Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » ҰСТАЗҒА ТАҒЗЫМ

ҰСТАЗҒА ТАҒЗЫМ

08 июнь 2026, Понедельник
52
0
Жүзінен әрдайым мейірім төгіліп тұратын Қапаш ағайға тез бауыр басып кеттік. Қапаш ағай бізге қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ берді. Ол кісінің сабағын бәріміз тырп етпей, бар ынтамызбен тыңдайтын едік, оқушы санасына сабақты әдемі өрнектермен, мақал-мәтелдермен керемет жеткізетін, біздер сабақ соңында ағайға әдебиеттен қосымша сабақ өтуін сұрайтынбыз. Қапаш ағай сабақтан бөлек тәрбие жұмысына, балалар денсаулығына, біліміне, киіміне, бойтазалығына қатты көңіл бөлетін. Осы жайлы бірнеше мысалды айтқым келеді. Ағайдың өзін ұстауы, қарапайымдылығы, әрбір оқушының жүрегіне жол табуы біздер үшін   ұмытылмас сәттер болды. Қапаш ағай балалар қандай бұзықтық жасап жатсада оқушыға дауыс көтеріп сөйлеген емес. 
Жыл сайын көктем айында ағай өзі бастап бізбен бірге жаяу Аса-Бірлесу Еңбек арқылы Бурыл тауына қызғалдақты тамашалауға саяхатқа апаратын. Асханада көктемде, күзде өзі бақылап бір ас қасық балық майын ішуімізді қадағалайтын, оның пайдалы екенін ол кезде біз қайдан білейік, кейіннен түсініп жатырмызғой. Ішкіміз келмей қиғалақ салатын едік, ал ағай ондай кезде қатал қарайтын. Моншаға уақытылы түсуімізге, шаш алуымызға, таза киініп жүруімізге мән беретін. Жыл сайын оқу жылы аяқталғанда соңғы қоңыраудан кейін кәзіргі мәдениет үйі орнында (ол кезде бос алаң еді) міндетті түрде кешкі алау жағылып айнала ән айтып, би билейтінбіз, әр түрлі ойындар ұйымдастырылатын, соның бәрінің басы-қасында ағайымыз жүретін. 
Қапаш Тасболатов ағайдың ең ұтымды еңбегі – Аса мектеп интернатына ең озық ұстаздарды топтастыра алуы болды. Білікті орыс ұстаздарды үймен қамтамасыз етіп Ресейден көшіріп әкелді. Атап айтқанда оқу ісінің меңгерушісі Лидия Петровна Семиренко, неміс тілі маманы Роза Ахметқызы Алиева, басқа пәндердің ұстаздары Надежда Ивановна Миронова, Анатолий Климов, Георгий Харлампиди, Лютфулла Дүзеев, Тұрғанбай Семізтаев, Жандар Кәрібаев (кейін Парламент сенаторы болды) Нәфиса Алдаева, Сейфолла Сапарбаевтардың ерен еңбектері  біздің балалық жүрегімізде, жадымызда мәңгілік сақталып қалды. Қапаш Тасболатов ағайдың біліктілігі мен тапқырлығы арқасында 1966 жылы ауданда басқа мектептерде болмаған лингафон кабинеті ашылып, оның іші Индиядан әкелінген жабдықпен жабдықтағаны, сонымен қатар химия мен физика сабақтарын өтуге лабораторияға керекті құрал жабдықтармен, химикаттармен, электр желілерді қамтамасыз етілуі біздер үшін тәжірибе жұмыстарын жүргізуге өте қолайлы болды. Қапаш ағай бастаған ұстаздар бізге сапалы тәрбие, саналы ой, терең білім беріп, еңбексүйгіштік пен адалдықтың дәнін бойымызға сіңіре білді. Олар ұстаздық қызметтерін адал атқарды, сонымен бірге әкелік қамқорлық, аналық мейірімін бойымызға сіңірді. Түнгі ауысымда күтуші болып жұмыс атқарған директорымыздың жұбайы Бибіайша Разақова, Оля Қорабаева, Дәмелі Татаева  апайлар жылы сөздерімен, аналық қамқорлықтарымен есімізде қалды. Қапаш ағай мен сынып жетекшіміз Лютфулла ағайдың бастауымен еңбекке баулып интернат айналасына тал көшеттерін отырғызуға жұмылдырдық. Сол талдар бүгінде зәулім болып өсіп тұр. Футбол, волейбол, баскетбол алаңдарын жасадық, белгісіз солдат ескерткішіне, су бұрқақ орнаттық, арматураны иіп тунел жасап футбол алаңына дейін жүзім ектік. Жыл сайын Қапаш ағайдың тәлімімен интернат маңындағы учаскеге қияр, қызанақ егіп, ол өнімдерді директор ағай күзде жинатып интернат асханасы арқылы балаларға беретін, біз осылай өз еңбегіміздің дәмін татып өстік. Осы мектеп-интернатында балалығымыздың қысы-жазы, көктем-күзі өтті, бір қазаннан ас іштік, бір шаңырақ астында өмір кештік. Мектеп интернат бізге ата-ананың қанатын паналай бермей жеке дара шешім қабылдауды сіңірді, өмір сүруді, еңбек етуді, біліммен сусындауды, Отанды сүюді, ата-ананы сыйлауды, ізгілікті, тазалықты, адалдықты үйретті. Қапаш Тасболатов ағай бастаған ұстаздарымыз аянбай тер төгіп білім берді, біздерде сол еңбектерінің үдесінен шықтық деп ойлаймын, олай дейтінім мектеп интернатын бітірген 35 оқушының 28-і жоғары оқу орынын бітірді, 4 оқушы техникум бітірсе, 3 оқушы жұмысшы мамандығын таңдады, бірде-бірі заң алдында тәртіп бұзып жауапты болмады. Осы білім ордасында оқып білім алған, Талғат Әжібаев ғылым кандидаты, Жаңа Жамбыл фосфор зауытының бас директоры, Аман Абдраманов Алматы қаласында аудан әкімі, Жаңабек Жұмаділов Жамбыл облысының тәуелсіз эксперт мекемесінің директоры, Шадман Қасымов Атырау мұнай бұрғылау басқармасының директоры болды. Ал, Гүлжан Қонақбаева, Дина Тұрахметова, Тұрсынкүл Сарсенбаева, Мәрия Әбдіраймова, Жібек Орманова, Асылбек Әзизбеков, Құттыбай Бейсембаев, Жарылқасын Смайылов өз мамандықтарының үздігі атанды. Қазіргі кезде кешегі мектеп-интернат түлектері ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отырған құрметті әке-ана, ардақты әже-ата болып отыр.
Осының бәріне өлшеусіз үлес қосқан қәдірлі тәрбиешілеріміз бен ұстаздарымыздың, ізгі-лікті бойымызға дарытқан директорымыз Қапаш Тасболатұлы ағайымыздың рухына тағзым етеміз. Міне бүгін 100 жылдық мерейтойы аталып жатқан Қапаш ағайдың еңбегі мен өмірінен бір үзік сырды сіздермен бөлісуді жөн көрдім.

Исмаил ХАДЖИМУРАТ,
облыстық ардагерлер кеңесі тұрақты комиссиясының төрағасы

Тараз қаласы 

Обсудить
Блок в статье:
Жасампаздық жаршылары 01 июль 2026, Среда
СЕЙТҚАЗЫ ҚАЖЫ – ЖЕҢІМПА3! 30 июнь 2026, Вторник

Похожие материалы:

ҰСТАЗЫМ ҰЛЫҚ БӘРІНЕН
29 август 2024, Четверг
ҰСТАЗЫМ ҰЛЫҚ БӘРІНЕН
АУЫЛҒА АРДАҚТЫ АМАКҮЛ  ӘПКЕЙ
29 июнь 2023, Четверг
АУЫЛҒА АРДАҚТЫ АМАКҮЛ ӘПКЕЙ
Кенен атаның әнін тыңдадым
08 апрель 2026, Среда
Кенен атаның әнін тыңдадым
Ерлік ескірмейді
06 май 2025, Вторник
Ерлік ескірмейді
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры