Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Билер белсенділігі – берекелі істерге бастайды

Билер белсенділігі – берекелі істерге бастайды

15 май 2026, Пятница
1 044
0
Жуырда Талас аудандық билер кеңесінің ұйымдастыруымен алқалы жиын өтті. Оған аудандардағы билер кеңестерінің төрағалары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ауданның бас имамы қатысты. Жиында аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы 2025 жылғы атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алда тұрған міндеттерге жан-жақты тоқталды. 

– Өздеріңіз білесіздер, – ауданда билер кеңесі 2018 жылы қазан айында құрылды. Содан бері өсті, қалыпасты. Қазір 23 елдімекенде билер кеңестері жұмыс атқаруда. Оларда 67 би елдік істерге араласуда. Өткен жылы билер кеңесінің  араласуымен 140 іс дау-дамайсыз қаралды. Биылғы жылдың тек үш айында 35 іс қаралып, оның 90 пайызы оң шешімін тапты.  
Жыл басынан бері арнайы жасалынған іс жоспарларға сәйкес "Заң және тәртіп", "Әділетті Қазақстан" мен "Таза Қазақтан" қағидаттары аясында төрт мәрте «дөңгелек үстел» отырысы ұйымдастырылды. Алты мәрте билермен онлайн сұхбат жүргізілді. Ақпан айында С.Шәкіров ауылында ақсақалдардың, билердің қатысуымен жиын өткізіліп, онда салауатты өмір салтын қалыптастыру арқылы елдімекенді үлгілі ауылға айналдыру жөнінде Үндеу қабылданды. Бұндай жиындар Қараой, Бостандық, Қызыләуіт ауылдарында да өткізіліп, қолдау тапты. Тамды ауылдық билер кеңесінің төрағасы Қанатбек Құралбаевтың бастамасымен ауылда заң мен тәртіпті сақтау жөнінде жиын өткізіліп, ішімдікке салынғандарға ескерту берілді. Өткен жылы аудан бойынша 167 жас отбасы шаңырақ көтерсе, олардың 77-сі неке бұзу жөнінде шешім қабылдаған. Бұл, әрине өте өкінішті жағдай. 
Ажырасу жағдайлары әсірсе, Қаратау қаласында көбірек орын алып отыр. Жүргізілген  талдауларға қарағанда ажырасудың дені ішімдіктен, жұмыссыздықтан және мінездердің жараспаушылығынан болып жатады. Сонымен бірге отбасы құндылықтарының құлдырауы да кері әсер тигізуде. Біріне бірі түсіністікпен қарап, кешірім беруге келгенде әйел адамдардың өзімбілермендікке салынулары өте өкінішті. Осы мәселелерге келгенде ажырасушылардың ағайын-туыстарының бей-жай қараулары да құптарлық жағдай емес. Баяғыда ажырасқанды, күйеуден қайтып келгендерді сүйекке таңба салды деп күйінетін қазақтардың қазір мұндай келеңсіздіктерге еттері үйреніп кеткен сияқты. 
Онымен қоса елдімекендердегі халықтың саны да азайып, жастар қалаға көшуде. Үйленбеген бойдақтар саны артуда. Мысалы, Ойық ауылында 20 жас пен 50 жас аралығында 60-қа жуық бас құрмаған ұл мен қыз бар екен. Халқы аз Қарой ауылында бойдақтар саны 20-ға жеткен. Ауылдағы мектепте 29-ақ оқушы қалған. Мұндай мысалдарды әр ауылдан келтіруге болады. Туудың, оқушылар санының азаюынан орта мектептер жабылып, оқытушылар болса өзге өңірлерге ауысуда. Ауылда жаңадан кәсіп ашам деушілер саны да жылдан жылға азайып келеді. Өсіремін десе мал жетеді, игеремен десе жер де жетеді. Мемлекеттен түрлі қолдау да бар. Бірақ жұмыссыздықты желеу еткен жастарымыз екі қолға бір күрек алып еңбектенгенді ар санайды. 
Қазаргі заманда отбасы құндылықтарының да құны төмендеп барады. Жастарымыз үлкендерді сыйламайды. Қыздарымыздың арасында жеңіл ойлылар, жеңіл жүрістілер көбейген. Оларды ертең бір-бір үйдің түтінін түтетіп отыратын ана боласыңдар деп тәрбиелеп отыратын шешелер азайған. Ал әкелері болса ұл балаларын кәсіпке үйретудің орнына жұмысбастылығын сылтау етіп тәрбиемен айналыспайды. Содан кітап оқығаннан гөрі ұялы телефонға жармасқан жасөспірімдер тәрбиені әлеуметтік желіден алып, қазақы тәрбиеден мақұрым қалуда. Аналар бесік жырын, әжелер ертегі айтуды әлдеқашан ұмытқан. Бір сөзбен айтқада ұрпағымыз сенімсіз теріс тәрбиені көбірек алатын болды. Соның кесірінен ұлдарымыз бен қыздарымыз адами құндылықтардан ажырап, былапыт сөздерге үйір болып барды. 
Қоғамдағы теріс кесапаттармен қоғам болып күресіп жатқанымызбен нәтиже көңіл көншітпей тұр. Неге? Себебі жариялылық жоқ, құқық қорғау органдары, үкіметтік емес ұйымдар, оқу орындары жауырды жаба тоқиды. Оған Қаратау қаласындағы және Көктал ауылындағы орын алған оқиғалар нақты дәлел. Бірде-бір ауылда тәрбие жөнінде үлкен жиын өткізіліпті дегенді естігеніміз жоқ. Тек Ойық ауылы билер кеңесінің төрағасы Пана Рақыманбердіұлы ғана ұлттық құндылықтарды насихаттайтын орталық ашып, тұрақты жұмыс жүргізуде. Сондықтан бұл ауылда ауызбірлік күшті, жастары үлкендерін сыйлайды, бұзақылық жоқ, ұрлық-қарлық орын алған емес. Нағыз салауатты ауыл. 
Бүгінгі жиналыста ашығын айтуымыз керек. Көктал, Майтөбе, Бөлтірік, Қаратау ауылдарындағы билер кеңестерінің жұмысы жоққа тән. Оның кесірінен Көктал ауылында келеңсіз оқиға орын алды. Қаншама мәрте ұсыныс жасағанымызбен ауыл әкімі қозғалатын емес. Түсіне білген кісіге ақсақалдар, билер заң мен тәртіпті қадағалауда үлкен күш емес пе?! Сол ауылмен қарайлас Тамды ауылының тәжірибесі атап айтуға тұрарлық. Ауылдың бас биі Қанатбек Құралбаев күнделікті жұмысын ауыл әкімімен кездесуден бастайды. Ауылдағы барлық жағдайды біліп отырады. Мұндай жұмысты Бостандық, С.Шәкіров, Ойық ауылдарынан байқап отырмыз. Ауылдардағы учаскелік полиция өкілдері, қауымдастық мүшелері ауыл әкімімен тығыз жұмыс істегенде ғана оң нәтиже болады, – деп сөзін түйіндеді аудандық билер кеңесінің төрағасы С.Әбсадықұлы.
Баяндаманы талқылауға Ойық ауылдық билер кеңесінің төрағасы Пана Рахыманбердіұлы, Тамды ауылы билер кеңесінің төрағасы Қанатбек Құралбаев, аудандық билер кеңесі алқасының мүшесі Медет Құдайбергенов, Қарой ауылы билер кеңесінің төрағасы Қуатбек Жолмаханбетұлы, Ақкөл ауылы билер кеңесінің төрағасы Сәбен Қойшыбай, Бостандық ауылы билер кеңесінің төрағасы Жаңабай Есімов, С.Шәкіров ауылы билер кеңесінің төрағасы Әбілсейіт Бейсенов, Үшарал ауылы билер кеңесінің төрағасы Садық Ырысов қатысып, ұсыныстар айтты. Басқосуда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов қорытынды сөз сөйледі. Содан кейін ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, ұлттық құндылықтарды насихаттауға белсене қатысып жүрген бір топ белсенді билерге аудан әкімінің Алғыс хаты және аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталары тапсырылды. 

Қонақбай Қалжанов, 
Талас аудандық билер кеңесі
төрағасының орынбасары 

Обсудить
Блок в статье:
Жасампаздық жаршылары 01 июль 2026, Среда
СЕЙТҚАЗЫ ҚАЖЫ – ЖЕҢІМПА3! 30 июнь 2026, Вторник
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры