БИЛЕРДІҢ ӘДІЛДІГІ – БЕРЕКЕ - БІРЛІККЕ БАСТАЙДЫ
Өткен аптаның бейсенбісінде «Ардагерлер орталығы» ғимаратының мәжіліс залында облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы билер кеңесінің 2023 жылдың қорытындысына арналған кеңейтілген отырысы болып өтті. Облыстық билер кеңесінің мәжілісіне облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Бейсенбекұлы Солтыбаев және төралқа мүшелері, Тараз, Шу қалалық, барлық аудандық билер кеңестерінің төрағалары қатысты.
Облыстық билер кеңесінің 2023 жылы атқарған жұмыстары және алда тұрған міндеттер турасында облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Қарабайұлы Есіркепов баяндама жасады.
Баяндама бойынша жарыссөзге Тараз қалалық билер кеңесінің төрағасы Сатыбалды Досымбеков, Жуалы аудандық билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов шығып сөйледі.
Облыстық билер кеңесінің отырысында «Дәнекер» пилоттық жобасы аясында 2023 жылы атқарылған жұмыстар туралы Меркі аудандық билер кеңесінің төрағасы Медербек Узбеков есеп берді.
Басқосуда Жамбыл облысының «Үздік би – 2024» байқауының ережесі бекітілді.
Облыс билерінің кеңесінің жиын-ында баяндама жасаған облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов өткен жылғы атқарылған жұмыстарға кеңінен талдау жасады. Облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан 2018 жылы 18 қарашада құрылған облыстық билер кеңесі құрамындағы жеті адаммен қыруар жұмыс атқаруда. Қазіргі таңда облыстың он ауданы мен Тараз және Шу қалаларында, 156 ауылдық округінде барлығы 566 би қоғамдық негізде жұмыс істеуде. Билер кеңесінің құрамына мол тәжірибесі бар, ел арасында үлкен беделге ие, әділдік пен адалдықты ту еткен азаматтар тартылған.
Билердің қызметі, әсіресе қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әділетті қоғам орнату, адал адам тәрбиелеу жұмыстары қолға алынып жатқанда үлкен маңызға ие.
Билер кеңестері негізінен азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстарды қараумен айналысады. Билер кеңестерінің қоғамдық қызметінің тиімділігіне көз жеткен сайын жұртшылықтың осы қоғамдық институтқа деген сенімі артып келеді.
Өткен жылы облыстық билер кеңесінің тікелей бастамасымен және ұйымдастыруымен Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында, Мұхамед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің бас ғимаратында «Шешендік өнер - қазына» тақырыбында «дөңгелек стол» отырысы, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында «Батаменен ел көгерер» облыстық батагөйлер байқауы болып өтті. Батагөйлер байқауы қалалық және аудандық деңгейде зор ұйымшылдықпен өткендігін айтуға тиістіміз. Мойынқұм, Шу аудандарында «Билер кеңестері - дауды шешудің тиімді жолы» тақырыбында семинар - кеңестер ұйымдастырылды. Өткен жылы облыстық билер кеңесінің 5 алқа мәжілісі, билер тақырыбына арналған 11 «дөңгелек стол» отырысы, 6 семинар - кеңес өткізілді. Жалпы өткен жылы билер кеңестері 1082 дау - дамайлы істерді қарап, оң шешімін шығарды.
Оңласын Қарабайұлы өз баяндамасында билер кеңестері тарапынан бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылғанымен, әлі де болса шешімін күткен түйінді мәселелердің бар екендігін де жасырмады. Жекелеген аудандық, ауылдық билер кеңестерінің ынтасыз, ықылассыз жұмыстары көп іске қолбайлау болуда. Әрине, мұндай кері кетушіліктің түпкі нәтижеге теріс әсері болатындығы сөзсіз. Билердің қоғамдық қызметінде орын алып отырған олқылықтар мен кезегін күткен мәселелерді шешу бағытында ойластырылған, жүйелі жұмыстар жүргізілетін болады.
Облыстық билер кеңесінің төрағасы О.Есіркеповтің жасаған баяндамасы бойынша жарыссөзге шығып сөйлеген Тараз қалалық билер кеңесінің төрағасы Сатыбалды Досымбеков қала көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Мәселен, ол 2022 жылы қалалық билер кеңесі 866 іс қарағанын, өткен жылы 1579 істің оң шешімін тапқандығын атады. Тараз қалалық сотының төрағасы болып өткен жылы Берік Пердеханұлы Оразымбетов тағайындалғалы бері билер кеңесінің жұмысына нақты қолдаулар болуда. Қала аумағындағы 11 округтің барлығында билер кеңестері құрылып, олардың құрамына 36 мүше тартылған.
Келесі кезекте сөйлеген Жуалы аудандық билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов ауданда атқарылып жатқан игілікті жұмыстарға тоқталып, билер кеңестерінің мүшелері уақытпен санаспай ауқымды қоғамдық қызмет атқаратыныдығын айта келіп, олардың қоғам игілігі үшін істеп жүрген жұмыстарын көтермелеу жағын ойластыру керектігін де тілге тиек етті.
Билер кеңесінің отырысында «Дәнекер» пилоттық жобасы бойынша 2023 жылы Меркі аудандық билер кеңесінің атқарған жұмыстары туралы сол ауданның билер кеңесінің төрағасы Медербек Узбеков есеп берді.
– Аудандық билер кеңесінің құрамы 5 белсенді ардагерден жасақталған. Әрқайсысына міндеттері бекітіліп берілген. Кеңес мүшелері тұрақты түрде азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдайды. Өткен жылы бізге түскен 42 өтініштің барлығы дерлік өз шешімін тапты. 14 ауылдық округте әрқайсысында 3 адамнан билер кеңестері құрылған, - деп өз сөзін бастаған меркілік билер кеңесінің төрағасы дау - дамайды, адамдар арасындағы келіспеушіліктерді, жер дауы, мал дауы сияқты түйткілдерді жергілікті билер кеңестері қалай шешіп жатқандығына тоқталды, олардан нақты мысалдар келтірді. Жас отбасылар арасында ажырасушылық жағдай бүгінде өршіп тұрғаны шындық. Бұл бағытта да аудандық билер кеңесінің нақты атқарған жұмыстары бар екен.
Жалпы кеңеске қатысушылар Меркі аудандық билер кеңесінің жұмысын облыс көлемінде оң тәжірибе ретінде тарату туралы арнайы қауыл қабылдады.
Жиынға қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, нақты ұсыныстар айтылды.
Облыстық билер кеңесінің отырысына қатысқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев облыстық билер кеңесінің жұмысына оң баға берді. Олар туындаған дау - дамайларды сотқа жеткізбей шешудің жолдарын тауып қана қоймай, халықтың ынтымағы мен бірлігін нығайтуға зор үлес қосып жүргендіктерін атап көрсетті. Облыстық билер кеңесінің өткен жылы «Шешендік өнер - асыл қазына» деген тақырыпта бірнеше тағылымды жиындар өткізгендігін, аудандық, облыстық деңгейде белсенді қариялар арасында батагөйлер байақауларын жоғары деңгейде ұйымдастырғанын жоғары бағалады.
Билер кеңестері дау - дамайларды шешіп қана қоймай, елдің арасында болып тұратын келеңсіздіктердің алдын алу үшін жұмыс істеулері керек. Ардагерлер кеңестері мен билер кеңестері бірлесіп, күш біріктіріп жұмыс істесе, нәтиже жаман болмайды. Қазақ билерінің бітімгершілік дәстүрін жаңартып, жаңа заман талаптарына сай қызмет атқарса, нәтиже жақсы болады.
Жиынның қорытындысында Еркінбек Солтыбаев қоғамдық белсенді қызметі үшін бірқатар билер кеңестерінің мүшелеріне Алғыс хаттар табыс етті.
Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі.
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)