге келтіре отырып шешіп отырады. Әрине, ерегіскен екі адамның арасына түсу оңай шаруа емес. Әрқайсысының айтар өзіндік шындығы болады. Бұл арада бидің ұстамдылығы, ұғындыра алуы үлкен маңызға ие, – деп атап көрсетті. Б.Момышұлы ауылдық билер кеңесінің төрағасы.
Тағлымы зор болып өткен осы басқосуда Тараз қалалық билер кеңесінің төрағасы Сатыбалды Досымбеков, облысьық билер кеңесі төрағасының орынбасары Талғат Жұмабеков және басқалар сөйледі. 
Семинар-кеңесте облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы  Еркінбек Бейсенбекұлы Солтыбаев сөз сөйлеп, бұдан жүздеген жылдар бұрын Мөңке би болжаған келеңсіз жағдайлардың қазіргі қоғамда орын алып отырғандығын, бұл орайда құрылып, қалыптасып жатқан билер кеңестерінің рөлі зор екендігін атап көрсетті. 
Семинар-кеңестің қорытындысында бірқатар ұсыныстар қабылданды. 
"ҒҰМЫР-ДАРИЯ" – АҚПАРАТ. 
Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры