Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ТҰҒЫРЫМЫЗ – ТЫНЫШТЫҚ, ТІРЕГІМІЗ – ТАТУЛЫҚ

ТҰҒЫРЫМЫЗ – ТЫНЫШТЫҚ, ТІРЕГІМІЗ – ТАТУЛЫҚ

27 апрель 2023, Четверг
85
0
Дана халқымызда "Еркіндік қайда болса – елдік сонда, бірлік қайда болса – ерлік сонда" деген аталы сөз бар. Біздің еліміз даму үшін ең алдымен тұрақтылық керек, ал тұрақтылық бар жерде береке-бірлік болады. 
Қоғамымызда ата-баба салтымен ұрпақ-тан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан билер институты бүгінде қайта жанданып жатыр. Әрине, бұған дейін де әр көшенің, әрбір тұрғын үй аумақтарының өздерінің билік айтатын, жанжалдасқандарды татуластыратын үлкендері болған. Қазақ қашанда үлкенінің, ақсақалының сөзіне жығылған. Ал қоғамдық негізде 2018 жылдан бастап жер-жерде құрылып, қалыптасып жұмыс істей бастаған билер кеңестері қазіргі кезде әжептеуір тәжірибе жинақтап, ел арасында беделге ие болуда. 
Біздің ауданымызда 2018 жылдың қараша айында аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан билер кеңесі құрылып, жұмыс істей бастады. Билер кеңесіне арнайы бөлме беріліп, толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалды. Билер кеңесінің құрамына ауданның сөзі өтімді, ісі ширақ, елге аға, жаға бола алатын бес адамы кірген. 18 ауылдық округтің бәрінен құрамында 3 адамнан билер алқасы құрылды. 
Біз құрылған күннен бастап аудандық сотпен тізе қосып, Қазақстан Республикасының "Медиация туралы" Заңы аясында республикалық "Дәнекер" бағдарламасы талаптарына сай өз жұмыстарымызды ұйымдастырудамыз. 2019 жылдың 13 наурызында Байзақ аудандық сотымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойыстық. 
Өткен жылы өзіміздің жалпы жиынымызда бекітілген жоспарға сәйкес бірқатар іс-шаралар ұйымдастырдық. Егер өткен жылы аудандық сотқа түскен дау-дамайлардың саны 297 болса, оның 88-і аудандық билер кеңесіне жолданып, олардың ішінен азаматтық құқықтық істер бойынша 18 кісі өзара татуласып, отбасылық-құқықтық істер бойынша 70 адам түсіністікке келді. Билер кеңестерінің мүшелері тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарында 9 мақала жарияланып, 30-ға тарта түрлі жиындар, семинарлар, "дөңгелек үстел" отырыстары ұйымдастырылды.
Аудандық, ауылдық деңгейдегі билердің арасында 46 кісіге арнайы сертификаттар берілген. 18 ауылдық округтегі билер кеңестерінің барлығында арнайы жабдықталған бөлмелері бар. Байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. 
Біздің билер кеңестерінің мүшелерінің қатысумен шешілген кейбір істерге тоқталып өтуге болады. 
Өткен жылы Түймекент ауылының бір тұрғыны арақ ішіп алып, әйеліне қол жұмсайтындығы жөнінде көршілерінен түскен шағымды қарауға тура келді. Билер кеңесіне куә ретінде көршілері шақырылды және жәбірленушінің өзі келді. Айыпталушы билер кеңесі мүшелерінің ақыл-кеңесіне, Заң талаптарына мойынсұнып, өзінің қателіктерін мойындады. Келіншегінен, көршілерінен кешірім сұрады. Бұл іс оң шешімін тапты. Сондай-ақ, осы ауылдың басқа бір тұрғыны карта ойнап, арақ ішіп алып, отбасының берекесін кетіріп жүргендігі туралы іс қаралды. Бұл жағдай да екі жақтың түсіністігімен аяқталды. 
Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Билер кеңесінің мүшелері қатарында ақсақалдар, дін өкілдері, білікті заңгерлер бар. Олар қателескендерді жазаламайды, істерін сотқа жеткізбейді, өздерінің дәйекті ақыл-кеңестерімен тезге салады. Билер кеңесі қызметінің артықшылығының өзі осында. 
Биылғы жылғы жұмыстарымыз да нәтижесіз емес. Құқықтық істер бойынша 21 дау, отбасылық-құқықтық даулар бойынша 9 іс оң шешімін тапты. 
Алдағы уақытта да жұмысымызды одан әрі жандандыра түсеміз. Халықтың сенімінен артық абырой жоқ, сондықтан араздасқандарды татуласырамыз, керіскендерді келістіреміз, жанжалдасқандарды жолға саламыз. Осы арқылы біз ел сеніміне ие болуға күш салып жатырмыз.

Мейірбек БОЛАТБЕКОВ, 
Байзақ аудандық билер кеңесінің төрағасы.
Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

ЖАҚСЫ ТӘЖІРИБЕ – КӨПКЕ ҮЛГІ
14 июль 2022, Четверг
ЖАҚСЫ ТӘЖІРИБЕ – КӨПКЕ ҮЛГІ
БИЛЕРДІҢ ҚЫЗМЕТІ БЕЛСЕНДІ
25 август 2022, Четверг
БИЛЕРДІҢ ҚЫЗМЕТІ БЕЛСЕНДІ
СӨЗ ҚУҒАННАН ПАЙДА  ЖОҚ
27 апрель 2023, Четверг
СӨЗ ҚУҒАННАН ПАЙДА ЖОҚ
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры